- Ақпарат
- 06 Наурыз, 2025
Дүниенің құпия-сыры тұнған Хұснихат

Бағдагүл Балаубай,
«Ana tili»
«Қазақ» газетінің жарыққа шыққанына 112 жыл толуына орай елімізде алғаш рет хұснихат көрмесі өтті. Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиінде жазылған хұснихат көрмесіне қазақ және әлем әдебиетінің белді өкілдерінің өлең-жырлары, ғақлиялары, қанатты сөздері жазылған туындылар қойылған.
Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйіне хұснихатты жеткізуші Сағатхан Хамза төте жазумен жазылған көне кітаптардың жинақтаушысы әрі сақтаушысы екен. Оның айтуынша, қоржынында үш мыңнан астам төте жазумен жазылған көне кітап бар. Ал хұснихатты арғы беттен бергі бетке аманат ретінде жеткізіпті. 2016 жылы көптеген кедергілермен, қиындықпен елге әкелген жүзге жуық хұснихаттың он шақтысын ұлт ұстазының музей-үйіне әкеліп, халыққа көрсету мақсатында өзі де Жетісу облысының Текелі қаласынан келіпті.
Көрме салтанатты түрде ашылды. Қатар-қатар тізілген хұснихат көркемдігімен, әдемілігімен көз тартып, тылсым күшімен өзіне бірден баурап алады. Көне тарихпен сусындайсыз, ғасырларға сапар шегесіз. Әр хаттың мазмұнына үңілесіз. Біле түскіңіз келеді. Әр хұснихат өзінше сыр шертеді, өзінше бір әлем.
Мәселен, көркемдігімен ерекше тартымды Абайдың ғақлиясы жазылған хұснихатқа үңілейік. Жазуы ірілеу. Басты тақырып – Абай. Оң және сол жағынан да Абай болып оқылады. Ортасында «Жүрегіңнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла. Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім, Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма...» деген өлең шумағы, ал жан-жағына ғақлия сөздері берілген.
Уақыт тақырыбында «уақыт» сөзі үлкен әріппен жазылып, «Уақыт алтыннан қымбат» деген қазақтың мақалы, оның төмен жағына Абайдың «Сағаттың шықылдағы емес ермек, Һәмишә өмір өтпек ол білдірмек. Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас, Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек» деп шумақ өлеңін келтіреді. Айналасына уақытқа байланысты нақыл сөздер беріліпті немесе «Өмір – мұхит, уақыт – толқын... Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар: содан қашпақ керек. Әуелі надандық, екінші еріншектік, үшінші залымдық деп білерсің. Надандық білім, ғылымның жоқтығы, Дүниеден еш нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады, Еріншектік күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік... – бәрі осыдан шығады...» Осылай кете береді. Хұснихаттың әрқайсысы сізді қуана қарсы алып, өзінің құшағына басады, түпсіз тереңіне бойлатады. Әр хұснихат белгілі бір тақырыпты қамтиды. Абай, Жүсіп Баласағұн, Бұқар жырау, Ыбырай Алтынсарин, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ғабит Мүсірепов, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынованың еңбектері, әлем әдебиетінен испандық жазушы Миге́ль де Серва́нтестің, Конфуцийдің мұрагерлерінің сөздері қазақшаға аударылып жазылған екен.
Дүниенің құпия сыры терең философияға тұнып тұр. Титімдей қағазға қаншама мағыналы, мазмұнды, танымдық дүниені сыйғызып жіберген.
Хұснихатты жазудағы ерекшелік – басталған дүние аяғына жеткенше үзілмеуі керек, үзілген жағдайда қайта жазып шығамын, түзетемін деу бекершілік. Үзілген тұсын біз байқамағанымызбен, мамандар бірден ажыратады. Көркемдікпен, шеберлікпен жазу екінің бірінің қолынан келмейді. Сағатхан Хамзаның айтуынша, жоғарыдағы хұснихаттың әрқайсысы бір ай уақыт ішінде жазылған, бұл суретшінің қаншама уақытының жемісі деуге толық негіз бар. Бұл хұснихаттардың жазылғанына көп уақыт өткеніне қарамастан, жазуы анық, өте жақсы сақталған. Оны қағаздың сапалығына байланыстырады.
«Бір суретке автордың бір ай уақыты кеткен. Өте шеберлікпен жазу әркімнің қолынан келе бермейді. Қолын үзбей жазуы керек, үзіліп қалса, бұзылып кетеді. Мұның жазылғанына 30 жыл, кейбіреуіне 20 жыл болды. Менің қолымда тұрғанына бес жылдың жүзі болып қалды. Барлығы түпнұсқа, ешқайсысының көшірмесі жоқ. Әр сөз ұлттық философияны дәлелдеп тұр. Бұл жерге тақырыпқа сай келетін, оңайырақ жазылған, жазуы аздау хұснихаттарды әкелуге тырыстым. Хұснихаттың айтар сыры көп, таңбаның әрқайсысын оқу, зерттеу, шұқшия қарау көп уақытты алады, оны асықпай, санаңа зерделей оқу арқылы құндылықтарға кезігесіз.
Сапасының сақталуына келсек, Қытайда хұснихат жазуға арналған ең жақсы материал бар, бетінде пленкасы болады. Қағаз таңдауда суретші шеберлік танытып, қағаздың мықтылығына, сапасына басты мән берген, хұснихат кез келген қағазға жазылмайды. Сапасы жоғары қағаз болғандықтан, 20–30 жылдан бері жазуы сол күйінде анық сақталып тұр, әйтпесе талай кедергілер кездесті, бармаған, көрмеген жері жоқ, бүктелген бұл хұснихаттар.
Хұснихатқа арналған алғашқы көрмемізді Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінен бастағанды жөн көрдік. Бұйырса, бұл тақырыптағы көрмені жалғастыру ойымызда бар. Ұлттық кітапханамен бірлесіп, кең залда өткізуді жоспарлап отырмыз. Хұснихатты дамытсақ, оқулықтар шығарсақ дейміз. Алаш арыстарын зерттеу үшін бізге төте жазуды үйрену керек, сондықтан оқу жолдарын үйрететін оқулықтар шығару да жоспарымызда бар, – дейді хұснихаттарды көрмеге жеткізуші Сағатхан Хамза.
Сағатхан Хамзаның тағы бір сөзі бізді елең еткізді. Ол өзінің жинаған көне кітаптарының ішінде «Қазақтың фразеологиялық сөздігі» деген екі мың беттен тұратын көне сөздердің түсіндірмесі бар екенін айтып қалды. «Қазір жастардан сұрасаң, кейбір сөздерді түсінбейді. Менде «Қазақтың фразеологиялық сөздігі» деген қалың кітап бар. Екі мың беттен тұратын кітапта көне сөздерге түсіндірме береді. Ол кітап осы жақта кітапханада бар екен, бірақ кішкентай, ауқымы аз. Ал мендегі кітап қалың. Ол жерде көбінесе архаизмдер, яғни көнерген сөздер. Соның түсіндірмесі. Жастар түсінбеген сөзді сол сөздіктен тауып алуға болады. Бұйырса, оны қайта басып шығарсам деп мақсат қойып жүрмін. Әсіресе ол журналистерге өте керек деп есептеймін, сөздік қорын толықтырады», – деді ол.
Салтанатты түрде ашылған көрменің ерекше сәті, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі тағы бір құнды жәдігермен толықты. Сағатхан Хамза Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің отыз жылдан бері шырақшысы атанған Райхан Сахыбекқызына Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесімен, төте жазумен жазылған, 1982 жылы баспадан шыққан «Әліппенің» түпнұсқасын тапсырды. «Бұл – біздің әкелеріміз оқыған «Әліппе». Түпнұсқа. Менің үйімде жатқанша музейде тұрсын, келесі ұрпақ көрсін деп музейге ұсынбақшымын. Қырық жыл сақталған Әліппені жүз жылдан кейін осы жерде тағы бір ұрпақ көруі мүмкін», – деді ол.
Жалпы алғанда, ғылымда каллиграфия атауымен аталған көркем әрі анық жазу өнері әлемде бағалы құндылық болып есептеледі. Көрмені ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл өнер Шыңжаңда жақсы дамыған. Себебі ол жақта балалар «Әліппе» оқиды, оған қоса хұснихат сабағы бірге оқытылатынын айтады. Ал бойында таланты, өнері бар балалар қабілетін әрі қарай ұштап, көркем жазумен айналысады екен. Біз хұснихатты оқымағанымызбен, көркем жазу сабағында әріпті тізіп, әдемілеп жазу машығын қалыптастырып өстік. Бұл тұрғыда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы да көркем жазу сабағынан кілең бестік алыпты, құжаты музейде сақталған.
«Хұснихат – көркем жазу өнері, хаткерлік өнер деп те аталады. Каллиграфия тарихы қаріп және жазу құралдары, стилистика өнері дамуы тарихымен тығыз байланысты. Каллиграфия оқуға қолайлы ғана емес, сонымен қатар хатқа графикалық эмоционалды бейнелі ұғым беру мақсатын көздейді.
Ислам елдерінде каллиграфия жоғары бағаланды және ерекше дамыған. Ірі каллиграфтар «насхи» қарпінің шеберлері арасында ибн Мукла (Х ғ.). ибн Бавваб (ХІ ғ.), Сұлтан Әли Мешхеди (ХV ғ.) және басқалар болды. Еуропада грек және латын жазуларының классикалық үлгісі біздің заманымызға дейінгі дәуірде жасалды. Ал орыс жерінде каллиграфияның тамаша үлгілері ХІ ғасырда басталды. Көне қытай және қазіргі қытай иероглифтерінде де бұл өнер біршама дамыған. Бүгінгі таңда кітап басу ісінің және машинамен жазудың өрістеуіне байланысты каллиграфияның қолданылуы азайды.
Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуы ұлттық жазу ретінде қалыптасқаннан кейін көптеген хаткерлер араб графикасы негізіндегі хаткерлік өнерді жалғастырды. Өкінерлігі, өткен ғасыр басындағы хаткерлердің қолжазбасы бүгінге жетпей отыр. Дегенмен Алаш зиялыларының ішінара табылған қолжазбаларынан олардың хаткерлікке де барынша мән бергені байқалады», – дейді ұйымдастырушылар.

554 рет
көрсетілді0
пікір