• Ақпарат
  • 06 Наурыз, 2025

Бір ғасыр бұрынғы арман

Ұлт қайраткері Әлихан Бөкейхан бір сөзінде: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс. Әйтпесе, болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар», –  дегені белгілі. Рас, қазақты тәуелсіз ел ету мүддесі ХХ ғасырдың басындағы Алаш арыстарының ой-арман, мақсаты еді.

Біз тәуелсіздік, дербес ел, егемендік туралы сөз қозғағанымызда, ең алдымен, ойымызға Алаш күрескерлерінің іс-әрекеті мен батыл қадамдары еске түседі. Бұл орайда 1917 жылдың 21–26 шілде аралығында Орынборда өткен бірінші жалпықазақ съезін еске аламыз. Ал аталған съезд немесе құрылтайға Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстарынан және Бөкей ордасынан 20-дан астам қазақ өкілi қатыс­ты. Ол Х.Досмұхамедұлының төрағалығымен, А.Байтұрсынұлының, Ә.Көтібаровтың, М.Дулатовтың, А.Сейітовтiң хатшылығымен өтті. Бірінші жалпықазақ съезінің күн тәртібіне 14 мәселе қойылды. Атап айтқанда: қазақ автономиясы, мемлекеттік құрылыс, жер мәселесі, халық милициясы, оқу, сот, дін, әйел мәселесі, бүкілресейлік құрылтай жиналысы, бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі, Қазақ саяси партиясы, Киевте өтетін Бүкілресейлік федералистер съезіне және Санкт-Петербургтегі оқу комиссиясына қазақтан өкіл жіберу. Съезд қабылданған қаулы бойынша Ресей «демократиялық федеративтік республика болып, қазақ облыстары қоныс, ұлт жігіне қарай облыстық автономия алуға тиіс» болды. Делегаттар жер туралы мәселені аса ұкыптылықпен талқылап, 14 тармақтан тұратын шешім қабылдады. Онда «Қазақ халқы өзіне қарасты жерге орналасып болғанша, қазақ жері ешкімге берілмесін» деп атап көрсетілді. Делегаттар «жер туралы қазақ өз алдына заң жобасын жасасын» деген ұсыныс білдіріп, Бүкілресейлік құрылтай жиналысының болашақ депутаттарына жиналыста бұл мәселені талқылап, оған депутаттыққа кандидат етіп, 81 адамнан тұратын тізімді бекітті. Олардың ішінде Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Ә.Ермеков, Х.Ғаббасов, Ж.Ақпаев, А.Тұрлыбаев, А.Сейітов, М.Дулатов, А.Бірімжанов, С.Қадырбаев, Х.Досмұхамедұлы, Ж.Досмұхамедұлы, М.Тынышбаев, Ы.Жайнақов, С.Аманжолов, М.Шоқай, Ә.Кенесарин, Қ.Қожықов, Ғ.Оразаев, Б.Құлманов, У.Танашев секілді белгілі қазақ зиялылары болды. Сондай-ақ депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылғандардың арасында Г.Н. Потанин, В.Чайкин, Т.Нарботабеков, Ә.Диваев сияқты басқа ұлт өкілдері де кездесті.
Съезд өз қаулысында «осы күнгі тұрақты әскер орнына халық милициясы құрылсын» деп, ұлттық әскер жасақтауды, «көшпелі елдерде отырықшылардікі секілді тоқтаусыз болыс­тық земство ашылсын» деп, земстволық басқару жүйесінің қазақ тұрмысына бейімделген түрін ұйымдас­тыруды, «қазақтың народный сотын» жойып, оның орнына «қазақ тұрмысына лайық сот – айрықша сот» құруды жақтап шықты. Оқу-ағарту ісіне байланысты «бастауыш білім жалпыға міндетті болсын, бастапқы екі жылда оқу баланың ана тілінде жүрсін, мектеп оқулықтары және мерзімді басылым «Қазақ» газеті емлесімен жазылсын» деп көрсетті.
Бірінші жалпықазақ съезіндегі басты көтерілген мәселелердің бірі – әйел теңдігі. Арнайы қабылданған қаулыда «әйелдің құқы ерлермен тең, ерге шығу еркі әйелдің өзінде болсын, қалыңмал жойылсын, 16-ға толмаған қызға құда түсу болмасын» деген баптар болды. Шын мәнінде, бірінші съезде көтерілген мәселелерге көз салатын болсақ, қазақ күрескерлері о бастан тәуелсіздік алуға ұмтылды деп айтуға болады. Съезде Жетісу облысындағы жағдай талқыланып, Ресей ішкі істер министрі атына жеделхат жолданды. Онда «Жетісудағы қазақ-қырғызды атып-жаншып жатқан мұжықтардың және соғыстан қайтқан солдаттың қолынан қару-жарағын жиып алып, халықты тыныштандырсаңыз екен» деген талап қойылған. Сондай-ақ Жетісу облысындағы ашаршылықтан қырылып жатқан қазақ-қыр­ғызға «Алаш баласының жәрдем беруін» өтініп, үндеу тастады. Киев қаласында тамыз айында өтетін съезге Бөкейханды, Досмұхамедұлын және Танашевты жіберу жөнінде шешім қабылданды. Ал съездің күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қабылданған қарар «Қазақ» газетінде жарияланды.
Әрине, бірінші жалпықазақ съезінің тарихта өз орны бар. Алаш күрескерлерінің дербес ел болуға ұмтылысы қуана құптарлық.
 Бірінші съезд өткеннен кейін артынша бес айдан соң күрескерлер екінші жалпықазақ съезін өткізуге мәжбүр болды. Екінші жалпықазақ съезі 1917 жылғы 5–13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында өтті. 
Бұл қазақ қайраткерлерінің Алаш Орда үкіметін жариялаған съезі немесe құрылтайы деп айтуға болады. Ресейде Қазан төңкерісі болып, большевиктер билікке келгеннен кейін ұйымдастырылған екінші съезді ұйымдастыруға Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Е.Омарұлы, С.Досжановтар белсене қатысты. Құрылтайға 81 делегат қатысып, күн тәртібіне 10 мәселе қойылды. Құрылтайда алғашқы баяндаманы Ә.Бөкейхан жасайды. Съезде арнайы қаулы қабылданады. Атап айтқанда: 
1. «Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқан облыстарындағы, Әмудария бөліміндегі, Закаспий облысындағы қазақ уездері және Алтай губерниясындағы іргелес жатқан қазақ болыстарының жері бірыңғай, іргелі халқы қазақ-қырғыз, қаны, тұрмысы, тілі бір болғандықтан, өз алдына ұлттық, жерлі автономия құруға;
2. Қазақ-қырғыз автономиясы — «Алаш» деп аталсын…
3. Алаш автономиясының жері, үстіндегі түгі, суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын.
4. Қазақ-қырғыз арасында тұрған аз халықтың құқы теңгеріледі. Алаш автономиясына кірген ұлттардың бүкіл мекемеде санына қарай орын алады.
5. Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен уақытша Ұлт кеңесі құрылып, мұның аты «Алаш орда» болсын. Алаш Ордасының ағзасы (мүшесі) 25 болып, 10 орын қазақ-қыр­ғыз арасындағы орыс және басқа халыққа қалдырылды.
Алаш Орданың уақытша орны — Семей қаласы.
Алаш Орда бүгіннен бастап қазақ-қырғыз халқының билігін өз қолына алады» деп жазылған. Құрылтай делегаттары елді аман сақтау үшін милиция жасақтау туралы қаулы қабылдайды. Съезге Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Жетісу, Самарқан облыстарынан және Бөкей Ордасынан барлығы 200-ден астам өкіл қатысады. 
Съезд «Алаш Орда бүгіннен бастап қазақ-қырғыз билігін өз қолына алады» деген қаулы шығарады. Съезде «Қазақ-қырғыз автономиясы — «Алаш» деп аталсын», «Алаш автономиясының жері, үстіндегі түгі, суы, астындағы кені — «Алаш» мүлкі болсын», «Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен Уақытша Ұлт Кеңесін құруға, мұның аты «Алашорда» болсын» деген тұрғыда тарихи маңызы бар құжат қабылданады. Съездегі дауыс беру қорытындысы бойынша, Әлихан Бөкейхан Алашорданың төрағасы болып сайланды. 
Бірақ кеңестік билік Алаш қайраткерлерінің арманын толық жүзеге асуына мүмкіндік берген жоқ. Олар қысым көрді, қудаланды, азап шекті, атылды. Ақиқаты, Алаш ойшылдары екі съезде де ел тарихына қатысты елеулі шешім қабылдады. Дербес ел болуға ұмтылды. Ал Алаш күрескерлерінің арманы 74 жылдан кейін орындалды. Қазақстан 1991 жылы тәуелсіз ел атанды. Демек, бұдан шығатын қорытынды, қазақ мемлекеті тарихындағы Тәуелсіздіктің бастауында Ә.Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлері тұр.

 

437 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы