- Ақпарат
- 06 Наурыз, 2025
ҚАЗАҚ ФЕМИНИЗМІ: ҚАНДАЙ ҚҰНДЫЛЫҚТАРМЕН ӨМІР СҮРЕМІЗ?

Қазақ қоғамында танымал, өз аудиториясы бар, ағартушы, белсенді қыздардан әйелдің қоғамдағы орны мен оларды бағалаудың маңызына тоқталып, келін болу институты және дәстүрлі түсініктерге байланысты пікірін сұрадық. Қазақ қоғамындағы гендерлік қасаң қағидалар, әйелдің әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз етілуі және қызметтегі ер мен әйел үлесінің арасалмағындағы айырмашылықтың себебін, қоғамдағы келін институтын қазақ қоғамы қалай түсінетінін, біз осы мәселелерде дұрыс бағытта дамып келеміз бе деген сипаттағы сауалдарды да қойып көрдік.
Әйнел ӘМІРХАН, Oy-Detox подкастының авторы:
Тосқауылдар жоқ емес, бар
Былтыр OY-DETOX подкасының бір эпизодын 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында фембелсенділер Әйгерім Құсайынқызы және Мөлдір Албанмен жаздым. Олар әйел құқығын қорғап, мерекеге қарсы әйелдер маршын ұйымдастыруға талпынып жүрген азаматтық белсенділер. Эпизод жазылып біткен соң оның атауын «Әйел теңдігі үшін күрес» деп қоюды жөн көрдім. Шын мәнінде, «күрес» сөзі көбіне негативті реңкке ие болғандықтан, оны аса қолданбауға тырысамын. Алайда XIX ғасырда басталған әйелдер құқығы үшін күрес әлі күнге дейін жалғасып келеді. Біз бұл мәселені қанша сыпайы, жұмсақ жеткізгіміз келсе де, оның өзектілігі жойылған жоқ.
Құқықтық тұрғыдан алғанда, Қазақстанда әйелдің қалыпты өмір сүруіне бірқатар жағдай жасалғандай көрінеді. Әйелге тыйым салынған қызметтер тізімі жойылды, Қазақстан парламентінде әйелге, жастарға және мүгедектігі бар адамға арналған 30 пайыздық квота енгізілді, күні кеше тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заң қабылданды. Алайда бұл заңнамалық өзгерістерге қарамастан, қазақ қоғамында гендерлік стереотиптер әлі де терең тамыр жайған әрі көзге көрінбейтін, бірақ әйелдің дамуына кедергі келтіретін тосқауыл өте көп.
Ең кең таралған гендерлік стереотиптердің бірі – қыз баланың жеке дамуы, мансабы, білім алуы екінші орынға қойылуы. Қыздың өмірлік миссиясы жақсы жар болып, отбасы құрумен шектеледі деген түсінік сақталып қана қоймай, соңғы уақытта тіпті жаңа қарқынмен насихаттала бастады.
Екіншіден, ел халқының жартысынан көбі әйел болғанымен, депутат, министр, әкім қызметіндегі әйелдің үлесі 50 пайызға жетпек түгілі, соған жақын көрсеткішке де таяп отырған жоқ. Әрине, «әйелдердің өздері қаламайды», «боламын десе, кім олардың жолын кесіп отыр» деген түсінік бар. Бірақ, шын мәнінде, олардың жоғары лауазымға жетуіне кедергі келтіретін «шыны жартас», «шыны төбе» сияқты тосқауылдар бар.
Үшіншіден, қазақтілді медиада және танымал тұлғалар арқылы феминизм ұғымын жағымсыз етіп көрсету үрдісі белең алды. «Феминизм қазақ қызына қайшы құндылықтарды насихаттап жатыр», «жастарды бұзып жатыр» деген нарратив, өкінішке қарай, басымдыққа ие. Бірақ, шын мәнінде, феминизм – тек әйел құқығы үшін ғана емес, бүкіл қоғамның теңдікке қол жеткізуін көздейтін идеология. Феминизм – әйел мен ердің құқығы мен мүмкіндігінің теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған қозғалыс. Ол қоғамдағы жыныстық кемсітушілікті жоюды, әйелдің саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени өмірге толыққанды қатысуын қамтамасыз етуді мақсат етеді.
Әйел мен ер арасындағы еңбек нарығындағы теңсіздік пен жалақы айырмашылығы – әлемдік деңгейде зерттеліп келе жатқан маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселе. Бұл тақырып бойынша ең беделді зерттеулердің бірі – 2023 жылы экономика саласынан Нобель сыйлығын иеленген Клаудия Голдиннің еңбектері. Ол әйелдің еңбек нарығындағы рөлін зерттеп, гендерлік теңсіздіктің себептерін анықтауға үлкен үлес қосты. Голдин өзінің «Мансап пен отбасы: әйелдердің теңдікке қарай ғасырлық қозғалысы» атты кітабында 1878–1978 жылдары туған жоғары білімді әйелдердің еңбек нарығындағы рөлін зерттейді. Оның зерттеуі көрсеткендей, әйел мансап пен отбасын қатар алып жүргісі келгенімен, қоғамдағы дәстүрлі түсініктер мен институционалдық шектеулер олардың кәсіби өсуін тежейді.
Голдиннің зерттеуі бойынша, некеге дейін ерлі-зайыптылар бірдей табыс тапса да, бала дүниеге келгеннен кейін әйелдің жалақысы төмендейді. Ал балалары 15 жасқа толған кезде, жалақы айырмашылығы орта есеппен 32%-ға жетеді. Бұл айырмашылық тек әйелдің жұмыс уақытының қысқаруынан ғана емес, олардың сағаттық жалақысының төмендеуінен де туындайды.
Бір қарасаңыз, АҚШ қоғамына негізделіп жазылған зерттеу болса да, біз үшін де маңызды әрі көп нәрсені сан мен факт арқылы дәлелдеп бере алатын еңбек болып отыр.
«Әйел ерден бір бас төмен» деген түсінік қаншалықты дұрыс? Бұл – қазақ қоғамындағы патриархалдық санаға негізделген көзқарас. Негізінде, мұндай ұстаным әйел мен ердің теңдігін жоққа шығарады. Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан, бұл түсінік қазіргі заңдар мен адам құқықтарына қайшы келеді.
Кәмшат ТАСБОЛАТ, журналист, құқықтанушы:
Ішкі тәуелсіздігі зор адам келінді өзіне тәуелді етіп қоймайды
Ең алдымен, Орталық Азия аймағында «дала демократиясы» әу бастан болған бірден-бір мемлекет – Қазақстан. Қазір феминизм, эмансипация сөздері тренд болып тұр. Қайда барсақ та, қазақтың қандай да бір салтын, дәстүрін мінеп-сынауға дайын отыратын белсенділер бар. Тарихи тұрғыдан, қазақтың әйелдері бұрыннан еркін болған, ауыл, руды басқарған. Бізде феминизм тілі – орыс тілі, ал мұның өз салдары бар. Қайбір жылы БҰҰ қоры Халықаралық қыздар күніне орай «Қызболсын» фильмін көпшілік назарына ұсынды. Бұл – еліміздегі «Ұл» түбірімен аты қойылған қыздар, яғни Ұлболсын, Ұлбала, Ұлту мен Ұлданалардың өмірі, психологиялық күйзелісі туралы фильм. Жалпы, мұндай есім соңғы 30 жылда күрт азайған, көбіне мұндай есімді қою дәстүрі оңтүстік өңірлерде әлі де кездеседі. Бірақ өңірлік мәселені жалпыұлттық, тіпті әлемдік деңгейде көтеру қаншалықты орынды? Оның үстіне, БҰҰ зерттеушілері мұндай жобаларды көбіне тарихты білмейтін орыстілді азаматтарға сеніп тапсырған соң, аталған фильмдер де біржақты түсіріледі. Мәселен, неге ол фильмде қатарынан бірнеше ұл туса, Қыздарбек сияқты есім қойылғанын айтпайды? Міне, дала демократиясы деген – осы, қашанда гендерлік теңдік сақталып отырған. Қазақ қатарынан қыз туса – Ұлболсын, ал ұл туса – Қыздарбек деп қойған! Өткен ғасырларда Қыздарбек есімін иемденген танымал тұлғалар да болған. Тіпті қазақ шежіресінде әйел атымен аталып кеткен ру көп. Кейбір адамдар өздерінің әйел атымен аталған рудан екенін білмейді. Бірақ тарихты терең білмейтін белсенділердің кесірінен бізді шетелде «ұл» деген сөзге жабысқан «жабайы салты» бар ел ретінде таныған жоқ па деп қорқамын...
Қазақ халқы да адамзаттың бір бөлшегі болған соң, гендерлік стереотиптер де болды. Мәселен, біз Алаш қайраткерлері дегенде, бірыңғай ер-азаматтардың, ардақты ата-бабаларымыздың есімін атаймыз ғой. Олардың ақталғаны да күні кеше ғана. Бірақ сол «қызға оқу не керек» дегендей қасаң қағидаттарды бұзған қазақтан шыққан алғашқы дәрігерлер, ағартушылар, журналистер Аққағаз Досжанова, Гүлсім Асфендиярова, Нәзипа Құлжановаларды әлі де өз деңгейінде бағалай алмай жүрміз. Гендерлік стереотиппен 100 жыл бұрын қос қызын оқуға берген Әбілқайырдың ұрпағы Сейтжапарлар күресті ғой, соның арқасында текті, ақсүйек әулеттен шыққан Гүлсім Асфендиярованың аты тарихта қалды. Бірақ алғаш рет кесарь тілігін жасап, ана мен бала өмірін сақтап қалған Гүлсім, болмаса «бұратана халықтар теңсіздікке душар болды» деп өткір мәселені батыл көтерген Аққағаздар ел есінде ме? Қазір қай қазақ қыздарының атын «Гүлсімдей, Аққағаздай дәрігер болсын» деп ырымдап қойып жатыр? Өкінішке қарай, бұрыннан қазаққа мұсылмандықпен сіңіп, қазақтың тіл заңдылығына сәйкес жазылған Мәдинаны – Медина, Айшаны – Аиша деп жазу белең алып барады. Бұрын Ахмет Байтұрсынұлының жарының атын қазақшалап Бәдрисафа деуші едік, қазір қазақтың Дәмелі атын «Дамели» деп жазғызып, кері кетіп барамыз. Сондықтан адам аттарын қазақтың тіл заңдылығына сәйкес жазатын бірыңғай жүйе енгізу керек.
Бір қуантарлығы, қазақ қоғамы – жаңа өмірлік шарттарға бейімделгіш, жақсыны бойына тез сіңіретін ұлт. Бұл тек бір ғасырда қазақтың екі бірдей дүниежүзілік соғыс, репрессия, ашаршылық, көтерілістер мен төңкерістерді көрген соң, өзін-өзі сақтау инстинктісіне қарай қалыптасқан дағды шығар. Қазір бірқатар қасаң стереотиптер өзгеріп жатыр. Гендерлік стереотиптер ерлерге де кесірін тигізуде. Мәселен, кәсіби тұрғыдан алалау бар. Аспаз, стилист, бала күтушісі болғысы келетін ер балаларға «қыздардың кәсібін қайтесің» дейді. Еуропа мен Америкада, жалпы әлемде танымал, Мишлен сыйлығын алған аспаздардың айтарлықтай көп бөлігі ерлер ғой. Ал біз қазанға жақындаған ұлдарды тыйып тастаймыз. Қазір ерлерге психологиялық-эмоциялық жағынан да қиын. «Қызсың ба, несіне жылайсың» дейтіндер бар, іштегі шерді көз жасымен шығара алмаудың кесірінен бізде 40-тан енді асқан ерлер жүректен кетіп жатыр. Сондықтан қазіргі заманда ешкімнің жеке шекарасын бұзуға болмайды. Әйелді де, ерді де кәсіби, мінез-құлық, білім мен тәрбие, отбасыдағы орны жағынан алалап, кемсітуге болмайды. «Әйелдің орны – үйде, ердікі – түзде» дейтін түсінік те жойылып барады, себебі халық белшеден несиеге батқан, ал мұндай жағдайда ердің де, әйелдің де жұмыс істеуі заңды, ал екеуі де жұмыс істеген соң, үй, бала тәрбиесіне де бірдей жауапты болатыны таңғаларлық жағдай емес. Әйелдің әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз етілуі және қызметтегі ер мен әйел үлесінің арасалмағында айырмашылық неге үлкен деген сауалыңыз орынды. Бұл мәселе аса өзекті. Егер демографиялық ахуалға қарасақ, біз әйелі көп, яғни халық саны өсетін, көбейетін ұлтқа жатамыз. Негізі, демографияны қыздар береді, сондықтан бұл жағдайға қуануымыз керек. Халықтың 51 пайызын әйел құрағасын, атқарушы, заң шығарушы билікте әр саладан шыққан қыз-келіншектерді көбірек көргіміз келеді. Бірақ іс жүзінде жағдай басқа. Мәселен, сегізінші шақырылымдағы Мәжіліс депутаттарының құрамын алайық. Жаңа құрамның не бары 18 пайызы – әйел. Ал бұл не деген сөз? Кезінде біз қарсылық білдірген партиялық тізімде «әйелдер мен жастарды квоталау» бастамасының керісінше нәтиже бергенін көрсетеді. Себебі 2021 жылы Мәжілістегі депутаттар құрамының 27 пайызын әйел құраған еді. Бұл – кері кеткеніміздің айғағы. Заң тұрғысынан «Партиялық тізімде ұсынылатын әйел мен жастардың саны 30 пайыздан кем болмауы керек» деп екі түрлі категорияны біріктіргені аз еді, бұған бертін келе мүмкіндігі шектеулі жандарды да қоса салды. Ал мұндай заңнамалық өзгерістің өзі алалау болып отырған жоқ па? Жалпы, квоталаудың өзі азаматтарды бөлу ғой. Яғни бұл үш түрлі демографиялық, әлеуметтік топ өзара бәсекеге түсуге мәжбүр. Дәл солай ерлерді квоталап тастауға болар ма еді?!
Енді Үкіметке келсек, жоғары мемлекеттік қызметте не бары 3–4 әйел барын байқаймыз. Ең қызығы, тәуелсіздік жылдарынан бері әйелдің министр болған бірен-саран ғана саласы бар. Сол «баяғы жартас – сол жартас», қыз-келіншектерді дәстүр бойынша денсаулық сақтау, білім, ғылым, ақпарат пен мәдениет салаларының ғана орынтағына отырғызып қояды. Жарайды, Ішкі істер, қорғаныс салаларын айтпай-ақ қояйық. Бірақ сыртқы істер, ұлттық экономика, әділет, энергетика, цифрлық даму сияқты үнемі ерлер басшылық ететін салаларда министр боларлық бір мықты әйел маманның табылмағаны ма? Еуропада әйел қорғаныс салаларын ғана басқарып қоймай, премьер-министр, президент болып сайланып жатыр. Ал қанша аруымыз облыс басқарып отыр? Ал ірі мегаполистерді басқарған кезі болды ма? Әйел елшілер бар ма? Әлемнің түкпір-түкпірінде Қазақстанның елшіліктері, консулдықтары мен дипмиссиялары бар, бірақ не бары 2–3 елде ғана әйел елші мен консул бар екен. Қателеспесек, Франция, Финляндияда елші, ал Нью-Йоркте консулымыз ғана әйел қауымынан. Жергілікті билік органдары, мәслихаттарда да қыз-келіншектердің үлесі аз.
Кезінде Абай да қазақтың біраз мақалын сынап кеткен. Бұл тұрғыдан ел болғасын, «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа», «Алтын басты әйелден, бақыр басты еркек артық», «Байтал шауып бәйге алмас» дегендей қасаң түсініктер де сол сериядан деп ойлаймыз. Жалпы, мұндай теріс мақалдар, афоризмдер мен күлкілі сөздер тек қазақта емес, әлем халықтарының бәрінде кездеседі. Алысқа бармай, орыс халқының мақал-мәтелдерін еске түсірсеңіз, қазақтың «зайырлы қоғамға сай емес» деген сөздері жолда қалады. Мәселен, орыс ауыз әдебиетінде «Тауық құс емес, әйел адам емес», «Тауық қораз бола алмайды, қатын еркек бола алмайды» дегендей сексистік түсініктер көп кездессе, екінші жағынан, «Қатты ұрғаны – сүйгені» дегендей абьюзерлікті қолдайтын сөздер жетіп-артылады.
Жазда Италия мен Швейцария елдеріне сапарлап келдік, біз тарихы тереңде жатыр деген италияндардың өздерінде «Тауығы шақырып, қоразы үндемейтін тауыққорада тыныштық жоқ» дейді екен... Сондықтан қазақ та адамзатпен бірге гендерлік теңдік жолында бірде сүрініп, бірде тұрып келе жатқан сабырлы да салиқалы ұлт. Дауыс беру құқығына да еуропалық, америкалық әйелдермен бірге бір дәуірде ие болдық. Бір дәуірде жұмыс істей бастадық, оқыдық. Әйелді алалайтын сөздер керісінше қыздарды үлкен жетістікке жетуге қайрауы керек. Өз басым мұндай теріс сөздерге мән бермеймін. Келін болу институтын қазақ қоғамы қалай түсінеді? Үйдің келінін бағалай алып жүрміз бе? Өкінішке қарай, кей өңірлерде отбасының ең әлсіз мүшесі келін дер едім. Шыны керек, қазір кімдер келін түсіріп жатыр? Қазір 60-жылдардың аяғы мен 70-жылдардың орта шенінде туғандар, яғни кеңестік тәрбиені көбірек көрген ұрпақ келін түсіріп, жұмсап отыр. Қазіргі 50–60 жастағы енелердің әңгімесін тыңдасаңыз, көбінің айтары «біз келінді қатты ұстаймыз», «өзіміз тәрбиелеп аламыз», «төркіндетпейміз, үйде отырсын» тағысын тағы... Бұдан кейін Қазақстанда ажырасу неге көп деп таңғаламыз?
Кешіріңіз, неге сіз біреудің мәпелеп өсіріп, оқытқан баласын тәрбиелеп алуыңыз керек? Қазір жастардың бір-біріне үйренісуі де қиын, екі жат адам бір шаңырақ астында бас қосып, отбасы құрып жатыр. Демографиялық тұрғыдан да олар енді бөлек отбасы саналады. Жастарға өз шаңырағын өздері көтеріп, бір-біріне психологиялық, эмоциялық тұрғыдан жақындауына мүмкіндік беру керек. Италия халқы «Ерлі-зайыптының арасына саусағыңды да салма» дейді, қазақ бұған «Ер мен әйелдің арасына ессіз ғана түседі» деп бірауыз сөзбен жауап берген.
Қайбір жылы қызық статистика шықты, елімізде ажырасқандардың 60 пайызы туған-туыстардың араласуынан кейін отбасы бұзылғанын айтқан. Сондықтан «келін келді, күң келді» деп қабылдайтындар келіннің үй қызметшісі емес, ең алдымен, сол отбасы, әулеттің тең құқықты жаңа мүшесі, ұлыңның жан жары, немерелеріңнің болашақ анасы, оны құрметтеу керегін түсінуі керек. Әрине, қоғамда мизогиниямен ауыратын, яғни бойында әйелге деген жеккөрушілік, төзімсіздігі бар адам да кездеседі. Әйелді әйелдің қолдамауы да бұрыс, теріс нәрсе. Бірақ мұндай дерттен қоғам болып айығып жатырмыз деп ойлаймын.
Өкінішке қарай, бізде Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары дүрілдеген, тіпті әкімге дейін аяқ тартатын ақсақалдар институты құрдымға кетті. Мәселен, бала күнімізде Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан аталарымыз ажырасамыз деген жастарды татуластыруға асығып, әділ төрелік ететін. Қазір қартайып жатқан аға ұрпақтың бір бөлігі әлеуметтік желіде келіндерін сынап, пост жазып отырады. Ал оны келін оқымай ма, жүрегіне тимей ме? Ең күлкілісі, сыры қоғамға белгілі, өзі үлгі болуға лайық емес кісілер де келін тәрбиесі туралы көлдей-көлдей мақала жазған кезеңдер де болған. Бізде осы күнге дейін бала мен келін тәрбиесі, әйел тәрбиесімен қатты айналысты. Осы арада ұл тәрбиесі ақсап қалды. Қазір тура сондай құлшыныспен ұлдарды, ерлерді тәрбиелейтін заман. Ең абзалы – өзіңді тәрбиелеу. Ажырасу – демографияны кері кетіретін фактор, ажырастыру – үлкен күнә, тек жастарға қарсы әрекет қана емес, қоғамның балансын, тыныштығын бұзу. Әрине, күйеуі қол көтеретін абьюзер, ішкіш, зинақор, ойынқұмар біреу болса, ажырасудан басқа амал жоқ. Бірақ қоғамда отбасын асырап, әйел, бала-шағасына жақсы қарап жүрген ерлер баршылық. Сондай үлгілі отбасының шырқын өсек-аяң, туыстың араласуы сияқты нәрселер бұзады. Оның үстіне үлгілі отбасының ажырасуы қоғамды стреске, депрессияға әкеп соғады. Яғни ажырасудың салдары тек сол отбасы мүшелеріне ғана емес, жалпы қоғамға теріс әсер етеді. Сондықтан келінді сыйлап, құрметтеп, оның денсаулығына көп мән беру керек. Қазір көпбалалы отбасы көп, тиісінше, денсаулығы нашарлаған ана мен келін де көп деген сөз.
Шындап келгенде, ұрпақ та ауысады. 1980, 1990 жылдардан кейін туған миллениалдар ұрпағы келін ала бастағанда, «келінді аямай жұмсау керек» дегендей қасаң түсінік түбірімен жойылады деп сенемін. Миллениалдар аға буынға қарағанда әлдеқайда әлеуметтік жауапкершілікті қатты сезеді, әрі үйде де, түзде де топтық жұмысты ұнатып, тәуелсіздікке құштар болады. Ал ішкі тәуелсіздігі зор адам келінді өзіне тәуелді етіп қоймайды.
Назгүл ҚОЖАБЕК, редактор, «Калькасыз қазақ тілі» Telegram арнасының авторы:
ҚАСАҢ ҚАҒИДАЛАР ҚАЙШЫЛЫҒЫ
Гендерлік стереотиптер қазақ қоғамында ғана емес, бүкіл дүниежүзінде болған, бар және бола беретін сияқты. Бүкіл әлем стереотиптерден ада болып, біз ғана байланып қалыппыз деген ой болмауы керек. Дүниежүзі бет түзеп отырған АҚШ, Еуропа елдерінің өзінде әйелдің сайлау құқығы, ғылымға араласу, қызмет атқару құқығы әбден орныққалы енді ғана бір ғасыр өтті. Оған дейін ол жақта да әйелдің көрген күні күн емес еді. Жалпы, адамзат баласына тән нәрсе дегенім ғой. Оған діннің ықпалы да зор болды. Ал қазақ қоғамындағы ең жаман стереотиптер деп «Алтын басты әйелден бақыр басты ер артық» пен «Жақсы әйел жаман ерді төрге сүйрейді, жаман әйел жақсы ерді көрге сүйрейді» дегенді айтар едім. Әйелді адам демей, оның бар қадірі мен қасиетін физиологиялық айырмашылыққа балап қойған – берісі сүйкімсіз, арысы жауыз стереотип дер едім. Осы стереотиптің кесірінен әйел мен қыздардың бойындағы дарыны, қабілеті ашылмай қалып жатады. Дүниеге берері бар, қосары бар қыз-келіншектердің таланты іште тұншығып қалады. Бұл стереотиптің астарынан сол өзінде айтылып тұрған «жаман еркектің» «өзің көстеңдеп жоғары ұмтылмай, менің басымды төрге сүйресеңші» деген «назын» көремін. Тек әр адам өз басына өзі ие болып, өзі ұмтылуға тиіс, береке екеудің біреуі өзгесін сүйрегенде емес, екеуінің басы тең түйіскенде болады дегенді көрмейміз, әттең.
Ерлер мен әйелдердің жұмысқа тұруы, басшылық қызметте болуы, табысы сынды көрсеткіштерде алшақтық бар, бола береді де. Алшақтықты азайтуға қанша тырыссақ та, әйелдің көп уақыты бала-шағасына арналады. Тоғыз ай бала көтеріп, ол баласы бауырын көтергенше бағып-қағуға жұмсалған уақыт әйелдің қызмет жолын ұзартып жібереді. Бұл нәрселердің бәрі тек отбасыдағы екі адам өзара келісіп істелгенде ғана өзгереді. Бәрінің шешімі біреу-ақ: екі адам бір-бірін демеп, қолдап, аяғын қатар басқаны. Енді бір фактор – қызмет жолын таңдаған қыздарды көзге күйік көрмеу. Әр адамның өз өміріне, өз тағдырына өзі иелік етуіне мұрша беру.
«Әйел ерден бір бас төмен» деген түсінік қалыптасқан. Бұл – ерлердің эгосы. Алла Тағала адамның он екі мүшесін бірдей етіп жаратса, басымыздағы миымыздың көлемі бірдей болса, бірдей білім алып, бір жерді басып жүрсек, қалайша бір адам басқа адамнан бір бас төмен тұратынын түсіне алмаймын, елестете алмаймын. Төмен қылатын – өзіміз, яғни сол бір атам заманнан қалған бірауыз сөзді желеу етіп, қыз балалардың етегінен тартып, аяғын тұсап, сол «бір бас төмендікті» қолдан жасаймыз. Бейбіт заманда біреу біреуден төмен деген әңгіме болмауға тиіс.
Бастысы, өзімнің келініме міндет пен жауапкершілік артқым келмейді. Өзің таңдап тиген күйеуің, өзің тапқан балаларың – солардың қамын жаса, солардың үйіне береке кіргіз, өз қамыңды жаса, өз басыңды тік алып жүр.
Бану ДӘУЛЕТБАЕВА, баспагер-редактор, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты:
Басшылық қызметте әйелдер аз
Қазақ қоғамындағы гендерлік стереотиптер (қасаң қағидалар) деп нені айта аламыз? Жаңа қалыптасқан стереотиптердің біреуі – «гендерлік теңдік деген әйелдің ғана құқығын қорғау деп ойлау» десек те болады.
Әйелдің әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз етілуі және қызметтегі ер мен әйел үлесінің арасалмағындағы үлкен айырмашылықтың себебі – өзіңіз айтып отырған стереотиптер шығар деп ойлаймын. Бірақ қызметтегі ер мен әйел үлесі – солардың стереотип екенін түсінген кезде де шешіле қоймайтын мәселе. Қазір Қазақстанда гендерлік теңдік мәселесінде біршама ілгерілеу бар, бірақ соған қарамастан, әйелдің қоғамдағы рөлі туралы дәстүрлі көзқарастар әйелдің шешім қабылдау үдерістеріне кері әсер етіп отыр. Жоғарыда аталған кейін қалыптасқан стереотиптің арқасында гендерлік теңдік туралы түсінік дұрыс қалыптаспай, осындай үлкен мәселе отбасыдағы «кірді кім жуады, тамақты кім істейді» деген сияқты екеуара ерегіс деңгейінде ғана қалып отыр. Сол стереотиптер әйелдің мансабын өсіруіне, шешім қабылданатын, заң шығаратын орындарда аз болуына әсер етеді. Былай қарасаңыз, бүкіл мекеменің жұмысын әйел дөңгелетіп отыр, бірақ басшылық қызметте әйелдің үлес салмағы аз. Ал, негізінде, әйел мен ердің ақылы мен ойында, адамдық қасиеті мен кәсіби қабілетінде айырмашылық жоқ. Біз кейбір жағымсыз, адамдыққа жат қасиеттерді де романтизациялау арқылы осы стереотиптерді қалыптастырдық.
«Әйел ерден бір бас төмен» деген түсінік, зайырлы қоғамды былай қойғанда, адамгершілікке жатпайды, тіпті заңға қайшы. Адамның бәрі тең жаралған. Ешкім ешкімнен кем немесе артық емес. Отбасы институтындағы келін рөлін зерттеп жүрген адамдар бар. Мәселен, осы келінді құл көру дейтін түсінік бізге кейін келген түсінік екенін, қателеспесем, Зира Наурызбаева айтқан сияқты. Біздің қазақтың салт-дәстүрінен дым қалдырмай, жоқ ету саясаты жүрді емес пе? Әйтпесе оған дейін жаңа түскен келінді отауға шығару, оның денсаулығын күту деген сияқты арнайы салт-жоралғылар болған. Гендерлік теңдік – қарапайым адамгершілік қағидасы сияқты, меніңше. Кез келген қарым-қатынаста бір жаққа ғана көп талап қойылатын болса, сол жерде тепе-теңдік бұзылады. Осы тұрғыдан келсек, келінді бағалау, бағаламау деген мәселе де жоқ болып кетеді.
Әзірлеген
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

874 рет
көрсетілді0
пікір