• Ақпарат
  • 06 Наурыз, 2025

Майра САРЫБАЙ, тіл білімі маманы, филология ғылымының кандидаты: Әкемнің ұлылығын ұғыну – үлкен бақыт

Туғанына 100 жыл толатын Шора Сарыбаевтың есімі ғылым мен білімнің дамуына зор үлес қосқан ірі тұлға ретінде ұлттық ғылым тарихында құрметпен аталады. Ол – филология саласының білгірі ғана емес, ғылымды ұйымдастырушы, жоғары парасат иесі, тарих пен мәдениеттің терең зерттеушісі. Ғалым өз ғұмырын қазақ халқының, түрік әлемінің өркендеуіне арнап, ағартушылық жолында қажырлы еңбек етті. Ғалымның ғибратқа толы өмірбаяны мен еңбек жолы жайында асылдың тұяғы Майра Шорақызы Сарыбайдың үйіне бардық. Шора Сарыбай тұлғасы туралы жазылған және өзінің көзі тірісінде жазған мақалалар, теле-радио бағдармалар саны 200-ден артып-жығылады. Әкесі өмірден өткеннен кейін жиған-терген құнды деректерінің, архивінің негізінде Майра Сарыбай «На перекрестке судеб» атты бір сериядан тұратын мақала жазып шыққан. Әрбір мақала бір-бір диссертация­лық жұмыстың жүгін арқалап тұрғандай. Кейіпкеріміздің айтуынша, жақын арада осынау құнды жазбалардың түгелге жуығы жарық көрмек. 
 

Әкемнің жеке архивінде мыңдаған құжат бар

Әкем Шора Шамғалиұлы нағыз ғалым адам еді. Ол ғылым мен білімді өмірінің басты мұраты деп қабылдады, ұстаздықты да қатар алып жүрді. Өзінің ұрпақтарын, шәкірттерін тәрбиелеп, оларға өнегелі өмір жолын көрсете отырып, ешқандай даңғазасыз ұлағатты істер атқарды. Әкемнің өмірі, қалдырған ізі әрқашан қарапайымдылық пен ірілікке толы болды.
Шора Сарыбаевтың саналы ғұмыры 
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында өтті. Қазіргі уақытта институтта оның ғылыми ізденістері мен тұлғалық әлемі Қазақстанның жаңа контексінде зерттеліп, жаңғыртылып жатыр. ҚазКСР ҒА Тіл және әдебиет институтында, сосын тіл институтында ерінбестен елу екі жыл қызмет етті. Айналасында Жұмат Досқараев, Нығмет Сауранбаев, Сәрсен Аманжолов, Ахмеди Ысқақов, Мәулен Балақаев, Ғайнетдин Мұсабаев, Ісмет Кеңесбаев сияқты ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері болды. Олар әкемнің ғылымдағы жолын қалыптастыруда үлкен рөл атқарды. 
2006 жылдан Қайнар университетіне ауысып, онда 11 жыл енбек етті. Қазақ тілі факультеті ашылған соң оның дамуына да зор үлес қосты, қазақ тілінің тарихы мен диалектология пәнінен дәріс оқыды. 
Әкем 2018 жылы дүниеден өтті. Архивін толығымен өз жауапкершілігіме алдым. 2021 жылы Астанадағы Ұлттық академиялық кітап­ханада «Шора Сарыбаев тағылымы» атты ғылыми-практикалық конференция аясында «Шора Шамғалиұлы Сарыбаев атындағы оқу залы» ашылды. Кітапханаға 5 000-нан аса кітап пен брошюраны аманаттадық. Шамғали ата Сарыбаевтың архивіндегі педагогика мен психология бойынша 180 кітапты 1960 жылдары әкем көзі тірісінде педагогика ғылымының ғылыми-зерттеу институтына тапсырған еді. Тапсырған кітаптарының тізімі үйдегі архивте сақтаулы. 
Әкем өмірден өткеннен кейін, кейінгі ұрпаққа аманаттау мақсатында, көзінің қарашығындай сақтаған отбасылық архивіне ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізе бастадым. Архивтік құжаттар негізінде 2020 жылы анамның өмірі мен еңбек жолына арналған «Ұлы бақытқа талпыну» кітабын, 2024 жылы әкемнің ғалым ретіндегі тұлғасын айшықтау және қызмет жолын зерттеу барысында «Филологтің әлемі» атты еңбекті жазып шықтым. 
Ата-анам, қазақ халқының екі бірдей тұлғасы туралы жеке естеліктер, архивтік материалдар менің тұлға және кәсіби маман ретінде қалыптасуыма көп көмек етті. Әкемнің жеке архивінде мыңдаған құжат сақтаулы тұр. Әрбір құжаттың ішінде сол кездегі қазақ тіл білімінің даму тарихын, отбасымыздың мұрағатындағы құнды мәліметтерді ашатын маңызды ақпарат бар.
«Филологтің әлемі» («Шора Сарыбаевтың жеке архиві») – жазып жатқан монографиям­ның бірінші бөлімі. Осы архивтің негізінде зерттеуші Динара Асановамен бірлескен «Шамғали Сарыбаевтың жеке архиві» монографиямыз жарық көрді. Осы архивтің негізінде «На перекрестке судеб» атты сериялы ғылыми мақалалар жазып шықтым. Мақала жазу барысында Шора Сарыбаев пен Рәбиға Сыздықтың өзара достастығы мен кәсіби қарым-қатынасына тәнті болдым. Шора Сарыбаевтың отандық ғылым саласындағы орнын айшықтау үшін оның өмірбаянына қатысты салыстырмалы зерттеулер/биографика маңыз­ды рөл атқарады. 
Әкем Шора Сарыбаевтың жеке архиві – тарихтың кіші қоймасы десек те болғандай. Құжат арасында әкемнің Жұмат Досқараевпен бірлесіп жазған «Қазақ тілінің тарихы мен диалектологиясы» хрестоматиясының қолжазбасы бар. Әкемнің осы еңбегі 1959 жылғы 7 ақпанда Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының ғылыми кеңесінде талқыланған. Жиынға қатысқан ғалымдар бұл жұмысқа терең дендеп, оның құндылығын ерекше атап өтіп, қазақ тілі мен мәдениеті үшін зор мәні бар екенін мойындаған. 
Архивінде сақталған жазбаларға қарағанда, әкемнің ғылыми қарым-қатынас орнатқан ортасы ауқымды болған. Олардың ішінде М.Ахметзянов, И.А. Батманов, А.Бомбачи, Г.Ф. Благова, Б.Базылхан, Н.З. Гаджиева, И.Г. Добродомов, А.Н. Кононов, С.Е. Малов, И.Мандоки, К.М. Мусаев, В.М. Насилов, Д.Немет, К.Омаров, Б.О. Орузбаева, Н.Е. Петров, Л.А. Покровская, Э.Р. Тенишев, П.Д. Тимошенко, Д.Г. Тумашева, Ф.П. Филин, Г.Хазай, И.Циртаутас және басқалар бар. Ол КСРО ҒА Әдебиет және тіл бөлімі жанындағы түркітанушылыр комитетінде (қазіргі Ресей түркітану комитеті) ерекше беделге ие болған. Шора Сарыбаев орыс, татар, өзбек, қарақалпақ және қырғыз тілдерін жатық білген, барлық түрік тілдеріндегі әдебиеттерді еркін оқыған, француз тіліндегі ғылыми еңбектерді сөздік арқылы зерттеген.
Шора Сарыбаевтың ғибратқа толы өмірінің тағы да бір жетістігі ретінде оның әкесі Шамғали Сарыбаевтың, анасы Насима Сарыбаеваның, Болат, Ғабит Сарыбаевтардың да архивтік мұрасын жинағанын атап өткеніміз жөн. Шамғали Сарыбаев – педагогика ғылымының кандидаты, доцент, ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстан білімі, ғылымы мен мәдениетінің қалыптасып дамуына үлес қосқан филолог, лингводидакт, халық ауыз әдебиетін жинақтаушы, әдеби сыншы, журналист, аудармашы, публицист, балалар ақыны. Шамғали ата – өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету әдістемесінен тұңғыш диссертация қорғаған ғалым. 1918 жылдан бастап Тәшкендегі ҚазИНПРОС-тың алғашқы оқытушыларының бірі болып қызмет атқарды. «Газет істері» атты Қазақ журналистикасы институтының алғашқы студенттері үшін жазылған тұңғыш оқулықтың авторы. 1941 жылдан бері Абай институтында сабақ берді. Жұбайы Насима Абдулғалиқызы Сарыбаева /Усманова – Алматыдағы ҚазИНПРОС-та қазақ тілінің оқытушысы, корректор болды әрі көпбалалы ана еді. Болат Сарыбаев – этноорганология саласының ғалымы, профессор, музыкант, қазақ халық аспаптарының алғашқы коллекциясының негізін қалаушы. Ғабит Сарыбаев – партиялық органдардың қызметкері, журналист, қазақ тілінің оқытушысы, «Социалистік Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы, Азамат соғысының батыры. 
Шамғали Сарыбаевтың архивтік материал­дарының арқасында оның өмірбая­нының қайта құрылуына, барлық еңбегінің бастан-­аяқ жиналуына мұрындық болды. Құдай жазса, сәуір айында архивтік құжаттарға негізделген кітаптардың таныстырылымы өтеді. Әкем Болат пен Ғабит Сарыбаевтардың жеке архивтерін көзі тірісінде ұрпақтарына тапсырды. Бір адамның архивтік мұрасын сақтау үшін адамның бойында ыждағаттылық қана емес, тиянақтылық, адалдық сияқты қасиет те болуы керек. 

Ұрпақты ұрпақ тәрбиелейді

Шамғали Сарыбаев ұлы Шора Сарыбаевты ғылым жолын жалғастыратын мұрагері, ізбасары деп санады. Оның баласынан күткен үміті зор еді. Қуанышқа орай, әкесінің баласына деген үміті толық ақталды. Шамғали Сарыбаевтың қаламынан туған әрбір еңбегінің алғы бетін қарасаңыз, «Ұлым Шора Сарыбайға» деген ізгі жазбаны көре аласыз. Иә, қарап отырсаңыз, әкесінің салып кеткен дара да даңғыл жолын Шора Сарыбаев жалғастырды. Әке мен бала арасындағы ұлт жолындағы қызмет осылай көркем түрде сабақтасқан. Шамғали атам жоғары мәдениетті адам болатын. Ол мәдениеттілікті өзінен ғана емес, ортасындағы адамдардан да талап етті. Ол әр ісіне тиянақтылықпен, аса жауапкершілікпен қарайтын. Шамғали ата қатарынан оза туған, прогрессивті, интеллектуал тұлға болды. Әкем Шора Сарыбаев да дәл осындай сипаттағы тұлға болды.
Шора Сарыбаевтың тұлға болып қалыптасуында, ғылым жолына түсуінде анасы да үлкен рөл атқарды. Әкеміздің анасы, біздің әжеміз Насима Сарыбаева білімді және жоғары мәдениетті, күйеуінің ақылманы, серігі бола жүріп, бес баласы үшін аналық мейірімін де аямай төге білді. Ол кісіні біз, немерелері, көршілері, «үлкен мама» деп атаушы едік. 
Шора Сарыбаев студент кезінен ғылымға қызықты. 1944 жылы Шора Сарыбаев да­йындық бөліміне, ал 1945 жылы филология факультетінің «қазақ тілі және әдебиеті» мамандығына оқуға түседі, 1950 жылы Қазақ ұлттық университеті түлектерінің төртінші құрамына енді. Онымен бірге бір курста 
К.Аханов, А.Жақыпов, З.Қабдолов, А.Махмутов, М.Сражиев, С.Шаймерденов, А.Шамкенов, Б.Манасбаев т.б. оқыды. 
1948 жылы төртінші курста оқып жүріп, Шора Сарыбаев студенттердің ғылыми жұмыстары арасындағы ең алғашқы байқауда «Қазақ тіліндегі есімдіктер мәселесі» атты жұмысымен жеңіс тұғырына көтерілді. 1950 жылы Қазақ ұлттық университетін «лингвист» мамандығы бойынша тамамдады.
Ғылыми қызметкер және ЖОО мен мектептің жоғары сынып мұғалімі лауазымын иеленген ол аспирантураға оқуға түсіп, «Қазақ тіліндегі одағайлар» тақырыбында ғылыми зерттеу жұмысын жалғастырды. Бұл тақырып грамматика саласында сол уақытта аз зерттелгенін ескерген жөн. Оның дипломдық тақырыбы да осы тақырыпқа арналды. Оны академик Ісмет Кеңесбаевтың жетекшілігімен үздік қорғап, «Қазақ тіліндегі одағай сөздер мәселелері» тақырыбындағы ғылыми жұмысы мен ғылымдағы белсенділігі үшін марапатталған еді. 
Шора Сарыбаевтың ғылыми жетекшісі қазақ филологиясының іргетасын қалаушылардың бірі, филология ғылымының докторы Мәулен Балақаев болды. Әкем осы жетекшісінің көмегімен отандық тіл біліміне елеулі ғылыми жаңалықтар енгізді. Осы себепті Шора Сарыбаевтың «Қазақ тіліндегі одағай сөздер мәселелері» атты зерттеуі ерекше орын алады. 1953 жылы Қазақ ұлттық университетінде әкемнің «Қазақ тіліндегі одағайлар» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясы қорғаудан өтті. Бұл оның ғылым жолындағы айшықты бір белесі болды. 
Енді әкемнің алфавит пен орфография саласындағы алғашқы еңбегіне тоқталайын. 1953 жылы шыққан «Қазақ алфавиті мен орфографиясының жобасы» атты еңбек – Шора Сарыбаев пен Шамғали Сарыбаевтың бірлесе жазған туындысы. Бұл жұмыста әкемнің алға қойған мақсаты өте айқын еді. Ол араб әрпінен латынға, латыннан кириллицаға көшу мәселесі мен оның ұлттық рухани құндылықтарды сақтауға тигізетін әсерін зерттеді. Шамғали ата ұлына осы мәселелерді қарастырудың қаншалықты қажет екенін үнемі айтып отыратын. 
Әкем КСРО ҒА «Советское востоковедение» журналының бетінде лингвист-түркітанушы А.К. Боровскийдің түрік тілдеріндегі алфавиттерді біріздендіру жөніндегі мақаласын талқылап, зерттеу мақала жазды. 1957 жылы Шора Сарыбаев «Лениншіл жас» газетінде «Алфавит пен орфография­ның кейбір мәселелері» атты мақаласын жариялап, қазақ тілінің әліпби мәселелеріне жаңаша көзқараспен қарауға мұрындық болды. Шамғали Сарыбаев ұлына мақал-мәтелдерді жинауды аманаттап кетті. Әкем өмір бойы он мыңнан астам мақал-мәтел жинады. Олар менің үйімде сақтаулы.

Қазақ тілінен сабақ беретін жалғыз мекемеде білім алған

Шора Сарыбаев 1934–1945 жылдар аралығында Алматы қаласындағы №12 қазақ мектебінде оқыды. 1934 жылы Тәшкеннен Алматыға көшіп келгенде, әкесі Шамғали Сарыбаев Коммунистік журналистика институты және Қазақ марксизм-ленинизм институтында оқытушы болып істеді. Ол Шора Сарыбаевты №12 мектепке апарады. Әкесі оны қазақ тілінде оқып, алыс ауылдардан келген балалармен бірге интернатта тұрып білім алуы үшін бар күш-жігерін салды. Шора Сарыбаев орыс тілінің кең таралған ортасында өскен болатын. Осы себепті Шамғали ата Сарыбаев Алматыға келген соң, өз балаларын қазақ мектебінде оқытуды дұрыс деп табады. 
Шамғали Сарыбаевтың ұлын қазақ мектебінде оқытудағы мақсаты айқын болды. Бірақ қазақ тілінде сабақ беретін мектеп жоқтың қасы еді. Ол кездері Алматыда 93 мектеп болғанымен, тек №12 мектепте ғана сабақ қазақ тілінде жүргізілетін болған. Міне, Шора Сарыбаев осындай жалғыз қазақша оқытатын әрі тұрақты орны жоқ мекемеде білім алуына тура келеді. Мектеп өз тарихын 1918 жылдан, дәлірек айтсақ, Халық ағарту комиссариатының 6 қазандағы «Аз халықтардың мектептері туралы» қаулысынан бастайды. Басында ол мектеп-коммуна ретінде, кейін қазақ-қырғыз балалар үйі, өлкелік қазақ тәжірибе-көрнекілік мектеп-коммунасы, өлкелік қазақ тәжірибе-көрнекілік мектеп-интернаты, орта мектеп болып қалыптасты. Шора Сарыбаев 1937–1943 жылдар аралығында Киров атындағы №12 орта мектеп-интернатының жеті сыныбын тамамдайды. Бөліп оқыту тәжірибесіне байланысты сегізінші сыныпты Жамбыл атындағы №18 ұлдар мектеп-интернатында оқиды. 1954 жылы бұл мектеп №12 қыздар мектеп-интернатымен біріктіріледі (қазіргі Ш.Уәлиханов атындағы №12 гимназия). Бұл ғимараты жоқ жалғыз мектеп болатын. Тек 1973 жылы ғана арнайы мектеп ғимараты салынды. Осы ғимараттың салынуына көрнек­ті педагог Рафика Нұртазинаның сіңірген еңбегі зор.
1994 жылы №12 мектептің 70 жылдығына орай білім мекемесіне Шоқан Уәлихановтың есімі берілді. 1997 жылы мектеп директоры Жанна Шанинаның бас­тамасымен Шоқан Уәлихановтың музейі ашылып, Шора Сарыбаев өз коллекциясынан кітаптар, мақалалар, пошта маркалары мен ашық хаттарды сол музейге  тапсырады. Оның ішінде Шоқанның үлкен мүсіні, өмірбаяндық материалдары, сирек кездесетін түрлі сүреттері, туыстары туралы мәліметтері, кітаптары т.б. құнды экспонаттар бар. Музейдің лентасын қиып ашу құрметіне Рафика Нұртазина, Шот-Аман Уәлихан мен Шора Сарыбаев ие болған. 
Шора Сарыбаев – Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығын зерттеген ғалым. Алматыда Шоқан Уәлихановтың туғанына 150 жыл толуына орай өткен «Көрнекті ойшыл, ағартушы демократ Шоқан Уәлиханов және оның ғылым мен мәдениеттің дамуына қосқан үлесі» атты Бүкілодақтық конференция материалдарының жинағында 1988 жылы Әбдуәли Қайдармен бірлесіп жазған «Шоқан Уәлихановтың шығармаларына тілтанушылардың үндеуі» атты мақаласы жарияланды. Шора Сарыбаев Әбдуәли Қайдармен баяндама дайындап қана қоймай, Ә.Дербісалин, Г.Сәдуақасов, Ш.Сәтпаева және Р.Бердібаевпен бірге «Тіл мәселелері. Ш.Уәлихановтың ғылыми мұрасындағы әдебиет пен өнер» атты ІІІ секцияның бюро мүшесі болды. Конференцияны КСРО ҒА мен ҚазКСР ҒА ұйымдастырды. Шора Сарыбаевтың Шоқан Уәлихановтың лингвистикалық мұрасын зерттеу жұмыстарының нәтижелері «Қазақ тілі» энциклопедиясында «Шоқан Уәлиханов» атты көлемді мақаласында аталды.

Ғылым библиографиядан бастау алады

Шора Сарыбаев – қазақ тіл білімі бойынша жазылған еңбектердің алғашқы библиографы. Отандық библиография Х–XI ғасырларда практикалық қызмет саласы ретінде қалыптаса бастады, ал оның толықтай дамуы XIX ғасырдың екінші жартысына және XX ғасырдың алғашқы үштен біріне сәйкес келді. Сала бойынша библиографияның дамуы ХХ ғасырдың бірінші жартысынан XXI ғасырдың басына дейінгі кезеңге жатады. Ұлттық библиографияны құруға кітапханалар, ғылыми институттар, мәдениет мекемелері және түрлі ведомстволар ғана емес, жеке мамандар да қатысқан. Библиографиялық қызметке 1950 жылдардан бастап кәсіби тұрғыда қызыға бастады. Қазақ тіл білімі бойынша шыққан әдебиеттің тұңғыш библиографиялық көрсеткіші 1956 жылы жарық көрді. Библиографиялық ғылымды дамытудағы маңызды қадам болған бұл кітапқа рецензияны Әбжан Құрышжанов «Вопросы языкознания» журналында жариялады. 
1960 жылы сериялы басылымның бірінші томы шықты. Алайда кітап ішінде репрессияға ұшыраған авторлар енгізілгені үшін цензураға ұшырады. Кітап басылып шықты, бірақ таралымына тыйым салынды. Себебі кітапта басты тақырыпқа арқау болған авторлардың бір бөлігі тек 1988 және 1992 жылдары ақталды. Ол қатарға Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатұлы, Телжан Шонанов, Мағжан Жұмабаев жатады. Осы себеп болып әкемнің қызметі төмендетілді және шетелге шығуына тыйым салынды. Мәселен, 1960 жылғы ақпанда Бельгияға ғылыми сапармен бару керек болған, алайда сапарға шыға алмайды. 1965 жылы Шора Сарыбаев қазақ тілін оқытушы ретінде Гарвард университетінен әлемге белгілі түркітанушы, славянтанушы, профессор Омельян Прицактан ресми шақырту алады. Бірақ оған биб­лио­графиялық көрсеткішті саяси қателермен шығарғаны үшін АҚШ-қа баруға тыйым салынады. 1960 жылдан бері Шора Сарыбаев пен Омельян Прицак бір-бірімен хат алысып тұрған, хаттар Шора Сарыбаевтың жеке қорында сақталған. 
Алты томдықтың келесі сериялық биб­лио­графиялық көрсеткіші бес жылдан кейін, 1965 жылы жарық көрді және ол Қ.Жұбановтың жарқын тұлғасына арналды. Соңғы алты том 1965, 1971, 1977, 1982, 1987, 1994 жылдары ретімен басылып шыққан. Әрбір басылыммен Шора Сарыбаев орта есеппен төрт жыл бойы жұмыс істеген. Бірінші кітаптың басылымға дайындық кезеңін ескерсек, қазақ тіл білімінің библиографиялық көрсеткіштерімен Шора Сарыбаев 40 жыл (1954–1994 жылдар аралығы) бойы айналысқанын аңғарамыз.
1967 жылы Халық шаруашылығының жетістіктері көрмесінің мәселелері жөніндегі республикалық кеңесі «ғылым саласындағы жетістіктері үшін «Қазақ тілі бойынша әде­биет­тің библиографиялық көрсеткіші» (1965) кітабының авторы Шора Сарыбаевты» арнайы дипломмен марапаттады. Шора Сарыбаевтың қазақ тіл білімі бойынша библиографиялық басылымдары ғалымдардың жоғары бағасына ие болды. Қазір бұл библиографиялық басылымдардың барлығы да сирек басылымдар қатарында. 2008 жылы Шора Сарыбаевтың алты том еңбегі түрік ғалымы Кенан Кочтың редакциясымен түрік тілінде екі том болып жарық көрді.
Шора Сарыбаев өмірінің соңына дейін библиография саласында тынымсыз еңбек етті. Мысалы, Түркология бойынша библиографиялық көрсеткіш; «Аударма мәселелері» библиографиялық көрсеткіші; Қазақ тіл білімінің диссертация авторефераттары бо­йынша бағалы библиографиялық көрсеткіш жазып кетті. 
Шора Сарыбаев 1964 жылы ҚазКСР ҒА Президиумының шешімі негізінде «Түркі тілдері» мамандығы бойынша «аға ғылыми қызметкер» атанды. Ал 1973 жылы ҚазКСР ҒА Тіл білімі институтында (10.02.06) – «Түркі тілдері» мамандығы бойынша филология ғылымының докторы диссертациясының қорғауы өтті. 
Зерттеудің ғылыми кеңесшісі Әзербайжан КСР Ғылым академиясының академигі, Әзербайжан КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Бүкілодақтық «Советская түркология» журналының бірінші редакторы, әзербайжан диалектологиясының, лингвогеографиясының негізін салушы, филология ғылымының докторы М.Шіралиев болды. М.Балақаев, Д.Тумашева және Б.Чарыяров – ресми оппоненттер. Жетекші мекеме – Өзбек КСР ҒА Тіл және әдебиет институты. Докторлық диссертацияның авторефератына диссертациялық кеңестің ғылыми хатшысы Рәбиға Сыздық қол қойған. Шора Сарыбаев дипломын 4 жылдан кейін ғана қолына алaды. Шора Сарыбаевтың дипломды неліктен бірден алмау себебін айт­пай-ақ қояйын. «Дарынды дарын ғана таниды» деген тәмсіл бар ғой. Лингвист, белгілі филолог, диалектолог Федот Петрович Филин Шора Сарыбаевтың диалектология саласындағы еңбегін жоғары бағалап, оның докторлық дәрежені алуына қолғабыс еткен. 

ТүркІтану мен алтаистика

Шора Сарыбаевтың алғашқы ғылыми қадамдарының бірі – алтаистика саласына бет бұруы. Ол қазақ-моңғол тілдерінің байланыстары мәселесін зерттеп, өз бетінше осы бағытта іргелі зерттеулер жүргізген алғашқы қазақ түріктанушыларының бірі еді. 1951 жылы оның «К вопросу о монгольско-казахских языковых отношениях» атты мақаласы Алматы шет тілдері педагогикалық институтының VI ғылыми конференциясына ұсынылып, тезистер жинағына енгізілді. Бұл – ғылыми жұмысы қазақ және моңғол тілдерінің фонетикалық, лексикалық және грамматикалық ерекшеліктері туралы тұңғыш кең көлемде жүргізілген зерттеулердің бірі.
Екі жылдан кейін бұл еңбек кеңейтіліп «Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясының мәселелері» жинағында жарық көрді. Оның жұмысында қазақ-моңғол тілдерінің ортақ белгілері мен байланыстарын көптеген мысал арқылы көрсеткен. Бұл тақырыпқа ол кейін де қызығып, 1967 жылы «Қазақ, моңғол тілдерінің туыстығы жайлы» еңбегін жариялады. 1971 жылы «Монгольско-казахские лексические параллели» атты мақаласы КСРО ҒА Тіл білімі институтының Ленинградта жарық көрген ұжымдық жинағына енді. Бұл еңбек – түркітану мен алтаистика саласында елеулі жаңалық. 
Шора Сарыбаев пен моңғолтанушы-ғалым Базылхан Бұхатұлының арасындағы кәсіби байланыс та маңызды. Олар ұзақ жылдар бойы ғылыми тұрғыда тығыз қарым-қатынас құрған. 1974 жылы Базылхан Бұхатұлы ҚазКСР ҒА Тіл білімі институтында «Моңғол-қазақ тілдерінің салыстырмалы тарихи грамматикасы» атты кандидаттық диссертациясын қорғағанда, Шора Сарыбаев оның негізгі оппоненті болған. Әкемнің жеке архивінде осы кезеңдердегі хаттары олардың ғылымдағы ынтымақтастығы мен достығын айғақтайды. 
Шора Сарыбаевтың түркітану мен алтаистика саласындағы ғылыми жұмыстары айрықша. Түрік тілдерінің грамматикасы, диалектологиясы және лексикографиясы бойынша өткізілген конференциялар мен симпозиумдарға қатысып, түрлі баяндамалар жасаған. Ол 1961 жылы «Тұңғыш грамматикаға жүз жыл», 1985 жылы «Лексикографическое оформление междометий в тюрко-русских словарях» атты мақалалар жазды. Сонымен қатар «Проблемы этимологии тюркских языков» (1990), «Кеңестік түркітану және КСРО түркі тілдерінің дамуы» (1976), «Тюркская ономастика в СССР» (1998) сияқты ғылыми монографиялар мен жинақтардың редакциялық алқасына қатысты. 
Шора Сарыбаев Ғылыми хатшы ретінде Алматыда өткен VII Аймақтық түркі тілдерінің диалектологиясы конференциясын (1973 ж. 15–17 мамыр) және Малов оқуларын (1973 ж. 18 мамыр) ұйымдастырып, өткізуде іскерлік-ұйымдастырушылық қабілеттерін көрсетті және сол конференцияларда «Аймақтық түркі лексикографиясының мәселелері» тақырыбында баяндама жасады. Ғылыми хатшы ретінде ол 1976 жылғы 27–29 қыркүйекте Алматыда өткен екінші Бүкілодақтық түркология конференциясын дайындау және өткізу барысында да өзін таныта білді, онда Шора Сарыбаев «Лексикология. Лексикография. Ономастика» атты ішкі секцияда «Әдеби-ауызекі сөздік туралы» баяндама жасады. Әкемнің осы ғылыми іс-шараларды ұйымдастырудағы ерекше қабілеттері мен іскерлігіне жоғары баға берілді.

Тіл білімінің тарихына үлес қосқан

Шора Сарыбаев мұрасының тағы бір маңызды бөлігі – қазақ тіл білімінің тарихын зерттеген еңбектері. 1958 жылы әкесінің жан жолдасы Қажым Басымов туралы «Қазақ тілі мен әдебиеті» ғылыми-педагогикалық, әдістемелік журналына мақала жазып шықты. Әкесінің әріптестері мен ұстаздары Ж.Досқараев, Ғ.Бегалиев, І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Н.Сауранбаев, туралы мақалалары шыққан. Шора Сарыбаев тұңғыш рет Телжан Шонановтың өмірбаяны мен библиографиясын жазды, ол 1991 жылы «Аna tili» газетінде жарияланды. Әкем дайындаған Х.Досмұхамедов еңбектерінің тізімі Х.Досмұхамедовтiң «Таңдаулы шығармаларына» (1998) кірді. Бұл басылымда ол редакция алқасының құрамында болды, 1992 жылда Рәбиға Сыз­дықпен бірге Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл тағылымы» деген жинағына редактор болды. 
1998 жылы Шора Сарыбаев А.Байтұрсынұлының туғанына 125 жыл толуына байланысты Е.Арынның бастамасымен және бас редакторлығымен басылып шыққан алғашқы «Қазақ тілі» энциклопедиясының жұмысына белсенді қатысты. Шора Сарыбаев «Библиография», «Еліктеуіш сөздер», «Изоглосса», «Одағай» терминдері бойынша мақалалар, сондай-ақ қазақ филологиясына үлес қосқан XIX–XX ғғ. ғалымдары туралы өмірбаяндық мақалалар жазып, редакция алқасының құрамына кірді. Олардың ішінде Ж.Аймауытов, М.Дулатұлы, М.Жұма­баев, Қ.Кемеңгеров, Е.Омаров, Ә.Сәдуақас, Н.Төреқұлұлы сияқты ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтың ғылымы мен мәдениетінің қайраткерлері, П.Лаптев, А.Старчевский сияқты орыс ағартушылары, Хироси Окауа, Ильза Лауде Циртаутас сияқты шетелдік ғалымдар, сондай-ақ замандастары жөнінде мақалалары бар. Ш.Сарыбаевтың архивінде «Методикалық нұсқау бір томдық «Қазақ тілі» энциклопедиясының авторлары үшін» еңбегінің қолжазбасы сақталған. 
Шора Сарыбаевтың ғылыми мұрасының бір бөлігін қазақ тіл білімінің даму тарихы бойынша жазылған жұмыстары құрайды: «Казахское языкознание за 40 лет» (С.Кенесбаев, Ш.Ш.Сарыбаев; 1957), «Языкознание в Казахстане» (1960), «Развитие казахского языкознания» (А.Кайдаров, Ш.Ш.Сарыбаев; 1977), «Алда – ауқымды iстер» (1989) т.б. Ісмет Кеңесбаевпен, Әбдуәли Қайдармен бірлесіп, бірнеше қазақ тіл білімің тарихына шолу мақалаларын жазды. 
Ғылыми қызметінің алғашқы кезеңдерінде ол шетелдегі қазақ тілінің дамуына қызықты. Сол туралы «Шетелдік ғалымдар қазақ тілі туралы» (1969) мақаласында баян­даған. Кейінірек бұл мәселе «Шетелдерде қазақ тілін үйрену туралы» мақаласында (Ш.Сарыбаев, А.Сүлейменова; 1987) және З.Кемелбекованың (2002) диссертациясындағы француз тілінің материалында жарияланды. 

Жылы жүректі әкем

Әкемнің жазу үстелінің басында терең ойға батып отырған бейнесін көз алдыма жиі елестетемін. Параққа қаламсап жүгірткендегі дыбысы, көне жазу машинкасының тықылы мен тасымалдау сәтіндегі үні, көшірме қағаздардың сусылы, ұзын кеңсе қайшысы және онымен газет-журналдан өлеңдерді қалай қиғаны – бәрі-бәрі бүгінгідей есімде. Жазу үстелі, жазу машинкасы, қайшы – мұның барлығы біздің әкемізден қалған материалдық мұра екені даусыз. Әкемізден кейінгіге қалған ең басты мұрасы – аса бай рухани қазынасы.
Соның ішінде поэзияға деген сүйіспеншілік сезімін ерекше атап өтуге болар еді. Поэзия – әкеміздің өмір бойы ең сүйіп оқитын жанры және оның ұзақ ғұмырының бөлінбес бір бөлшегіне айналды. Ол осы бір әдеби жанрды жанымен сүйді және оның шабытты оқырманы, жанкүйер тыңдаушысы әрі зерттеушісі бола білді. Оның жеке кітапханасында жүздеген өлең топтамасы, газеттен және журналдан қиып алынған поэзиялық туындылар көптеп сақталған. 
Әкем 1970 жылдардан бастап қойын дәптер жүргізе бастады. Таңғаларлығы, Шора Сарыбаев кішкене ғана қойын дәптерінің өзінде де оның әр бетін нөмірлеп көрсетіп қойып, мазмұнын жазып отырған. Міне, жан сұлулығы мен жомарттығының, поэзияға және дәстүрлі рухани құндылықтарға деген сүйіспеншілігінің куәсы болар, сол жазбалар «Қойын дәптер» атты кітапшаға басылып шықты. Әкем о дүниеге аттанар кезінде өзі аса ынтызарлықпен жақсы көрген қойын дәптері жастықшасының астында болды...

Әзірлеген
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

 

 

935 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы