- Ақпарат
- 06 Наурыз, 2025
«САЛТАНАТ» БИ АНСАМБЛІ: СЫЗ ЕДЕНДЕГІ СҰЛУЛЫҚ

300 шаршыметрлік би залына бас сұқтым. «Алматыдағы ең үлкен би залы» дегенге таңданып жүгіре жеткен едім, ғимараттың апатты жағдайы көңіл көншітпеді. Әрі қарай байқағанымды айтайын. Даңғарадай үлкен би залының қабырғаларына түскен түрлі дақтардан, еденінің сықырлағанынан оның әбден ескіргені байқалады. Айтпақшы, еденінде биге арналған жұмсақ кілемшенің болмауынан талай биші дайындық барысында аяғын жарақаттапты. Бұл – 55 жылдан бері бірде-бір жөндеу көрмеген, 1955 жылы ел тарихында алғаш болып құрылған, ғасырға жуық тойын тойлағалы отырған әйгілі «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің ғимараты. Бірақ «ансамбльдің ғимараты» деп толық айтуға келмейді, ансамбль Корей театрының қанатында отыр. Өйткені жүзден аса қызметкері үлкен театрдың тек үштен бір бөлігінде ғана жұмыс істеп келеді. Мұнда би залының жанында орналасқан 10 шаршыметрлік кішкентай екі кабинетте 15 жігіт пен 35 қыз күнделікті дайындыққа би киімін ауыстырып дайындалады, тарлық етеді, әрине. Жалпы, ғимаратқа заманға сай күрделі жөндеудің керегі көрініп-ақ тұр. Сахнасында талай саңлақтың ізі қалған аңыз ансамбль қабырғасында кезінде Шара Жиенқұлова да еңбек етіпті. Жалпы, ансамбльдің бүгінгі аяқ алысы қандай? Әңгімемізді әрі қарай ансамбльдің басшысы Елубай Кенжалиев пен көркемдік жетекшісі Қуанышбек Төлегенмен жалғастырдық.
Елубай КЕНЖАЛИЕВ, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің директоры:
– Елубай Мұхамбетұлы алдымен өздеріңізді «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің биылғы 70 жылдық мерей тойымен құттықтағым келеді. 70 жыл аз уақыт емес. Осы орайда ансамбльдің тарихына, бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталайықшы...
– Иә, көп рақмет. «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің тарихы өте терең. Мұнда белді-белді тұлғалар қызмет етті. Сол саңлақтардың салып кеткен сара жолын үлгі етіп, бізге қалдырған мұрасын өркендетуге үлес қосуға ниеттіміз. Ансамбль 1955 жылы Қазақ КСР-і ән-би ансамблі болып ашылды. Арнайы Мәскеудің тапсырмасымен ансамбльді Украина КСР-іне еңбек сіңірген әртісі Лидия Чернышева келіп құрды. 11 жылдан кейін 1967 жылы оркестр және хор ашылды. Бастапқыда биші ұлдар мен қыздарды ел арасынан жинаған. Мұнда Шара Жиенқұлова да биледі. Ол Мәскеуде өткен студенттер мен жастардың дүниежүзілік фестивалінде жеңімпаз болып, үлкен танымалдыққа жетті. Сөйтіп, бүкіл Кеңес Одағына шығармашылық концертін қойып, кейін Ұлыбритания, Франция, Болгария, Италия, Түркия, Ресейде, Қытайда өнер көрсетті. Би өнерінің хас шеберлері қазір де шетелдіктерді таңдай қақтырып жүр. Бұл жерде қазақтың ғана емес, өзге ұлттың билері де бар. Қазақ биін қалыптастыруда, жалпы, «Салтанаттағы» көптеген бидің өмірге келуіне халық әртісі, қазақ балет әртісі Зәуірбек Райбаевтың қосқан үлесі зор. Ол кісі бірнеше уақыт би тобының жетекшісі, директоры болып қызмет атқарды. «Сылқыма», «Асатаяқ», «Қазақ рапсодиясы», «Биші қайың» секілді біраз биді репертуарға, алтын қорға енгізді. Ансамбль хордың жанды даусына, оркестрдің сүйемелдеуіне биледі. Алайда 1989 жылы белгілі бір себептермен оркестр мен хор жабылды. Сөйтіп, мәртебесі мемлекеттік ән-би ансамблінен «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі болып өзгерді. Кәсіби балетмейстер болып Дәурен Әбіров сияқты өнер майталмандары еңбек етті. Тоқсаныншы жылдары ансамбльден мықты-мықты бишілер кетіп, тоқырауға ұшыраған уақыттар да болған.
Жалпы, мұнда басшылық қызметке келгелі 2–3 жыл болды. Бұл мен үшін өте жауапты іс деп есептеймін. Сондықтан тек басшы болып кабинетте отырмай, кез келген мәселеде қырағылық танытып, ұйымдастыру жұмысына араласамын. Оның ішінде би костюмдеріне қатысты істер, гастрольдерде бишілердің орналасуы, ол жердің жергілікті басшыларымен сөйлесу сынды көзге көрінбейтін барлық жұмысты назардан тыс қалдырмауға тырысамын. Сонымен қатар би киімдерінің сән үлгісі мен музыкасының ескіргенін байқап, соларды заманға сай өзгертіп, жаңартуға тура келеді. Қазір репертуарымызда қазақ, украин, чех, молдаван, өзбек, моңғол, орыс, татар, испан сияқты халықтардың 150-ге жуық ұлттық биі бар. Былтыр Тәжікстан, Өзбекстан елдерінен кәсіби биші шақырып, репертуарымыз өзбек, тәжік билерімен толықты. Алда 70 жылдығымыз келе жатыр. Ауқымды түрде тойлауды жоспарлап отырмыз. Ауыз толтырып айтатын жетістіктеріміз де баршылық. Былтыр гастрольмен Қытайға, Ресейдің мәдени астанасы Санкт-Петербург қаласына барып жеке концерт қойып келдік. Ел ішінде Алматы, Астана, Қызылордада өнер көрсеттік. Мысалы, Қызылорданың Байқоңыр, Қазалы, Шиелі, Тереңөзек сияқты ауыл-аудандарын араладық. Соңында ондағы мәдениет үйінің директорларын, мемлекеттік мекемедегі, қаладағы жеке би тобының жетекшілерін жинап, біздің көркемдік жетекшіміз Қ.Төлеген, балетмейстерлеріміз А.Ілиясова, Т.Ахметов би өнерінен шеберлік сағаттарын өткізді. Би өнері – қиын мамандық. Бір сағаттық, қырық минуттық бір концерттің өзінде, кем дегенде, жиырма би биленеді. Сонда бір биші жиырма сахналық костюм ауыстырады. Жоқ дегенде, он костюм ауыстырып, әп-сәтте он бидің образына ену, әр бидің қимылын ұмытпай сахнаға шығару үлкен қажыр-қайратты талап етеді. Бишілердің бір биді бітіріп, сахнаның артына шыққандағы кезін көрсеңіз, өте қарбалас сәт. 3–4 минуттың ішінде екінші костюмді ауыстырып, киіп үлгеру, дым болмағандай қайта сахнаға күліп шығып, билеу нағыз еңбек.
Негізінен, байқасақ, бұл күндері биге ер балалардың келуі сиреп барады. Бұл – тек біздегі емес, еліміздің би ұжымдарында кездесетін басты түйткіл. Осы мәселені шешу үшін елдегі би оқу орындары Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, өздері туралы ақпарат беріп, насихаттағаны жөн. Жалпы, би өнері – ұлттық мерекелерде топтық, хореографиялық қойылымдарды қою арқылы мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды танытатын ірі жанр.
– Тарихқа үңілсек, бір кездері атақтарыңыз дүркіреп, арада көрінбей кеткен уақыттарыңыз болыпты. Осы туралы өзіңізден естісек...
– Баршаға мәлім, 90-жылдары бүкіл ел ішінде тоқырау заманы болды. Соған орай, күнкөріс қамымен бидің репертуары да той-томалаққа бейімделіп, осыдан кейін ансамбльдегі біраз кәсіби, майталман бишілер жан-жаққа тарап кетті. Сөйтіп, ансамбль бірнеше уақыт өз көрерменінен көз жазып қалды. Өйткені талғамы биік халық бұрынғы репертуар мен нағыз кәсіби бишілерді іздейді. Ансамбль жер-жерді аралап концерт берсе де, көрермен қатары қатты сирейді. Бұл жайт күні кешеге, яғни 2022 жылға дейін жалғасты десек қателеспейтін шығармыз. Осыдан соң мұндағы биленетін қазақ биінің болмысына дейін өзгерді. Ал би костюмдерінің дизайны 90-жылдармен қалып қойған. Осы жағдайдан кейін белгілі кәсіби би оқу орындарының түлектері мұнда келуге ниет танытпаған. Мамандар қатары сиреген соң көршілес облыстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен әртістер шақырылды.
– Шығармашылық пен репертуар да өзгеріп жатқан болар?
– Кез келген шығармашылық ұжымның күре тамыры, әрине, репертуар саясаты. Бірақ ұжымның сол кездегі материалдық жағдайына қарамастан, шығармашылықты бірінші орынға қойып, соңғы екі жылда репертуарымызға жаңадан 18 би енгіздік. Негізі, осыған дейін жыл сайын екі немесе үш би қойылымы қойылып келген. Есептесек, 7–8 жылда орындалуға тиіс межені, екі жылда бағындырған екенбіз. Бұл – ұжымның қажырлы еңбегінің нәтижесі. Бұған еліміздегі белгілі балетмейстерлерге қоса, шетелден мамандар тарттық.
Соңғы екі жылда 300-ден аса мәдени іс-шараға қатысыппыз. Атап айтсақ, ТҮРКСОЙ ұйымының арнайы шақыруымен Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстанда және Қытай мемлекетінің шақыруымен өнер көрсетіп қайттық. Оның ішінде еліміздің өзге мемлекеттердегі мәдени күндерінде, Қостанай, Маңғыстау Ақтөбе, Қызылорда облыстарында, Алматы, Астана қалалаларында жаңа форматтағы концертімізді ұсындық. Былтыр Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылуында өнер көрсетсек, 2022 жылы Алматының орталық стадионында өткен дүлдүл Димаштың жеке концертіне қатыстық. Бұл біздің шығармашылық жолымызды тағы да жоғары сатыға көтерді десек те болады.
Шығармашылықтағы осындай табыстан кейін ансамбль қатары біраз кәсіби мамандармен толықты. А.Селезнев сынды хореографиялық би училищелерінен биші мамандар келді.
2023 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының сахнасында ансамбльдің тарихында тұңғыш рет «Құрманғазы» ұлттық халық аспаптар оркестрінің, Алматы, Астана қалаларында «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен тамаша коллаборация жасалды. Халық өте керемет қабылдады. Алматыдағы арнайы балет өнері үшін салынған «Almaty theatry» сахнасында өнер көрсету бишілеріміздің арманы еді. Өткен жылы сол арманымызды орындап, жеке концертімізді қарашада аншлагпен өткіздік. Билет құны да арзан болмады. Одан бөлек көрерменнің көзайымына айналған жаңа қойылымның қарасы көп. Мәселен, балетмейстер Т.Ахметовтің «Қыз қуу» биі, күйші Р.Сәрсеновтің орындауындағы Н.Тілендиевтің «Аққу» күйінің сүйемелдеуімен қойылған «Аққу» биі, өзбектің «Хорезм тәрмәләрі», тәжіктің «Идона» би қойылымы халықтың ыстық ықыласына бөленіп, жоғары сұранысқа ие болды. Осылайша, «Салтанат» өз көрерменімен қайта қауышты деуге болады.
– Алдағы 70 жылдық мерейтойға дайындықтарыңыз қалай?
– Министрліктің қолдауымен Солтүстік Қазақстан облысына арнайы гастрольдік сапар ұйымдастырылып жатыр. Бұл концерт күзде Алматы және Астана қалаларында жалғасады. Және осы 70 жылдыққа орай облыс әкімдері қолдау танытып жатса, «Би керуені» атты арнайы жобамызды жасағымыз келеді. Ол жобаның басты мақсаты – қазақтың би өнерін насихаттау, өңірдегі би ұжымдарына шеберлік сағатын өткізу, кітапхана және музейлерде мерейтойымызға орай көрме ашу, жалпы, ансамбль өзінің 70 жылдық тәжірибесін бөліседі.
– Ансамбльдің қазіргі құрамына тоқталсақ...
– Қазір штатта 50 биші, оның ішінде 15 жігіт, 35 қыз бар. Сондай-ақ басты жаңалықтың бірі 1 наурыздан бастап домбыра, қылқобыз, шертер, ұрмалы аспаптар: сақпан, қоңырау, дабыл, бас домбыра, жетіген, саз-сырнай, прима қобыздан тұратын 18 адамнан құралған фольклорлық ансамбль ашылып жатыр. Онда қазақтың күйлерінен бөлек, өзге ұлттың да шығармаларын орындаймыз. Негізі, би әлеміндегі стандарт бойынша биді оркестрдің сүйемелдеуінде билейді. Фольклорлы ансамбль құрамын 18 адамнан көбейтуге болар еді, бірақ оған орналасқан ғимаратымыздың жағдайы келмейді, 55 жылдан бері жөндеу көрмеген, тар әрі апаттық жағдайда тұр. Бидің костюмдері сыймаған соң басым бөлігі ғимараттың алдындағы сарайға қойылған екен, мен осында қызметке келген жылы электр тогынан ақау шығып, 200-ге жуық сахналық костюм өртеніп кетті. Ол жердегі әр костюмнің өзіндік тарихы бар еді.
– Би костюмдеріңіз өте әдемі, арзанқол дүниеге ұқсамайды. Құпия болмаса бір би костюмінің құны қанша?
– Адам көркі – шүберек. Би өнерінде ең бірінші көзге түсетін – сахналық костюм. Костюмдердің біразының сән үлгісі тоқсаныншы жылдармен қалып қойған. Кейде тек көйлек кеудешесімен, кейде көйлек шапанымен, құндыз бөркімен, үкісімен тіктіреміз. Сахнада жалт-жұлт етіп, көздің жауын алып тұратын, дубай тастар бар би киімдерінің біреуінің бағасы 300 мыңнан басталады. Билегенде терлетпейтін, сапалысын таңдаймыз, әрі жақсы матадан тігілген киім ұзақ жылдарға жетеді. Соның бәріне тапқан-таянғанымызды жұмсаймыз, барлығына бірдей жеткізу оңай емес. Одан соң ғимаратымызға жөндеу жасалса, ішінен балалар студиясын ашқымыз келеді. Олай болған жағдайда кадр мәселесі де шешілер еді. Себебі қыздарымыз жасы есейгеннен кейін үнемі билеп жүре алмайды. Сондықтан өз ішімізде балалар студиясы ашылса, сонда сабақ берсе дейміз. Негізі, бұған мүмкіндік бар, қаланың ортасында орналасқанбыз. Бірақ ғимараттың бүгінгі жағдайы көңіл көншітерлік емес. Күрделі жөндеуді күтіп жүрген жайымыз бар.
– Ансамбльге мемлекет тарапынан қандай көмек керек?
– Негізгі мақсатым – қазақтың би өнерін әлемге таныту. Одан бөлек әртістеріміздің жағдайын жасап, ансамбльге академиялық, ұлттық статусын алуға үлес қоссам деймін. Сондай-ақ мұнда жиырма жыл билеген әртістеріміздің зейнетке шығуы қарастырылмаған, сол мәселе шешімін тапса... Қала ішіндегі концерттерге немесе гастрольге шыққанда өзіміздің жеке автобусымыздың жоқтығы жанға батады. Бір концерттік бағдарламамен сапарлатсақ, 400–500 костюмді алып жүру қиын, қазір такси жалдап жүрміз. Соған арнайы жеке жүк көлігінің болуы – арманымыз. Бізде қызметкерлер 150–180 000 теңгеден бастап, ал еңбек өтілі жоғарылар 300 мыңның маңайында жалақы алады. Бүгінгі күнкөріс қамымен өлшесек, Алматыда бұл қаражатқа өмір сүру қиындау. Өйткені пәтер жалдау ақысының өзі өте жоғары.
Соңғы отыз жылда балет әртістеріміздің мемлекеттік награда алмауы әсерінен академиялық атаққа қол жеткізе алмай келеміз. Стандарт бойынша академиялық атақ алу үшін мамандардың жиырма бес пайызы мемлекеттен атақ алған болуы шарт. Егер бұл мәртебені иеленсек, қызметкерлердің жалақысы да өсер еді. Би өнері үлкен физикалық күшті қажет етеді, әрі үнемі дене формасын сақтау қажет. Олар мұнда бүкіл ғұмырын арнайды. Сондықтан мемлекет қамқорлығы керек-ақ.
Қуанышбек ТӨЛЕГЕН, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің көркемдік жетекшісі:
– «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінде көркемдік жетекшілік қызметін атқарғаныма екі жыл болды. Тарихы терең ансамбль болғандықтан, әр ісімізге үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Біраз уақыт бұрын мемлекеттік би ансамбліне лайықтап, жаңадан би костюмдерінің эскизін сызып, тіктірдік. Шығармашылығымыздағы жетістіктер де көз қуантарлық. Мәселен, шымкенттік «Қазына» мемлекеттік би ансамблінің көркемдік жетекшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зәуре Әжібекова «Ерсатым ата» деген қазақ биін, балетмейстеріміз Талғат Ахметовтің де қатысуымен бірталай қазақ биі дайындалды. Репертуардағы әр елдің ұлттық биін өз майталмандарының қатысуымен дайындаудамыз. Қазір көбіне жас мамандарды тартып жатырмыз. Бізде билейтін ұзын және орта бойлы қыздардан құралған екі құрам бар. Әрине, салмақты сақтау, өз формасында болу – кәсіби маманның өз үлесіндегі дүние. Шаштың ұзын болуына да қараймыз. Қазақ биінің образында қазақтың шаш өрімі, өзбек биінде өзбектің өз шаш өрімі барын ескереміз. 2023 жылдың өзінде біз 13 елге гастрольмен бардық. Оның ішінде Мысырдағы, Әзербайжандағы Қазақстанның мәдениет күндері, Кореядағы би фестивалі бар. Көрерменнің ықыласы өте жоғары болды. Қазақ биінде қыздарымыздың ұяңдығы, жігіттеріміздің жігері, ат үстінде шауып келе жатқаны, «Қыз қуу» биіндегі бейнелер олардың аса қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар еліміз үшін 2024 жылдың ең айтулы оқиғаларының бірі Дүниежүзілік көшпенділер ойынының би қойылымдарына қатыстық. Ол жерде режиссер болдым, ашылуының алғашқы бөліміндегі «Қазақ елі» қойылымында осы біздің «Салтанат» би ансамблі қатысқан болатын. Болат Аюхановтың мемлекеттік би театры, Опера және балет театрының әртістерімен – барлығымыз біздің базамызда дайындық жүргіздік. Қойылымға Астанадан Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының әртістері қатысты. Ойынның ашылуындағы Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі аралықты қамтитын «Қазақ елі» қойылымында ежелгі тас ғасырынан бастап, ғұндар, алтын адам, түріктер дәуірін қамтып, ең соңында қазақ елі болып қалыптастық деп, үлкен шаңырақты көтеріп, соның астында қаншама ел, халық бірге, татулықта өмір сүріп жатыр деп көрсеттік.
«Салтанат» би ансамбліне еңбек сіңіргеннің жаның бірі – Зәуірбек Райбаев. Ол – репертуарымыздағы алтын қорға енген «Аса таяқ», «Қосалқа», «Биші қайың» сияқты бірнеше бидің авторы. Мәселен, «Биші қайыңның» шығу тарихына тоқталсақ. Зәуірбек Райбаев Көкшетауға Бурабайға барғанда қайыңдардың майысып тұрған қимылдарын көріп, керемет әсер алады. Сөйтіп, осы бидің дүниеге келгені туралы осындай қызықты ақпарат бар. Одан кейін бірде Қазақстанның мәдени онкүндігі Швейцарияда өтеді. Сол кездегі қаражаттың жетіспеуіне байланысты ма екен, әйтеуір, барлық бишіні ол жаққа апаруға мүмкіндік болмай, тек бесеуі ғана барады. Ол жақта Зәуірбек Райбаев кереметтей «Шолпы» биін сахналайды. Онда қазақ қызының сахнаға әшекей-бұйымсыз шығып, билей жүріп сырғасын тағып, білезігін киіп, шашбауын тағып, бөрігін киген қуыршақтай образы жасақталады. Сонымен бірге алқаға байланысты қыздардың «Қосалқа» биі, жігіттердің «Балбырауын» сынды билері қазіргі күнге дейін сұраныстағы алтын қорымыздың жауһар туындылар. Бұл билер хореографиялық оқу орындарында арнайы әдістемелік бағдарламаға енген.
Жалпы алғанда, қазақ мәдениетін дәріптеп жүрген «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің бүгінгі күйі осындай. Қазақты әлемге танытып жүрген би ансамбліне қолдау ауадай қажет-ақ. Мұндағы жұмыс ғимаратының жөндеу көрмеуі, кабинеттердің жетіспеушілігі, жоғарыда айтқандай, балет әртістерінің киіну бөлмесінің тарлығы, күні бойы биге дайындалып шыққанда бас сұғатын душ кабиналарының болмауы әртістердің жанына батып жүр. Электр кабельдерінің өзі 1955 жылдан бері ауыспаған. Ғимараттағы желдету аппараттары да істен шығыпты, ауасы тар, ол жерде қымбат костюмдер сақталады. Сол қымбатқа тігілген бүкіл костюмді ескі, кішкентай кір машинасымен жуады екен. Ансамбльдің жетістігін көріп қуансам да, осыншалықты жағдайын көріп қуана алмадым. Ұлттық өнердің насихаттаушыларына көмек қолын созар жан табылар ма екен?..
Әзірлеген
Элеонора ӘЗІРЖАН

532 рет
көрсетілді0
пікір