- Ақпарат
- 06 Наурыз, 2025
VIII құрылтай: қазақ тілінің бүгіні мен болашағы

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ,
«Ana tili»
Астанадағы Президент орталығында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының кезекті VIII құрылтайы өтті. Жиынға келгендер «бұл құрылтай бұрынғысынан өзгерек» десті. Бір-бірін қазақ тілінің төрге шығуымен құттықтап, ана тілінің аясындағы маңызды мәселелерді талқылады. Ұсыныс айтылып, жетістіктер сараланды. Құрылтайға бас-аяғы 300-ден аса адам қатысты.
Иә, «Қазақ тілі қоғамы» 1989 жылы құрылды. Түпкі мақсаты Қазақстанда қазақ тілін қолдау және оны мемлекеттік тіл ретінде дамыту болды. Өйткені алмағайып кезеңде қазақ тілі орыс тілінің жетегінде жүріп, ресми салада да, күнделікті тұрмыста да мүмкіндігі шектеулі күйге жетті. Ана тілінің сол кездегі күйіне алаңдаған қайраткерлер, жанашырлар қоғам аясында ұйысып, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге уағдаласты. Бес бағыт бойынша жұмыс істеп, «тіл ертеңі – ел ертеңі» екенін уақытында түсінді. Қазақ тілін дамыту, ағарту жұмыстары мен терминологияны жетілдіруге ден қойды. Қазақ мәдениеті мен әдебиетін қолдағанда ғана тіл шұрайы бұзылмасын білді. Қоғамдық бақылау енгізіп, мекемелерде қазақ тілінің ресми қолданылуын тексеруді бастады. Содан бері бұл қоғам тынбай еңбек етіп келе жатыр.
Қазір «Қазақ тілі» негізгі үш бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр. Біріншіден, қазақ тілін оқытудың әдістемесі мен тәжірибесін жетілдіру амалдары. Екіншіден, қазақ тілін көпке тартымды және заманға сай контент, яғни мазмұнмен байыту шаралары. Үшіншіден, тілімізді қазіргі технологиялармен ұштастыру және жаһандық жаңа технологиялық үдеріске қосу. Осы бағытта өткен жылы 40-қа тарта аймақтық, республикалық және халықаралық іс-шара мен бірқатар ауқымды жоба іске асқан. Елорда төріндегі құрылтайда кейінгі екі жылда атқарылған жұмыс туралы есеп беріліп, алдағы кезең мақсаттары анықталды.
Жиынға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Тынымбайұлы, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы, Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, мәжіліс депутаты Айдос Сарым, Qazaqstan республикалық телерадиокорпорациясының басқарма төрайымы Ләззат Мұратқызы, IT сарапшы Тимур Бектұр, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы және вице-президенттер Анар Фазылжан, Шерубай Құрманбайұлы мен Басқарма, Орталық кеңес мүшелері, қор демеушілері мен аймақ делегаттары қатысты. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев құрылтайға арнайы құттықтау жолдады. Мемлекет басшысы хатында қазақ тілінің ел бірлігін нығайта түсетін басты құндылық екенін айтып, оны білім мен ғылым ғана емес, бизнес пен технология тіліне айналдыру міндетін қойды.
Ерлан Қарин баяндамасында қазір қазақ тіліндегі цифрлы контенттерді көбейтуге, білім беру жүйесін әдістемелік тұрғыдан қолдауға, ІТ саласындағы жетістіктерді тіл мәселесін шешу үшін тиімді пайдалануға айрықша мән беріліп жатқанын айтты. Тілді сақтау оны жаңа заманға бейімдеу екенін, осы тұрғыда атқарылар шаруа көп екеніне тоқталды. Озық технологиялар, жасанды интеллект секілді салалар қазақ тілінде сөйлеуі қажет екенін алға тартты. Әсіресе инженерлік-техникалық, жаратылыстану ғылымдарын қазақша сөйлету маңызын атап өтті. Осы бағытта игі бастамалар барын қосты. Жақында Қазақстан қоғамдық даму институтының директоры Нұрбек Матжанидің бастамасымен «Академиялық «мәтін жазу» шеберханасы» атты кітап жарыққа шыққанына тоқталды. Тілі жатық әрі түсінікті жазылғанын, ғылымға жаңадан келіп жатқан жас ғалымдарға көмекші құрал боларына қуанды.
«Тілдің болашағына қатысты пессимизмнен арылу керек. Әрине, егемендік енді алған кезде тіл мәселесі күрделі еді. Сол уақытта тілді сақтап қалу жөнінде түрлі пікірталас болғаны анық. Бірақ одан бері заман оңалды. Қазір жағдайды ол кезбен мүлде салыстыруға болмайды. Барды бар деуіміз керек. Ана тіліміздің қолданылу аясы күн санап кеңейіп келеді. Қазірде дүниежүзінде 7 мыңнан аса тіл бар болса, соның екі жарым мыңға жуығы жойылып кету қаупінде тұр. Қазақ тіліне қатысты мұндай қатер жоқ деп сенімді түрде айтуға болады. Ана тіліміз тұғыры мықты 80 тілдің қатарында тұр», – деді Ерлан Қарин.
Құрылтайға келген әр спикер өзінше ұсыныс айтып, оны жиынға қатысушылардың талқысына салды. Әсіресе А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан бірнеше ұсыныс айтты. Оның айтуынша, «Қазақ тілі» ғылыми институтын құрып, іргелі және қолданбалы зерттеу жүргізуге ден қою қажет. Психолингвистика, социолингвистика, лингвоэкономика, нейролингвистиканы терең зерттеген жөн. Қызығы сол, маманның айтуынша, жақында жүргізілген зерттеу бойынша елде қазақ тілінің деңгейі көтерілсе, экономика да жүйеге түспек. Әлемде англофондар, франкофондар ұйымы барын білеміз. Анар Фазылжан осындай халықаралық қазақфондар ұйымын құруды ұсынды. Сапалы зияткерлік контент жасап, қолжетімді цифрлы ресурс әзірлеу, қоғамның тілдік санасын, тіл мәдениетін көтеру маңызды екеніне тоқталды.
Ал, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, Қазақ тілі ұлттық корпусының жалпы қоры 146 миллион сөз қолданысқа жеткен. Қазақ терминологиясының бірыңғай электрондық базасы – termincom.kz электрондық базасында жалпы терминдер саны 380 мыңнан асады. Шетелдік терминдердің автоматтандырылған жүйесі әзірленіп, іске қосылған. «Қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры» мемлекеттік ақпараттық жүйесін жетілдіру шеңберінде KazLLM тілдік моделі бойынша 1 млрд сөзқолданыс жиналған. ScreenReader «Қазақ тіліндегі сөйлеу синтезі бар экран дикторы» жобасы іске қосылған. Жасанды интеллектіге қажет қазақ тілінде контент жинау жұмыстары жүйеге түскен. Мысалы, Huawei компаниясымен бірлесіп жасанды интеллект бойынша курстарды қазақ тіліне локализациялау аяқталған. Оксфорд университетінде қазақ тілін үйретуге және Қазақстанда Британдық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бағытында меморандумға қол қойылған. Оксфордта қазақ тілін оқытуға қажет оқу-әдістемелік кешенін әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Coursera – қазақ тілінде» бойынша 134 мыңға жуық студент 227 мыңнан аса сертификат алған.
Жиын соңында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы президенті ұйымның тиімді, тұрақты және ұзақмерзімді қызметінің негізі қаланғанын алға тартты. Биыл эндаумент қорының көлемін 1 миллиард теңгеге жеткізу жоспары құрылған. Осы мақсатта құрылтайда ұйым жұмысының тиімділігін арттырып, басқару тетіктерін оңтайландыру мақсатында Қоғамның құрылымдық жүйесі мен жарғысына өзгеріс енгізілді. Қамқоршылар кеңесі, Басқарма және Орталық кеңес мүшелері құрамы жаңартылып, толықтырылды.
Алда білім беру саласындағы қазақ тілін оқыту сапасы, оқу сауатын көтеру, қазақ тілінің кәсіпкерліктегі, ақпараттық технологиялардағы қолданыс аясын кеңейту, қазақтілді мазмұнды арттыру және оны цифрлық форматқа көшіру мәселесіне ерекше ден қойылады. Осы міндеттерді іске асыру үшін 2025 жылға арналған іс-қимыл жоспары бекітіліп, жаңа міндеттер талқыланды.
Мереке Құлкенов, Жазушылар oдағы басқармасының төрағасы:
Қазақ тілі тәрбие тіліне айналуы керек
«Қазақ тілі» қоғамының бірнеше құрылтайына қатыстым. Бірақ осындай мазмұнды, ойлы құрылтайға бірінші рет келіп, тыңдадым. Меніңше, мұндай жиынға тек Оқу-ағарту министрі мен Ғылым және жоғары білім министрі емес, барлық министр келсе деймін. Бүкіл ел болып бірікпей, ұйымдаспай, тіл мәселесі күрделене береді. Мысалы, 2023 жылы Жазушылар одағына басшылыққа келген соң, «Простор» журналына Фархат Тамендаров деген ақын жігітті бас редактор ретінде сайладым. Ол өзі Қазақстанда туған, қалада өскен, бірауыз қазақша білмейтін татар болатын. Бірақ қазақша үйренуге ынтасы бар жігіт екен. Оны орталыққа барып, қазақ тілін үйренуге жібердім. Бір жылдың ішінде кәдімгідей үйреніп, білді. Соған қарағанда, «Қазақ тілі» қоғамы жанындағы қазақ тілін үйрететін 150 орталық жақсы жұмыс істеп жатқан сияқты. Мұны неге айтып отырмын? Өйткені бәріміз өзімізге берілген істі тап-тұйнақтай істесек, нәтиже болады. Қоғам мүшелерінің көзінен отты байқап, қуандым. Осы турасында бір оқиғаны баяндап берейін. Менің бір танысым үйімнің жанында қазақ мектебі жоқ деп бірінші баласын орыс мектебіне берді. Ол екі жыл оқыған соң, екінші баласын аулада салынған қазақ мектебіне берді. Орыс мектебінде оқитын бала кісі қабағына қарамайтын, ойындағысын бүкпесіз айта салатын бала екен. Екіншісі – тәрбиелі бала. Қызды-қыздыға келгенде екеуінен тақпақ сұрадық. Орысша оқыған бала «Бородиноны» керемет оқыды. Қабағымыз түсіп кетті. Қазақ мектебінде оқитын баладан не айтатынын сұрап едік, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қазағым» өлеңін оқыды. Сонда қайтадан жасап қалдық. Мұны неге айтып отырмын? Қазақтың тілі бірінші тәрбие тіліне айналуы керек. Тәрбие тіліне айналмай, ешқашан алдыңғы орынға шыға алмайды. Өйткені елімізде тек қазақ мектебі емес, орыс, ағылшын мектебімен қатар, жеке тұлғалар ашқан мектеп бар. Соның бәріне қазақ тілі кірмесе, қазақы тәрбие берілмесе, жағдай қиындайды. Сондықтан екі министрге өтініш айтқым келеді. Бізде стратегиялық әріптестік бар, ресурсымыз жеткілікті. Елімізде 1 030 жазушы бар, одан да көп суретші мен музыкант бар. Театр қайраткерлері де жетерлік. Неге соның бәрін мектепке әкеліп, тәрбие сағатын жүргізбеске? Жазушыларды апарып, тіл туралы толғатайық. Мысалы, тіліміздегі ескі сөздер ұмытылып бара жатыр. Олар балаларға ескі сөздің мағынасын айтып, мәнін түсіндірсін. Осылайша, оқушы санасына әсер ету керек. Абайдың кім екенін білмейтін орыс мектебін бітірген қазақ балаларын білемін. Абайдың кім екенін білмейтіндер қазақ мектебінде де бар. Мектепте жақсы мұғалімдер болғанымен, олар оқулықтың айналасынан шыға алмайды. Жазушыны апарып, музыкантты апарып, сабақты түрлендіріп, формасын ауыстырсақ ғанибет емес пе?! Иә, қай жағынан қарасаң да, еліміз дамып жатыр. Соңғы бес жылдағы рухани жетістікке таңданамын. Оның үстіне Астанада бірнеше мешіт, театр ашылып жатыр. Бірақ бас қалада Абай орталығы жоқ. Меніңше, еліміздің төрінде Абайдың руханияты, «Абай» сарайы жарқырап тұруы керек. Тілдер орталығы да жоқ. Біз тек қазақ тіліне ғана емес, бізбен бірге өмір сүріп жатқан басқа тілдерге де көңіл аударып, көмектескеніміз жөн. Мұны да ойға алу керек. Осы тұста жасанды интеллект қазақ тілінің дамуына, статусына бірден-бір әсер ететін дүние деп ойлаймын. Оны дұрыстап іске асыру – уақыт еншісіндегі дүние. «Қазақ тілі» қоғамының ісі оңға баса берсін. Бәріміз бір терінің пұшпағын илеп жүрміз, оның июі қанып, оған әлем назары аударуы – өз қолымызда тұр.
Тимур БЕКТҰР, IT маман:
Жасанды интеллект – қазақ тілі дамуының келесі сатысы
Біз қазақ тілін дамытуды қалай түсінеміз? Ол сөздік қорды көбейту ме әлде қазақ тілінде сөйлейтін адамның санын көбейту ме? Ауызша сипаттасақ, мағынасы бұлыңғыр сөз. Кейде қазақ тілінің дамымай жатқаны осы бұлыңғыр күйінде айтылып жүргенінен сияқты. Бірақ қазақ тілін қазіргі таңда дамыту жайын нақтылау керек. Оны қалай дамытамыз? Меніңше, жасанды интеллект – қазақ тілі дамуының келесі сатысы. Шай үстінде, өз арамызда анау болмай жатыр, мынау сай емес деп кіжініп қоятынымыз бар. Шынында да, тілдің дамуының жасанды интеллект тұрғысынан алғандағы прогресі мен потенциалына көп мән беруіміз керек. Осы тұрғыда бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Мәселен, қазақ тіліндегі жасанды интеллект моделі қолға алынды. Қазір кейінгі екі жылда бар әлем LLM-ді аузынан тастамайды. Демек, дамудың келесі сатысы small language model болмақ. Яғни кіші тілдік модельдер. «»Тіл-қазына» институты мамандары осының аясында қазақша сұраққа жауап беретін, мәтіндік операциялар жасайтын арнайы модельді жасап, қазнетке жүктеп қойды. Жасанды интеллект моделі де құрал. Қазақша үйренгісі келген шетелдіктер Youtube кезіп, қазақша курс іздемей-ақ, қазақ тілінде IT өнім жасай алады. Біздің жасаған моделіміз дайын тұр. Алады да, жасайды. Бір айта кетерлігі, әлі күнге дейін мәтіндік деңгейде тұрмыз. Ал жасанды интеллект тек бұл деңгейден тұрмайды. Аудио, видео тұрғысынан да қазақ тілінің дамуы керек. Мультимодель қалыптастырғанымыз жөн. Біз мәтіндік деңгей дегенімізбен, оның өзінде мәтіндік деңгейдің жалпы қолданыс аясында жүрміз. Бірақ тарихи, саяси, мәдени, әдеби, заңи жағы ақсап тұр. Алдымызда атқарар шара көп. Осы жұмыстың бәрі сіз бен бізге жауапкершілік жүктейді.
Ғани Бейсембаев, Оқу-ағарту министрі:
Абай мен әл-Фараби зертханасы ашылады
Мектептерде қазақ сыныбы жыл санап көбейіп келе жатыр. Қазір өзге ұлт өкілдері де балаларын қазақ сыныбына жетектеп әкеледі. 54 мың өзге ұлт өкілі қазақша білім алып жатыр. Екіншіден, балалар әндері жетіспейтіні туралы сынды жиі еститінбіз. Мұны да Оқу-ағарту министрлігі қолға алып, екі жыл қатарынан «Әншуақ» қазақ балалар әндері фестивалін өткізіп келе жатыр. Бұдан бөлек, балалар аясындағы шешендік өнерді дамыту үшін оқушылар арасында айтыс өткіздік. Жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз. Мұнымен тоқтамай, өңірлерде де балаларды мәдениетті, шешен сөйлеуге, өлең арқылы оқушылар арасындағы мәселені көтеруге, ақындар айтысы арқылы талқылауға үйреткіміз келеді. Мұны өз-өзін түсінуге бағытталған бір тәрбие институтына айналдыру бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Жақында ғана «ХХІ ғасыр көшбасшысы» телевизиялық жобасы қайта жанданды. «Хабар» телеарнасының бастамасымен Ғылым және жоғары білім министрімен бірге барып, демеушілік жасауды бастадық. Тағы бір сүйінші жаңалық, 1957 жылы Алматы қаласында ашылған «Абай» атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын дарынды балаларға арналған мектеп-интернат аумағында жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Биыл оқу жылының басында осы мектептің тұсауы кесіледі. Бұл трансформацияланған интернатты «Абай» ұлттық мектебі деп атап, 900 орынды білім ордасы болмақ. Бағана «Абай» орталығы туралы сөз болды. Абайды зерттеу бір бөлек, осы зерттеудің мектепке енгізілуі жағы бөлек әңгіме. Сондықтан Абай атындағы ҚазҰПУ бастамасымен «Абай» ұлттық мектебінің жанынан арнайы Абай зертханасын ашып жатырмыз. Бұл болашақта барлық мектепке Абай ілімін жас ерекшелігіне сай оқыту тетігін іздейтін орын болады. Абай ұрпағын қалай тәрбиелейміз деген сауалға да жауап іздейді. Бұдан бөлек, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірігіп, Жәутіков атындағы физмат жанынан әл-Фараби зертханасын ашуды жоспарлап отырмыз. Мұның барлығы тілді ғана дамытып қоймай, қоғамның тілге деген махаббатын ашуға, жастардың бойында ұлттық құндылықты насихаттауға жол ашады. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасында көрсетілгендей, тілді көтеру, қазақы тәрбие беру арқылы ізгі қоғам негізін қалаймыз.

1122 рет
көрсетілді0
пікір