• Тұлға
  • 06 Наурыз, 2025

ЖҰРТ ШЫРАҚШЫСЫ

Ғұмырын ұлт ісіне арнаған қайраткер

5 наурыз Алаш көсемі, ірі мемлекет қайраткері, көрнекті саясаткер Әлихан Бөкейханның туған күні. Халқына қалтқысыз қызмет етудің, ұлтын шексіз сүюдің тамаша үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінің мұрасын жан-жақты зерттеу, Алаш аманатына адал болу – қазақтың өткен тарихын түгендеу үшін ғана емес, негізінен, елдің кемел болашағы үшін керек игілікті іс. Мемлекет мерейін өсіретін, ұлт рухын көтеретін, елдік мұратқа ақырына дейін адал болатын қайсар рухты ұрпақ өсіреміз десек, оларға Алаш өнегесінен артық тәлім көзін, тәрбие мектебін табу қиын. Сондықтан Алаш мұрасын зерттеп қана қоймай, олардың еңбегін елге кең таратып, жұрты үшін жанын пида еткен асыл азаматтардың арман-аңсары мен мақсат-мұратын терең түсініп, ісін жалғастыратын ұл-қыз өсіру аса маңызды міндет. 
 

Жұрт жоқшысы

Бізде көрнекті ақын-жазушылардың тілін немесе орыс тілінен аударылған шығармаларды тілдік және әдеби тұрғыдан зерттеуге арналған еңбек аз емес. Ал аса көрнекті мемлекет қайраткерлерінің тілін, саяси дискурсын зерттеуге арналған еңбек, дискурстық талдау өте аз, жоқтың қасы десек болады. Бұл бағыттағы зерттеулер кейінгі жылдары ғана қолға алына бастады. Ондай көрнекті саясаткерлер туралы сөз қозғағанда, ең алдымен, ойға оралатын тұлғаның бірі де бірегейі – Әлихан Бөкейхан. Алаш ардақтысының мұрасын тілдік тұрғыдан, саяси дискурс аясында қарастыру арқылы да оның саясаткерлік болмысын, кісілік келбетін тереңірек танып, тұлғалық қасиетін аша түсуге болады. Тұлғатануда тілдің алатын орны айрықша. Ауыздан шыққан, хатқа түскен әр сөзінен, сөйлемінен адамның ой-өресі, білім-парасаты, мәдени деңгейі, таным-түсініктері, саяси көзқарасы мен ұстанымы көрінеді. «Сөзің – өзің» деген сөзде үлкен шындық бар. Адамның сөзінен өзін тануға болады. Ұлы Абай мұны: «Сөзіне қарай кісіні ал, Кісіге қарап сөз алма» – деп, тап басып түйіндеді. Бұл тұрғыдан қарағанда, Әлихан – сөзіне қарап үлгі алатын, сөйлеген сөзіне сәйкес атқарған қыруар ісіне берік, тұғыры биік, табанды тарихи тұлға. Сол себептен де оның бар мұрасын тілдік тұрғыдан мұқият зерттеп, әр еңбегіне терең талдау жасап, әр сөзіне мән беру маңызды. 
Әлихан Бөкейхан шығармаларындағы айрықша мән беруді қажет ететін сөздің бірі – «жұрт» сөзі. Алаш білімпазының еңбектерінде «жұрт» сөзі қазіргі тілде актив саналатын «ұлт», «халық» сөздеріне қарағанда әлдеқайда жиі қолданылады. Сонымен бірге «жұрт» сөзінен өрбіген туынды сөздер де ұшырасады. Қыр баласы әсіресе «ұлт» сөзін сирек пайдаланды. Оның кейбір мақаласында ұлт ісі, ұлт мұқтаждығы, ұлт намысы, ұлт пайдасы сияқты тіркестер кездеседі. Бірақ олардың үлесі «жұрт» сөзінің қатысуы арқылы жасалған тіркестерден көп төмен. 
Әлихан Бөкейхан – өз ұлтына, қара орман халқына қалтқысыз қызмет етуді өмірінің мәні, азаматтық парызы санаған аса көрнекті ұлт қайраткері. Жұрт ісін алға сүйреп, Алашқа адал қызмет ету оның өмірлік ұстанымы болды. Алашының азаттығы үшін алысқан арыстың басқан ізін аңдып, ел ішіне жібермей, үйқамақта ұстаған қанды қол қызыл көсем И.Сталин мен оны таңдаған жолынан тайдыра алмаған отаршыл жүйе жендеттерінің оғы өр кеудесін тесіп өтіп, «жұртым» деп соққан жүрегін тоқтатқан сәтке дейін қайсар қайраткер осы ұстанымынан, алған бетінен айнымады. Соңғы демі таусылғанша күресіп, саналы ғұмырын ұлт ісіне сарп етті. Өзі ғана күресіп қоймай, ұлт ісін ұйысып, жұрт ісін жұмыла атқарғанда ғана нәтиже болатынын терең пайымдаған саяси көшбасшы төңірегіне Алаш оқығандарын топтастыра білді. Оларды да ұлт мүддесіне, ұлт ісіне қызмет етуге жұмылдырып, жол көрсетіп, жөн сілтеді. Ұлт ісі сынды кемелдік пен аса зор жауапкершілікті қажет ететін зіл батпан жүкті арқалап, бүкіл ел тағдырына қатысты шешім қабылдау міндетін өз мойнына алып, сол жолдағы саяси күреске жетекшілік жасауға бел буды. Жауапкершілікті алып, белін бекем буғаннан кейін бір табан да кері шегінбеді. «Не бел кетеді, не белбеу кетеді» деген ұстанымынан таймаған күрескер тұлға Алашының азаттығы жолында ақырына дейін бел шешпей күресіп өтті. 
«Алла Тағала Құран Кәрімде «пайдалы орынға өздеріңнің сүйген нәрселерің мен малыңды шығармай тұрып, ізгілік, жақсылық деген нәрсеге жетісе алмайсыңдар» деп бүтін адам баласын шын көңілмен ұлт ісіне қызмет етуге қызықтырады. Егер ұлт ісінің керегі болмаса, ол ұлт ісіне мұндай уәжіп һәм зекет сияқты садақаларды ең сүйген малыңнан беріңдер деп қызықтырмас еді» (Әлихан. «Рамазан айы жақындаған тақырыпты». «Қазақ», 1916), – деп жазады қайраткер.
Осы екі-ақ сөйлемнен тұратын үзіндіде ол «ұлт ісі» деген тіркесті үш рет қолданады. Құран Кәрімді алға тарта отырып, ұлт ісінің маңызын түсіндіреді. «Қазақ» газетіне жарияланған тағы бір мақаласында ол былай деп жазады: «Халық ісін орнына салуға көп ақыл, көп қызмет, көп жылға шебер істеген әдіс керек. Тіршілік-ғұмыр белгісі – алыс-тартыс, арбау, әдіс. Кім шебер болса, жалықпай, талмай ізденсе, бірігіп тізе қосып, әдіс қылса, ғұмыр бәйгесі сонікі» (Қыр баласы. «Қазақ», №44, 1913).
Бұл мақаласы мен өзге еңбектерінде «халық», «ұлт» сөздерін қолданылғанымен, жалпы шығармашылығында Қыр баласы «жұрт» сөзіне қарағанда оларды сиректеу пайдаланады. Мақалада қайраткер елге қызмет етудің қиындығы мен қыр-сырын айта отырып, жұртты бірлікке, елге қызмет етуге шақырады. Бүгінге дейін құнын еш жоймаған бұл пікірінен оны айтқан тұлғаның өз халқының қамын шын ойлаған үлкен саясаткер екенін анық көруге болады. Айтса айт­қандай-ақ, ол өзінің ұшан-теңіз энциклопедиялық білімі мен саяси күрестегі мол тәжірибесін өмірінің ақырына дейін жұртына, халқына арнады. 
Сонымен, Қыр баласының мақалаларында «жұрт» сөзі мен осы сөз тірек болған «жұрт ісі», «жұрт жұмысы» сияқ­ты тіркестер жиі кездеседі. «Жұрт» сөзі Әлихан Бөкейхан еңбектерінде «халық», «ұлт» кейде «ел», «мемлекет» мағыналарында өте жиі қолданылады. Білімпаз өмірінің әр кезеңінде жазған кітаптары мен мақалаларынан: «Бұл жұрт ісі болар деген зор үміт осы күн!» (6-т. 172-б.); «Бұл жұрт жұмысын, жұрт болып іздемейтін бе еді?» (3-т. 494-б.) деген сияқ­ты мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Ұлт көсемінің соңына қалдыр­ған мол мұрасын зерделеу барысында «жұрт» сөзінің қатысуымен жасалған: жұрт адамы, жұрт азаматы, жұрт ақысы, жұрт басшысы, жұрт бірлігі, жұрт жақсысы, жұрт жалшысы, жұрт жанашыры, жұрт жұмысы, жұрт жігіті, жұрт керегі, жұрт көзі, жұрт көңілі, жұрт көші, жұрт кісісі, жұрт қамы, жұрт құрылтайы, жұрт қызметі, жұрт қызметшісі, жұрт мақсаты, жұрт мінезі, жұрт пайдасы, жұрт правосы, жұрт пікірі, жұрт рәсімі, жұрт саны, жұрт сөзі, жұрт тілегі, жұрт ісі, жұрт шырақшысы сияқты тіркестер қолданғаны анықталды. 
Қыр баласының еңбектерінде бұлардан өзге де жұрт болу, жұрт ұстау, жұрттығын сақтау, жұрттығымыздан айырылмау, бауыр жұрт, бұратана жұрт, бөтен жұрт, жалпы жұрт, жат жұрт, жергілікті жұрт, жетім жұрт, керенау жұрт, күшті жұрт, мәдени жұрт, мылқау жұрт, надан жұрт, қаптама жұрт, оқымаған жұрт, өзге жұрт, тағы жұрт, қазақ жұрты, орыс жұрты, грек жұрты, әділдік жоқ жұрт, орыс қолындағы жұрт, ресімі жоқ жұрт, біздің жұрт, жұрттың сөзі, жұрттың берекесі, жұрттың момыны, жұрттың қараңғылығы, жұртқа беделді, жұртқа пайдалы сияқты түрлі қолданыстар, есімді, етістікті сөз тіркестері де жиі қолданылады. 
Бұл ешқандай кездейсоқтық емес. Адам нені сүйсе, не үшін күйсе, қандай іске күш-жігерін жұмсап, уақытын неге көп арнаса, сол туралы айтады, жазады. Сол мәселе оны толғандырады. Әлиханды ойландырған да, толғандырған да қазақтың қамы, аңсағаны – Алашының азаттығы. Сондықтан жатса да, тұрса да, көздегені жұрт мүддесі болған жанның ойына «жұрт» сөзі орала беруі, қаламының ұшына «жұрт» сөзінің іліге беруі табиғи нәрсе. 
Әлихан Бөкейхан тілінде «жұрт» сөзі – ең белсенді жұмсалатын, тіркесімдік қабілеті жоғары, сөз туғызуда да өнімділік танытқан сөз. Жоғарыда көрсетілген сөз тіркестерінен бөлек шығармаларында «жұрт» сөзінен туындаған жұртшыл, жұрттық, жұртшылық сияқты сөздер де кездесіп отырады. Бұл деректер «жұрт» сөзін қалам иесінің тілдік, стильдік, сөз қолдану ерекшелігін тануға септігін тигізумен бірге, саясаткер дискурсының сырына тереңірек үңілуге де мүмкіндік беретін ол түзген мәтіндегі тірек сөздердің бірі деп тануға негіз болады. 
Ә.Бөкейхан 1914 жылы «Қазақ» газетінде жарық көрген «Хасейн Халами паша» туралы мақаласында: «Жұрт үшін қиядағы қиынды алған, жұртқа қызметі май болған Халамидің ғұмыры бақытты жігіт ғұмыры ғой! Жүйрік, қыран күшін қиянға салса, жұрт мақсатын орнына апарса, мұнан артық не бақыт бар, бауырлар!» – деп жазады. 
Осы жазғанынан оның азаматтық ұстанымы, басты құндылықтары, нені бақыт деп танитыны көрінеді. Түрік перзенті Халамиді қазақ азаматтарына үлгі етіп отырған қазақтың Әлиханы да халқы үшін күшін қиянға салған, қиынды алған, жұрт мақсатын орындауды нағыз бақыт деп білген хас қайраткер.
Абай ХІХ ғасырдың екінші жартысында «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсін» десе, ХХ ғасыр басында Әлихан да «Жұртым, бұл істі құлағыңа тақ!» («Петроград хаты») деп жұртына жүгінді, «жұрт» сөзін қолданып, жұрт қамы, жұрт мақсаты, жұрт ісі... деп сөз өрбітті. Бұл ғасырлар тоғысындағы ұлттық әдеби тіл қалпынан хабар беріп, сөзқолданыс сабақтастығын көрсетумен қатар, жұрты үшін жаны күйген аса көрнекті ұлт тұлғаларының мақсат-мүдде ортақтығын да айғақтайды. «Жұрт» сөзі мен онымен тіркесе жасалған сөз қолданыстары Әлихан Бөкейхандағы үзеңгілестерінен де ұшырасады. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлының «Бірлік қып іс етуге шорқақ, жұртым! Табылса оңай олжа ортақ, жұртым» деп басталатын «Жұртыма» дейтін өлеңі бар екені белгілі. «Бірақ олар қанша қымбат болғанмен, одан да гөрі батырға қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі. Ол жұрт ісі әлгілердің бәрінен қымбат екенін, оның бәрін жұрт үшін құрбан қылатынын, қатта басын да соған құрбанға байлап, жауға аттанып бара жатқанын білдіру үшін қарындасына Қобыланды былай жауап қайырады» (А.Байтұрсынұлы. «Әдебиет танытқыш»). «Егер де оқу іздеген талапкерлеріміздің қырықтан төртеуі ғана оқырлық орын тауып, басқалары қаңғырып далада қалып отырса, жұрт жұмысшысы көбейіп мандыр ма, жұмысшы көбеймесе, жұрт жұмысы ілгері басып өнер ме? (А.Байтұрсынұлы. «Орысша оқушылар») – деп жазады. 
Бұл мысалдар Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінде де Қыр баласы қолданған жұрт қамы, жұрт ісі, жұрт жұмысы, жұрт жұмысшысы тіркестері кездесетінінің дәлелі. Бұл деректер де қазіргі әдеби тілдегі араб тілінен енген халық сөзіне қарағанда ХХ ғасыр басында «жұрт» сөзі кең мағынада әрі жиі қолданылғанын айғақтай түседі. Тілдің дамуы барысында ұлт, халық сөздерінің мағына ауқымы кеңейіп, керісінше, жұрт сөзінің мағынасы тарылып, қолданыс аясы едәуір шектеле түскен. Ал сол дәуірде жұрт сөзінің жаңа мағынасының өзі кеңірек қолданылғанға ұқсайды, неге десек, жұрт атауының «ел, халық» деген мағынасының өзі – кейін пайда болған туынды сема. Ол о баста «көшіп кеткен елдің, ауылдың, үйдің орны, қонысы» дегенді ғана білдірген. «Көлігі жоқ жұртта қалады, сабасы жоқ сыртта қалады». «Көшермен елге жұрт жаман, кетермен қызға үй жаман» мақал-мәтелдері мен «Жұртта қалған жұрын», «Жұртта қалды», «Жұртта қалғыр» тұрақты тіркес­терінде көне семантикасы аңғарылады. 
Көне Түрік жазба ескерткіштеріне жүгінер болсақ, онда да оның «қоныс» мағынасында қолданылғанын көруге болады, мәселен, Күлтегін ескерткішінде йурт сөзі «қоныс, тұрақтайтын орын, жұрт, ауыл» деп тіркелген. Орыс тіліндегі юрта атауы да осы жұрт сөзінің көне мағынасынан ауысқан. 
Жұрттың ел мағынасында жәдит кезеңі сөздік қорында жиі кездескенін, оның түрік ұлтшылдары тарапынан түрік тектес халқым деген мағынада қолданылғанын көруге болады, жәдитшілер сол уақытта «Түрік жұрты (Тürk yurdu)» атауымен газет-журнал шығарып, Түркияда сол журнал әлі күнге дейін шығып тұрады (1911 жылдан бері).
Қазақтың ұлы ақыны Абайдың да жұрт сөзін жиі қолданғанын жоғарыда айттық. Соған тағы бірер мысал: 
Тамам жұртқа бұзық болма, түзік бол; 
Олардың жоқ ойында малға бақпақ / Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ 
Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек / Адалдық арамдықты кім теңгермек
Барымта мен партия / Бәрі мастық, жұрт құмар. 
Сыпыра елірме, сұрқия / Көп пияншік нені ұғар?
Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман / Шошимын кейінгі жас балалардан / Терін сатпай, телміріп, көзін сатып / Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман т.б. 
Жұрт жұмысына жегіліп, бүкіл саналы ғұмырын жұрт ісіне арнаған, жатпай-тұрмай жұрт керегін іздеген қайсар қайраткер жұртының пайдасына жарап, жұрт мақсаты жолында жан аямай күрес­ті. Қайтсем жұртымның тілегін орындаймын деп арпалысқан Алаш ардақтысы жұрт қызметшісі болып, жұртына қалтқысыз қызмет ете жүріп, ақырында жұрт кісісіне, оның тарих көшіндегі жолына бағыт сілтеп, шамшырақтай жарық сепкен жұрт шырақшысына айналды. Жұрты үшін басын бәйгеге тігіп, ақырында жұрты үшін жанын пида етті. Сондықтан қазақ жұрты Әлиханды жұрт жақсысы, жұрт азаматы, тұғыры аласармайтын асқар таудай тұлғасы ретінде ерекше құрметтеп, Алаш көсемі деп қадір тұтады. Жұрт қамын жеп, жұртына қызмет ету оның өмірінің мәні болғандықтан, «жұрт» сөзі оның жазғандарынан, бүкіл шығармашылығынан айрықша орын алып, өте жиі қолданылды. Бұл тұрғыдан қарасақ, «жұрт» сөзін жұрт шырақшысының болмысын ашатын, табиғатын танытатын кілт сөздердің бірі ретінде қарауға негіз бар. 
Әлихан – «Аулаққа шықпай, сыбыр­лап бұқпай» өз ойын, шындықты жұрт алдында бүкпесіз бетке айтатын, дәлелді, нық сөйлейтін, өте сабырлы, қоғамның бар мәселесін ортаға салып ашық талқылағанды ұнататын өзіне сенімді, алған бетінен қайтпайтын аса табанды, мінезді ер. Ол білімі терең, мәдениеті зор, әрқашан әділетке жүгінетін, ісіне берік, халқына адал азамат болумен қатар, сол кезеңдегі Ресейдің ішкі және сыртқы сая­саты мен әлемдегі саяси ахуалды жақсы білетін ірі саясаткер, ұстанымы тұрғысынан нағыз демократ тұлға еді. Алаш зиялылары осы қасиеті үшін ел-жұртын дұрыс жолға бастайтын саяси көшбасшы ретінде сайлап, алдын көріп, айналасын байқап-бағамдай білетін, не көрсе де, жұртымен бірге көруге дайын ұлт көсемі деп танығандықтан, оның төңірегіне топтасты. Алаштың текті азаматы мансап қуып, тақты аңсап, сол арқылы билік пен байлыққа қол жеткізуді көздеген жоқ. Керісінше, жұрты жүктеген жауапкершілікті арқалап, «Қырағы, қия жазбас сұңқарым-ай! Қажымас қашық жолға тұлпарым-ай! Үйілген өлексені өрге сүйреп, Шығармақ қыр басына іңкәрім-ай!» – деп Ахаң жырлағандай, халқын қыр басына шығаруға аянбай қызмет етті. Қолына билік тисе, қара басының пайдасын ойлап, халқының малын жейтін жамандарды жанына жақындатпай, халқының қамын жейтін Алаштың адал ұлдарын айналасына жинады. 
Жаны да, ары да, қолы да таза Әлихан әрқашан қасына, ел үшін атқарылатын істің басына білімі таяз, пысықай, пайдакүнем, парақор адамдарды жолатпады. «Майданға келіп жігіттерді ептейтін, пара алатын, іске еріншек переводшик әуре болмасын!» (Ғали хан. «Доклад»); «Көш бастаған ақсақал аға, зиялы іні, жергілікті жұрт қызметін таза атқар! Жалпы жұртқа мұрындық бол! (Ғали хан. «Саси хал») деп талап қойып, жөн сілтеді. Мемлекетшіл тұлғаның пысықайлық, пайдакүнемдік, тазалық пен кәсіби біліктілік туралы осы айтқандары бүгін де еш құнын жойған жоқ десек, артық айтқандық болмайтын сияқты. Қайта өзектілігі арта түскен бе деп қаласың.
Қазір мемлекеттің лауазымды тұлғаларының, саясаткерлердің, қоғам қайраткерлерінің жұрт алдында сөйлейтін сөзін, баяндамаларының мәтінін осы іске маманданған спичрайтер жазады. Өз сөзін өзі жазатын лауазым иесі өте сирек. Сондықтан ондай мәтіндерден сая­саткердің шынайы тілдік тұлғасы айқын көрінбейді. Лауазым иелерінің шын болмысы мен тілді білу, оны еркін қолдану, шешен сөйлеу, сөз саптау ерекшеліктерін олардың ел алдында еркін сөйлеген сөздері мен әзірлемесіз, суфлерсіз ашық сұқбаттары арқылы анықтаған орынды. Әлиханның сөйлеген сөздері мен сұқбаттарының аудио-видео жазбалары қолымызда болмағанымен, оның түрлі мақалалары, ғылыми-танымдық, публицистикалық еңбектері, аудармалары бізге жетті. Ол еңбектерін Әлихан Бөкейхан өз қолымен жазған. Бұл мұрада оның қолының табы, көзінің майынан бөлек, тек өзіне ғана тән авторлық қолтаңбасы, арман-тілегі, күйініш-сүйініші, жан тебіренісі, ұлттық-мәдени таным-түсінігі, ғылыми тұжырымдары мен саяси көзқарасы да көрініс тауып, сақталған. Олар сонысымен де өте құнды. Соның сырына терең үңіліп, тарихи тұлғаның ұлт өміріндегі орны мен рөлін тап басып танып, бай мұрасын ел игілігіне жарата білу әлихантанудың алдындағы зор міндет.

Ұлт ұяты

Әлихан Бөкейханның мағынасына айрықша мән беріп, аса құрмет тұтатын тұлғалары мен қастерлейтін ұғымдарына қатысты қолданатын тағы бір сөз – «ұят». Бұл сөз білімпаз еңбектерінде «жұрт» сөзі сияқты жиі қолданылмағанымен, автор осы «ұят» ұғымына ерекше мәртебе береді. Абай надандықтан болатын ұялу мен шын ұяттың ара жігін ажыратып, «Ынсап, ұят, терең ой, Ойлаған жан жоқ, жауып қой» деп, ұятсыздықтан түңіледі. Әлихан жұртқа адал қызмет еткен, ардан аттамайтын адамшылығы мол, парасатты тұлғаларға зор құрметпен қарайды. Бұл Әлиханның ұятты – ар, жан тазалығы, адалдық пен намыс ұғымдарымен тығыз байланыста қарайтыны аңғарылады. Ол бұл ұғым жөніндегі ой-тұжырымын тарқатып жазбаса да, сөзі, келтірген мысалы сондай тоқтамға келуге жетелейді. Әлихан пайымы бо­йынша, адамзаттың, ұлтының, алдындағы азаматтық парызын адал атқарған, арына кір жұқтырмаған, адамгершілік қасиеті зор тұлғалар ұяттың, ұяттылықтың үлгісі. Ондай тұлғаларды ол өздерін туғыз­ған, солар қызмет еткен ұлттың ұятына балайды. Мәселен Л.Н. Толстой мен В.Г. Короленконы орыс ұлтының ұяты деп таниды. 
Қыр баласы «Ұят-ай» деген мақаласын «Адамзат екі аяқты, сөйлейтін сөзді, ұятты болып өзге хайуаннан айырылады» деп бастай келіп, Л.Толстойдың: «Осы ХХ ғасыр басында үкімет мұжыққа дүре салуды жол қылып шығармақ болғанда, адам баласынан озған, күн жоғалмаса, аты жоғалмайтын Лев Николаевич Толстой «Русские ведомости» газетасына хат жазып, жария қылды. Сол Толстой жазған хаттың аты «Ұят» еді. Осы хат атын өзге сөзге аударсақ, мағынасы мынау: «Біз адам емес пе едік, ұят біздің белгіміз емес пе еді? Осы жалғыз белгіден айырылып, ана төрт аяғына сиынған аталарымыздың аулына қайтқанымыз ба?»  – деген сөзін келтіреді. 
Ә.Бөкейхан: «Бұл Короленко Лев Николаевич Толстойдан соңғы орыс жұртының бетінің қызылы – ұяты» (Ә.Бөкейхан. «Ашық хат»), – деп жазады. 
Қазақ жұрты, белгілі әлихантанушы-ғалымдар да өзінің дара туған тұлғасына төрден орын беріп, оның ұлт алдындағы тарихи еңбегіне зор баға береді. Көрнекті тарихшы-ғалым, академик М.Қойгелдиев «Алаш көгіндегі күн – Әлихан Бөкейхан» деген атпен жарияланған мақалада: «Қазақтың шаңырағынан түскен күндей болған ер Әлиханды ел мәңгілікке ұмытпайды», – дейді. Ресейлік ғалым В.И. Козодой даңқты қазақ перзентіне арналған іргелі зерттеуін «Дәуір-адам» (Алихан Букейханов: человек-эпоха») деп атады. Ғалымдардың Алаш ардақтысының бір өзі бір дәуірге татыған тарихи рөлі мен ұлтпен бірге жасайтын өміршең тұлғасын әділ бағалап, терең зерделей отырып жасаған бұл тоқтамдарына біздің алып-қосарымыз жоқ. Ал Әлиханның кісілік келбеті, адамдық қасиеті туралы айтқанда, замана дауылына қасқайып қарсы тұра білген өр тұлғаны ұлтымыз­дың қайсар рухы, өз сөзімен айтқанда, азаматтық арына кір шалдырмаған қазақтың ұяты десек болады. 

Шерубай Құрманбайұлы,
ҰҒА академигі, филология 
ғылымының докторы, 
профессор

 

1686 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы