- Ақпарат
- 06 Наурыз, 2025
Жастар жаңа жобасын ұсынды

Жастардың шығармашылық әлеуетін қолдау бағытында Ақтөбе облыстық С.Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасында ерекше шара өтті. «Идеядан нәтижеге: жобаңмен бөліс» тақырыбындағы жобалар таныстыру алаңында талантты жастар өздерінің инновациялық жобаларын, креативті идеяларын көпшілікке ұсынды.
Мақсаты – жасөспірімдер мен жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту, оларды өз идеялары мен жобаларын қоғамға таныстыруға ынталандыру.
Шараға Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисқызы, студенттер, кітапханашылар мен жас мамандар қатысты. Бұл алаңда жобалардың жүзеге асу жолдары, идеялардың дамуы, қиындықтар мен жетістіктер туралы сөз қозғалды. Кітапхананың тұрақты оқырмандары (ЖИ) Энтузиаст «Harvard Ext & Suffolk» түлегі, «Boston_english_hub» орталығының директоры Мағжан Жұмаев, «Almaz.Games School» 3D модельдеу мектеп-студиясының жетекшісі Алмаз Елеуов ортаға шығып, сөз алып жобаларымен таныстырды. Мағжан Жұмаев әр сенбі сайын кітапханада тегін ағылшын тілін үйретеді. Әр сабағын қазақтың күмбірлеген домбыра үнімен бастайды. Ол жастарға тілді ғана үйретіп қоймай, ортада өзін еркін ұстау, көшбасшы болу қабілетін арттыруға көмектеседі. Жаһандану заманында көшбасшылық қабілеттердің маңызы ерекше. Өйткені көшбасшылық қасиетін дамыту арқылы адам тұлға болып қалыптасады, өзіндік көзқарасы мен пікірін білдіріп, топта жұмыс істеу дағдыларын меңгереді. Мағжанның да мақсаты – қазақ жастарының көп тілді меңгеріп, жаңашылдыққа, кез келген адаммен қарым-қатынасқа түсе алуына, объективті ойлауға жетелеу. Осындай белсенді жастардың бірі, тұрақты оқырманымыз «Almaz.Games School» 3D модельдеу мектеп-студиясының жетекшісі Алмаз Елеуов «Катаклизмалар», «Хоррор манекен» үстел ойындарымен таныстырды. Алмаз кітапханамызда виртуалдық өнер клубының жетекшісі ретінде әр апта сайын жастардың басын қосып, тегін сабақ өткізеді.
Іс-шара барысында талантты жастар өздерінің инновациялық және әлеуметтік жобаларын таныстырып, толық ақпарат беріп, қызығушылық танытқан көпшіліктің сұрағына жауап берді. Кейбір жастар өздерінің стартаптарын таныстырса, енді біреулері әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жобаларын ұсынды. Солардың ішінде кітапхана оқырманы әрі ағылшын тілі үйірмесінің мүшесі Нұрлан Сұлтан-Бейбарыс «Зорлық-зомбылықсыз өмір» деген жобасымен таныстырды. Ұялы телефонға арнайы қосымша енгізу арқылы халыққа пайдалы жұмыс жасайтын бағдарлама енгізгісі келетінін жеткізді. С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының IT маманы, киноклуб жетекшісі Арсен Бақытжанұлы «3 D Хоррор ойыны» туралы айтса, жастардың арасынан Дильяра Жұмағали «Кітапхана мүмкіндіктер алаңы», Әліби Қамбаров «Жастар. Даму. Ағылшын тілі» жобаларын бөлісті. Қатысушылар бір-бірімен пікір алмасып, тәжірибе бөлісті, өз жобаларына қатысты кеңестер мен ұсыныстар алды. Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисқызы жас дарындарға қолдау көрсетіп, ерекше креативті жобаларды жоғары бағалап, өз кеңесін берді.
Кітапхананың бөлім меңгерушісі Шынар Кошанова «Креативті жобалар: жастар талқысында» кітап көрмесімен таныстырды. Көрмеде IT, дизайн, әдебиет, өнер, ғылым жөнідегі кітаптар мен комикс әдебиеттері топтастырылды.
Шара соңында озық ойлы жастардың басын қосып, жастардың идеяларын жүзеге асыруына, пікір алмасуына үлес қосып жүрген кітапхана басшысы Гүлнар Рамазанқызы алдағы уақытта да жастармен кәсіби байланыстар орнатып бірлесе жұмыс атқаратындығын айтып, жастарға сәттілік тіледі.
Алтынгүл Асқарқызы,
С.Жиенбаев атындағы облыстық
жасөспірімдер кітапханасының
инновациялық және әдістемелік
жұмыс бөлімінің меңгерушісі
Ақтөбе

1020 рет
көрсетілді0
пікір