- Ақпарат
- 06 Наурыз, 2025
Рамазан айының садақасы

Пітір садақасы қажеттілігін қоспағанда, мал-мүлкі нисаб (шариғат бекіткен байлықтың зекет беруге жеткен ең аз мөлшері) мөлшеріне жеткен әрбір мұсылманның беруі – уәжіп («Әл-ихтияр ли тағлили әл-мухтар»). Ол – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа.
Ибн Омардан жеткен хадисте былай дейді:
«Алланың Елшісі (с.ғ.с.) рамазан айында пітір садақасын әрбір азат мұсылманға, ер мен әйелге, үлкен мен кішіге бір сағ құрма немесе арпадан беруді міндеттеді. Әрі оны адамдар айт намазына шықпас бұрын өтеуді әмір етті» (Бұхари, №1503).
Ибн Аббастан (р.а.) риуаят еткен хадисте:
«Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пітір садақасын беруді рамазан айындағы ораза кезінде жіберілген қателіктерді тазарту үшін әрі міскіндерге бір той болу үшін міндет еткен» (Әбу Дәуіт, №1609. Ибн Мәжә, №1827), – делінген.
Тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген кісі пітір садақа беруге міндетті емес, сауап үшін беріп жатса өз еркі. Қайтыс болған адамдарға, ана құрсағындағы балаға пітір садақа берілмейді.
Пітір садақаның мөлшері бидай немесе ұн және мейізден жарты сағ (2 кг), ал арпа мен құрмадан бір сағ (4 кг), яки осылардың ақшалай құны беріледі («Әл-Һидая шарху бидаяту әл-мубтади мәғә шархи әл-әлләмәти Абдулхаи әл-Ләкнәуи», 2/235. Мухаммад Мәжид Итр, «Әл-Муфассал фи әл-фиқһ әл-ханафи», 285. «Әл-Фәтәуа әл-һиндия», 1/210–211).
2025 жылғы пітір садақаның бағасы нарықтық орташа бағаcымен есептеліп, былай бекітілді:
Бидай 2 кг – 376 теңге.
Ұн 2 кг – 655 теңге.
Арпа 4 кг – 569 теңге.
Мейіз 2 кг – 5626 теңге.
Құрма 4 кг – 10 523 теңге.
Қазір бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаның құнын ұнмен есептеуді негізге алады. Өйткені шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір садақа беруге рұқсат етіледі.
Пітір садақаны берудің уәжіп уақыты Айттың бірінші күні. Оны рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады («Фәтху бәби әл-инәя», 1/554). Уақытында бере алмаған жағдайда Айт намазынан кейін берсе де болады. Алайда пітірді айт намазына дейін беру – мұстахаб.
Осыған орай 2025 жылғы рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 655 теңге етіп белгіленді. Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (5626 теңге) немесе 4 келі құрмамен (10 523 теңге) бергені жақсырақ. Ал підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы («Әл-Фәтәуа әт-Татархания», 2/117). Оның биылғы мөлшері 3520 (үш мың бес жүз жиырма) теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді.
Сансызбай ШОҚАНОВ,
ҚМДБ Төраға орынбасары, наиб мүфти,
шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі
2025 жылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 655 теңге етіп белгіленді. Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (5626 теңге) немесе 4 келі құрмамен (10 523 теңге) бергені жақсырақ.

1091 рет
көрсетілді0
пікір