• Ақпарат
  • 06 Наурыз, 2025

Қайыс жасайтын Қуаныш

Еңбек – адам өмірінің мәні, тіршілігінің арқауы. Әсіресе ата-бабамыздан мирас болып қалған дәстүрлі кәсіпті жалғастыру – үлкен абырой. Қазақ халқының дәстүрінде мал шар­уашылығы мен оған байланысты қолөнер ерекше орын алады. Осы бағытта өз ісінің нағыз маманы, шекара қызметінде адал еңбек етіп жүрген қайысшылық өнердің шебері – Қуаныш Жамашев. Ол – ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті Панфилов ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты Оқу-жаттығу үйрету кавалериялық тобының қайысшысы.
 

Ол өз өмірін шекара қызметімен байланыстырып, жылқы үйрету мен ат әбзелдерін жасау ісінде шеберлік танытып келеді. Қуаныш бала кезінен атқа, малға жақын болды. Әкесінің жанында жүріп, мал бағудың қыр-сырын меңгерді. Ер-тоқым мен қайыс өңдеу өнерін үйреніп, кейін бұл кәсібін жетілдірді. 2000 жылы Текелі қаласындағы №5 орта мектепті тaмамдап, ауыл шаруашылығына бейімделді. Ол жастайынан төрт түлікке күтім жасауға төселіп өсті. Өкпесіне суық тиіп, түрлі ауруға шалдыққан жылқыларға екпе салуды да ерте жастан меңгерді. 
Қуаныш Жамашев әскери қызметін 2002–2004 жылдары Алматы қаласындағы Қорғаныс минис­трлігінің 97617 әскери бөлімінде өтеді. Әскери тәртіп пен жауапкершілік оны шыңдап, болашақ мамандығына бағыт берді. Кейін 2006 жылы ҰҚК Шекара қызметіне қабылданып, Жаркент 2091 әскери бөлімінде келісімшартпен әскери қызметке орналасты.
2012 жылы келісімшарт мерзімі аяқталды. Араға екі жыл салып, «Текелі» шекара заставасында бастаған жұмысына кіріседі. 2019 жылдан бастап Оқу-жаттығу үйрету кавалериялық тобында қайысшы лауазымына ауысты. Ат құлағында ойнайтын қайысшы шекара күзетінде қолданылатын ат әбзелдерін жасаумен қатар, жылқыларды мініске үйретуде үлкен рөл атқарады.
Қуаныштың қолынан шыққан қайыс өнімдері шекарашылар үшін таптырмас құрал. Ол қайысты жұмсартып, өңдеп, үзеңгі бау, айыл, жүген, құйысқан сияқты ат әбзелдерін дайындайды. Бұл өнер оған атасы мен әкесінен дарыған. Жас кезінен бастап қайысты илеп, өңдеу жұмыстарын үйреніп, аталған кәсіпті кәсіби деңгейге жеткізген. Ол еңбегі арқылы шекара қызметіне зор үлес қосты. Жиырмаға жуық ер-тоқым, отыздан аса тартпа, ноқта, өмілдірік, құйысқан сияқты парланған құралдарды өңдеп, оларды үнемі жаңартады, күтімін жасайды. Сонымен қатар шекара қызметінде қолданылатын жылқыларды баптауға және мініске үйретуге белсене қатысады.
Қуаныш Серікұлының айтуынша, қайыс жасау – күрделі үдеріс. Ол бірнеше кезеңнен тұрады. Теріні сойылған ірі қарадан сыпырып алу мен оны қайысқа дайындау – алғашқы кезеңі екен. Қуаныш қайыс жасауды әкесінің жанында жүріп үйренген тәжірибесі бойынша қайыс жасаудың үрдісін суреттеп берейік.
Сойылған өгіздің терісін сыпырып алғаннан кейін, оны арнайы сұйықтыққа салып қояды. Бұл сұ­йықтық айранның сарысуынан да­йындалады. Он күндей осы сұйық­тықта жатқан терінің қылшығы түсіп, жібиді. Осылайша, тері жұмсара түседі. Теріні илеп, кептіру кезеңі – терінің тез иленуі мен оның сапасына әсер етеді. Жақсылап илеген соң, теріні көлеңкеге іліп қояды. Бірнеше күн ілініп тұрған тері кепкеннен кейін, өзіне тән иілгіштік қасиетке ие болады. Осыдан кейін терінің қалыңдығы бірдей болуы үшін оны арнайы пышақтың жүзімен кескілеп өңдейді. Өңдеу және кесу кезінде қайыс жұмсарып, пайдалануға дайын болады. Сол кезде оны арнайы құралмен кесіп, қалыпқа келтіреді. Жылтырату және соңғы өңдеу кезеңінде қайысқа ерекше жылтырлық беру үшін арнайы май жағылады. Бұл қайысты икемді, төзімді етеді. Осыдан кейін дайын өнім қолдануға жіберіледі. 
Қуаныштың өз тәжірибесінде үзеңгі бау, айыл, жүген, құйысқан секілді ат әбзелдерін жасауда ерекше шеберлік танытып жүрген шебер екеніне қарулас ұжымы куә. 
Қуаныш – сабырлы, салмақты, еңбекқор жан. Ол қолға алған әр ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Оның еңбекке адалдығы, шыдамдылығы және шеберлігі - көпшіліктің құрметіне бөледі. Қайыс жасауда да, жылқы үйретуде де үлкен ұқыптылық танытады.
Қуаныш Серікұлы көп сөйлемейтін ісіне мығым жан. Жұмысын тиянақты орындайды. Білгенін жастарға үйретуден жалықпайды. Қайыс жасау мен жылқы баптауды өмірінің мәні санайды. Бір қызығы, әлеуметтік желілерді ешқашан қолданбаған. Дегенмен ғаламтордан қызметіне қажетті жаңа ақпараттарды іздегенді ұнатады. Ол туыстарымен қазіргі кезде жақсы тараған WhatsApp желісі арқылы сөйлесіп, бейнеқоңырау жасап мазасын алмайды. Жақындарымен әлеуметтік желі арқылы байланыс жасағаннан гөрі аяқтай барып, қал-жағдайды сұрасқанды дұрыс көреді. 
 Сонымен қатар Қуаныш Жамашев – өнегелі жанұяның отағасы. Оның жары – Қарлығаш Жұмақанқызы Текелі қарттар үйінде наубайханада жұмыс істейді. Қуаныштың өміріндегі басты құндылық – отбасы және еңбек. Оның қарапайымдылығы мен еңбекқорлығы – әрбір жасқа үлгі.
2022–2024 жылдары аралығында Талдықорған агротехникалық колледжінде «Ветеринарлық фельдшер» мамандығын оқып, білімін жетілдірді. Бұл оның жылқы малына деген сүйіспеншілігін көрсетеді. «Ғасыр өмір сүр, ғасыр оқы» қағидатын ұстанған ол, жаңа технологиялар мен білімге әрдайым құштар.
Кеңес дәуіріндегі әйгілі әскери басшылардың бірі, Қызыл армияның атты әскерін басқарған қолбасшы Семён Будённый  ат спорты мен атты әскердің дамуына ерекше мән берген жан. Ол жауынгерлердің сапалы ат әбзелдерімен қамтамасыз етілуін маңызды деп санаған. Атты әскердің қатарына «Қайысшы» лауазымының енуі - қолбасшы Семён Будённыймен тікелей байланысты. Себебі ол – аталған лауазымдық міндетті әскер қатарына енгізген алғашқы адам. Тарихта қайысшылар атты әскер құрамындағы ерекше кәсіп иелері болды. Олар тек жауынгерлік міндеттер атқармай, сонымен қатар әскердің техникалық жабдықталуын қамтамасыз етті. Әскери жорықтарда қайысшылардың жасаған жабдықтарының сапасы атты әскердің тиімділігін арттыратын басты факторлардың бірі. 
Ал Қуаныштың жұмысы бір кездері қолбасшы Будённыйдан бастау алған қызметтің жалғасы іспеттес. Кезіндегі атты әскердегі қайысшыларға қатты ұқсайды. Ол қазіргі таңда шекара қызметінде жылқыларға арналған сапалы әбзелдер жасап, олардың шекараны күзетуде тиімділігін арттыруға үлес қосып келеді.
Ат-әбзелі сапасыз жасалса немесе мүлдем болмаса аттылы шекара әскері мемлекеттік шекараны күзетудегі жауынгерлік қызметті де сапалы орындамасы анық. Шекарасы берік болмаған елдің ұлттық қауіпсіздігі де торалап қалады. Сондықтан да ат әбзелдерінің шекара күзетіндегі орны бөлек.  Осыдан-ақ бүгінгі кейіпкеріміздің ісінен шекара сақшыларының арасындағы маңызының зор екенін байқауға болады. 
Қайысшы Қуаныш Жамашев– еңбегімен, шеберлігімен, адалдығымен елге танылған жан. Оның қайысшылық өнері, шекара қызметіндегі адал еңбегі, жылқыға деген ерекше қамқорлығы – барша жастарға үлгі. Еліне адал қызмет етіп жүрген азаматтың өмір жолы – шынайы еңбектің, қазақы салт-дәстүрге деген құрметтің, өз ісіне деген сүйіспеншіліктің айқын көрінісі.

Манарбек ҚАРЕКЕНОВ,
әскери журналист, 
подполковник

 

971 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы