• Ақпарат
  • 06 Наурыз, 2025

Тірлік тілді құрметтеуден басталады

Мақсат Шілдебаев, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының мемлекеттік тіл саясаты жөніндегі сарапшы маманы

Мемлекеттік медициналық мекемелерде мемлекеттік тілді білу, құжаттарды сол тілде әзірлеу талабы жыл сайын артып келеді. Осы мәселеде мемлекеттік тілді қолданысқа енгізуді кезең-кезеңмен іске асырып келе жатқан мекеменің бірі – Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы. 
Педиатрия орталығында электрондық құжат, шығыс хаттар, жалпы, құжаттама жұмыстарының басым бөлігі мемлекеттік тілде жүргізіледі. Емханада барлық көрнекілік, жарнамалық тақта, анықтамалық пен қабырғаға ілінетін ақпараттық нұсқаулар, ем жүргізетін бөлмелердің көрсеткіштері, аурухана ғимараттары мен бөлімшелерінің тақтайшалары толығымен бірінші кезекте қазақ тілінде жазылған. Орталықтың ресми сайтының бірінші беті қазақ тілінде. Сайт қолданушылары үшін үш тілде жүргізіледі. Заман талабына сай жүргізіліп жатқан әлеуметтік желі, Instagram және Facebook парақшалары екі тілде жүргізіледі. Орталықта қызмет жасайтын мамандардың басым бөлігі қазақтілді. Орталық қызметкерлері Ұлттық тестілеу орталығының ұйым­дастырумен QAZTEST – қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесінде диагностикалық тестілеу сынағынан өтіп отырады. 
Өткен жылы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен және Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының ұйымдас­тыруымен медициналық ұйымдар арасында «Сапалы құжат: ұлттық стандарттарға негізделген ісқағаз» атты республикалық байқауы өтті. Оны ұйымдастырудағы басты мақсат – медициналық және жалпы құжаттама әзірлеу сапасын арттыру, денсаулық сақтау ұйымдарында құжаттармен жұмыс істеу мәдениетін жетілдіру, ұлттық аккредиттеу стандарттарын кеңінен қолданысқа енгізу, электрондық денсаулық сақтау кеңістігін дамыту. Бұдан өзге Педиа­трия орталығы үш жыл қатарынан «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқауды өткізіп келеді.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай «Қазақтың ұлттық әдеби тілі» атты республикалық форумы мен «Мемлекеттік тіл: жаңа ақпарат және озық тәжірибе» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция іс-шараларын өткіздік. Биылғы жылы С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде «Сапалы құжат: ұлттық стандарттарға негізделген ісқағаз» атты республикалық байқауын өткізуді жоспарлап отырмыз. 
Қазіргі таңда ең басты мәселе – мемлекеттік тілдегі медицина саласына қатысты сөздіктер, еңбектер тапшылығы. Бұл мәселенің де шешімі табылып, «Күнделікті қолданыстағы жекелеген медициналық сөздер мен медициналық терминдер сөздігі» сынды әдістемелік еңбектер әзірленді. Оған тіл маманы ретінде үлес қосып келемін.

 

1133 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы