- Ақпарат
- 12 Наурыз, 2025
Жанашыры жастардың...

Ғалымжан Елшібай екеумізді аға-іні, ұстаз-шәкірт ретінде таныстырған, біржолата айырылмастай табыстырған классик жазушы Мархабат Байғұт болатын. 2016 жылдың жазы еді...
Алғашқы тырнақалды туындыларым көңілінен шыққан Махаң туған жері Түлкібастың түлегі, журналистика сүрлеуіне жаңадан қадам басқан маған осы мамандықтың қыр-сырын меңгеруіме, қаламымның ұшталуына ұстаз болып үйретуді Ғалекеңе аманаттады. Мархабат Байғұттың ерекше аңсары ауған рухани інісі, ізбасарым деп жанына жиі ертіп жүретін Ғалымжан Елшібай ағамыз аманатқа артығымен адалдық танытты десем, асыра сілтегендік болмас.
2018 жылы Шымкент қаласының үздік жас жазушысы, 2020 жылы Түркістан облысының «Жыл жазушысы» атандым. Бұл табысыма «жазған дүниелерің арқылы бәйгеге қосылып бағыңды сынап көр» деп басы-қасында бәйек күй кешкен Ғалымжан Елшібай ағам себепкер болды. Жүйрікті баптаумен бірге, додаға қосып, ащы терін алуға, қолтығы сөгіліп көсіле шабуы үшін тынымсыз еңбектенуіңді ерінбей, жалықпай қадағалауға әбден дағдыланған азамат. Топты жарып мәре сызығына бірінші келгеніңде «міне, екінші тынысың енді ашыла бастады» дейді марқайып.
«Кедей қызы» деген әңгімелер жинағым 2021 жылы жарық көрді. Оған тікелей бастамашылық әрі қаржылай демеушілік жасаған Ғалекең болды. Енді жақында тағы бір талантты жас ақынның жинағын жарыққа шығаруға қаржылай қолдау жасағалы жатқаны туралы жақсы жаңалықты естідім. Алла жазса, алдағы уақытта жинақ көпшіліктің қолына тигенін сүйіншілейтін сәт те туар.
Шымкентте «Шам» дейтін жас ақындар жиналатын поэзия клубы бар. Сүндет Сейітов ұйытқы болып, Арайлым Мұратәлиева, Ақбота Бейбітбек, Сезім Мергенбай, Әлімжан Әлішер сияқты кілең сайдың тасындай іріктелген, басқа да жас ақындар топтасқан осы клубтың оқырманмен жүздесу ұйымдастыратын іс-шараларын да шама-шарқы келгенше қаржылай қолдап келеді. Жазушылар одағының Түркістан облыстық өкілдігінің тізгінін ұстаған Айдар Сейдазым бастаған, Дәурен Айманбетов, Мұқағали Кенжетайұлы, Дәурен Тілеухан қоштаған ақындар да ағалық қамқорлығын көріп жүргенін өздерінен сұрап білуге болады.
Жас ақындардың арқасүйері болып жүрген Ғалымжан Елшібай ағамыз өзі де кезінде отты өлеңдерімен топты жарған жігіт. Одан бері де отыз жылдай уақыт өтіпті. Дәлірегі, 1995 жылы қазақтың талантты ақыны Тоқаш Бердияровтың 70 жылдығы құрметіне туған жері қазіргі Түркістан облысы Келес ауданында ұйымдастырылған жазба ақындар байқауында бас жүлдені Қаныбек Сарыбаев иеленсе, бірінші орын Ханбибі Есенқараеваға, ал екінші орын Ғалымжан ағамызға берілген екен. Көршілес қоныстанған Өзбекстанның шайырлары да бақ сынаған дүбірлі додада дарабоздардан қалыспай шапқан 20 жастағы Ғалекеңнің дарыны келешекте талай биікті бағындыратыны талас тудырмаған еді. Одан соң Түркістандағы мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың құрметіне өткен республикалық мүшәйрадан, сондай-ақ Алматыда ұйымдастырылған «Студент көктемі» дейтін дәстүрлі жазба ақындар байқауынан арнайы номинация иегері болуы үміт шоғын үрлей түскен болатын. Бірақ....
Ғалымжан ағамыз ақындық талантын таныта түсудің орнына журналистикасын дамытуға, ойлы оқырман іздеп жүріп оқитын өткір мақалалар жазуға біржолата бет бұрды. Еңбек жолы аудандық «Төлеби туы» газетінен басталған ол одан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде, әрі қарай облыс орталығындағы «Шымкент келбеті» газетінде шыңдалды. 15 жыл «Жас Алашта» жарқырай көрініп, жұрт аты-жөнін жатқа білетін мақтаулы марқасқа болды. «Жас Алашта» істей жүріп «Қазақ әдебиеті» газетінің оңтүстік өңірдегі тілшісі қызметін қоса атқарды. «Аna tili» газетінде де аз-кем уақыт келісімшартпен қосымша еңбек етті. Ал 2017 жылдан бүгінге дейін қазақ баспасөзінің қара шаңырағы, көшбасшы басылым атанған ел газеті «Егемен Қазақстан» газетінде тер төгіп жүр. Осынау отыз екі жыл мерзімде облыста «Жыл журналисі», «Алтын қауырсын» сияқты үздіктерге берілетін номинацияларды бір емес, бірнеше дүркін иеленді. Ақпарат саласының үздігі төсбелгісін тақты. Республикалық деңгейде де топ жару бақыты бұйырды. Солардың арасында Алаштың арысы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Сөз зергері» сыйлығының иегері атануы зор мәртебе. «Сорос Қазақстан» қоры жариялаған байқауда екінші орынды еншілеп, халықаралық дәрежеде де қанжығасы майланды. Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалі берілгені тағы бар.
Айтпай кетуге болмайтын тағы бір дерек. Ғалымжан Елшібай Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалын бес жыл басқарғанда атқарған ауқымды тірліктері көп. Соның бірі, бірегейі ел Tәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыс әкімдігінің қаржылай қолдауымен «Тәуелсіздік қарлығаштары» деген прозалық, поэзиялық және публицистикалық дүниелер жинақталған өте құнды кітаптың жарыққа шығуына тікелей түрткі болды. Әуелі «Тәуелсіздік қарлығаштары» деген республикалық ауқымда шығармашылық байқау жарияланды. Тәуелсіздіктің мәнін ұғыну, құнын арттыру, жас буынның бойындағы ұлтжандылық сезімді оятуға бағытталған бұл жобаның мән-маңызы ерекше болды. 100-ден астам үміткер бағын сынаған бұл байқауда поэзиядан Әлімжан Әлішер, прозадан Нұркен Нұрғазы топ жарса, публицистикада бас жүлдені жас тілші Мәрия Сәулебек алды (сол қыздың әлдебір себеппен көп ұзамай журналистиканы тастап кеткені өкінішті-ақ). Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалын сол жылдары басқарған белгілі ақын Әлібек Шегебай ағамыз да осы дүбірлі доданың дүркіреп өтуіне үлес қосқанын атап айту қажет.
Ғалекеңнің ұйытқы болуымен облыс әкімдігі қолдап жоғары деңгейде өткізілген және бір ауқымды іс-шара – даңқты қаламгер Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына арналған «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің қолбасшысы» атты халықаралық симпозиумда да жас таланттарға ерекше көңіл бөлінді. Түркістан қаласындағы «Farab» кітапханасында өткен келелі басқосуға келген Қырғызстанның, Өзбекстанның және еліміздің айтулы қаламгерлері қолынан жастар марапат алып, марқайған күй кешті. Атап айтқанда, «Түркістан» телеарнасында Шымкент, Түркістан, Тараз студент жастарының қатысуымен «Шерағаң айтқан шындық: кеше және бүгін» тақырыбындағы дебат турнирі өтіп, жоғары оқу орындарының студенттерінен құрылған командалар қоғамдағы өзекті де өткір тақырыптар төңірегінде пікір таластырды. Шерағаң айтқан шындықты жалынды жастар жалғады. Симпозиум аясында студенттер арасында «Шерхан Мұртазаның прозасы мен публицистикалық шығармаларын талдау» тақырыбындағы байқау да ұйымдастырылды.
Ғалымжан Елшібай – оңтүстік өңірі журналистикасындағы әлдеқашан мойындалған көшбасшы. Аймақта қызмет етіп жүріп, республикалық деңгейде таныла білген Ғалекең – журналистиканың «отымен кіріп, күлімен шығып» келе жатқан, өз мамандығына деген адалдығын сөзімен де, ісімен де дәлелдеген азамат. Бұл – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Әрдайым өңір журналистерін ынтымаққа, ауызбіршілікке шақырып, жұдырықтай жұмылдыра білді. Мәселен, Мақтаарал ауданы су тасқынынан зардап шеккен тұста Журналистер oдағы Түркістан облыстық филиалының бастамасымен өңір журналистері де қиналғандарға қол ұшын созып, қаржылай көмек көрсетуге атсалысты. БАҚ өкілдері мақталы өңірге аттанып, бірқатар ауылдың жай-күйімен жан-жақты танысты. Атакент қалашығындағы Қаныш Сәтбаев атындағы мектепке барып балаларды қашықтан оқытуға зәрулік туғызған заманауи плазмалы теледидар тарту етті. Өргебас ауылындағы баспанасы тасқын судан жермен-жексен болған Мақтарал аудандық әкімдігінің баспасөз хатшысы Дінмұхаммед Аязбековке қаржылай қолдауын ұсынды.
Тағы бір оқыс жағдай – былтыр «Еуразия бірінші арнасы» телеарнасының телеоператоры Батыр Оразбековтiң пәтері өртенгенде де өңір журналистері ұйымшылдығын танытты. Сын сағатта Ғалекең ағасының бастамасымен журналистер қауымы әріптеске тілеулестігін білдіріп, қысқа мерзім ішінде қомақты қаражат жиналуы арқасында Батыр інісін қарызданып, қауғаланып қалудан құтқарды.
Журналистердің құқын қорғау бағытында да Ғалымжан Елшібай батыл қадамдармен көзге түсіп, бірнеше рет атқарушы билік өкілдерінің әрекеттеріне ашық түрде қарсылығын танытты. Әріптес іні-қарындастары арасында басына іс түскенде Ғалымжан ағасымен ақылдасуды, тағдырына араша сұрауды дағдыға айналдырғандар аз емес.
Мақала бастауы Мархабат Байғұт арқылы өрбіп еді, сөзімнің тоқетерін де сол талантты қаламгермен түйіндейін. Ғалымжан ағамыз тек жастарға жанашыр болумен шектелмей әрдайым алдыңғы буын ағаларды ардақ тұтуды да ұмытпайды. Соның бірін айтсақ, көп көмегін, қолдауын көрген ұстазы, рухани әкесі Махаңның 75 жасқа толған мерейтойында «Мархабат музасы» жинағының жарық көруіне демеуші болған азамат. Өкінішке қарай, классиктің 77 жасында жарық дүниедегі талқаны таусылды. Енді биыл біртуар жазушының туғанына 80 жылдығы лайықты аталып өтуге тиіс екені түсінікті. Осы орайда «Мархабат Байғұттың туғанына 80 жыл» жобасының жетекшісі, «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Елшібайдың тікелей бастамасымен жыл басынан бері екі мыңнан аса таралыммен «Мархабат» журналы еліміздің 10 өңіріне таралып жатыр. Алдағы уақытта Түркістан облыстық әкімдігінің, Шымкент қалалық әкімдігінің қолдауымен Мархабат Байғұттың мерейтойына арналған ауқымды іс-шаралар жүзеге аспақ. Кеше Мархабат Байғұттың жастарға көрсеткен жанашырлығын бүгін Ғалымжан Елшібай ағамыз жалғастырып келе жатыр. Аға буынның аманатына адал болу – парыз!
Айта кетейік, Ғалымжан Елшібай – туған жері Төлеби ауданының құрметті азаматы. Түркістан облыстық мәслихатының екі дүркін депутаты. Азаматтың ауылдастары алдындағы абырой-беделі осыдан аңғарылмай ма? «Әлемді мойындатудан ауылды мойындату қиын» деген әзілдің астарында шындық барын білеміз.
Абылайхан Есімбай

686 рет
көрсетілді0
пікір