- Ақпарат
- 13 Наурыз, 2025
Туған елдің тарихын түгендеген

Нағашыбек Қапалбекұлы «Қызыл жолбарысты қызырлы би» деген еңбегінде 1890 жылы Үшқоңыр жайлауында өткен Сарыбайдың асын жаза келіп, сондағы бір оқиғаны суреттейді. «Бүркітбай датқа 40 кісімен бірге Майкөт ақынды алып шығады. 40 жігіт аттарын парлап, сәулет асырғалы, он боз атқа, он торы атқа және он шұбар жорғаға мініп, аттарының түсіне қарай киінген екен». Өз басым кімнің кітабын оқысам, автормен таныстығым басталады. Қазақ прозасында жылқы туралы әңгіме, повесть көп-ақ. Бірақ қонаққа, асқа, ұлан-ғайыр жиындарға барғанда түрлі түсті атқа мініп, соған ұқсас киініп, сән-салтанат асыру оқиғалары жоқтың қасы. «Хундардың атты қосындары (қытай армиясының айналасында. – А.Т.) кілең ақ боз аттылар батыс жақта, көк аттылар шығыс жақта сап түзесе, қызыл немесе күрең аттылар оңтүстікке сап түзеп тұрып еді», – делінеді қытай деректерінде. Осыған ұқсас, мәндес түрлі түсті аттар парадын Абылайханды қарсы алу дәстүрінен де көреміз. Өткен мәдениетіміздің алтынның сынығындай жұрнағын Нағашыбектің қариялардан жазып алып, халыққа әйгілеуі – өткен дәстүрімізді жаңғыртумен бірдей.
Нағашыбектің бір қасиеті ел мен жер тарихына байланысты зерттеулерді мұқият байқап отырады. Бірде көрнекті археолог А.Г. Медоевтың Ұзынағаш ауданы Қопа стансасының жанындағы Таңбалы тас жартас суреттерін зерттеу экспедициясына қатыстым. Жартастағы суреттің көптігі сонша – ашық аспан астындағы галереядай ма дерсіз. Қола дәуірінен бастап орта ғасырлардың соңына дейін қабаттала салынған кескіндер 27–25 ғасыр уақытты қамтиды. Таңбалы тасты тау жоталарының арасын бөліп тұрған өзектерге қарап оларды алты бөлікке бөлуге болады. Алан Георгиевич мұнда бірнеше рет келіпті. Айтуына қарағанда 3 мыңнан асатын сурет бар көрінеді. Қазір ойлап қарасам, табиғат пен тарихтың қойнауындағы осындай жерде өскен Нағашыбек суреткер болмағанда кім болады.
VI–VII ғасырдағы 22 салт атты сарбаздардың суреті туралы «Білім және еңбек», «Қазақ әдебиеті» газет-журналдарына «Тұлпар мен ту», «Таңбалы таста тұнған сыр» атты мақалалар жариялаған едім. Сол мақаланы Нағашыбек аудандық газетте редактор болып тұрған кезінде көшіріп басыпты. Газеттің бір данасын марқұм досым Сәкен Өзбекұлы әкеп берген еді.
Бірде маған университетте бірге оқыған досым Ерболат Әуезов телефон соғып: «Ахмет, сен Өзбекстанға барып жүрсің ғой, Төле би кесенесін зерттедің, тағы да басқа ескерткіштерді білесің, мен сенің телефоныңды Нағашыбек Қапалбекұлына бердім», – деді. Кешікпей Нағашыбек қоңырау соғып, келіп кетуімді өтінді. Мен барып танысқаннан кейін «Жабай батыр туралы не білесіз? – деді. «Естігенмін, бірақ арнайы зерттеген емеспін, тарихта екі Жабай бар, Сіргелі Жабай ол Ташкентте жерленген. Керей Жабайдың Қызылжар (Петропавловск) маңайында бейіті бар деп естідім. Зерттеуге әзірмін, Ташкент облысы Шымкент аймағына іссапарға жіберсеңіздер».
Кешікпей Нағашыбек Жабайға арналған барлық мақала мен зерттеуді қарап үлкен кітап шығарды. Менің мақаламды бірінші бетке қойыпты. Демеушісі батырдың тікелей ұрпағы – Талғат Айтбаев. Жалпы тарихи тұлғаны зерттеуге кірісерде Нағашыбек мамандармен ақылдасып, жұмысқа тартып, жазған мақаланы өзі қарап отырады.
2024 жылғы күзде Нағашыбек бір топ ғалымды апарып Саурық батырдың бекінісін көрсетіп, келешекте археологиялық қазба жұмысын жүргізетінін айтты. «Саурық батырға қатысты материалдар болса қарай жүріңдерші», – деп тілек айтты. Мен өз тарапымнан қырғыз Алашордасының мүшесі, тарихшы Белек Солтонаевтың «Қызыл қырғыз тарихындағы» Саурық («Шоорук» қырғызша. – А.Т.) туралы деректер бар екенін айттым. Бір қызығы, қырғыздың жазба тарихы мен қазақ аңызындағы Саурықтың қазасы туралы әңгіме және өлең жолдары да бірдей. Қырғыз нұсқасында:
Қырғыз жауы келгенде,
Қойторының тоқтығы.
Көшіп кетіп жайлаудан,
Еліміздің жоқтығы.
Қазақ нұсқасында:
Қырғыз келіп шапқанда,
Қойторының тоқтығы-ай.
Тойторының шоқтығы-ай, – деп батыр өкінеді.
Қырғыз нұсқасында Санақ пен Көрпек атты батырлардың Саурықты жабыла найзалап, Қастек пен Қарақыстақ арасында өлтіргені нақты көрсетілген.
Қазір Нағашыбек Саурықтың қаза тапқан жеріне ескерткіш-белгі қоюды ойластырып отыр. Саурық жайындағы соңғы дерек батырдың Манат атты қызын қырғыз Тілекмет елші (1800–1863) ұлы Шыныбайға алып берген. Манаттан туған бес ұлдан тараған ұрпақ қазір «бес қазақ» руы деп аталады. Ыстықкөлдің Орқашар жағында тұрады. Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі үздік елшілер мен дипломаттарға Тілекмет атындағы сыйлық береді екен.
Нағашыбекпен әңгімелесіп, шығармашылығымен танысқан сайын, Ұзынағаш елінің тарихының бір тұшпағы қырғыз ағайындарда жатқанына сенімім нығая түсті. Бір жылы екеуiміз Сүйінбай музейіне барғанда ұлы ақынның қырғыздық Арыстанбек Бұйлашұлымен (1824–1878) сөз қағыстырғаны еске түсті. Арнайы Ыстықкөл облысы Жетіөгіз ауданына барып ақынның мәңгі жай тапқан жерінің суретін түсіріп әкелдім. Арыстанбек Шоқан Уалихановпен әңгімелескен әйгілі Боранбай бидің ақыны болыпты, құлпытасы Боранбай зиратынан көп алыс емес. Қазір Сүйінбайдың замандасы, Арыстанбектің бейітінің суретін Сүйінбай музейіне қоймақшымыз.
Осыдан 3 жыл бұрын Қарақалпақстанға барған сапарымда қазақтың алғашқы заңгерінің бірі, Өзбекстанда, Қарақалпақстанда үлкен жауапты қызмет істеген Жамбыл ауданы Қастек ауылының тумасы Боранбаев Қанай (1896–1938 ) туралы Нөкіс қаласының кітапханасы мен архивінде деректер барын Нағашыбекке айтқанымда, бірден көңіл аударып, мұндай тұлғаны арнайы зерттеу керек, ыңғайы келгенде іссапар жасауға көмектесетінін айтты.
Одан соң ертеректе Ұзынғаш елінен кетіп Ташкентте тұрып, Өзбекстанның 1920 жылдардағы алғашқы оқу наркомы болған Түзел атты азамат туралы айттым. Нағашыбектің «білетінімізден білмейтініміз көп екен ғой, Түзелді де түзетеміз» дегені бар-ды. Елі мен жерінің тарихи тұлғаларының тұтас галереясын жасаған Қарасай батыр, Наурызбай батыр, Құртқа тәуіп, Сарыбай би, Жамбыл, Үмбетәлі, Сәт болыс, Бекболат батыр және бірқатар асылдарды қажымай-талмай зерттеп келе жатқан Нәкеңнің еңбегі тарихшылардан кем емес.
Орман хан (1790–1853 ) өте қатыгез, адам болған деседі. «Орман келе жатыр» дегенде жылаған бала уанған» деп айтады қырғыздар. Орман хан ұстаға тапсырыс беріп қылыш соқтырады, Қылыштың жүзі өткір ме? «Сынап көрейінші» деп қарыз болып қамауда отырған қоқандық саудагерді шақырып алып, мойнынан шауып жібереді. Бас домалап түскен соң, «қылышың жарайды» екен деп ақысын беріпті. Қырғыз тарихын біршама зерттеген профессор А.Н. Бернштам: «В его деятельности было много деспотизма и жестокости. Рукописи передают что он новосделанных ружей, он проверял на своих рабах и рабынях, ставя их как мишень для того, чтобы метко били своего врага». Бернштам Орман Ниязовты «Иван Грозныймен» салыстырып, «Малый Грозный» деп атаған.
Кенесарының басын Омбыға апарғанда Жантай Қарабеков пен Орман Ниязов үлкен марапатқа, әсіресе кесілген басқа тігілген «мол ақшаға қарық боламыз» деп барған. Жантай алтын медаль мен мақтау қағаз және алтын оқалармен көмкерілген шапан, Орман да дәл осындай марапатқа ие болады. Сондықтан молырақ дәметкен Орманұлы Үмбетәлі де алтын медаль болмаса, алтын қылыш сұрайды, бірақ онысынан ештеңе шықпайды. «Мол ақша аламыз» деп дәмеленіп барған екеуінің салы суға кеткендей болады», – дейді қырғыз ақпараты. «Орысқа сенгеніміз осы болды-ау» депті екеуі бір-біріне. Олар әсіресе қол астындағы елде, көрші руларда өңді әйел, қыз болса алмай қоймаған. Мысалы, Ұлбала деген қыз атастырылған жігітін менсінбей, той үстінде қашып шығып, қырғыз асып кетеді. Тауда аң аулап жүрген Алыбек манап басында қымбат сәукелесі, әдемі киінген сұлу қызды көріп, таңғалып, мән-жайын сұрайды. Қыз той үстінде жүйрік атқа мініп, қуғыншыларға жеткізбей қашып кеткенін айтады. Мұны естіген Орман хабар жіберіп, «қызды маған әкелсін», – дейді. Алыбек Орманның пиғылын біле қойып, қызға өзі үйленіп алады. Артынан екі жыл өткенде сол келіншек үшін Орман соғыс ашып, Алыбектің елін шауып, өзін өлтіріп, Ұлбаланы алған. Саяқ пен Сарбағыштар арасындағы бір ұрыста жекпе-жекке шыққан Орманды Ералы батыр аттан қағып түсіреді. Орман тұтқынға түсіп, аяқ-қолына кісен салынады, оны күзету ұстаға бұйырылады. Орман қарсыласқан кезде балғамен ұрып, мұрнын бұзып, бет-әлпетін адам көргісіз қылады. Саяқтардың Орманды масқаралауының ең жаманы басына әйелдің кимешегін кигізіп, оған сиыр сауғызған. Бір жылдай қатын болып жан баққан Орман ебін тауып, қашып шығып, еліне келеді. Сарбағыштар мен Бұғылардың арасындағы бір ұрыста аты сүрініп кетіп, Бұғылардың ортасында қалады. Бұғылар әбден ұрып-соғып, Орманды тыржалаңаш қалдырған кезі болған. «Бұған қандай жаза қолданамыз» дегенде Бұғылардың басшысы «біздің батырлармен жекпе-жекке шығып, армансыз болсын» дейді. Орманға қарсы Балбай батыр шығады. Жекпе-жекте Балбай Орманды өлімші етіп жаралайды. Осы оқиғаға куә болған П.Семенов Тянь-Шаньскийдің айтуынша, өлімші болып жараланған Орман құдасы Боранбайдың үйіне апарылып, өзінің сүйікті қызының қолында қайтыс болады. Боранбай би – Шоқан Уалихановпен кездескен белгілі адам. Осы оқиға туралы қырғыздар арасында екіұшты пікір бар. «Кенесары ханды басына ақ үй тігіп, қыз беріп, ханды өлтірмеді деген дәстүрмен қайтарамыз» дегенде, қарсы болып, «орыстан көп ақша сыйлық аламын» деп дәметкен. «Ақырында, Кенесары ханның қарғысына ұшырап, өз елінің адамдарынан өлді» дейді.
Осы әңгімені естіген Нағашыбек «қырғыздың екі манабы бір-бірін өлтіріп тастаса, онда тегін қыз болмағаны ғой, қазақта «қыздан туғанның қиығы жоқ» деген мақал бар. Ахмет, сен Саурық батырдың қырғызға ұзатылған қызы Манаттан туған бес ұлдың «бес қазақ» деген рулы елге айналғанын, қай жерде тұрып жатқанына дейін тауыпсың. Енді күйеуіне көңілі толмай, той үстінде елінен қашып кеткен Ұлбала сұлудың тағдыры не болды екен, ұрпақ қалды ма екен – осыны да іздей жүрсеңші», – деді. Мен «жалпы, мына қырғыз елі біз сияқты 1930 жылдардағы геноцидті көрген жоқ, қырғыздың әр руы, аталықтары өз мекенінде отыр, ең бастысы, олардың ойы мен санасы бұзылмаған, іздесе табылатын сияқты. Жарайды, мен онда Ұлбаланың қырғыздағы ізін шалайын, сен Ұлбаланы туған жерінен ізде», – дедім. Сөйтіп, екеуiмізді 170 жыл бұрын болған оқиға қызықтырып қана қойған жоқ, бұл біз үшін ел мен жер тарихының бір пұшпағындай көрінді.
Ал, ақиқаты, Нағашыбек – өндіре жазып, өнімді жұмыс істейтін суреткер. Жамбыл бабамыздың 40 томдық шығармалар, зерттеулер, құжаттар жинағын шығарды, қазір Сүйінбайдың үш тілде 10 жылдық жинағын әзірлеп жатыр. Осы уақытқа дейін 58 кітап шығарған, жартысынан көбі ел мен жерге арналған тарихи-танымдық шығармалар. Нәкең қазір шығармашылық нағыз кемелденген, бергенінен берері мол шағында.
Ахмет Тоқтабай,
тарих ғылымының докторы,
профессор

370 рет
көрсетілді0
пікір