• Ақпарат
  • 13 Наурыз, 2025

Ғибратты ғұмыр иесі

Қазақ әдебиеттану ғылымының өсіп-өркендеуіне, дамуына айрықша үлес қосып жүрген ғалымның бірі және бірегейі – Арап Сләмұлы Еспенбетов. Қазақ поэзиясының жарық жұлдызы, аса талантты ақын Сұлтанмахмұттың әдеби-публицистикалық мұрасын қазбалай зерттеген, тиянақты зерттеген Арап Сләмұлы кейінгі жылдары бабасы Шәкәрім қажының шығармаларын індете зерттеуді қолға алды. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп Шәкәрім ақсақалдың өзі айтқандай, профессор ­А.Еспенбетов зерттеулері арқылы шәкәрімтану ғылымын өзгеше бір бағытқа бұрып, жаңа арнаға салып жіберді. 
 

Ол осы уақытқа дейін ғалымдардың назарынан тыс қалып келген Шәкәрім шығармаларына текстологиялық саралау жасап, мәтінде кеткен қателіктерді түзету ісіне бел шеше кірісті. Шәкәрім ақсақалдың көзі тірісінде көңіліне кірбің түсірген, «Шолпан» журналы тарапынан жіберілген мәтіндегі қателер өзі өмірден озған соң да үдемесе, толастай қойған жоқ. Кеңес өкіметінің Ш.Құдайбердіұлы бастаған «ұлтшыл, буржуазияшыл, алашордашыл» ақын, жазушылардың шығармаларын саяси сүзгіден өткізуі – тұтас ой сілемдерінің жойылуына, сөйлемдерінің ауысуына, сөздердің орын ауыстырылуына алып келді. Құлағын кесіп құнтитқан, кекілін кесіп шұнтитқан «жарымжан» шығармалар оқырманға жол тартты. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатындағы Арап Сләмұлының игі бастамасы өз нәтижесін бере бастады. 2014 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлының 1912 жылы Семейдегі «Ярдам» баспасынан шыққан «Еңлік – Кебек», «Қазақ айнасы», «Қалқаман – Мамыр» кітаптарының және 1924 жылы жарық көрген «Дубровский әңгімесі» атты тәржімa еңбегінің факсимилдік нұсқасы дайындалып, оқырманға ұсынылды. Байтұрсын әліпбиінен бейхабар бүгінгі ұрпақтың Шәкәрім шығармаларының түп нұсқасымен танысуына мүмкіндік жасаған Арап Еспенбетовтің бұл еңбегінің жас ғалымдарға пайдасы зор болды. 
А.Сләмұлының тағы бір елеулі еңбегі – осы уақытқа дейін кенже қалып келген өлкелік әдебиеттану ісін дұрыс жолға қоя білуі. Семей өлкесінен шыққан аса талантты халық ақындары – Тәңірберген Әміренов, Нұрлыбек Баймұратов, Бөпебай Тұлғажанұлы, Тұрлықан Қасенұлы, Төлеу Көбдіковтердің ұмыт болған есімдерін қайта жаңғыртуға айрықша үлес қосты. Оның халық ақындарының өмірбаянын жазған, шығармаларын зерделеген мақалалары жаңа зерттеулерге негіз салып берді. Сондай-ақ ұстазы, қазақтың біртуар ғалымы Қайым Мұхамедхановтың зерттеу тақырыбының өзегі болған Абайдың ақын шәкірттері – Көкбай, Уәйіс, Әріптердің әдеби мұрасын назарынан тыс қалдырмады. Арап Сләмұлының ақылымен, жөн-жоба көрсетуімен шәкірттері жергілікті ақын, жазушылардың шығармаларын зерттеуді жұмыла қолға алды. Шәкірттері А.Қадыровтың «Шәкiр Әбеновтің әдеби мұрасы», Б.Ердембековтің «Әрiп Тәңiрбергеновтiң өмiрi мен шығармашылығы», Ж.Әубәкiрдің «Көкбай Жаңатайұлының әдеби мұрасы», Ж.Тұрысбекованың «Төлеу Көбдіковтің әдеби мұрасы», К.Төлебаеваның «Қалихан Алтынбаевтың әдеби мұрасы», Ш.Кеңесбае­ваның «Тәңірберген Әміреновтің әдеби мұрасы», Ә.Әбділманатқызының «Нұрлыбек Баймұратұлының әдеби мұрасы», А.Смағұлованың «Қайым Мұхамедхановтың шығармашылық өмірбаяны» т.б. атты диссертациялары – Арап Сләмұлының ізгі ойларының жемісі. А.Еспенбетовтiң жетекшілігімен қорғалған екі докторлық, он бес кандидаттық диссертацияның дені – өлкелік әдебиеттану мәселесіне арналған. Демек, Арап Сләмұлын әдеби өлкетану ғылымының іргетасын қаласқан, керегесін керіскен, уығын шаншысқан ғалым деп есептейміз. 
Әдебиеттану саласында іргелі зерттеулер жасаған, сұлтанмахмұттанушы, шәкәрімтанушы, абайтанушы, алаштанушы атанған сұңғыла ғалым көсемсөз атты сөз өнерінде де өз соқпағын сала білді. 
А.Еспенбетовтің қаламынан туған тұстастары, қанаттастары туралы портреттік очерктері, эсселері замандасты асқақтата жырлаудың үлгісіне айналды. Болмысынан аңғарымпаз, адамды қас-қабағынан танитын Арап Сләмұлы әр замандасының өзіне тән мінез-құлқын, ақыл-парасатын, білім деңгейін дөп басып көрсете білді. «Жүрекпен жазылған сөз жүрекке жетеді» дегендей, эсселеріндегі көңіл толқытар сырлар, езуіңе күлкі үйірер юморлар Арап Сләмұлының журналистік қырының ерекшелігін айқындай түседі. Әсіресе Зарықбек Смайылұлы мен Отантай Кәріпжанұлы құрдастарына арналған эсселері – адам жанын ұғынудағы, кейіпкер образын ашудағы ғажайып үлгілер. Поэзияға өлердей ғашық, ақынжанды Зарықбек құрдасының образын ашуда талантты ақын Төлеужан Смайловтың «Қойлар» өлеңін аузына салуы – ұтымды әдіс. Идеясы кеңестік идеологияға жат саналған, үзіп-жұлып әр жерде басылған өлеңнің толық нұсқасын беріп, қарапайым оқырманды талай жайттан хабардар етеді. Нәтижесінде өлеңқұмар Зарекеңнің бейнесі нұрланып, Төлеужан ақынның ұмыт болған өлеңі оқырманымен қауышады. Шығармашылық иелеріне тән тапқырлық, шеберлік деген – осы. «Төлеужанның «Қойлар» атты атышулы өлеңі бар. Соңғы уақытқа дейін баспасөзде жарияланбады, басылғаны да тұтас болмаса керек. Ұлт араздығын туғызады, халықтар дос­тығына жарықшақ түсіреді деген желеумен әсіре саясатшыл баспагерлер тыйым салғанға ұқсайды. Сол өлеңін машинкаға басқызып берейін... Зақаң қайта-қайта оралып, «мынау ауыр өлең екен» деуші еді», – деп жазады Арап Сләмұлы.
Асқан дарын иесі Төлеужан Смайыловтың «Қойлар» өлеңіндегі:
 Жуас қойлар «шәйіт!» дегенде 
сескенген,
Өзі момын қазақ деген өсті елмен,
Қойды сүймес қазақ бар ма қой сөзді,
Намыстанбай деді бізді қой көзді.

«Баран» деді бізді мұқап орыстар,
«Аға» дедік туымызды оң ұстар.
Қандай момын халықпыз біз қойлардай,
Жүре берген кек, намысты ойланбай... – деген жанды ауыртар шумақтар заман шындығы еді... 
Арап Сләмұлы зерттеу тақырыбына байланысты жиі парақтайтын «Айқап», «Қазақ», «Сарыарқа», «Абай», «Таң», «Қазақ тілі» басылымдарының сарғайған беттерінде кездесетін құнды деректерді тауып, ғылыми айналымға түсіруді әдетіне айналдырған. Қазақ даласындағы алғашқы басылымдар – «Түркістан уалаяты газеті» мен «Дала уалаяты газетіне», ұлттық баспасөздің төлбасы – «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетіне, Алаштың үні болған «Сарыарқаға», Семейден шыққан «Таң» журналы мен «Қазақ тілі» газетіне арналған ғылыми мақалалары қазақ баспасөзі тарихындағы ақтаңдақтардың орнын толтырары сөзсіз. Сондай-ақ Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Жүсіпбек Аймауытовтың, Мұхтар Әуезовтің, Шаймерден Тоқжігітовтің, Бернияз Күлеевтің, Биахмет Сәрсеновтің публицистикалық мұрасына, журналистік қызметіне байланысты зерттеулері журналистика факультетінің студенттері үшін таптырмас құрал.
А.Еспенбетовтің мұрағат қорларынан, сирек қолжазбалар қорынан көз майын тауыса іздеп тауып, кирилл қарпіне аударып, ғылыми айналымға енгізген мақалалары жетерлік. Біз солардың ішінен әлеуметтік мәні зор үш мақалаға айрықша тоқталғанды жөн көріп отырмыз. Біріншісі, С.Торайғыровтың «Айқап» журналының 1913 жылғы 21-санында жарияланған «Құран бұзған» мақаласы. Бертінге дейін сұлтанмахмұттанушылардың назарынан тыс қалып келген бұл мақаланы Семейдегі Абай қорық-музейінен (Мәскеу кітапханасынан әкелінген ксерокопия негізінде) алып, ғылыми айналымға енгізген ғалым тақырыптың өзектілігіне айрықша мән берген. Бұл С.Торайғыровтың 1913 жылы «Харитонов» баспасынан жарық көрген қасиетті Құран кітабының қатемен шыққанына наразы болып, елді құлақтандыру мақсатында дабыл қаға жазған мақаласы. Сұлтанмахмұт «қолын аяқ, мұрнын көз қылып» қиратып шығарған баспагердің ісіне нали отырып, қатені көрсе де, көрмегенсіп отырған кең қолтық қазекеңді де түйреп өтеді. С.Торайғыров:«Сонымен, бұзық Құраны бар кітапханалар һәм басқа бірлі-жарым алғандар да «Харитоновтың» өзіне қайтарып жатыр. Бұл қайтарып жатқан – ноғайлар. Біздің қазақтан Құранның бұзықтығын білді, иә, қайтарды деп әлі біреуді естігенім жоқ. Біздің қазаққа тек сызуы бар текшелеген қағаз болса Құран бола кеткені ме, әлде таралмады ма? Таралса да, тазасын айырушы жоқ па деп ойлаймын», – деп шындықты ашып көрсетеді. С.Торайғыровтың «Құран бұзған» мақаласының құндылығы да осында.
 Екіншісі, түбі бір түрік жұртына «тілде, ойда, істе – бірлік» концепциясын ұсынған қайраткер, ағартушы, «Тәржіман» газетінің редакторы Исмаил Гаспиринскийдің «Топырақ, топырақ, топырақ» мақаласы («Айқап» журналының 1913 жылғы 18-санында жарияланған). Топырақ мұнда жер мағынасында көрініс тапқан. Қара құрттай қаптаған қарашекпенділердің мақсатын, «переселен» саясатының мәнін жақсы түсінген И.Гаспиринский қазақ, қырғыз, башқұрт бауырларын жерден айырылмауға үндеген. С.Торайғыров саяси астары зор мақаланы «Тәржіман» газетінен аударып баса отырып, өз тарапынан түсініктеме жазып, оқырман назарын аудартуды жөн көрген. С.Торайғыров: «Суыққа тоңып, ыстыққа піскен, ащы-тұщыны ішкен дегендей, көпті көрген қариямыз «Тәржіманның» 1331-нөмірінде шарт жүгініп, қолындағы мойыл таяғымен жерді сабап, «Қазақ, қырғыз, башқұрттар-ау! Топырақ! Топырақ!» деп сақалынан суы сорғалап, бай-байлап отыр. Бұл бай-бай біздің қазақтың ақсақалдарының бай-байы секілді байларға басым сыйлы болсын, жарамсақтанып монтансыған бай-бай секілді көрінбейді, қолымен ұстап, көзіменен көріп, басынан кешірген ащы тәжірибені айтып, қарақтарым-ау, қапы қалмаңдар деп, жақыншылықпенен жаны ашыған бай-бай секілді көрінеді. «Топырақ, топырақ» деген байбайын көшіріп жаздым» дей келе, мақала мәтінін толық береді. Түрік оқығандарының көшбасшысы И.Гаспиринский бұл мақаласында Қырым хандығы құлап, «суық қолға қараған», өрісі тарылып, малы таусылуға бет алған, мұңы көбейген татар, ноғай халқының кебін кимеуге үндеген. «Өгізге туған күн бұзауға да туатынын» ескертіп, қазақ, башқұрт, қырғыз бауырларының басына төніп келе жатқан қауіпті көрсетіп, ерте қамдануға шақырған. «Жанға қуат беретін, ғұмырға береке беретін, арысаң – ат, ашықсаң – тамақ болатын топырақ. Айтып-айтып келіп мынаны айтамын, шырақтарым. Бақ болсын, бақша болсын, қара болсын, тақыр болсын, тас болсын, қолға тиген топырақтан айырылма! Мо­йындарыңдағы парыз осы – деген қамқор көңілін, ағалық ақылын жеткізген. Қазақ халқы басынан өткізген қиямет күндерді еске салатын, ойланарлық, тарихтан сабақ аларлық маңызды дүниелердің жарияланып тұрғанына не жетсін! Мақала сонысымен құнды.
Арап Сләмұлы ұсынған үшінші мақала – «Қазақ тілі» газетінің 1921 жылғы 22 тамызында жарияланған Ж.Аймауытов пен М.Тұрғанбаевтың «Бияш» атты мақала-некрологi. Заты некролог болғанымен, бұл мақаладан қазақтың қайраткер ұлы, ағартушысы, ұстаз, журналист Биахмет Сәрсенов туралы толық мағлұмат аламыз. Баспасөз тарихын зерттеуші ғалымдар үшін, алаштанушылар үшін, тарихшылар үшін өте құнды дүние. Қазақстан оқу-ағарту комиссариатының басқарма мүшесі болған, Ахмет Байтұрсынұлы үлкен сенім артқан Б.Сәрсеновтiң туған жері, жасы, істеген қызметі, болмысы, мінез-құлқы туралы нақты деректер қазіргі зерттеушілерді қателікке ұрындырмайтыны сөзсіз.
Ғалым Шәкәрім Құдайбердіұлының 1924 жылы «Қазақ тілі» газетінде жарияланған «Сынау һәм сынауды сынау», «Қазақ тілі» газетінің басқармасына өтініш» атты мақалаларын бүгінгі ұрпаққа ұсынып, шәкәрімтану ғылымын бір белеске шығарды. А.Еспенбетов көсемсөзге қатысты зерттеулерінде С.Торайғыровтың «Сарыарқа» газетінде жарияланған «Әлиханның Семейге келуі» атты мақаласына жиі тоқталып, маңызына айрықша мән береді, зерттеушілердің назарынан тыс қалмағанын жөн көреді. Елімізде болған түрлі қоғамдық формациялардан сыр шертетін мақала-репортаж – бүгінгі зерттеушілер үшін таптырмас дереккөз. Ғалым осыны меңзейді. 
Семей өлкелік әдебиеттану ғылымының алтын қазығы, Бейсембай Кенжебаев, Қайым Мұхамедханов сынды ұлылардың шәкірті, тегеурінді ғылыми мектебі қалыптасқан ұстаз Арап Сләмұлының ғибратты ғұмыры өскелең ұрпаққа өнеге.
    
 

Айгүл Рамазан, 
филология ғылымының 
докторы

505 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы