• Ақпарат
  • 13 Наурыз, 2025

Дегдар өнердің Нұржаны

Заман ағымына сай жаңа сатыға көтерілген ұлттық опера әрдайым жас буынмен толығып келеді. Осындай талантты жастардың бірі әрі бірегейі – Абай атындағы Ұлттық опера және балет театрының жетекші солисі, опера труппасының басшысы және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы Нұржан Бажекенов. 
Нұржан Бажекенов өнерсүйер қауымға «Қыз Жібек» операсындағы Төлеген, «Абайдағы» Айдар, «Риголеттодағы» Герцог, «Фаусттағы» осы аттас кейіпкер, «Евгений Онегиндегі» Ленский, «Травиатадағы» Альфред Жермон, «Богема» қойылымындағы Рудольф, премьерасы жуырда ғана асқан салтанатпен дүрілдеп өткен «Хан-Сұлтан. Алтын Орда» спектакліндегі (режиссері: Х.Шаңғалиев) Берке хан рөлімен жақсы таныс. 
Нұржан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқып жүрген кезінде-ақ опера және балет театрының сахнасына шықты. Өнермен өмірін тығыз байланыстырған жас әнші – бүгінде белді солист әрі труппа жетекшісі. 

Нұржанның музыкаға бейімін бала кезінде байқаған атасы Сейітқали «Менің Нүктем әнші болады» деп немересін Өскемендегі музыка мектебіне жетелеп апарыпты. Өзге ұлт өкілдері басым қалада немерелерінің болашағын ойлаған қария оларды жалғыз қазақ мектебіне берген. Алғашында мектеп-интернатта оқыған Нұржан көп ұзамай жаңа ашылған Оралхан Бөкей атындағы №44 мектепте білім алуды жалғастырады. 


«Музыка мектебіне екінші сыныпта бардым. Сегіз жастамын, аспаптардан әдемілігімен аккордеон ұнайтын. Бірақ оған бойым жетпей, баян сыныбына қабылдады. Ән де айттым, облысты аралап концерт қоятынбыз. Жеті жыл осы мектепте оқып, музыкалық білім алып шықтым», – дейді Нұржан. 
Өнер деген дүние текпен келеді емес пе – Нұржанның атасы мен апасы да ән айтатын, мандолинде ойнайтын. Анасы да өнерден құралақан емес. Әкесі – кез келген аспапта құйқылжыта ән салатын өнерлі адам. 
Ата-тек демекші, Нұржанның атасы Сейітқали Бажекенов – қазақ халқын кеңестік империяның бұғауынан босатуды көздеп, астыртын әрекет еткен жастардың бірі. Екінші Дүниежүзілік соғыс қарсаңында Батыс Қазақстанда Ғұбайдолла Әнесов бастаған бір топ жігіт «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымын құрады. Олар кеңестік билікке қарсы ұйымдасып, Қазақстанды КСРО-дан бөліп алу керек деген көзқараста еді. Орал пединститутында оқитын өндірдей жастар «Қазақстан дербес мемлекет болуы керек, Кеңес өкіметі құрамында қазақ нашар өмір сүріп жатыр, коммунистік партияның саясаты ұлтты жоюға бағытталған» деп шешеді. 1940 жылы Сейіт­қали Бажекенов тарих факультетінің студенті еді. Алайда азаттық идеясын ту етіп көтерген жастардың «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» атты жасырын ұйымы жеті-ақ ай өмір сүреді.17 мен 23 жас арасындағы 14 боздақ түгел ұсталып, «халық жауы» атанады. Екі азамат атылып, қалғандары Сібірге айдалады. Не бары он жеті жастағы Сейітқали Бажекенов те он жылға Норильскіге кете барады. «Кебенек киген келеді» дегендей, азапты жылдарды артқа тастап, 1954 жылы елге оралады, Өскеменге тұрақтайды, өсіп-өнеді. Ел басына күн туғанда ұлт мүддесін өз өмірінен жоғары қойған ерлердің ұрпағына салиқалы тәрбие берері кәміл. Сейітқали ата да балалары мен немерелерінің бойына адами қасиеттің дәнін еге білген. 
Осындай текті атаның тәлімін көріп өскен Нұржан музыкант болуды мақсат тұтып, Алматыға – қара шаңырақ консерваторияға жол тартты. Алға қойған мақсатына қол жеткізбей қоймайтын жас өрен алдымен даярлық курсында оқиды, емтихан кезінде Бибігүл Ахметқызының жылы лебізін естиді. Консерватория қабырғасында Қазақстанның халық артисі Ғафиз Есімовтей ұстаздан дәріс алады. 2007 жылы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны қызыл дипломғатамамдап, жолдамамен аспирантурада тағы 2 жыл оқиды. Сөйтіп, кәсіби опера әншісі мамандығына ие болды. 
Дарынды жас консерваторияның үшінші курсынан бастап Абай атындағы опера театрына қабылданады, міне, 21 жылдан бері табан аудармай осы өнер ордасында солист болып келеді. 


«Біздің бағымыз – студент кезімізде қазақ өнерінің майталман тұлғалары – Бекен Жылысбаев, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Жаманова, Шора Үмбетәлиев секілді ұстаздарды көрдік. Ол кісілер театрда істей жүріп консерваторияда дәріс беретін. Өзім Қазақстанның Халық артисі, профессор Ғафиз Есімовтің шәкіртімін. Ал сахнадағы ұстазым әрі әріптесім – әйгілі әнші Нұржамал Үсенбаева. Нұржамал Пернебекқызынан көп нәрсе үйрендім. Әйгілі әншілеріміз Майра Мұхамедқызы, Жәмила Баспақова, Сұлтан Байсұлтанов, Қабылаш Әбікейұлы секілді тұлғалар біз үшін бір-бір мектеп болды. Ол кісілердің жүріс-тұрысы, сөзі, өнерді бәрінен биік қоюы бізге үлкен үлгі-өнеге. Сондықтан да өмірімді осы театрмен байланыстыруды қаладым», – дейді Нұржан. 
Өнерге деген махаббат болашақ жарын кезіктіруіне де себепші болды. Сонау Ақтөбеден колледж студенттерінің 24-республикалық конкурсына келген қаршадай қыз Венерамен танысқанда Нұржан 4-курс студенті еді. Әйгілі Ахмет Жұбановтың ауылы Жұрында туған талантты қыздың байқауда бағы жанып, екінші орын алды, консерваторияға емтихансыз қабылданды. Алты жылдан кейін өнерлі екі жас бас қосып, шаңырақ құрды. 
Қазір Венера Алпысбаева – Абай атындағы Ұлттық опера және балет театрының жетекші солисі. Атақты театрға әбден толысып, қалыптасқан әнші ретінде 2015 жылы қадам басты. Операның отаны Вена қаласында білімін шыңдады. Көп ұзамай дарынды әншіге үлкен сенім артылып, Қыз Жібек партиясы тапсырылды. Сахнадағы жұбы – Төлегеннің рөлін сомдаған Нұржанның демеуімен әйгілі операдағы дебюті сәтті болды. 
«Менің де алғашқы ірі қойылымым – «Қыз Жібек», – дейді Нұржан. – Ғафиз Есімов режиссер ретінде қойған спектакльде Нұржамал Үсенбаева Жібекті, мен Төлегенді сомдадым. Үшінші курста оқып жүрген студент болсам да Ғафиз ағамыз үлкен рөлді қаймықпай тапсыр­ды». Дарынды жас ойнаған қойылым екі күн бойы аншлагпен өтіп, халықтың ризашылығына бөленді. Алғашқы қадамы сәтті басталған Нұржан Бажекенов одан беріде әйгілі опера жұлдызымен 
«Фауст», «Махаббат сусыны» т.б. көптеген спектакльде әріптес болды. Төлеген, Айдар, Ленский, Иван Лыков – тенор дауысты дарынды әнші сомдаған рөлдер қомақты. 
«Өнерде шекара жоқ». Қазір ізденемін деген адамға тіптен жол ашылған заман. 2010 жылы мемлекеттің қолдауымен бір топ талантты опера әншісі Италия елінде тағылымдамадан өтіп келді. 
– Италияның бірнеше қаласында үш ай бойы опера өнерінің қыр-сырына бойладық. Үшінші айда Миланда, әйгілі Ла-Скала театрында дәріс алдық. Әлемдік деңгейдегі әнші Мирелла Френи сабақ берді. Шетелде, оның ішінде опера өнерінің отаны – Италияда тағылымдамадан өту әншіге үлкен мәртебе. Классикалық өнер салтанат құрған қаланың көшесінде жүру, ауасын жұтудың өзі ғажа­йып сезімге бөлейді. Ла-Скала сахнасында атақты әнші, ғажап дауыс иесі Амангелді Сембин ағамыз ән салған, білім алған. Мен тағылымдама барысында Доницеттидің «Лючия ди Ламмермур» операсындағы Эдгардо партиясын дайын­дап келдім, кейін сахнаға шығардым. Тағы бір түйгенім, бізге шет тілдерін жақсы меңгеру керек. Опера әншісі боламын деген адам әсіресе итальян тілін білгені абзал», – дейді Нұржан. 
Дегдар өнер – опера талантпен қатар, үздіксіз ізденіс пен еңбекті, күнделікті дайындықты, асқан жауапкершілікті талап етеді. Бұл да бір спорт сияқты кірпияз сала, болдым-толдым деу жараспайды, үнемі жаттығу қажет. Опера әншілері сахнада жанды дауыспен шырқайды, оркестр де, хор да сондай таза. Сондықтан бұл өнер таланттан бөлек, төзімділікті жақсы көреді. Әнші өзін құдды ұзаққа шабатын бәйге атындай баптай білуге тиіс. 
«Опера әншісіне керек қасиет көп, ең бастысы, өз мамандығын сүюі, адал болуы керек. Біздің кәсібіміз көп еңбекті, күш-жігерді талап етеді, әйтсе де мамандыққа деген махаббат қуат береді. Күнделікті режім сақтау, дұрыс демалу – әншінің бабында болуының шарты. Кез келген дауыс иесі театрға келгенде, алдымен, шағын рөлден бастайды. Өзіңнің даусыңды сақтап, ұзаққа жету үшін сатылай өсу керек», – дейді бүгінде тәжірибелі әнші Н.Бажекенов. 
«Артист күн сайын өседі», – дейді ол. Нұржан опера трупппасына жетекшілік жасай жүріп, басты партияларды орындайды. Кәсібін жетік білетін ол өзіне де, өзгеге де талапшыл. Труппаға басшылық жасаудың өзіндік ерекшелігі бар, артистердің даусына қарай партияларды дұрыс бөлу, жас әншілердің біртіндеп өсуіне жағдай жасау керек. Мұның бәрі тәжірибемен, біліммен, байқампаздықпен келеді. 
Қара шаңырақ театрда ондаған бас­ты партияны орындайтын талантты да тәжірибелі әншіні аттай қалап шақыратын өнер ордалары баршылық. Әйтсе де ол өзінің сүйікті театрынан қол үзгісі келмейді. 
– Қазақстанның атынан көптеген әйгілі сахналарда өнер көрсеттім, небір ғажап театрларды көрдім. Милан, Париж, Берлиннің атақты театрларында болдым, ән салдым. Әйтсе де мен үшін өз театрым өте ыстық, әрдайым өзіне тартып тұрады. Бұл тарихи шаңырақ, Күләш, Қанабек Байсейітовтер, Рахима Жұбатұрова, Бибігүл Төлегенова, ағайынды Абдуллиндер, Ермек Серкебаевтың даусы күмбірлеген, табанының ізі қалған киелі сахна. Кәсіби өнердегі алғашқы жетістігіме де куә осы театр. Мен үшін бұл қымбат ұжым, – дейді ол.  
Бүгінде Нұржанның өз репертуары, өз көрермені бар. Нұржанның жары Венера Алпысбаева да оқытушылығымен қатар, осы театрдың жетекші солисі, екеуі сахнада да әдемі жұп. Жуырда ел мәдениетіндегі дүбірлі оқиға болған «Хан-Сұлтан» операсында Венера басты кейіпкерді сомдап, көрермен сүйіспеншілігіне бөленді. Тарихта ізі қалған тұлғаның образын аша білген, қазақи нақышымен ерекшеленген талантты әнші осы рөлі үшін театр сыншылары мен көрерменнің биік бағасына ие болып, «Үздік опера әншісі» атанды. Алда келе жатқан ғашықтар мерекесі – Қозы Көрпеш – Баян сұлу күніне орай, Нұржан мен Венера театр ғимаратында камералық концерт беруді жоспарлап отыр. 

Әнші әрбір операда кейіпкерінің өмірін сүреді, түрлі сезімін бастан кешеді, тебіренеді, толғанады. Сонда ғана ол көрерменге әдемі әсер, сұрапыл сезімдер сыйлап, терең ойға шомдырады. Текті өнердің төресі – опера адамның эстетикалық талғамын өсіріп, сәулелі сәттерге бөлейді. Содан да болар, тыңдарманның театрға қызығушылығы мен ризашылығы толастамайтыны.        
Сахна – өнер адамының айнасы. Әнші өз жан дүниесінде барды ғана өзгеге бөлісе алады. Нұржан биік те бояуы қою барқыт дауысымен әрбір кейіпкерінің образына бойлап, өзіне ғана тән шеберлікпен көрерменін баурап  алады. Оның ғажап дауысы сезімтал да сыршыл кейіпкерлерінің бейнесінде адами қасиеттерді жырлайды. Мәңгілік һәм дегдар өнердің мақсаты да осы ғой – адамның адамдығын сақтап қалу.

Мәдениет саласының үздігі, «Сахнагер – 2019» сыйлығының иегері, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші солисі, үздік тенор Нұржан Бажекенов бойындағы бар қабілетті шыңдаудан талған емес. Опера оның өмірінің бөлінбес бөлшегі болып кеткелі қашан. Саф өнер – оның тынысы мен демі. Бұл – нағыз әншіге тән қасиет. Оның арманы – «Турандот» спектаклінде Калафты, «Трубадурда» Манриконы сомдау. «Әр партияның өз уақыты бар», – дейді ол.  

Дина ИМАМБАЙ

 

Нұржамал ҮСЕНБАЕВА, Қазақстанның Халық артисі:
 
                                                                  ДАРЫНЫ МЕН АДАМИ ҚАСИЕТІ ҮЙЛЕСКЕН
 

Нұржанның сахнадағы дебюті – «Қыз Жібек» операсында мен Жібектің, ол Төлегеннің партиясын сомдадық. Сол кезде-ақ мен талантты жас әншінің әдемі бояуы бар керемет опералық дауыс иесі екенін, актерлік қабілетін бірден байқадым. Мені Нұржанның адами қасиеті де тәнті етті: асқан жауапкершілік, ашық-жарқын, шынайы мінез, әділеттілік, қарапайымдылық, интеллектуал, білімді жас. Біз «Травиата», «Богема», «Фауст» және басқа көптеген опера спектакльдерінде басты рөлдерді  орындағанбыз. Нұржан әр спектакльге мұқият дайындалады, теқ қана өзін ойламай, сахнадағы әріптесіне қамқор бола біледі, үйлесімді әрекет етеді. Бұл оның биік адамгершілігінің белгісі. Ол драматургияны эмоциямен, дауыспен, актерлік шеберлікпен жеткізеді. Мен үшін бұл маңызды кәсіби қасиет.  
Өнер адамның шығармашылығы, табысқа жетуі отбасылық өмірімен тығыз байланысты. Нұржанның өмірлік серігі – опера әншісі Венера Алпысбаева. Екеуі өте әдемі жұп. Екеуін де жақсы көремін және сыйлаймын. Олар қазақ операсын, қазақ өнерін дамытуға, насихаттауға үлкен үлес қосып келеді. Талантты екі жастың алда да өнер биігінен табылатынына сенімім кәміл.

805 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы