- Ақпарат
- 13 Наурыз, 2025
«Менің туған бауырым Оралдың керемет өнері...»

Жақында елдің рухани өмірінде елеулі оқиға болмақшы: Алматыда Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде әлемге әйгілі қылқалам шебері Орал Таңсықбаев шығармаларының көрмесі ашылады. Осыған орай белгілі мәдениеттанушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахмановтың бауырлас елдеріміз арасындағы достықтың дәнекеріне айналған атақты суретші жайындағы ғұмырбаяндық кітабының Мұхтар Әуезов пен Орал Таңсықбаевтың достығы туралы әңгімелейтін тұсын оқырман назарына ұсынамыз.
1974 жыл. Төртінші курсты бітіргенмін. Жазғы каникул. Ауыл Ташкенттің түбінде, қырық шақырымдай ғана жерде. Аудан орталығы Абайдан шыққан автобус жарты сағатта жеткізеді. Ал Абайыңыз ауылдан үш шақырым. Жаяу бара саламыз. Үйде бір аптадай жүріп, мауқымды басқан соң өзбектің астанасына тарттым да кеттім. Ойым – Орал Таңсықбаевтың үйін көру. Атақты суретші сол жылы қыста аяқ астынан өмірден өткен еді. Кәдімгідей қиналғанмын. Кішкентай күнімде Аман көкеме (кейін танымал кескіндемеші, мүсінші болған Амангелді Тұрсынов) ілесіп, ол кісінің үйіне барғанымды, ауыл баласының ұялшақтығы ұстап, үйіне кірмегенімді, суретшіні тек аулада, сыртынан көргенімді, сәті түсіп тұрғанда қолын алып, амандасып қалмағаныма өкінетінімді кітаптың басында жазғанмын.
Өзбекстан Суретшілер одағына барып, ол жерден алған адрес бойынша үйді таптым. Баяғы емес, басқа үй екен. Черданцев массиві. Абырой бергенде, сол жолғы жазып отырған блокнотым сақталып қалған. Музей-үйдің телефоны 62-62-30 екенін де, аялдамасы «Ул. Художников» екенін де, 13-ші, 22-ші автобустар, 17-ші, 18-ші троллейбустар баратынын да қағазға түсіріппін… Екі қабатты еңселі үй, кең аула. Бұл үйде суретші 1966–1974 жылдарда тұрыпты. Демек, біз бұрынғы үйге 1963 немесе 1964 жылы барған көрінеміз. Не бесінші, не алтыншы сыныпта оқитын сияқты едім.
Суретшінің жары Елизавета Яковлевна жылы жүзді жан екен. Ықыласпен қарсы алды. Арнайы келіп отырғаннан кейін (ауылдың Ташкентке тиіп тұрғанын, өзім каникулда жүргенімді айтып жатпағаным рас...) маған, негізінен, Оралдың қазақ жерімен, қазақ елімен байланысы жайында көбірек әңгімелеуге тырысты.
Суретші-журналист Борис Плевакин «Шебердің соқпағы» атты мақаласын Елизавета Яковлевнаның мынадай әңгімесінен бастайды:
«Орал Таңсықбайұлы даланы шексіз сүйетін. Пойызбен Қазақстан арқылы сапар шеккен сайын ол вагон дәлізінде сағаттап тұратын да, даланың кең жазирасынан көз алмайтын. Купеге тамақ ішуге зорға шақыратынбыз.
Сондай бір сапарымызда ол әдетінше терезе алдында ұзақ тұрып қалды. Суретшіні жақсы көріп үлгерген купелес көршілеріміз дәмге шақыра бастады. Жаңа таныстарымыздың бірі:
– Не бар сонша, терезеге тесіле беретін, жалықтырады ғой? – деп салды.
Сол-ақ екен, Орал Таңсықбайұлының көңілі сапарластарымызға суып сала берді. Купеге қас қарайғанда бір-ақ кірді...» («Урал Тансыкбаев. Воспоминания и документы. Т., 1988. 49-бет»).
Бұл маған да айтылған. «Осы жайды Мұхтар Омарханұлына әңгімелегенімде ол кісі орнынан тұрып, Орал Таңсықбайұлын құшақтады. Үндемей құшақтады, қосып ештеңе айтқан жоқ», – деп еді Елизавета Яковлевна.
Қосып не айтсын! Мұндай әңгімеге түсініктеме жасап жату артық, әрине. Елизавета Яковлевна мені үйдің (ол кезде әлі музейге айнала қоймаған) бір бұрышындағы көлемі орташа картинаның жанына алып барды. Альбомдарынан көрмеген суретім. Таудағы жайлау. Көк шалғын. Егде жастағы ер адам, мосқал тартқан әйел, жас жігіт, келіншек, екі қыз бала бір жаққа жүріп барады. Ата мен әже, ұлы, келіні, немерелері. Келіншек қолына матаға оралған бірдеңе ұстап алған. Тегене шығар. Тегі, шашу шашатын болса керек. «Осы картинаның атын мен қойғанмын», – дейді Елизавета Яковлевна. – «Қалай?». Былай болыпты. Суретті салып жатқанында күйеуіне «Олар не, қонаққа бара жатыр ма?» дейді. Кейін Орал картинаны «Қонаққа» деп атайды. Елизавета Яковлевнаның «Бұл сурет 1944 жылы салынған. Оны Орал Таңсықбайұлы ешқандай музейге, галереяға берген емес. Көрмеге қоятын да, қайтып әкелетін. Мұхтар Омарханұлының өтініші солай. Біздің үйге келген сайын Оралмен осы картинаның алдында әңгімелесіп отырғанды ұнататын. Мұхтар Омарханұлы табиғат туралы көп айтатын, Орал Таңсықбайұлының шығармашылығының басты бағыты, өнерінің өзегі етіп пейзажды таңдағанына қатты разылығын танытатын. Оралдың «Абай жолындағы» табиғатты суреттеген талай тұсты тұтастай жатқа білетініне тіпті сүйсінетін», – деген.
Міне, енді осы арадан келіп Әуезовтің Таңсықбаевқа, Таңсықбаевтың Әуезовке жан жақындығының түпкі түйініне табан тірей аламыз. Ол түйін – Әуезовтің де, Таңсықбаевтың да табиғатты бейнелеудің ғажайып шебері екені. Мұхтар Мағауиннің өмірінің соңғы тұсындағы бір сұқбатында Әуезовті «ұлы пейзажист» дегені еске түседі. Рас. Әуезов пейзажы – Әуезов талантының аса жарқын қыры. Жазушы шығармаларындағы табиғат алуан-алуан оқиға өрбіп, неше қилы сезім шарпысып жататын алып ая ғана емес, ол әрі сол аяны айқара ашуға, сол сезімдерді жүрек қылын шерте жеткізуге септесетін ғажайып эмоциялық фон. Қаламгер суреттейтін табиғат кейіпкерлердің көңіл күйімен дәйім астасып жатады. Ондағы пейзаж, жақсы мағынада айтқанда, фотографиялық дәлдігіне қоса, қимыл-қозғалыспен көрінетін, даусына дейін жеткізілетін кинематографиялық жандылығымен, тіпті суреттеліп отырған жусанның иісін алып келетіндей флористикалық нақтылығымен тәнті етеді. Бұл – нағыз психологиялық пейзаж. «Абай жолында» «Күз аспаны күңгірт, бұлыңғыр. Ауада дымқыл сыз бар. Таң салқыны қазір күздің суық желіне айналған. Маңайда қызарып солған қурайлар көп көрінеді. Бүрінен айырылған тобылғы да қуқыл реңді. Ұзарып сарғайған селеу мен бозғыл көде, жусан – бәрі де жел лебінен қалтырайды. Бас шұлғып, елбек қағады» деп төгілдіретін суреткер табиғатты кейіпкерлердің ішкі әлемін ашуға да әдемі пайдаланған. Табиғатты кәдімгідей кейіпкерге айналдырып жібере алған Әуезовтей шебер жалпы дүниелік әдебиетте онша көп болмаса керек. Әуезовтің өркениет әлемін таңдандыруының тағы бір сыры – дала табиғатының тылсым сұлулығын адамзат алдына алғаш рет ашып беруі.
Әдетте екі суреткердің шығармашылық тұрғыдан табысуын 1938 жылы Алматыда, Абай атындағы академиялық опера және балет театрының сахнасында қойылған «Қалқаман – Мамыр» балетінен бастап жатамыз. Оның либреттосын Әуезов жазған, сахнасын Таңсықбаев безендірген, костюм эскиздерін жасаған. Бірақ бұл – табысу. Танысу ертерек болғаны анық. Сонда қай кезде? Орал 1924–1928 жылдарда Ташкент өнер музейінің жанындағы профессор Н.В. Розановтың көркем студиясында оқыған, оны бітіргеннен кейін Пенза көркем-педагогика техникумын (1928–1929) аяқтаған. Ол кез үшін бір өнердің соңына түсіп, бес-алты жыл бойы індетіп оқу аз мерзім емес. Орал Таңсықбаев 1928 жылдан-ақ республикадан тыс жерлердегі көрмелерге қатыса бастаған, шығармалары 1934 жылы Өзбекстан суретшілерінің Мәскеудегі көрмесіне, АҚШ-тың Филадельфия қаласындағы «КСРО суретшілері» көрмесіне қойылған. Әсіресе Мәскеудегі көрме жас суретшінің атағын аспандатып жіберген. Астананың қақ ортасындағы, сол кездегі ең үлкен көрме залы «Всекохудожникте» ашылған көрмеге мәскеуліктер, мамандар, сыншылар көп барған. Тіпті одақтық журнал Өзбекстан суретшілерінің көрмесіне тұтас нөмір («Творчество», 1934, №10) арнаған. Журналдың алғы сөзін В.Чепелевпен бірге жазған көрнекті көркемөнер сыншысы Б.В. Веймарн: «У.Тансыкбаева мы справедливо называли «талантливейшим молодым художником республики», который «творчески возглавляет отряд национальных художников Узбекистана», – деп атап өтіпті. Отыз жасында республика суретшілерінің көшбасшысы атанудың, ол бағаны Мәскеудің беруінің мән-маңызын шамалау қиын емес. Ал танымал өнертанушы И.В. Савицкий көрмеде жас Орал жасаған шын мәніндегі фурорды «В 30-е годы на выставках в Москве работы Тансыкбаева потрясали» деп бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген. Савицкийдің кейін сол көрмеден алған әсерін тіпті «Неожиданно я попал в мир, созданный порывом гения» («Урал Тансыкбаев. Воспоминания и документы. Т., 1988. 69-бет») деп қағазға түсіргені де бар. Шынында да, жап-жас жігіттің «Тәшкенбаевтың портреті», «Керуен», «Көш», «Күрең күз», «Аула», «Жұпаргүл жолы» сияқты маржан туындылары пішіндік, түстік ізденістерімен, Пролеткульт бет қаратпай кеткелі бері орталықтағы суретшілер амалсыз сырт айналуға көшкен импрессионизмнің анық ықпалымен айран-асыр қалдыратын. Оралға «өзбек Гогені» деген ат сол кезден берілген. Импрессионистер сияқты, Таңсықбаев та ауадағы реңктерді, жарықтағы рәуіштерді, таңғы будақтың сызын, күннің ысуын, көлеңкеден салқын түсуін сезіндіретіндей сиқыр қаламға қол жеткізе бастаған-ды.
Аты бүкіл одақтың көркемсурет әлемін дүңкілдетіп жатқан, картиналарының алды мұхит асып үлгерген қазақ суретшісін 1928 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасына қабылданған, әрі қаладағы Қазақ ағарту институтында сабақ беретін Мұхтар Әуезовтің сол кезден-ақ білуі әбден көкейге қонымды жай деп шамалаймыз. Оның үстіне Орал өзімен-өзі, саяқ жүретін, мольбертінен басқаға мойын бұрмайтын суретші емес еді. Жан-жақты талант иесі болатын. Оралды ұстаз, аға тұтып өскен тамаша қылқалам шебері, КСРО Халық суретшісі, КСРО Көркемсурет академиясының корреспондент-мүшесі Қанафия Телжанов өз естелігінде былай дейді: «Ол эрудициясы кең, әлемдік көркемдік мұрамен жақсы таныс тұлға еді. Орал Хафиздің, Рудакидің, Омар Хайямның, Абайдың поэзиясын жақсы білетін, өте сүйетін, олардың танымал шумақтарын жиі жатқа айтатын. Данышпан, емші, ақын әрі жазушы Авиценнаның, ортаазиялық ұлы энциклопедист-ғалым Әбу Райхан Берунидің еңбектерімен, әл-Фарабидің жазғандарымен таныс болатын. Орал отандық және әлемдік әдебиеттің жаңа туындыларына қызығушылық танытып тұратын» («Урал Тансыкбаев. Воспоминания и документы. Т., 1988. 87-бет»). Кітапты көп оқитын, көңіліне көп тоқитын, арғы-бергідегі ұлы ақындардың жырларын жатқа айтатын жас шеберге сол кездің өзінде кеңінен танылып үлгерген Мұхтардың назары аууы әбден орынды еді. Жиырмасыншы, отызыншы жылдарда өзбек астанасында қазақ зиялылары өте көп болған, олар қаладағы бауырларын жақын тұтып, үйіре жүрген.
Әуезов пен Таңсықбаевты туыстыратын сөз бен сурет болса, олардың жанын жақындастырған тағы бір өнер – саз өнері. Суретшінің Нөкіске аттанған соңғы сапарында жанында бірге жүрген өнертанушы М.А. Соколова былай жазады: «Оның жастық шағында музыкант болсам деп қатты арман еткенін сол жолы естідім. Анасы туралы, анасының әнді жақсы айтқаны, қазақтың шаңғауыз деген музыкалық аспабын тамаша тартқаны жөнінде жүрегі елжірей әңгімелеп еді. Ол өмір бойы музыкаға құмар болып өтті. Мен бұрын да оның еуропалық классикалық музыканы соншалықты білетініне қайран қалатынмын, радиодан орындалып жатқан музыкалық шығармаларды айна қатесіз танитын. Таңсықбаев музыкалық фольклорды зерттейтін, халық әуендерін жазып алып жүретін музыканттарды, композиторларды қатты бағалайтын. Ол өзі қазақтың халық әндерін жинайтын еді» («Урал Тансыкбаев. Воспоминания и документы. Т., 1988. 75-бет»). Демек, Әуезовтің Таңсықбаевты музыкалық театрдағы қойылымға, қойылым болғанда да, қазақтың тұңғыш ұлттық балетін безендіруге шақыруы әбден көкейге қонатын. Дәл осы жылдарда Таңсықбаев Мәскеудегі, Филадельфиядағы көрмелердің тамаша табысынан кейін шығармашылық ізденістің тың өрісіне шығып, өзінің қарым-қабілетін кескіндеменің жаңа жанрларында сынап байқауға ден қойған. Мысалы, өзбектің ұлы шайыры Науаидың портретін салған, Орта Азиядағы 1916 жылғы халық көтерілісін бейнелейтін кең композициялы, кейіпкері көп үлкен картина жазған. 1938 жылы Орал Мұхтар Әуезовтің ұсынысы бойынша Алматыдағы опера және балет театрында қойылатын, либреттосын өзі жазған В.Великановтың «Қалқаман – Мамыр» балетінің суретшісі болып белгіленген. Жұмыстың қай кезде басталғаны жөнінде де, қашан біткені жөнінде де нақты құжаттар сақталған.
Спектакль премьерасы 1938 жылы 15 қарашада өтіпті. Осы тұста Елизавета Яковлевнаның қағазға соншама ұқыптылығын арнайы айта кетудің орны бар. Бірнеше альбомға желімделіп тігілген газет материалдарының арасында сол жылы «Социалистік Қазақстанда» латын қарпімен басылған рецензия да жүр.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік өнер музейінде суретшінің гуашьпен жазылған үш эскизі сақталған: екеуі декорацияның, біреуі костюмнің эскизі. Таңсықбаевқа спектакльге, әсіресе ол кезде шығыс халықтарының қай-қайсысына да таңсық балет спектакліне эскиздер дайындау оңайға түспеген. Хабиб Каримовтің 1978 жылы Ташкенттің «Ёш гвардия» баспасынан жарық көрген «Урол Тансиқбоев» атты кітабында суретшінің «1938 йили мен Абай номидаги қозоқ Давлат опера ва балет театри маъмуриятининг илтимоси билан Олматога борган эдим» деп басталатын әңгімесінде «Өмір бойы бұл салада өнерді машық етпегендіктен, әуелі бас тартуға тырыстым. Болмады. Содан кейін досым, асқан әдебиетші Мұхтар Әуезов жазған либреттоны қайта-қайта оқып шықтым. Композитор В.Великанов жазған музыканы тыңдадым. Бастапқы әсерлеріме сүйеніп, эскиздер сыздым. Өзіме ұнамады. Ақырында эпосты қайта-қайта оқыдым, уақиға өтетін орындарға жақын жерлермен таныстым, ежелгі өрнектерді үйрендім. Сондай тыңғылықты даярлықтан кейін сызған эскиздерімді көркемдік кеңес мақұлдады», – дейді.
Хабиб Каримов сол тұста «Урол шу ижодий хамкорлик давомида Мухтор Авезов билан яна хам дұстлашиб қолади» деп қадап көрсетеді, балет спектаклінің сәтті шығуына жазушының суретшіге берген ақыл-кеңесінің шешуші ықпалы болғанын атап айтады.
Рас, «Қалқаман – Мамыр» театр репертуарынан берік орын ала қойған жоқ. Екі маусымнан кейін сахнадан түсіп қалған. Мұның сан түрлі себебі болса керек. Біріншіден, сол кездегі қазақ қауымы балет сынды соны өнердің өзіндік өрнегін соншама сергектікпен сезіне қоймаған шығар. Екіншіден, ескілікті заманнан алынған сюжетті жаңа музыка тілімен, тың хореографиямен бейнелеу оңайға түспеген шығар. Үшіншіден... Әуезов «Қалқаман – Мамырдың» либреттосына арқау етіп, Шәкәрімнің поэмасын емес, ел аузындағы аңызды, оның дастандық нұсқаларын алдым деп қанша сендіруге тырысса да, бәрібір содан он шақты жыл бұрын ғана кеңеске қарсы күрескен кісі ретінде атылып кеткен адамға қалайда қатысы бар шығарманың сахналық өмірінің баянды бола беруі де қиын еді. Ақыры, сол әңгіме көтерілмей қоймайды. 1941 жылы Қазақ КСР-індегі әдебиеттегі құпия істерді бақылаудың Бас Басқармасының (Казглавлит) өкілі Баймұрзин жоғарыға жолдаған қызметтік жазбасында Абайдың 1940 жылы Мәскеуде орыс тілінде жарық көрген «Лирика и поэмы» атты жинағына жазған алғы сөзінде Әуезов «Шәкәрім Құдайбердин деген ірі феодал, Алашорданың көрнекті өкілі, 1917–1918 жылдары Семей қаласындағы Алашорда сотының төрағасы, төңкерістен кейін мал-мүлкі тәркіленген бай, 1931 жылы Шыңғыстау ауданында кеңеске қарсы көтеріліс ұйымдастырып, осы көтерілісті басу кезінде оққа ұшқан адамды автор Абайдың шәкірттері қатарында оң пікір білдіреді» деп сынға алады. Онымен де қоймайды. «Біз Мұхтар Әуезов кітаптың алғы сөзінде Абайдың ең таңдаулы шәкірті ретінде Шәкәрімді көрсетіп, өрескел саяси қате жіберді деп санаймыз... Шәкәрім Құдайбердин Кеңес өкіметінің жауы болғандықтан, мақтауға тұрмайтынын былай қойғанда, оның есімінің өзі баспа бетінде аталмауға тиіс деп есептейміз. Қазақ КСР-інің Главлиті сіздерден тиісті шараларды қабылдауды өтінеді» (ҚР ПА. 708-қ, 4/2-т. 168-іс, 18–19 п.), – деп нақты мәселе қояды. Шәкәрім есімі содан 1988 жылы толық ақталғанға дейін ауызға алынбай келген.
Б.Веймарнның естелігіндегі «Таңсықбаев Мәскеудегі көрмелерге ұзақ уақыт қойылмай жүрді, көбіне Ташкент пен Алматыдағы көрмелерге қатысатын» деген сөзінен соғыстан кейін Оралдың Қазақстанға келуі жиілей бастағанын көреміз. Мұнда да Мұхтар Әуезовтің шешуші ықпалы бар. 1946 жылы Орал қазақ тарихы тақырыбына қайта оралды – Қазақ мемлекеттік драма театрында қойылған Мұсатай Ақынжановтың «Исатай – Махамбет» драмасын безендірді. Абай елінің, Қарауылдың тумасы М.Ақынжановтың шығармасына суретшінің көңілін аудартқан адам М.Әуезов болғанына күмәнданудың жөні жоқ.
Орал Таңсықбаевтың 1949 жылы Қазақстанға келгені, бұл жолы Әбілхан Қастеевпен, Шәкен Аймановпен, Үрия Тұрдықұловамен, Ескендір Тынышбаевпен, басқа да өнер адамдарымен жақын араласып, бара-бара достасып кеткені белгілі. Олардың бәрімен таныстырып, табыстырып жүрген де, әрине, Әуезов. Жаратылысы барынша қазақы, пейілі кең, мінезі жайлы Оралдың бұл ортаға балдай батып, судай сіңіп жүре бергенін талай естеліктен оқи аламыз. Алматының зиялы қауымы талантты қыл қаламымен өзбек елінің даңқын шығарып жүрген дара суретшіні қуана қабыл алған. Бұл кезде Мұхаң мен Оралдың қарым-қатынасы шығармашылық әріптестіктен де, қан бірлігінен де өтіп, жан бірлігіне ұласқан еді. Осы достық, бауырластық, сыйластық олардың өмір бойына жалғасты.
Сол тұста Әуезов Таңсықбаевқа Алматыға көшіп келуді, Қазақ КСР Ғылым Академиясының Әдебиет және өнер институтында бейнелеу өнері бөлімін басқаруды ұсынған.
Осы жөнінде қилы-қилы сөз бар. Бізбен сөйлескенінде Елизавета Яковлевна Оралдың Қазақстанға әр шақыруға қуанатынын, ықыласпен баратынын, бірақ Мұхаңның Алматыға біржолата көшіп келу жөніндегі айтқанын орындай алмағанына қапаланғанын әңгімелеген еді. Кейін өзінің естелігінде («Воспоминания о муже») сол ойын таратып жазған да: «Қазақстанда сол тұста Ғылым академиясы құрылды, М.О. Әуезов Орал Таңсықбаевтың Алматыға көшіп келуін, сондағы бейнелеу өнері бөлімін басқаруын сұраған. Алайда Таңсықбаев өзінің шығармашылығына Өзбекстанда барлық жағдай жасалғанын, еркін суретші болғысы келетінін айтып жауап берген».
«Қилы-қилы сөз» дегенде нені айтқалы тұрмыз? Орал Таңсықбаев туралы мақала (бұйыртса, біздің кітабымыз суретші жайындағы қазақша тұңғыш тұтас туынды болады) жазғандардың көбінің ой қисыны мынаған саяды. Қазақтар өзінің асылын ардақтай алмайды: Таңсықбаевты да Қазақстанда орнықтыра алмаған, оған жағдай жасай алмаған, пәтер алып бере алмаған, шеберхана салып бере алмаған, сөйтіп, ақыр аяғында, ұлттық бейнелеу өнері осындай тау талантты тұлғадан айырылып қалған... Былай қарасаңыз, жаны бар сөз де сияқты. Таңсықбаевтың Қазақстанға шақыртылғаны рас, оның Алматыға келгені рас, сонда біраз уақыт тұрғаны рас, пәтер алмағаны да рас, қайтып кеткені тағы рас. Бірақ бұл былай қарағанда ғана. Мәселенің мәнісі әлдеқайда тереңде болса керек.
Әуезов Таңсықбаевты Алматыда қалдыруға қатты қайрат еткен.
Сафуан Шаймерденов «Ағалардың алақаны» кітабындағы «Әуезовтің күйзелісі» деген эссесінде: «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істеп жүргенінде Мұхаңнан сұқбат алуға үйіне барғанын, сол жерде бейтаныс бір жігітті көргенін жазады. «Сындарлы келген келісті, келбетті жігіт. Мұндайда адам жанын тамыршыдай дөп басатын Мұхаң, бұл кім болды екен деген сауалды ойлап үлгертпей-ақ таныстыра жөнелді», – дейді. Ол жігіт Орал Таңсықбаев екен. «Үй берілер болса, Алматыға көшіп келмекші. Тетелес інім ғой, пәтер болмаса, Ташкентке кетіп қалам деп қорқытады. Қазір осы жігітке екі-үш бөлмелі үй алып берудің соңында жүрмін», – дейді Мұхтар Омарханұлы. «Арада біраз жыл өтті. Оралдың дүрілдеп аты шықты. Бірақ аты қазақ суретшісі болып емес, өзбек суретшісі болып шықты». Сөйтіп жүргенде О.Таңсықбаев КСРО Көркемсурет академиясының толық мүшелігіне сайланады. Сафуан Мұхаңмен жолығып қалады. Эссе былай түйінделеді:
«Мұхтар ағамыздың қабағына кірбің ілінгенін байқадым. Мүдіріңкірей сөйледі:
– Сол Орал ғой. Атымыз дардай болса да, олай шауып, бұлай шауып, ақыры түк шығара алмадым ғой. Қайда барсаң да, «қаңқ етіп, түкті байқамайтын қара жартас». Елміз деп отырып, екі бөлмелі пәтер бере алмағанымыз не сұмдық!? – Мұхаң осылай деді де терең күрсініп, үндемей қалды. Қайталап сұрақ қойып, жан күйзелісіне ұшырап отырған ұстаз мазасын алуды мен де жөн санаған жоқпын. Өйткені Мұхтар күйзелісі айтпаса да түсінікті емес пе? Жоқ, досым, бар өмірін ел мен ел арасын қиюластыруға арнаған ұлы суреткер Оралды өзбек суретшісі болып кетті деп күйзелмеген ғой. Мұхтар күйзелісі басқада: соңында Мұхтар Әуезов сынды жоқшысы жүрсе де, Орал Таңсықбаев секілді біртуар суретшінің өз елінде, өз республикасында қабылданбауында, бағаланбауында. Міне, Мұхтар күйзелісі!»
Қайтерсің. Күйзелесің. Орал да Алматыдан пәтер ала алмағанына қиналған, әрине. Әйтсе де ол бәрінен бұрын өзінің шаруасына Мұхтардай ағасы жүгіргеніне, сонда да ештеңе өндіре алмағанына, үлкен ағаның сағы сынғанына көбірек қиналған болса керек.
Енді басқа бір себепті іздеп көрейік.
Орал Таңсықбаев туралы әр кез-әр кезде ой толғап, қалам тартқан азаматтардың арасында нәзік эстет Қали Сәрсенбайдың орны бөлек. Бұл арада Қалидың атақты актер Қапан Бадыровтан жазып алған әңгімесінен үзінді келтірумен шектелейік: «Бұл бір қасиетін айтып тауысып бітпейтін ғажайып адам. Опера-балет театрында аз ғана уақыттай қызмет істеді. «Қалқаман – Мамырды» безендірді. Осы мына қазіргі «Алатау» қонақ үйінің үстіңгі жағында ма екен – пәтерде тұрды. Жай-күйі болмай жүрді. Екеуіміз құрдаспыз, бір жылдың төліміз ғой. Кездесе қалсақ, әңгімеміз жарасып, сырласа кететінбіз. Бір күні: «Мен Өзбекстан жаққа кететін шығармын», – деді. «Неге?» – деп сұрадым. Сондағы көп сөздің ішінен есімде қалғаны: «Қазақтар мақтай береді екен. Тіпті жұмыс істей алар емеспін», – деп күліп еді. Осы бір сөздің аясында көп мағына сыйып жатыр».
Бұл ойды Пернебай Дүйсенбин де растайды: «Соғыс алдында Алматыға көшіп келіп, Ташкентке қайта көшіп кету себебі туралы сұрағанымда қысқа қайырым ғана жауап болды. Пендешілік әңгімелерді қозғағысы келмеді білемін. Тек бір рет қана:
– Алматыда жүре берсем, қолпаштау тым көбейіп кететін түрі бар. Ал мен жұмыс істеуге жаралған жанмын. Ташкентте жүрсем, мені намыс пен бәсеке қамшылайтын, – деді».
Қолпаш демекші... Өзбекстан суретшілері мынадай әңгімені де айтатын. Алпыс жылдық тойында Орал Таңсықбаев дастарқан басынан тұрып кетіп, оңаша бір бөлмеге кіреді де, есігін ішінен жауып алып, шықпай қояды. Жұртты әбден күттіреді. Сөйтсе, асыра мақтаған қолпаш сөзден әбден запы болып, өзін қоярға жер таппай кеткен екен... Суретшілердің ырду-дырдуының, олардың бітпейтін де қоймайтын талас-тартысының, әсте бір жиылмайтын дастарқанының жанында жазушылардың желіккен жел сөзі де жіп есе алмай қалатыны рас енді.
Қалай болғанда да, кейін Таңсықбаевтың Қазақстанға шақыртудан өзі бас тартқаны күмән тудырмауға тиіс. Оған дәлел жеткілікті. Сонда мұның қандай-қандай себептері бар? Мәселе пәтер беру, пәтер бермеуге тіреліп тұр ма? Осы жағын саралап көрейікші.
Орал Қазақстанға, Алматыға жиі, жүйелі келіп жүрді. Қазақ даласының, Алматының, Алатаудың табиғатын бейнелейтін талай шығармаларын («Көш», «Далада», «Қонаққа», «Ән», «Даладағы ауылда», «Таудағы колхоз», «Алматыдағы қысқы іңір») жазып жүрді. Қазақ тақырыбын назардан тыс қалдырып көрмеген. Бірақ... Алматыға біржола көшіп келу Ташкенттен біржола көшіп кету деген сөз емес пе? Академияға жұмысқа орналасу таңертең кетіп, кешке қайтатын кеңсе қызметіне кірісу емес пе? Ғылыми сипаттағы еңбекке ауысу емес пе? Орал өз өмірін неліктен осыншама күрт өзгертуге тиіс еді? Суретшіні барлық тұрмыстық мәселесін аз уақыттың аясында шешіп тастап үлгермеген республика үкіметіне ауыр айып таға сөйлеудің жөні бар ма? Кей мақалаларда «Өз ұрпағын бауырына тарта білмеген халқымыз» («Бейнелеу өнерінің тал бесігі», «Ана тілі», 2009 жыл, 6–19 тамыз ) деп бүкіл халыққа жазғыру сөзі айтылады тіпті. Соғыстан кейінгі сол жылдарда емес пе – Қасымның үйсіз-күйсіз жүріп, «Берсең бер, бермесең қой баспанаңды, Сонда да тастамаймын астанамды» деп жырлайтыны? Қиын шақ еді ғой.
Кейін ол қиын шақ та өтті. Жағдай жақсарды.
Сол кезде Қазақстан Орал Таңсықбаевты қайтадан шақырған.
Мынадай әңгімені өзіміз 2009 жылы Хакімжан Наурызбаевтан естігенбіз. Горький паркіне жақын маңайдағы жер үйінде бізге біраз нәрсе айтып еді ағамыз. Жарықтық, қызық кісі екен. Әуестікпен екінші қабатқа көтерілмек болғанымда баспалдаққа кесе-көлденең тұра қалып, «Мен кабинетімді ешкімге көрсетпеймін!» деп оқыстан айқайлап жібергені есімде... Қозғалған жайдың бірі – Орал Таңсықбаевты Қазақстанға оралту әрекеті. Өйткені содан бір күн бұрын Гүлфайруз Ысмайыловадан сұқбат алғанмын. Осы әңгіменің шет жағасын шығарып едім: «Оның жағдайын дәл білмеймін. Білетінім – Орал ағаны Қазақстанға шақыруға Әбілхан аға мен Хакімжан ағаның Ташкентке барғаны. Хакімжан ағамен сөйлескеніңіз дұрыс», – деген еді Гүлфайруз Мансұрқызы. Былай болыпты. 1953 жылы Әбілхан Қастеев пен Хакімжан Наурызбаев осы мақсатпен Ташкентке арнайы барады. «Орал бізді аулада көргенде көзінен жас шығып кетті. Алдын ала ескертпеген едік. Қатты толқыды», – деп еді Хакімжан аға. Қонақтар әуелі оны-мұны сөз етісіп отырыпты. Ақыры мәселені қабырғасынан қойыпты. «Менің мінезім сәл орысшалау, тіктеу ғой, ол сөзді жасым кішілеу болса да Әбекең маған айтқызды» дегені есімде. Хакімжан ағамыз: «Орал, елге кел. Халқың күтіп отыр. Бар жағдайың жасалады», – депті. Осы арада сөзін бөліп, «Бар жағдайың жасалады деп қалай айттыңыздар? Кезінде жасалмап еді ғой ондай жағдай?» деп қалдым. «Енді жасалатынына сенбесек, олай сөйлемейміз ғой. Бізге «Жоғарыда әңгіме болған, сіздер арнайы барып, Алматыға шақырыңыздар, үй, шеберхана мәселесі шешіледі» деп анық айтылған соң солай сөйлеп тұрмыз ғой», – деді Хакімжан аға. «Жоғары» дегені қай жер, қай деңгей, уәде еткен адам нақты кім – соны сұрамаппын. Ойланып отырып, Орал Таңсықбаев былай депті: «Ағайындар, мен қазақ болып туғаныма мақтанамын. Дәйім жүрегім қазақ деп соғады. Оны сезесіздер. Бірақ өзбек те өзіміз. Суын ішіп, дәмін татып, сый-құрметін көріп отырмын. Осындайға жеткен кезде өздеріңізге еріп кете беруге ар-ожданым жібермейді. Мұны шешуге уақыт сарапшы». Ертеңінде өзбектің бір топ ірі суретшілерін үйіне шақырыпты, болған әңгіменің бәрін айтыпты. Олар Оралға разылығын білдіріпті. Орал бір құрдасын, бір інісін қимай-қимай Алматыға шығарып салыпты.
Бұл әңгіме біраз жерде жазылған. Қали Сәрсенбай («Сағынышқа айналған суретші», «Қазақ әдебиеті», 1994 жыл, 18 ақпан) Орал Таңсықбаевтың сол дастарқан басында айтқан, өзі Хакімжан ағадан естіген әңгімені қағазға былай түсірген: «Е, бауырларым, әркімге туған жері, туған халқы ыстық қой. Мен оны сезсем керек. Байқап жүрген боларсыңдар, менің атамекенге деген сағынышым – шығармаларымда. Бұл өзбек те бір туысың, арысың. Қай қиырда жүрсең де, өз ұлтыңа кір келтірмей өткенге не жетсін! Мен қазақтың қонақжайлылығын, мәрт мінезін, мынау өзбектер отыр ғой, көңілдеріне келмесін, ұдайы айтып отырамын. Қайда жүрсем де, осы тілектің үстіндемін. Бір-бірімізді қадірлеп жүрейік...»
Ең бастысы – Орал Таңсықбаевтың өз шешімін ақыл таразысына салып қабылдағаны.
Таңсықбаев Өзбекстанда өзін өзге ортада жүргендей сезінді ме? Жоқ. Ташкент оған тарлық етті ме? Жоқ. Өзбектер қазақ суретшісін шеттетті ме? Жоқ. «Менің қаным – қазақ, бірақ қонақжай өзбек жері мен үшін туған анамдай қамқор болды» – 1972 жылы жариялаған «Жаңа өмірге» атты мақаласында суретші осылай жазған.
Өзбекстан – Оралдың туған жері. Ташкент – Оралдың туған қаласы. Сүйікті шаһары. Ол дүниеге келген жиырмасыншы ғасырдың басында Ташкентте өзбек пен қазақ мидай араласып, қатар жүрген. Ал кейін бәріміздің бір елде, ортақ Отанда – Кеңес Одағында болғанымызды, Кеңес адамы ретінде бірге өмір сүріп жатқанымызды естен шығарудың тағы жөні жоқ. Тағы емес-ау, тіпті де жөні жоқ.
Өзбек елі Таңсықбаев талантын тамыршыдай тап басып таныды, оны барынша ардақтады, алақанына салып аялады. Алматыдан алмаған үйін алып та берді, Алматы салмаған шеберханасын салып та берді. Қайта-қайта алып, қайта-қайта салып берді. Атақ-даңқты да, қызмет-лауазымды да аямады. Ал, қараңыз. Саусақ жетсе, бүгіп санай берсеңіз де болады.
Орал Таңсықбаев қырыққа толмай тұрғанында «Өзбек КСР-інің өнеріне еңбек сіңірген қайраткер» атанды, Еңбек Қызыл Ту орденін екі рет (1951, 1957 жылдарда) кеудесіне тақты, Ленин орденін алды, Өзбекстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы (1956–1959 жылдарда), КСРО Суретшілер одағы басқармасының хатшысы (1957–1968 жылдарда) болды, Өзбек КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына төрт рет (1959, 1963, 1967, 1971 жылдарда) сайланды, 1954 жылы КСРО Көркемсурет академиясының корреспондент-мүшелігіне, 1958 жылы Академияның толық мүшелігіне (Орта Азия мен Қазақстаннан осы атаққа жеткен жалғыз суретші) сайланды, 1973 жылы «Туған өлкем – Өзбекстан» пейзаж циклі үшін Өзбек КСР-інің Хамза атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды...
Бұдан артық қалай құрметтей алсын енді! Бәрін жасаған!
«Талант тас жармай тұрмайды ғой. Осы жақсылықтың бәрін Қазақстаннан да көрер еді, осы атақтың бәрін қазақтар да алып берер еді» дейсіз ғой, әрине. Қайдам-ау!..
«Бір кем дүние» демекші, өзбек елінің Орал Таңсықбаевқа алып бере алмағаны да бар. Ол – Лениндік сыйлық. Иә, Таңсықбаевқа Кеңес Одағының ең басты, ең мәртебелі сыйлығының лауреаты болу бақыты бұйырмады. Лениндік сыйлыққа Орал Таңсықбаев 1964 жылы ұсынылған еді. Ол жылы сыйлық әйгілі суретші, монументалист, график, мүсінші Александр Дейнекаға берілген. Сыйлыққа ұсынылудың, талқыға, дауысқа түсудің жай-жапсары басқа тұста қозғайтын әңгіменің арқауы. Оралдың Мұхтар ағасы 1959 жылы Лениндік сыйлықтың лауреаты атанғандағы қуанышының нақты ізін «М.О. Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының қолжазба қорындағы (282-бума, 110-парақ) мына жеделхаттан да көре аламыз: «Ауэзову Мухтару Омархановичу От всего сердца поздравляем присуждением Ленинской премии сердечный привет Валентине Николаевне – Тансыкбаевы».
Жеделхатты жөнелте салысымен Орал Алматыға жеткенше асығады. Сондағы бір қызық оқиға біраз естелікте жазылған. Оны Мұхаң айналасындағы адамдарға сондайлық ықыласпен, сүйсіне әңгімелеген екен. Біз де келтірейік. Ташкент ұшағынан түскен Орал Мұхтар ағасын аса абыройлы сыйлығымен құттықтауға келе жатады. Таксиден түскен бетінде жеңгесіне – Валентина Николаевнаға гүл алмағаны ойына оралады. Гүл базарына қайта барып жүретін уақыт жоқ, асыл ағаны құттықтағанша тағаты да таусылып барады. Ол кезде Алматыда не көп, гүл көп. Әсіресе Төлебаев көшесінде. Үй маңайындағы гүлзардан бір шоқ гүлді үзіп алады. Сол сәтте... ысқырық шар ете қалады. Милиция! Орал қашып кеп береді. Милиционер қуып кеп береді. Жүгіргеннен жүгіріп отырып, Әуезовтің үйіне кіріп кетеді. Мұхаң аулада қыдырып жүр екен... Артынан шауып жеткен милиционер аулаға кірсе... әлгінде ғана гүл жұлып қашқан адамды құшақтап тұрған Әуезовті көреді... Бұл әңгімені сонау 1969 жылы Ташкентке арнайы барған, «Лениншіл жаста» «Тау мен дала жыршысы» деген атпен бір беттік мақала жазып, шын мәнінде қазақ топырағындағы таңсықбаевтануға түрен салып қайтқан Пернебай Дүйсенбинге Орал ағаның өзі айтқан екен. Ол мұны «Әнім менің» атты мақаласында («Егемен Қазақстан», 1994 жыл, 1 ақпан) келтірген де.
Ташкенттегі музей-үйде Әуезовтің Елизавета Яковлевнаға жолдаған хаты сақтаулы. Айтқандай, ол хатты Аян Нысаналин баспасөзде («Қар үстіндегі гүлзар», «Социалистік Қазақстан», 1991 жыл, 9 ақпан) алғаш жариялап, айналымға түсірген. Таза тіршілік қарекетіне қатысты әңгіме болғаннан кейін Орал Таңсықбайұлының әйеліне жазғаны көрініп тұр. Былай делінген: «...Ең алдымен сізге, Оралға жүрек сәлемін жеткізгім келеді. Бәріңіз де аман-сау болып, менің туған бауырым Оралдың керемет өнері өрістеп жатқанына сенемін. Сіздің үлкен шаңырақтағы туған-туыстарыңызға дұғай-дұғай сәлем. Мен сізге үлкен бір өтініш айтқалы отырмын: Ташкентте жай қызметкерлерге мейманханаға орналасу қиямет құсайды, сондықтан біздің қызымыз Ләйләні үш күнге орналастырсаңыз, игі болар еді. Достық сәлеммен Мұхтар Әуезов. 3. VII. 60 жыл». «Менің туған бауырым Оралдың керемет өнері» деген алты сөзге алып адамның кең жүрегі де, ірі талантты інісіне ағалық ілтипаты да, сағынышы да, мақтанышы да сыйып кеткен ғой!
Сыйлыққа оралайық. Дәл сол Лениндік сыйлықтың кезінде Әуезов пен Таңсықбаевтың арасындағы ағалы-інілі сыйластықты сынаққа салғаны да бар. Мұның шет жағасын әуелде Елизавета Яковлевнадан, кейінірек әр жылдарда өзбек зиялыларымен әңгімеден әредік естігенбіз.
Өзбекстан тарихында өзінің өрнекті ізін қалдырған аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, 1959–1983 жылдарда Өзбекстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Шараф Рашидов республиканың экономикалық-әлеуметтік дамуына зор үлес қосумен қатар, мәдениет пен өнерге ала бөтен қамқорлығымен де көзге түскен тұлға. Өзі де ірі прозашы, нәзік жанды ақын болған адам. 1961 жылы Шараф Рашидовтың «Дауылдан да күшті» романы (кезінде бұл шығарманы Әбен Сатыбалдиев аударған) Лениндік сыйлыққа ұсынылған. Сол тұста Оралға өзбектің атақты ақыны, драматургі Кәмел Яшен қолқа салған. Қолқасының мәні – Мұхтар Омарханұлының дауыс беруде Рашидов кітабын қолдауына септесу, сөз көмегін көрсету. Ол шақта Мұхтар Әуезов Лениндік сыйлықтың лауреаты, Одақ көлемінде аса беделді қаламгер. Әсіресе Орталық Азия, Қазақстан, Кавказ республикаларынан сыйлыққа ұсынылатын шығармалар жөніндегі түйінді бағаны комиссия мүшелері дәйім Әуезовтен күтіп отыратын. Бұл жайында өзі бір сөзінде «Одақтағы мына Поволжье, Кавказ, Закавказье бар, солардан былай қарай бүкіл Шығыс өңірі комитетте маған тапсырылған. Солар бойынша алдымен менің пікірім негізге алынады» деген де. Алайда Оралдай жақын көретін жақсы інісі өтініш айтса да, әманда әділдіктен айнымайтын Әуезов Шараф Рашидовтың кандидатурасын қолдамайды. Қолдамағанымен қоймай, Лениндік сыйлық жөніндегі комитеттің әдебиет секциясының отырысында сөйлеген сөзінде «Ұлт әдебиетінің деңгейін есепке алу керек деген сөз – орыс әдебиеті үшін бір деңгей, украин әдебиеті үшін тағы бір деңгей, өзбек әдебиеті үшін үшінші деңгей, айталық, якут әдебиеті үшін төртінші деңгей қойылады деген сөз. Бұлай деуге болмайды. Бізде талап бірдей деп жауапты түрде мәлімдейміз: Лениндік сыйлықты тек жақсы, орыс әдебиетінің таңдаулы туындыларымен тең түсетін туындыларға беруіміз керек» («М.О. Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі», А., 1997. 739–740-беттер) деп айта келіп, «Меніңше, бауырластық (өзбек жолдастар мені дұрыс түсінер деп ойлаймын) бәрінен бұрын бір-бірімізбен қарым-қатынаста шынайылық пен шыншылдық болуын талап етеді. Біз өзіміздің әдеби байланыстарымызда, жалпы адамдық аралас-құраластығымыз сияқты, бауырдың бауырға айтатынындай бүкіл шындықты жайып салуға тиіспіз...» – деп тұрып, турабидей турап түседі.
Осындай жағдайдан кейін де аға мен інінің арасы алшақтамаған.
Жалпы, осы екі алып тұлғаның бір-біріне құрметі, ғұмыр бойы тек сыйластықпен, сағынышпен өтуі жан жібітерліктей. Елизавета Яковлевнаның: «Ол қазақтың халық әндерін ұнататын. Өмірінің соңғы кезінде Огинский полонезінің домбырамен шертілетін нұсқасын жиі-жиі тыңдап жүрді. Оның сағыныш сазына тым құлай берілетін» деген сөзін жүрегің шымырламай тыңдау мүмкін емес еді...
Орал Таңсықбаевтың Әуезов өмірден өткендегі қайғы-қасіретін замандастар естеліктерінен оқи аламыз. Ташкенттен Алматыға жаны жылап жеткен суретші қабір басында «Жетім қалдым-ау, жетім қалдым-ау» деп кемсеңдей берген екен. Көп ұзамай қаламгердің портретін жазған.
Әуезовтің өмірінде Таңсықбаевтың қандай орын алғанын, Таңсықбаев үшін Әуезовтің кім болғанын көргісі келген адамға қаламгердің Алматыдағы музей-үйіне баруға кеңес етер едік. Жазушының жұмыс кабинетіне Орал Таңсықбаев 1957 жылы, Мұхаңның 60 жылдығына сыйлаған «Тау пейзажы» картинасы ілінген. Енді сонау Ташкенттегі үйде Мұхтар Омарханұлы ұнатқан суретке қарап, асыл ағаны сағынып тұрған Орал Таңсықбаевты, мынау Алматыдағы үйде Оралдай сирек суретші сыйлаған картинаға қарап, жанындай жақсы көрген інісін еске алып тұрған Әуезовті көз алдыңызға келтіруіңіз қиын емес...
Әуезов Таңсықбаев картиналарында өзі өмір бойы талмай суреттеген табиғаттың өзге өнер тілінде өрнектелгенін қатты қадірлеген, сол жолда, сол жарыста оза шапқан өрен жүйрік бауырын ерекше қастер тұтқан. Таңсықбаев Әуезовті үнемі үйренетін үздік үлгі, өзгеше өнеге ретінде алдына ұстаумен өткен. Қазақтың қос ұлы перзенті Жер-Ананы бірі сазды сөзбен, бірі сырлы бояумен жарыса жырлаған. Ұлылар үйлесімі дегеніміз де осы.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ

574 рет
көрсетілді0
пікір