- Ақпарат
- 13 Наурыз, 2025
Алаш тағылымын танытқан

Егемен еліміздің тарихында, бүкіл саналы ғұмырын ел мен жер мәселесінің ақтаңдақ беттерін ашуға арнаған жаңа тұрпаттағы тарихшылардың шоғыры қалыптасты. Академик Кеңес Нұрпейісұлы сол шоғырдың ішіндегі дара тұрғандардың бірі еді.
Ол ұлт тарихының олқы және жаралы тұстарын жақсы білді. Елдік, мемлекеттік сананың құрамдас әрі маңызды қыры болып саналатын тарихи сананы қалыптастыруға жіті көңіл бөліп, тәуелсіз Қазақстанның тарихын зерттеудің жаңа жолдары мен әдістерін іздеді және Отан тарихының зерттелмеген, тылсым тұстарын зерделеуге, оның тұңғиығына бойлай беруге бар қажыр-қайратын жұмсады. Айталық, Қазақстанда болған саяси қуғын-сүргін тарихын, Алаш (Алаш Орда) қозғалысы тарихын зерттеу ісіне, саяси репрессия құрбандарын ақтауға және олардың есімін ел санасында қайта жаңғыртуға үлес қосты.
Әсіресе еңбектерінде Алаш қозғалысының жетекші қайраткерлері Ә.Бөкейханның, А.Байтұрсынұлының, М.Дулатұлының, М.Шоқайдың, М.Тынышбаевтың, Х.Досмұхамедұлының, Ә.Ермековтің өмірі мен қызметіне қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінен алынған құжаттарды ұтымды пайдаланды. Оның «Алаш һәм Алашорда» атты ғылыми монографиясында автордың өзі атап көрсеткендей, мұнда ең алдымен осы тақырыптың бір-бірімен тығыз байланысты үш қыры қарастырылады. Олар саяси партия ретіндегі Алаштың тарих сахнасына шығуы және оның бағдарламалық мақсат-міндеттері, мемлекеттік құрылым ретіндегі Алаш автономиясының ұйымдасуы, осы автономияны басқару үшін құрылған үкіметтің – Алашорданың іс-әрекеттері, оның таратылуы сияқты мәселелерді айта келе, «Алаш»... өтпелі саяси ұйым болғанына қарамастан, қоғамдық-саяси өмірге араласа бастаған кезден түбірлі екі ұлттық мақсатты – қазақ халқын отарлық езгіден құтқаруды және қазақ қоғамын өркениетті елдер қатарына жеткізуді өзіне басты нысана етіп белгіледі. Осы негізгі мақсаттарды және олардан туындайтын басқа да әлеуметтік-саяси міндеттерді шешуді Алаш басшылығы эволюциялық реформа жолымен жүзеге асыруды көздеді» (Алаш һәм Алашорда, Алматы: 1995, 214 б.) – деп Алаш қозғалысына қатысты пәтуалы пікірлермен тұжырымдайды. Сондай-ақ 20–30-жылдардағы Алаш қозғалысына қатысты жарық көрген еңбектерге қазіргі кезең тұрғысынан сыни тұрғыдан қарап, әділ бағасын береді.
Академиктің назарынан тұлғатану мәселесі де тыс қалмады. Оның Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов, О.Жандосов, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ш.Есенов туралы жарық көрген ғылыми-тарихи очерктері Oтан тарихында, тұлғатану мәселесіне байланысты тың зерттеулер ретінде белгілі. Аталған тұлғалардың өмірі мен қызметі жөнінде мол, тың мағлұматтар беріліп, олардың қарымды қызметі оқырманға жаңа қырынан танылды. Сонымен бірге Кеңес Нұрпейісұлының ғылыми жетекшілігімен және тікелей қатысуымен әзірленген ғылыми жұмыстарда «ХХ ғасырдағы Қазақстанда болған саяси қуғын-сүргін тарихы», ұлт-азаттық қозғалыс тарихы да кеңінен қамтылды. «Саяси және рухани саладағы тоталитарлық режімге қарсылық (20–30-жылдардағы Қазақстан мысалында: нақты тарихи зерттеу)» тақырыптары бойынша да зерттеулер жүргізіліп, ғылыми басылымдар дайындалған болатын.
Өзге тарихи зерттеулермен қатар, Кеңес Нұрпейісұлы өзінің кіндік қаны тамған Жетісудың да тарихына көңіл бөлді. 2003 жылдан бастап, жалпы, Жетісуға арналған «Туған өлке» атты тарихи-өлкетану журналын ұйымдастырып, бас редактор болуы, ғалымның туған жерге деген сүйіспеншілігін, өзі таңдаған тарих ғылымына деген адалдығын байқатады.
Тоқсаныншы жылдардың аяғында докторлық диссертация жазу барысында, аға ғылыми қызметкер ретінде академик Манаш Қозыбаев басқарып отырған Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтына тіркеліп, ғылыми жұмыспен айналыстым. Ғылыми тақырыбыма байланысты Кеңес дәуірі тарихы бөлімінің меңгерушісі болған академик К.Нұрпейісұлымен жақын араласуым да сол кезге тұспа-тұс келген еді. Ғылыми кеңесшім болған академик Манаш Қозыбаев қайтыс болғаннан кейін Кеңес Нұрпейісұлы менің докторлық диссертацияма кеңесшілік міндетін өзі атқарып, талқылау барысында, күнделікті жұмыс барысында ақыл-кеңісін беріп, шын жанашыр ақылшы, ұстаз болды.
Өзінің саналы ғұмырын қазақ ғылымының қара шаңырағы болған – Ғылым академиясының қабырғасында, оның ішінде
Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында өткізген Кеңес Нұрпейісұлы зиялы қауымның, ғылыми ортаның арасында беделді, сыйлы, жастарға қамқор, қағылез ғалым еді. Күнделікті өмірде жайдарлы, орынды жерде әзіл де айта отырып, кең пейілімен айналасын баурап алатын. Алматыға жолым түскен кезімде ұстазыма телефон шалмай, кездеспей кеткен жерім болмады. Телефон арқылы амандық сұрасқаннан кейінгі ол кісінің айтатын бір-ақ ауыз сөзі болушы еді, ол – «ертең қай уақытта біздің үйге келуге уақытың болады». Осы бірауыз сөзде қаншама ыстық ықылас, ілтипат, ағалық сезім, ұстаздық қамқорлық жатыр десеңізші?! Келесі күні айтылған уақытта сол үйде кездесіп, ағамен жүздесіп, дидарласып, ұзақ әңгіме, кішігірім мәжіліс құратын едік. Осындай кезде Кеңес Нұрпейісұлының кемеңгерлігінің, ойларын логикалық жүйеде нақты баяндай білетін ойшылдығының талай рет куәсы болдық. Өзінің саналы ғұмырын Ұлттық ғылым академиясының қабырғасында өткізген ғалым ағамыз 50-жылдардың соңынан бергі академияның тарихын, оның ішінде қоғамдық ғылымдардың өсу жолдарын, оған әр кезеңде атсалысқан ғалымдар туралы жетік білетін. Өзіне ұстаз болған академиктер А.Нүсіпбеков, С.Бәйішев, Г.Дахшлейгер т.б. туралы естеліктер айтып, қазақ ғылымын дамытып, зор үлес қосқан басқа да ғалымдар туралы жақсы пікірлерін білдіріп, зор ілтипатпен баяндап беретін. Белгілі тұлғалармен тікелей араласса да, Кеңес Нұрпейісұлы болмысында қарапайым қалпынан айнымай, өзі туралы мақтан сөздерге әсте бармайтын. Туғанына тоқсан жыл толып отырған көрнекті тарихшы-ғалым, Ұлттық ғылым академиясының академигі, ұлағатты ұстаз, парасатты тұлға Кеңес Нұрпейісұлының есімі жыл өткен сайын Алатаудай асқақтап, Шолпан жұлдыздай жарқырай түсері анық.
Қадыр Ахметов,
А.Құсайынов атындағы
Еуразия гуманитарлық
институтының проректоры,
тарих ғылымының
докторы, профессор

656 рет
көрсетілді0
пікір