• Ақпарат
  • 13 Наурыз, 2025

Ірі ғалымның іргелі ізденісі

Репрессияланған ғалымдардың тұлғасын персонологиялық аспектіде психологиялық тұрғыдан зерттеген М.Ярошевский (өзі де қудаланып, Л.Н. Гуми­левпен ­ГУЛАГ-та бірге азап шеккен) ғалымның жеке тұлғасын тану үшін, алдымен, ғылым психологиясын 3 аспектіде зерттеу керек дейді: 
1. Ғылыми таным психологиясы;
2. Ғылыми қарым-қатынас психологиясы;
3. Зерттеуші тұлғасының параметрлері.


Бұлардың біріншісі, яғни ғылыми таным психологиясы дегеніміз – тұлғаның ғылыми білімді игеру, түсіну және қалыптастыру үдерісін зерттейтін психология саласы. Ол ғылыми ой, шығармашылық, интуиция, танымдық үдерістер, уәждеме, ғылыми ұжымдағы қарым-қатынас сияқты түрткіжайттардан құралады. Академик Шора Сарыбаевтың ғылыми таным психологиясының ерекшелігін оның диалектологиялық зерттеулерінің эволюциясы айқын көрсетеді деп ойлаймыз. Ғалымның қазақ диалектологиясына қатысты зерттеулерінің басы 1955 жылы бірінші басылымы жарық көрген «Қазақ тілі диалектілеріндегі тілдік ерекшеліктерді жинау бойынша сұраулықтан» басталады. Бұдан кейінгі еңбектерін отандық, түріктік, жалпы, әлемдік диалектологиядағы өзекті мәселелерді талқылауға, диалектология саласы алдында тұрған күрделі міндеттерді айқындауға арнаса, сонымен қатар әріптестерінің тұжырымдарын саралап, олардың көзқарасына келісетін-келіспейтін тұсын көрсетіп, осы саланы дамыту бойынша өз ұсыныстарын дәйектеп береді. 
Ғалым-диалектологтің шығармашылық жолының бастапқы бұл кезеңі өткен ғасырдың 60-жылдарына тұспа-тұс келді. Оны мақсат қою және әдістерді белгілеу кезеңі деуге болады. Ал осы кезеңнен кейін ғалым әріптестерімен бірге Қазақстанның 40-қа жуық өңірінің жергілікті сөз ерекшеліктерін жинау экспедицияларына өмірін арнайды. Бұл – эмпирикалық база жасақтау кезеңі. Шора Сарыбаевтың қазақ диалектілері бойынша жиған құнды деректері Қазақстанның барлық өңірін қамти отырып, қатталып, хатталып, жүйелі жинақталғанын кабинетінде бір қабырғаны түгел алып тұрған картотекалық қорынан білетінбіз, әр жәшікте шамамен 300-дей қимақағаз болатынын ескерсек, оның ауқымына да шүбә келтірмейміз. Бұл – ғалымның диалектология саласындағы шығармашылығының зерттеушілік, жемісті зерттеушілік кезеңі деуге болады. Осы кезеңде:
– қазақ диалектілерінің өңір-өңір бойын­ша базасы жинақталып, әр өңірге тән лексикалық, фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктер түгенделді; 
– диалектілік қорда сақталып қалған тіліміз дамуының тарихи кезеңдердегі көрініс­тері анықталды, бұл тарихи-салыстырмалы тіл біліміндегі зерттеулерге тың серпін берді;
– диалектілік қордағы сырт (көрші) тілдердің әсерінен пайда болған бірліктер мен құбылыстар анықталды, бұл отандық лингвис­тикада лингвогеографиялық зерттеулердің дамуына жол ашты;
– диалектілік қордың әдеби тілді байыту көзі ретіндегі рөлі анықталды, сөздіктердің сөзтізбесі кеңейді;
– бұған дейін ғылыми таным елегінен мүлде өтпеген диалектілік қорда сақтаулы ұлттың кәсіби коммуникациясына қызмет еткен тілдік қабаты анықталды, бұл қабат сол кезде «кәсіби лексика» (аңшылық, саятшылық, егіншілік, малшылық, түйешаруашылық, қойшаруашылық, жылқышаруашылық, зергерлік, тігіншілік т.б. лексика, балықшы, сүйекші, егінші т.б. лексикасы) деген атаумен ұлт тілінің интеллектуалдық өзегі ретінде тұңғыш зерттеле бастады.
Осы кезеңде ғалымның іргелі ғылыми мақалалары жарық көрді, олар отандық қана емес, КСРО, сонымен бірге түріктілдес ел ғалымдарына ой салды. Оның әдеби тілде баламасы жоқ, жергілікті тілде бар сөздермен әдеби тіл лексикасын байыту туралы идеясын әріптестері жан-жақтан қолдады, сол жылдары әдеби тілімізге жергілікті тілден біраз сөз енді, олардың «PR-менеджері» де Шора Сарыбаев бастаған диалектологтер болды. Мысалы, қазір әдеби тілдің сөзі ретінде танитын әтір, әк, иісмай, кұнбағыс, кемпірауыз, сүтсірне, иіссу, шелек, сіріңке, жүгері, бекіре, жастықағаш, көпшік, қолорамал, шабандоз сияқты т.б. лексикалық бірліктер диалектолог-ғалымдардың өңір-өңірден жиып-теріп келген жергілікті бояулы сөздері еді. Бүгінде олар әдеби тіліміздің лексикалық қорына еніп, күллі қазаққа бірдей таныс сөзге айналды. Ғалымның осы кезеңде жазылған түрік-моңғол тілдік байланыстары туралы мақаласы тарихи-салыстырмалы зерттеу бағытындағы ізденіске бастап, түркітанудағы алтай теориясы бойынша отандық еңбектердің алды болды. Оның деректеріне де диа­лектологиялық экспедицияда жинақталған материалдар алынды. Кейін бұл бағытта филология ғылымының кандидаты дәрежесін алу үшін Бұқатын Базылхан, филология ғылымының докторы дәрежесін алу үшін Жансейіт Түймебаев іргелі зерттеу жүргізді.
Тіркеу, жүйелеу, насихаттау кезеңі – оның диалектологиялық зерттеулерінің қорытындысын жасайтын, теориялық ғылыми тұжырымдарын практикаға ұштастыратын, яғни сала бойынша атқарған ісінің логикалық аяқталу кезеңі. Осы аралықта диалектілік қорды лексикографиялау, яғни сөздіктерге енгізу ісі қолға алынды, оларды орфографиялық, әдеби тілдің түсіндірме және диалектология­лық сөздіктерде беру жолдары анықталды. Ш.Сарыбаев бұл кезеңде қазақ тілінің диалектологиялық атласын жасау бағдарламасын, диалектологиялық сөздік жасау нұсқаулығын әзірледі, тұңғыш диалектологиялық, аймақтық сөздіктерді шығарды, басқа сөздіктерде диа­лектілерді берудің жолдарын айқындайтын ғылыми мақалалар жазды. 
Екінші, ғылыми қарым-қатынас психологиясы – ғалымдар арасындағы ақпарат алмасу, білімді тарату және бірлескен зерттеу әрекеттеріндегі психологиялық заңдылықтарды қарастырады. Оның негізі аспектілеріне ғалымдар арасындағы коммуникация, ғылыми ұжымдағы қарым-қатынас, ғылыми ақпарат алмасу, ғылыми ынтымақтастық пен халық­аралық қарым-қатынас ерекшелігі жатады. 
Шора Сарыбаев – ғалымдығы мен адамдығы үйлескен, тыңдарманына әрқашан оң әсер қалдыра алатын бірегей коммуникативтік тұлға. Оның бірегейлігін кез келген ортадағы қарапайымдылықты, юморды, тыңдарманына тек жағымды эмоция сыйлауды, ортасын ойлауды алға тартатыны анықтайды. Алматы, ел ішін былай қойып, түрік, шетел ғалымдарының ортасында да айналымда жүрген «сонда Шора ағай (ақсақал) былай деген екен», «Шора ағайдың (ақсақалдың) дәл осыған қатысты мынадай сөзі бар еді» деген және олардың дені еріксіз езу тартқызатын сөздері, фразалары көп. Бір қарағанда, олар жеңіл күлкінің құралы іспетті, бірақ астарында терең философия, ғылыми қарым-қатынасты тартымды жасаудың бірегей шешімдері жатқанын бірден аңғармайсың. Ол жұртты күлдіру ісін ыждағатпен, кәдімгі кәсіби қызметінің бір парызы іспетті атқаратын. Академик айналасына күлкі сыйлау арқылы позитивті көңіл күйді көбейтуді, қазақтілді ғылым мен қазақ ғалымын ойлағанда тек оң эмоциялар туындауы керек деген идеяны берік ұстанған сияқты. 
Ол кісінің жүрген жерін жайнатып, ресми қарым-қатынастың қасаң шектеулерін кеңейтіп жүретін әдеті баршаға мәлім. Мұнысын ол жазба мәтін тарату арқылы да жүзеге асыратын: объектіге алған адамы туралы жып-жылы қалжың өлеңді ерінбей бірнеше данаға көбейтіп, қимақағазда таратады, жалпы, барлық сөзін қаттап, қағазға жазып алу ағайдың қанға біткен дағдысы. Бұл – ауызша коммуникацияның әсеріне қарамастан, жазба коммуникациядағы ақпаратты визуалды қабылдаудың артықшылығын жіті түсінгеннің белгісі. Қалжың жазылған қимақағазының да «фактологиясы» әрдайым толық: жазылған күні, авторы көрсетіледі, авторы өзі болмаса «тасқа басқан – Ш.С.» деген гриф тұрады. Оның ғылыми пікірталасқа қатысу, сын айту мәдениетін «Сарыбаевша» деген маркермен белгілеп қоюға болады. Ол қандай маркер? Ол, қысқаша айтқанда, күлдіре отырып, сендіру; логикамен жеңу; фактілермен қорғану. 
Ғалым тұлғасын қарым-қатынас тұрғысынан тануда кобиографияның маңызы зор. Кобиография – тұлғаның өмірі мен тағдыры өрілген, қалыптасу, даму жолы, идеялары ортақ болған ақылдос серіктерінің, әулет, отбасы мүшелері, кәсіптестерінің өмірбаяндарымен үйлескен биографиясы. Шора Сарыбаевты зерттеуде мына тұлғалар өмірдерегін қарас­тырмайынша ғалымның образы, қоғамдағы орны, адами қасиеттері толық ашылмайтыны анық: әулет өкілдері – арғы атаcы Сарыбай Байқалов – діни мұғалім, молда; арғы әкелері Харес пен Хайролла – халық ағарту ісі қызметкері; атасы Ғабит Қайроллаұлы Сарыбаев (1893–1966) – қоғам қайраткері, ұстаз; әкесі Шамғали Харесұлы Сарыбаев (1893–1958) – ғалым, педагог, бауыры Болат Шамғалиұлы Сарыбаев (1927–1984) – музыкатанушы, өнертану ғ.д.; ұлы Қайрат Сарыбаев – қоғам қайраткері, дипломат; қызы Майра Сарыбаева – ғылым докторы, филолог; білім ордасы – 12-орта мектептегі (1944) сыныптастары, мұғалімдері, Қазмемуниверситеттегі (1950) курстастары, аспирантурадағы әріптестері мен ұстаздары; еңбек жолындағы кәсіптестері, ұстаздары мен шәкірттері: ҰҒА Тіл білімі институты ұжымы, аға ұстаздары А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, М.Әуезов, Жұмат Досқараев, Нығмет Сауранбаев, Сәрсен Аманжолов, Ахмеди Ысқақов, Мәулен Балақаев, Ғайнетдин Мұсабаев, Нығмет Сауранбаев, Ісмет Кеңесбаев, Әбдуәли Қайдаров, Рәбиға Сыздықова, Оқас Нақысбеков, Сапарғали Омарбеков, Ғабдолла Қалиев, Ербол Жанпейісов, Бұқатын Базылхан, Телқожа Жанұзақов, Көбей Хұсайын, Нұргелді Уәли, Зейнеп Базарбаева, Ғарифолла Әнес, Кәрімбек Құрманәлиев т.б.; «Қайнар» университетінің ұжымы; замандастары – Кеңес кезіндегі соғыстан кейінгі, жылымық, тоқырау, қайта құру дәуіріндегі; Тәуелсіздік кезеңдегі дағдарыс, қалыптасу дәуірінде аралас-құралас болған орта; идеяластары – шетелдік және отандық ғалымдар, қоғам және мемлекет, өнер қайраткерлері.
Үшінші, персонология бойынша ғалым тұлғасының параметрлеріне тоқталсақ, 
М.Ярошевский оларды былай анықтайды: 1) идеялардың даму жолы (идеогенез); 2) бұрыннан белгілі таным жүйесі (категориялды апперцепция); 3) ішкі уәждеме; 4) қарсылас (оппоненттік) орта; 5) дара танымдық стиль; 6) санадан жоғары дүние. 
Идеялардың даму жолы (идеогенез). Шора Сарыбаевтың ғылыми шығармашылығындағы идеялар қоры аса бай, олардың алуантүрлілігі бірден көзге түседі: библиография ісі мен диалектологияның теориясы және практикасынан бастап лексикография, лексикология, терминтану, алтаис­тика, түркітану, грамматика, морфология, лингводидактика, тіл оқыту әдістемесі мен тео­риясы, лингвистикадағы персонология т.с.с. Идеялардың туындауына себепкер болған, ең алдымен, тәрбиеленген ортасы – әулеті, ғылыми қауымдастық пен тарихи оқиғалар. Әсіресе аға буын ұстаздары, репрессияға ұшыраған ұлт қайраткерлерінің еңбектері. Бұл туралы Шора Сарыбаев: «1960 жылы «Қазақ тіл білімі әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші» атты еңбегімнің 1-томын жарияладым. Библиографиялық көрсеткіште А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедұлы, Т.Шонанов еңбектерінің (140 еңбек) тізімі берілгендіктен, ол кітап көзі қырағы цензураның қаһарына ұшырап, туралып кетті. Өзім қызметтен босатылып, сөгіс алдым. Соңымнан «саяси сауатсыз» деген ат ерді. Қазақ тіл білімі сол буынның өнегесінсіз бүгінгі шыққан биігіне жете алмаған болар еді. Бұл күндері мен кеңестік тоталитарлық дәуір атына мініп тұрған алпысыншы жылдары «саяси сауатсыз» атансам да, рухани ұстаздарымның алдындағы шәкірттік борышымды адал атқарғаным үшін қуанамын», – деген (Сарыбаев Ш. Қазақ тіл білімі мәселелері. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2000). Демек, Шора Сарыбаев тұлғасына тән идеогенез «рухани ұстаздар алдындағы шәкірттік борышты адал атқару» идеясынан басталады. Сөйтіп жарты ғасырға созылған тілтаным саласындағы тұңғыш библиографиялық еңбек циклін әзірлеу ісі басталды. Бұрын-соңды зерттелмеген салада жаңалық ашу, тыңнан түрен салу мақсаты – одағай сөздерді лексика-грамматикалық категория ретінде негіздейтін еңбектің жазылуына себеп болса, Кеңестік кезеңдегі ұлттық тілдің лексикалық қорын байыту, халық тілін құндылық деңгейіне шығару, оның асыл қазынасын өңірлік ерекшеліктерінен жинау ғалым идеялары генезисінің келесі кезеңін ерекшеледі. Осы кезеңнен бастап айнала қоршаған дүние атауының бәрі қазақша болуы керек, қаланың қазақ баласында да ана тіліндегі таза орта болуы керек деген идея Ш.Сарыбаевтың ізденіс саласын көбейтті. Бұл идея ғылыми-зерттеу еңбектері мен ғылыми ортадағы белсенділігін былай қойып, тіпті күнделікті тұрмыс салты мен дағдысына, хоббиіне де әсер етті. Ауладағы балаларды жинап алып, қуыршақ театрына апару, қазақ операсын, театрын қолдау үшін тынбай көрермен жинап, қойылымға апару, қазақ пошта маркаларын жинау, үйдегі телефоннан отбасыдағылардың ана тілінде сөйлесуін қадағалау, үйде қазақ тіліндегі отбасылық қабырға газетін шығару, ұлының спортқа қызығушылығын тудыру арқылы спорт саласы терминдерін реттеуге уақытын арнау т.с.с. істері орыстілді кеңістікті өз әрекетімен қазақтілді кеңістікке айналдыруы деп бағалаймыз.
Бұрыннан белгілі таным жүйесі (категориялды апперцепция). Априорлық ғылыми-философиялық категориялар: ғылыми танымның алдыңғы тарихи тип санаттарының торы. Априорлық категориялар – ғылыми танымның тарихи түрде қалыптасқан алдыңғы типтік санаттарының жиынтығы. Оған ғалымның бала кезінен білген дәстүрлі ұлттық, жалпыхалықтық білім жүйесі, сол кездегі бастауыш, орта, жоғары білім беру жүйесі, отбасыдан, әулетінен, білім орындарынан алған дүниәуи білімдері, діни білімдері, орыс жазушыларының шығармалары, Алаш мұрасы, өзі үйренген тілдеріндегі ақпарат, XX ғасырдың басын­дағы Еуропадағы және Ресейдегі ғылы­ми ілімдер, түрік дүниесіне ортақ білімдер жатады.
Ішкі уәждеме. Шора Сарыбаевтың ішкі уәжі, ең алдымен, әке үмітін ақтау, ана тілін сүю, өзі өмір сүрген қалалық ортаны далалық ортадағыдай ұлттық құндылықтармен, ұлттық тілдің үнімен, қазақы қалжың эстетикасымен толтыру, жинақтау, жүйелеу, тіркеу болды. 
Қарсылас орта. Ғалымның шығармашы­лық жолында қарсылық көрсеткен орта мен оппоненттері оның ғылыми идеяларының қалыптасуы мен таралуында үлкен рөл атқарады. Әдетте мұндай оппоненттер нақты тұлғалардан тұрады, алайда Шора Сарыбаев жағдайында бұл ұғымды жеке адамдармен бірге тұтас тоталитарлық жүйе қалыптастыр­ған теріс идеялар ретінде қарастырған дұрыс. Шора Сарыбаевтың шығармашылық жолында әсірепуристер мен кеңестік әсіреинтернационалистер оппоненттік ортаны құрады. Ол ұлттық тілдің тазалығын қорғай жүріп, жаңалыққа қарсы, тілдің жаңаруын қатер деп қабылдайтын тым қасаң оймен де, екінші жағынан, сырттан келген сөздің барлығын ұлт тіліне икемдемей ала берейік дейтін көзсіз интернационалистермен де ғылыми мақалалары, БАҚ-тағы сөзі арқылы күресті. 
Академик Шора Сарыбаевтың дара танымдық стилінің ерекшелігі:
– зерттеу материал жинаудан басталады;
– жүйеленбеген, ой елегінен өтпеген материал зерттеуге жарамсыз;
– деректер қаттауды, хаттауды, сауатты тіркеуді қажет етеді;
– әр тұжырымға ол тұжырым болу үшін мың мысал керек;
– маңызсыз деталь жоқ, детальдан тұтас­тық құралады;
– қазақ тілінің кәдесіне жарайтын бірліктердің барлығы – қазына;
– әдеби тілдің ең мықты көзі – халық тілі;
– зерттеудің логикалық аяғы халық тұтынуына жарайтын практикалық еңбек болуы керек.
«Санадан жоғары жүйе» ұғымы кейбір зерттеулерде «жоғары сана» немесе «суперсана» деп те аталып жүр. Бұл жүйе арқылы ғалым өзі зерттеп жатқан нысанын бұрын-соңды болмаған жаңа қырынан көруге, жетілдіруге арналған тың ізденіс жүргізеді, идеялар тудырады. Санадан жоғары жүйені қалыптастыратын түрткі-жайттарға еркін қиял (импровизация), шабыт көздерін іздеу, бейсаналы жүретін ойталқы, сондай-ақ адамның өмірлік тәжірибесі, танымдық көкжиегі, эмоциялық көңіл күйі, құндылықтар жүйесі де жатады. Осы тұрғыдан академик Шора Сарыбаевты былай бағалауға болады: ол – Кеңестік сұрқай мәдениетке үйлеспейтін, «совет адамы», «совет ғалымы» деген күштеп шапталған қалыпқа сыймайтын, адамға деген ықыласы, қазақы қалжыңға негізделген тартымды қарым-қатынасы, қарапайым мінезі, тіпті ұлттық колоритті ерекше киім киісі арқылы да бірден көзге түсіп, көңілден кетпейтін бірегей тұлға, қалалық ортада туып-өссе де, даланың даналығын қадірлеп, ұлтының құндылығын, асылын тілінен жинап-теріп, зерттеп, насихаттап өткен, бір өзі ана тіліндегі кеңістік құрай білген, ғылымның қай саласында қалам тартса да, өзінен кейінгі зерттеушіге бастама жасай алған әмбебап ғалым, заманының қайраткері деген сәтті кейстің иесі. 

Анар ФАЗЫЛЖАН, 
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы 
Тіл білімі институтының директоры

907 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы