- Ақпарат
- 13 Наурыз, 2025
Бірлікті бекемдеген басқосулар

Қарагөз СІМӘДІЛ,
«Ana tili»
Былтырғы жаз Көкшетауға сәлем бере барған едік. Дәл орталық алаңда Абылай ханға арналған ескерткіш мен мұндалап қарсы алды. «Ханға мәңгі риза халықтан» деген жазуы бірден көзге түсті. Алмағайып заманалардан ел мен жерді от пен оққа тастамай, аман алып өткен бабалардың ерлік дәстүрі мен өмір жолы осындай ескерткіштер арқылы да бүгінгі мен ертеңге үлгі болса керек-ті.
Қазақтың бірлігі мен тұтастығы сыналар кезде ұлтымыз қандай жағдайға да төтеп берген. Төтеп бере де бермек. Әсіресе алып елдердің бүгінгідей талас-тартысы үдей түскен кезде ішкі бірлігіміз бен тұтастығымыз, өз-өзімізге ие бола білуіміз маңызды-ақ. Осындайдағы басқосуларда ел мен жердің мызғымастығы мен тұтастығы туралы әңгіме де жиі айтылса дейсің.
Тарихтағы басқосулардың жай-жапсарына үңілсек, ел шетіне жау келген кезде, ұлттың тұтастығы мен бірлігі сыналар шақтағы басқосулардың қай-қайсыcында да болашақ үшін маңызды сөз айтылып, шешімдер шығарылғаны белгілі бола түседі. Олардың әрқайсысының тарихын түгелдемеген себебіміз – ондай ұлы жиындар туралы көп жаздық, көп айттық. Ендігіміз ХХ ғасыр басындағы ұлттық, түріктік басқосулардың маңызы мен сабағы туралы еді.
Мәселен, 1926 жылғы Түрікшілер құрылтайы. Бұл құрылтайда ортақ түрік елдерінің тұтастығы, әліпбиі т.б. мәселелер талқыланады. Ахмет Байтұрсынұлы «Түрікшілер құрылтайы мақаласында ол туралы былай дейді: «Түрікшілердің 1-інші құрылтайы февральдың 26-сында басталып, марттың 6-сында жабылды. Түрік нәсілді жұрттардың өкілін жібермегені аз болар. Қалмақтар да адамын жіберген. Бір шеті Ыстанбұл, екінші шеті Қиыр Күншығыстағы Жақыт – сол екі арадағы түрік нәсілді жұрттардың көбінің-ақ өкілдері болды. Бұрын қағаз жүзінде білісу болмаса, көрісуі жоқ түрік жұрттары бірін-бірі жүзбе-жүз көріп танысты. Құрылтай қарауына арналған 14 бапты мәселе еді». Бұл құрылтайдың мақсаты – түбі бір елдің тұлғалары бірігіп, ортақ тіл, діл, дін аясындағы бірлікті нығайту болғанын Ахмет Байтұрсынұлының да, сол кездегі белгілі тұлғалар да мақалалары мен естеліктерінде хатқа түсіріп кеткен.
Тағы бір құрылтайдың хабары – Қазақстан Республикасының Туын тігетін жиын турасындағы естелік ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің «Сайыс» шығармасында жазылыпты: «Жалпықазақ съезі шешуші де өтпелі кезең болды. Әр жерде әрқилы талпыныс, ізденістер болып жатты... Қазақстан Республикасының Туын тігетін Құрылтай съезіне екі жүзден астам делегат келген. Ескі таныстар болмаса, бір-бірімен шұрқыраса кеткендер аз. Біріне-бірі сынай қарайды. Орынбордың мейманханасы жетпегендіктен, әр оқу орнының жатақханасына бөлініп кеткен көп адам асханада кездесіп қалады. РКП Сібір бюросының қазақ-татар бөлімінің меңгерушісі Әбілқайыр Досов, Орынборға келгеніне едәуір уақыт болған Жанайдар Сәдуақасов пен Мұхтар Саматов, Омбы партия ұйымынан Сабыр Шарипов, Қарқаралыдан келген Нығмет Нұрмақовтармен Сәкен бір әмпейлес. Съезд делегаттарының ең үлкен құрамы Орынбор-Торғайдан екен. 112 адамның алпыс төрті Торғай делегациясы, оны басқарып жүрген Әліби Жангелдин, Мұхаметжан Сералин де съезге делегат екен деген хабарға Сәкен айрықша құлағын түрді. Өйткені «Айқап» жабылғаннан кейін одан еш хабар-ошар ести алмай жүрген».
Дүние ақ пен қызыл болып екіге бөлінген шақта да, қазақ тұлғаларының көзқарасы қақ жарылып, жау мен досқа бөлінген кезде де (олардың ұстанымы мен көзқарасына қатысты төрелік сөз айтудан аулақпыз) мәселе қазақ тағдырына, қазақ болашағына келгенде, өткен ғасыр басындағы тұлғаларымыз бірлік пен тұтастықты бастапқы орынға қойғанына осындай естеліктерді оқи отырып көз жеткізе түсетіндейміз.
Мәмбет Қойгелдінің «Қазақ Совет Республикасы: оның иесі кім еді?» зерттеуіне көз жүгіртелік: «Совет өкіметінің Қазақстандағы алғашқы қадамынан бастап-ақ империялық ұстаным оның өмір салтына айналды. Қазақ қоғамын басқару үшін белгіленген (1919–1920) Қазақ революциялық комитеті мен большевиктер партиясының қазақ облыстық бюросы өз шешімдерінде: 1) қазақ ұлт-азаттық қозғалысына белсенді түрде атсалысқан ұлт оқығандарын жауапты совет және партия қызметіне тартуға, оларды қазақ бұқарасымен жұмыс жүргізуге шек қойды, осы мақсатта азаттық қозғалыс тұлғаларын Мәскеуге, ішкі ресейлік губернияларға жер аудару немесе қызметке ауыстыру практикасы енгізілді; 2) қазақ ұлт-азаттық қозғалысының баспа органы қызметін атқарған «Қазақ», «Сарыарқа», «Жас азамат», «Бірлік туы», «Абай» газеттері мен журналдары жабылып, олардың типографиялары тәркіленді; 3) өткізілуі 1920 жылдың қазан айына белгіленген Қазақ советтерінің құрылтай съезіне азаттық қозғалысы басшылары мен олардың жақтастарын қатыстырмау шаралары қарастырылып, қатысқан күнде олардың қабылданатын шешімдерге ықпалын әлсірету, тіптен болдырмау жолдары белгіленді… Мәскеу Қазақстандағы билікті басқа балама ұстанымдағы күштермен бөлісуге үзілді-кесілді қарсы болды. Бұл бір. Екіншіден, орталықтың бұл большевиктік-таптық ұстанымы ұлтшыл-большевизм ұстанымымен астарласып жатты. Мәселен, Қазақстанда советтік автономия мен өкіметтің орнағанын жария етуге тиіс болған советтердің бірінші құрылтай съезіне делегаттар сайлау үлкен күрес арқылы жүрді, мәскеулік орталық съезде мүмкін болғанша жергілікті ұлттық күштердің басымдық алуына жол бермеуге тырысты. Мәселен, Қазақ ревкомы 1920 жылғы 27 сәуірдегі (хаттама №24) отырысында советтердің «Жалпықазақ съезін шақыру туралы ережені» бекіту туралы мәселе қарап, өзінің шешімімен бекітілген комиссияның (Т.И. Седельников (төраға), Ә.Әлібеков, Ә.Әйтиев және А.Байтұрсынұлы) даярлаған ережесін ұлтшылдық ұстанымдағы ереже есебінде бекітпей тастап, ревком қызметкері А.Н. Кулаковтың даярлаған ережесін негізге алды… Бұл арада съезді ұйымдастырушылардың қазақ үкімет орындарының ұлттық құрамына үлкен мән бергенін байқау, әрине, қиынға түспейді. Яғни мәскеулік орталық, біріншіден, съезд делегаттарына жаңа советтік империяда үстемдік сол бұрынғыдай, орыс ұлтында болатынын ескертуді қажет санаса, екіншіден, әрине, жаңа құрылған қазақ үкіметінің қызметінде жергілікті ұлттың мүддесі басымдық алып кетпеуі де қарастырылған еді. Құрылтайды ұйымдастырушылардың есебі бойынша съезд большевиктер партиясы мен Совет өкіметінің қазақ жерінде салтанат құрғанының, ал, керісінше, ұлттық мемлекеттік ұстанымдағы Алаш партиясы мен Алашорда өкіметінің идеялық тұрғыдан жеңіліс тапқанының көрінісі болуға тиіс еді. Осы ұстанымды негізге алған олар съезге Әлихан Бөкейханды шақыруға үзілді-кесілді қарсылық танытты. Қазақ ревкомының мүшесі ретінде А.Байтұрсынұлының талабы бойынша ғана Әлекеңе делегаттық билет беріледі. Бірақ азаматтық соғысқа қатысқан қазақ делегаттарының белсенділік танытуымен Әлекеңе берілген мандаттың күші жойылып, ол съезге қонақ ретінде ғана қатысады...»
Иә, береке мен тұтастықтың жібі сөгіле бастаған тұстағы басқосулардың, ұлттық жиындар мен құрылтайлардың да сабағын ұмытпауымыз керек.
Тағы бір құрылтайдың хабарын тарихшы Қанат Өскембаевтың «Қазақ елі шекарасын қайта қалыптастыру тарихы» мақаласынан табамыз.
«Алғашқы кеңестік жүйедегі бірлік, Қырревком құрылған күнінен Кеңестердің Құрылтай съезінің жұмысы басталғанша, 15 айдағы (1919 жылғы 10 шілдеден 1920 жылғы 10 қазанға дейін) қызметінің ерекшелігі Қазақстан мен Түркістандағы ағымдағы мәселелерді шешуге байланысты. Осыған сәйкес, Қырревкомның «Уақытша ережесі» жасалды. Осы Ереженің үшінші параграфында «Қазақ өлкесінің аумағын анықтағанға дейін Түркістан республикасымен, Қазақ съезімен және орталық Кеңес үкіметімен келісе отырып, ревкомның қарауына Астрахан губерниясындағы қазақ аумақтары және мына облыстар: Орал, Торғай, Ақмола және Семей кіреді» деп көрсетілді... Сол күндері Қырревкомның атқарған күрделі істері, біріншіден, жалпы Қазақстан Кеңестерінің құрылтай съезін өткізуге дайындық жұмыстарын жүргізу. Екіншіден, Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы жобаны жасау. Үшіншіден, Қазақ өлкесінің территориясы мен шекарасын анықтау мәселесі болды. Осы үшінші мәселеге байланысты, Қазақ өлкесінің территориясы мен шекарасының анықталуына РКФСР Ұлт істері Халық Комиссариаты мен Қырревкомның кейбір мүшелері «Қазақ өлкесінің шекарасын» анықтау барысында өздерінің ерекше пікірін білдірді. Олар қазақтың байырғы жерлерін бір ғана Қырғыз (Қазақ) Автономиясына беру мүмкін емесін, бұлай істеу тек буржуазиялық ұлтшылдардың күшеюі мен билігінің кеңеюіне әкеп соғатынын ескертті. Сондықтан бұл авторлар Қазақ Республикасынан Орал облысының Гурьев, Лбищенск және Орал уездерін, Торғай облысынан Қостанай уезін, Ақмола облысының Петропавл, Омбы, Көкшетау уездерін шығарып тастауды ұсынды... 1919 жылы Қырревкомнан кейін 17 тамызда құрылған Сібір өлкесін басқару үшін орталығы Омбы қаласы болып белгіленген Сібір революциялық комитеті айналасындағы Орта жүздің аумағына кіретін қазақ жерлерін өздеріне қосып алуды ойлады. Бұл мәселе туралы Ә.Ермеков естелігінде:
«...Oл жерлер, атап айтсақ, Ақмола облысы және оған енетін Көкшетау, Атбасар, Петропавл және Омбы уездерін, сонымен қатар Павлодар, Семей, Өскемен, Зайсан және Қарқаралы уездері бар Семей облысын қосып алу ойларында болды. Торғай облысының көпшілік жерін Орынбор мен Челябинск басшылары өзара өз пайдаларына шешіп қойды. Ал астрахандық басшылар болса Орал, Атырау, Маңғыстау облыстарын Ресейдің құрамына қосуға асығып жатты. Оңтүстіктегі жағдай да мәз емес еді. Егер Түркістан мемлекеті құрылған жағдайда онда қазіргі Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары Түркістан мемлекетінің, бір сөзбен айтқанда, Өзбекстанның территориясында қалып қоятын еді...» дейді. Осы мәселені Ә.Ермеков арнайы шақырылған қонақ билетімен қатысқан 1920 жылғы 12 қазанда Орынбор қаласында өткен Қазақ АКСР Кеңестерінің құрылтай съезінде Ревкомның қызметіне байланысты жарыссөзде де атап өтеді...»
Қазақ тарихында идеологиялық саясаттың кесірінен бірлік пен тұтастықтың көбесі сөгілген ұлттық басқосулардың да тарихы бізді ойлантқаны дұрыс. Шағын материалымызда ХХ ғасыр басындағы құрылтайлар мен ұлттық жиындардың санаулысын ғана мысал еттік. Оның әрқайсысының өз сабағы, алар тәлімі, пікірталастардан ұғынар жолы бөлек.
Сөз басын Көкшетаудан бастадық қой. Ұлытау. Түркістан. Атырау болып жалғасқан Ұлттық құрылтай биыл Көкшетауда, яғни Бурабайда жалғаспақ. Әлемдік алпауыт елдердің қабағын баққан күрмеуі қиын уақытта бұл Құрылтай ел бірлігі мен болашағы үшін ең қажет тақырыптарды көтергені маңызды.

763 рет
көрсетілді0
пікір