- Ақпарат
- 13 Наурыз, 2025
Қазақ атын қалай қайтарды?

Биыл патшалық Ресей империясының отарлық езгісі кезеңінде үш генерал-губернаторлыққа, Кеңес билігі тұсында бірнеше республика құрамына бөлініп кеткен қазақ жерінің бір республика құрамына бірігуінің аяқталғанына 100 жыл толады. Сондай-ақ Ресей империясының кезінде «киргиз-кайсак» атанса, кеңестік биліктің алғашқы жылдарында ресми түрде «киргиз» атанған қазақ халқының тарихи атауын қайтарып алғанына және Ақмешіттің Қызылорда болып қайта аталуына да 100 жыл толады. Осындай тарихи маңызы орасан зор шешімдер қалай қабылданды? Осыған бір сәт тарихи шегініс жасай отырып, мәселенің туындауы мен байыбына көз жүгіртейік.
Патшалық Ресей империясы ХVIIІ ғасырдың басынан бастап қазақ даласын жаулап алуға даярлана бастады. І Петрдың қазақ даласын «Шығысқа апаратын кілт әрі қақпа» деп атауы да сондықтан еді. ХVIIІ ғасырдың басында бас-басына би болған қазақтың хан-сұлтандары жоңғардан қорғану үшін Ресейдің бодандығына кіруді ойластыра бастағаны тарихтан белгілі. 1731 жылы Кіші жүздің ханы Әбілқайыр бастаған бұл шеру ХІХ ғасырдың орта шеніне дейін жалғасты. ХІХ ғасырдың екінші жартысында ағылшындардың Түркістан аймағына жақын келуіне байланысты Ресей патшалығы қазақ даласының қалған бөлігін тікелей әскери жорықтар арқылы басып алды. Осы аралықта, отарға айналған қазақ даласы мен басқа да отар аймақтарын бағындырып, тырп еткізбей ұстап отыру үшін патша әкімшілігі 11 казак-орыс әскерін құрды. Оның төртеуі (Сібір, Орынбор, Орал және Жетісу) тікелей қазақ даласын бағындыру құралы ретінде патша өкіметі құлағанша қызмет етті.
Патшалық Ресей әкімшілігі қазақтарды осы казак-орыс әскерлерімен шатастырмау үшін ресми түрде «киргиз-кайсак», «киргиз-казак», «киргиз» деп атап, ал қырғызды «кара-киргиз», «дикокаменный киргиз», «дикий киргиз» деп атай бастады. Метрополияның осы таңбасын қазақ және қырғыз халқы 1925 жылдың ортасына дейін алып жүруге мәжбүр болды.
Әрине, қазақ және қырғыз халқы өздерін дұрыс атаумен атағаны дау туғызбайды. Бірақ барлық ресми құжат пен ғылыми әдебиеттерде, мерзімді басылым құралдарында қазақ халқы «киргиз-кайсак» немесе «киргиз» болып жазылып, тұтастай бір этноним бұрмаланып кете барды.
Ал отаршыл орыс әкімшілігінің қазақ және қырғыз халқының тарихи атауын бұрмалауына қарсы болған Ш.Уәлиханов өзінің бірнеше ғылыми еңбегінде қазақтың «қазақ», қырғыздың «қырғыз» екенін ғылыми тұрғыдан дәлелдеді. Ол өзінің 1852 жылы жазған «Профессор
И.Н. Березинге хат» атты мақаласында: «[Аңыз бойынша] қырғыздар өздерін Алтын Орда татарларының [ұрпақтары] қаһармандық поэмаларында – жырларда «көп санды ноғай халқы» деп атайды, ал олардың барлық поэмасының кейіпкері – Алтын Орда ноғайлары: Едіге (Ер Едіге. – Авт.), оның Темірге (Әмір Темір) қашуы және оларды қуып жіберуі. Тоқтамыс туралы [ән] орасан зор және сүйікті [поэманы] құрайды, ал оның қабірі Ұлытау тауында орналасқан; [қарауыл] руынан шыққан Орақ мырза туралы аңыз, Ер Көкше және Ер Қосай – [Алтын] Орда дәуірінің батырлары, олардың поэмаларының кейіпкерлері. Мен қазір жинап жатқан барлық дерек, қазақ халқы (біз өзімізді осылай атаймыз) Бердібек қайтыс болғаннан кейін бірден басталған ордадағы қақтығыстар кезіндегі түрік және моңғолдардың әртүрлі тайпаларының одағынан пайда болғанын растайды», – деп жазды. Ш.Уәлихановтың қазақ атауына қатысты тұжырымдарын тарихшы М.Әбдіров өзінің «Мұхаммед-Ханафия (Шоқан) Шыңғысұлы Уәлиханов «қазақ» этимоны, «қазақ» этнонимі және қазақ халқының этногенезі туралы (бірінші мақала)» ғылыми еңбегінде жан-жақты әрі объективті талдаған.
)
Сонымен қатар Ш.Уәлиханов өзінің 1856–1857 жылдары жазған «Қырғыз шежіресі» атты белгілі еңбегінде «қырғыздарға (қазақтарға. – Aвт.) қазақ деген жалпы атауды иеленетін қаңлы, шанышқылы және керей тайпалары тиесілі» екенін айтумен бастап, «Қазақ халқы (өздерін осылай атайды және қырғызды (қазақты. – Aвт.) азиялық көршілері де осылай атайды) үш жүзге бөлінеді және орыстар орда деп атайтын Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүзге бөлінеді», – дей отырып, қазақ халқының шежіресін таратып кетеді. Ол осы еңбегінде «... казачествоның Азияда басталып, дамығанына және татарлардан орыстарға ауысқанына күмән жоқ... Татарларда ол бұрынырақ дамыған болуы керек», – деп казачество мен олардың атауының түрік тектес халықтардан келгеніне ерекше назар аударды. Оның еңбегінде «қазақылықтың» ең алдымен қазақ даласында қалыптасқаны және дамығаны ерекше аталып көрсетілді: «...Қазақтардың күшеюі Қыпшақ және Түркістан ордаларынан қашқан әртүрлі тайпалар одағымен, әрине, біртіндеп жасалды және қалыптасты... Қазақтар қырғыз (қазақ. – Aвт.) даласында пайда болған тайпалар одағына қосылды деп сенуге болады. Көшпелі дала өмірі мен жыртқыштыққа бейімділік – далалық, көшпелі тайпалардың ортақ қасиеті мен мұрасы олардың ұрпақтарының жаңа одағын, Шайбани-намеге сенсек, сол кезде өте құрметті мағынаға ие болған және рухтың биіктігі мен деннің саулығын білдірген, еуропалық рыцарлыққа сәйкес келетін қазақ атымен біріктірді». Көріп отырғанымыздай, Ш.Уәлиханов ХІХ ғасырдың екінші жартысында патшалық Ресей әкімшілігі қалыптастырып отырған «киргиз-кайсак» атауының дұрыс емесін ғылыми тұрғыдан дәлелдеуге тырысты. Бірақ метрополия өз дегенінен қайтпады.
Ш.Уәлиханов қазақ және қырғыз халықтарының жеке-жеке халық екенін, олардың өзіне тән өзгешелігі бар екенін де ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, әр халықты дұрыс атау қажеттігіне назар аударды. Ол «Ресей империясының географиялық-статистикалық сөздігінде» жарияланған «Қырғыз-қайсақтар» атты еңбегінде: «Қырғыз-қайсақтар, қайсақтар немесе қырғыз-қазақтар – еуропалық Ресейдің оңтүстік-шығысы мен оңтүстік Сібірге дейінгі, Қытай Жоңғариясы мен Қоқан хандығы арасындағы ұлан-ғайыр кеңістікті мекендейтін халық», – дей отырып, қырғыз-қайсақтың дұрыс аты – қазақтар деп жазды. «Қазақ» атауының ХV ғасырдың екінші жартысында пайда болғанына, ал «қырғыз» атауының 569 жылғы Земархтың жазбасында кездесетініне назар аударды. Ол осы еңбегінде «қара-қырғыз» немесе «дикокаменный киргиз» аталған қырғыз халқы мен қазақтарды шатастыруға болмайтынын, екі туысқан халықтың этностық құрамы жағынан да, әлеуметтік-экономикалық құрылымы жағынан да өзгеше екенін айтты.
Биыл туғанына 90 жыл толып отырған қазақтың көрнекті тарихшысы К.Нұрпейісұлының 1991 жылы жарық көрген «Қазақ атын қалай қайтарып алды?» атты мақаласында: «1895 жылы жарық көрген Брокгауз бен Ефронның энциклопедиялық сөздігінің 29-томында (95-бет), 1914 жылы жарияланған ағайынды Гранттардың энциклопедиялық сөздігінің 2-томында (143-бет) қазақ пен қырғыздың екі түрлі халық екені айтылған. Гранттар сөздігінде: «Көшпелілер (қазақтарды айтып отыр. – К.Н.) қырғыз деген атты көршілерінен (орыстардан. – К.Н.) алды. Олар өздерін қазақпыз дейді, олармен көршілес түрік тайпалары да бұларды қазақ деп біледі», – деп жаза отырып, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы ғылыми энциклопедияларда да қазақ халқын қырғыздардан ажырата білгенін атап көрсетті.
Бірақ патша үкіметі мұндай ғылыми тұжырымдармен санаспады. Керісінше, отар халықтардың атын бұрмалап, оларды барынша кемсітіп отырғанын тарихи құжаттардан көруге болады. Патша әкімшілігі қаншама «киргиз-кайсак» дегенімен, қазақтар – өздерінің «қазақ» екенін ешқашан ұмытқан жоқ. Оған ХХ ғасырдың басында қалыптасқан түрік-мұсылман ұлт-азаттық қозғалысының әсерімен қалыптаса бастаған қазақ ұлт-азаттық қозғалысы өкілдерінің ағартушылық күресі айқын дәлел бола алады.
1911 жылы Хан Ордасында шыққан «Қазақстан» газеті, 1913 жылдың 2 ақпанынан бастап шыға бастаған «Қазақ» газеті қазақ халқының өзінің төл атауын ешқашан ұмытпайтынын айқын көрсетті. «Қазақтың» алғашқы санында: «...Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетамыздың есімін «Қазақ» қойдық», – деп жазуы да осының айқын көрінісі еді. Абайдың «Қалың елім, қазағым...» деп толғануы, А.Байтұрсынұлының «Қазағым елім!» күңіренуі,
М.Дулатұлының «Оян, қазақ!» деп шырылдауы қазақ атауының өлмейтін мысалы еді.
«Қазақ» газетінің 1913 жылғы 2 және 3-сандарында «Түрік баласы» атты бүркеншік есім иесі «Қазақтың тарихы» атты мақала жариялап, онда: «Тарих кітаптарындағы көп қатаның бірі – тарих жазушылардың һешбірі қазақ пен қырғызды айырмайды. Қазақ – қазақ, қырғыз өз алдына қырғыз, бұлардың арасында ерекше белгі жоқ. Түрікмен менен башқұрт қандай басқа-басқа ел болса, қазақ пен қырғыз да сондай басқа-басқа ел. Орыстардың, әсіресе хүкіметтің қазақты қазақ демей, қырғыз деп жүргені рас, бірақ олар өздерінің атты «казачи» ғаскерінен айыру үшін, жаңылыс болса дағы қазақты қырғыз атап жүр. Өзіміздің түрік қауымдарының, әсіресе басшыларының, қазақ пен қырғызды айырмағаны қата, кешпестік айып. Қазақтың қырғыз атанбай, қазақ атанғанын тәуір көруі орыстың казагына ұқсау үшін деген ноғайлар да бар. Мұнысы бет алдына ылаққан сөз. Тарихтың көрсетуі бұған ереуіл келеді. Орыста бұрын атқа міну ғадеті болмаған. Осы күнгі хахолша сиыр жегіп, өгіз мініп күн көрген. Бірсыпыра халқы, түріктерден көрмекші, салт қызмет етіп, біздің қазаққа ұқсағаннан соң казачи (казачье войско) атанып кеткен. Орыстың атты ғаскері казак пен біздің қазақ өзінің атынан айырылып, қырғыз атанып жүрмекші емес. Қияметке шейін қазақ – қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы ғылым жарығындағы қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай және өзіміздің шарқ ғадетіне ыңғайлы қылып «қазақ мәдениетін» (казакская культура) құрып, бір жағынан, «қазақ әдебиетін» (казакская литература) тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы.
Орысша оқыған қазақ жастарының мойнына алатын бір жұмысы мехкемеден шеткері болған һәрбір істі орында, һәрбір істе «киргиз» деген жаңылыс атты қойып, «қазақ» деген атты қолдануға тиіс», – деп, жастарды қазақтың дұрыс атын қолдануға шақырды.
1917 жылғы Ақпан және Қазан төңкерістерінен кейін де қазақты «киргиз» атау жалғаса берді. 1919 жылғы 19 шілдеде большевиктердің қолдауымен Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитеті (Қырревком – Қазревком) құрылды. Территориялық Қазақ автономиясын құру жұмыстарына дайындық барысында бұрынғы Алашорда мүшелері мен большевиктік Ресей компартиясы қатарындағы қазақ қайраткерлері тізе қоса отырып, болашақ ұлттық-территориялық автономияның аумағын анықтап, өз ойларын Москвада өткізуге тыңғылықты даярланды.
1920 жылғы шілдеде В.И. Лениннің ұсынысы бойынша РК(б)П ОК-і мен РКФСР Халық комиссарлар кеңесі (ХКК) «Қырғызия туралы мәселелер жөнінде» кеңес өткізуді жөн деп тауып, Түріккомиссия, Қазақстан және басқа да мүдделі губерниялардың өкілдерін Москваға шақырды. Ресми түрде Станислав Пестковский, бейресми түрде Әліби Жангелдин басқарған қазақ делегациясы қазақ жерлері бойынша негізгі баяндаманы жасауды Әлімхан Ермековке тапсырды. Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінің (БОАК) қаулысы бойынша жоспардағы кеңес 1920 жылғы 1 тамызға шақырылғанымен, оның жұмысы 9 тамызда басталды.
Ұлт істері жөніндегі халкомның орынбасары А.З. Каменскийдің төрағалығымен өткен кеңеске М.Х. Сұлтанғалиев (Ұлт істері жөніндегі халкоматынан), С.Пестковский, М.Мырзағалиев, А.Кулаков, Ә.Жангелдин (Қазревком), А.Байтұрсынұлы, Ә.Әлібеков (Қазәскерревком), П.Петровский (Қазревком өкілі), Г.Сафаров (Түріккомиссия), В.Соколов (Сібревком), Е.Полюдов (Омбы губревкомы), И.Мартынов (Орынбор губаткомы), М.Поляков (Челябі губаткомы), С.Милютин, Д.Темірәлиев (Бөкей губ.), Итбаев және Уразаев (Ақмола обл.),
Ә.Ермеков (Семей обл.), Каримов (Астрахан), А.Цюрупа (Жер-су халкоматы), Е.Айншейн (халкомат хатшысы) қатысты. Кеңесте бірінші болып Ә.Ермеков баяндама жасап, ҚАКСР құрамына кіруге тиіс қазақ жерлерін нақты дәлелдермен көрсетіп шықты.
Кеңеске қатысушының барлығы баяндамада көрсетілген территорияларға келісіп, бүкіл қазақ жерлері құрамына кіретін ҚАКСР-ін құру туралы декрет қабылдайтын уақыт келіп жетті деген ортақ пікірге тоқтады. Бірақ ҚАКСР-іне қазақ жерлерін беру мерзіміне келгенде айтыс-тартыс туындады. Әсіресе Сібревком төрағасы Василий Соколов қазақ жерлерін мойындағанымен, ол жерлерді қайтару уақытын қазақ «ұлан-ғайыр өлкені басқаруға қабілетті аппарат құрып алғанға дейін» соза тұруды ұсынды. Яғни, оның пікірінше, қазақ өзін-өзі басқаруға даяр емес еді. Ал Георгий Сафаров болса Ә.Ермеков қосуды ұсынған облыстарды ҚАКСР-іне біріктіру – қазақ кедейлерін кулактардың тепкісіне түсіреді деген пікір білдірді. Мұндай жанама қарсылықтардың астарында бұл территорияларды ҚАКСР-іне бермеу айла-шарғылары жатқан еді.
10 тамызда өткен кеңестің екінші мәжілісінде автономиялы Қырғыз (қазақ) республикасын құру туралы шешім қабылданғанымен, қай облыстар мен уездердің ҚАКСР құрамына қашан кіретіні шешілмеді. В.И. Лениннің төрағалығымен 12 тамызда өткен кеңестің ең соңғы әрі қорытынды үшінші мәжілісінде Қазақ өлкесінің шекарасы туралы мәселе қаралып, тікелей Лениннің қолдауымен және оның Сібір ревкомының төрағасы Соколовты шовинистік пиғылдары үшін ұялтып, тұқыртуы арқылы қазақ делегациясының ұсыныстары толық қабылданды. Нәтижесінде 1920 жылғы 26 тамызда БОАК пен РКФСР ХКК-нің «Автономиялы Қырғыз (Қазақ) Социалистік Кеңестік Республикасын құру туралы» декреті қабылданды. Осы декрет негізінде 1920 жылғы 4–12 қазан аралығында Орынбор қаласында өткен ҚАКСР Кеңестерінің Құрылтай съезінде Қырғыз (Қазақ) республикасының құрылғаны жарияланды.
Өкінішке қарай, Автономиялы Қырғыз (Қазақ) Социалистік Кеңестік Республикасының территориясын анықтауға және оны құру туралы декретті шығаруға атсалысқан қазақ қайраткерлері бірінші орынға жер мәселесін қойып, патша үкіметінің отарлық саясаты таңған «киргиз» атауын «қазақ» деп өзгертуді ойламаған сияқты. Қазақ қайраткерлері тарапынан мұндай ұсыныс жасалса, РК(б)П ОК мен ХКК жоқ демес еді деп ойлаймыз. Әрине, қиын-қыстау кезеңде, ең алдымен, территориялық автономия алуды мұрат еткен қазақ қайраткерлерін жақсы түсінуге болады. Бір қызығы, 1925 жылға дейінгі орыс тіліндегі ресми құжаттарда «киргиз» деп жазылғанымен, қазақ тіліндегі құжаттар мен мерзімді басылымдарда «қазақ» және «Қазақстан» атауы кеңінен қолданылды. Яғни қазақтар орыс тіліндегі «киргиз» сөзін қазақ тіліндегі «қазақ» сөзінің аудармасы ретінде қолдана бастады.
Кеңестік қазақ автономиясында ең алғаш қазақ халқының тарихи атауын ресми түрде қайтарып, оны дұрыс жазу мәселесін көтерген сол кездегі ҚАКСР Халкомкеңесінің төрағасы С.Сейфуллин болды. Ол 1923 жылғы 15 ақпанда шыққан «Еңбекшіл қазақ» газетінде Манап Шәміл деген бүркеншік есімімен «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақала жариялап, онда: «Біздің әр қазақ жігіті «Кир» деген періні тастап, қоймастан «қазақ», «қазақ» деген сөзді жұмсап, басқа жұрттың құлағына сіңдіріп үйрету керек. Қазақстанның орталық үкіметі «киргиз» деген есімді жойып, «қазақ» деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шығару керек. Қазақты «қазақ» дейік, тарихи қатені түзетейік!» – деп ұран тастады.
Көп ұзамай, «Қызыл Қазақстан» журналында М.Дулатұлының «Қазақ-қырғыздың аты, тегі туралы» деп аталатын мақаласы жарияланды. М.Дулатұлы: «Қазақ пен қырғызды бөтен жұрттар бұл күнге шейін дұрыс атамайды. Мәселен, орыс халқы қазақты «киргиз-кайсак» деп бір сөз орнында атайды. Қырғыздың өзін де, жоғарыда айтқандай, «киргиз-кайсак» деп, кейде «тағы қырғыз», «қара қырғыз» дейді. Қырғызды қытайлар юрвут дейді. Дұрысында, қазақ пен қырғыз еш уақытта өздерін, жоғарыда айтқандай, бөтен жұрттар таққан атпен атаған емес. Қазақ өзін қашаннан «қазақ» деп, қырғыз өзін «қырғыз» деп келеді», – деп жазып, бауырлас екі халық өкілдерінің өздерінің төл атын дұрыс атайтынына тоқталды. Осы мақаладағы М.Дулатұлының қазақты орыстардың неге қырғыз атағаны туралы пікірі назар аударарлық. «Бұрын қырғыз елі Сібірді мекен етіп тұрғанда, – дейді ол, – Сібірдегі орыстың калаларын, ауылдарын дамылсыз шауып мазасын кетіре бергені мәлім. Ол кездерде орыстар «әне, қырғыз шауып кетеді, міне, қырғыз келіп калады» деген күйге ұшыраған. «Қырғыз келеді» десе, орыстың жылаған баласы уанатын болған. Сондықтан орыстың ұғымында «қырғыз» деген сөздің өзі «жау, шабарыншыл» мағынасында орнап қалған. Ал қырғыздан кейін әрі көп, әрі орысқа бағынбай, өз алдына отырған казақ жұрты орысты қырғыздан жаман жәбірлеп, әсіресе Сібірдің оң тұсындағы облыстарына үлкен зиян келтіре берген соң, қазақты да қырғыздай жек көріп, сөгіс орнына қырғыз (киргиз) деп атаған».
1923 жылы қазақ зиялыларының қазақтың тарихи дұрыс атауын қайтару керек деп, бірінен кейін бірінің мақала жазуында да үлкен гәп жатты. Өйткені бұл кезеңде Орта Азия бюросы құрылып, Орта Азия республикаларын ұлттық бірліктерге бөліп, ұлттық-мемлекеттік межелеу жоспарланып жатқан еді. Бұдан хабардар болған олар халықтың санасын даярлауға назар аударған болуы мүмкін.
1924 жылғы 11 қазанда РК(б)П ОК-нің Саяси бюросы кезектен тыс арнайы мәжілісін өткізіп, «Орта Азиядағы ұлттық межелеу туралы» мәселенің нүктесін қойды. Мәжілісте Ташкент қаласын Өзбек республикасына беру туралы Саяси бюроның бұрынғы шешімі өз күшінде қалдырылды. Осылайша, қазақ қайраткерлерінің Ташкент қаласы мен оның айналасындағы жерлер үшін болған күресі ауыр жеңіліспен аяқталып, бір миллионға жуық қазақ Өзбек республикасы құрамында қалып қойды.
Ташкенттен айырылған Қазақ республикасында жаңа астана мәселесі күн тәртібіне көтерілді. 1924 жылғы 23 желтоқсанда өткен Қазақ облыстық партия комитеті бюросының мәжілісінде Орынбор-Торғай облысын құру және республика астанасы ретінде Орынбор қаласын қалдыру туралы шешім қабылданды. Бұл шешімге В.Нанейшвили, Я.Боярский, И.Каширин, Челышев, А.Оразбаева. Н.Ежов «иә» деп дауыс берсе, С.Садуақасов, Н.Нұрмақов, С.Меңдешев «қарсы» дауыс берді. С.Меңдешев ҚАКСР-
інің жаңа астанасы ретінде Ақмешіт қаласын ұсынды. Ал 27 желтоқсанда С.Меңдешев РК(б)П ОК-ге хат жазып, онда Торғай және Орынбор облыстарын біріктіріп, ҚАКСР орталығы етіп Орынбор қаласын қалдыру туралы Қазобком шешіміне келіспейтіні туралы мәлімдей келе, ҚАКСР астанасы ретінде Ақмешіт қаласын белгілеуді ұсынды. Ақыры, Ақмешіт – біріккен қазақ жерінің жаңа астанасы болып белгіленді.
1925 жылғы 15–19 сәуір аралығында Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің V съезі Ақмешіт қаласында өтті. ҚазОАК төрағасы С.Меңдешев сәрсенбінің сәтті күні кешкі сағат 21:00-де съезді салтанатты түрде ашық деп жариялап, бір республика құрамына біріккен қазақ халқын құттықтады. Съездің күн тәртібінде мынадай мәселелер қарастырылды: 1) Қазатком мен Қазхалкомның есептік баяндамасы; 2) ҚАКСР-дегі халық ағарту ісінің кезекті міндеттері туралы; 3) ҚАКСР-дегі жерге орналастыру мен суғару туралы; 4) Сауда мен кооперация туралы; 5) ҚАКСР-дегі қаржы жағдайы; 6) Қазатком құрамын және Кеңестердің Бүкілресейлік съезіне делегаттар сайлау. Съезге жер-жерден сайланып келген 394 делегат шешуші дауыспен, 52 делегат кеңесші дауыспен қатысты. Делегаттардың 284-і РКП(б) мүшесі, 41-і мүшелікке кандидат, 4-еуі комсомол болса, 65-і партияда жоқтар еді. Съезд делегаттарының 258-і (65,5 пайыз) жергілікті ұлттар (қазақ, өзбек, қырғыз т.б. түрік халықтары) болса, 136-сы (34,5 пайызы) еуропалық ұлт өкілдері болды. Жыныстық құрамы бойынша 29 әйел болса, 365-і ер болды.
Съездің күн тәртібінде қазақ халқына тарихи «қазақ» атауын қайтару мәселесі болған жоқ еді. 19 сәуірде өткен съездің 8-ші соңғы мәжілісінде тек бірқатар қарарларды қабылдау мен Қазатком құрамын сайлау мәселесі қалған еді. Бірақ қазақ қайраткерлерінің бейресми жиынында қабылданған ортақ шешімге сәйкес, күтпеген жерден сөз алған РК(б)П Қазөлкекомының екінші хатшысы С.Қожанов қазақ халқына ресми түрде «қазақ» атын қайтару, республиканы «Қазақстан» деп атау және Ақмешіт атауын Қызыл Орда деп өзгерту туралы ұсыныстарды біртіндеп жариялады. Бұл жөнінде тарихи стенограммадан үзінді бере кетуді жөн санадық:
«Төраға... Тиісті органдардың сайлауына өтпес бұрын Президиум атынан съезге Қырғызстанның барлық еңбекшілеріне үндеу қабылдауды ұсынуға рұқсат етіңіз (қол шапалақтау). Үндеудің мәтінін жариялаймын (оқиды). (Қатты қол шапалақтау. Аударма).
Сөз жолдас Қожановқа беріледі.
Қожанов жолдас. Осы уақытқа дейін бізде бір түсініспеушілік бар; киргиздар өздерін қазақ деп атайды. Олар мұны орыс казактарынан қабылдамады, олардан әлдеқайда ертеректе қазақ деп аталды. Көшпелілердің алғашқы одағы қазақ деп аталды, сондықтан орыс казактары бұл атауды қабылдады деп ойлауға болады. Қазір киргиздер қазақ сөзі орыс тілінде киргиз дегенді білдіреді деп санайды. Декларацияда «Киргиз Республикасы» туралы айтылады, ал жолдас Тоқжігітов «Қазақ Республикасы» деп атайды, сондықтан бұл аударма. Мұның бәрін тексеру керек, өйткені бұл ескінің қалдығы екенін білеміз. Мүмкін, аудармашылар отарлаушы күштерді қолдай отырып, қазақтарды осылай атаған (күлкі), сондай-ақ қырғыздарды кара-киргиз деп атайды. Бірақ бұлар кара-киргиз емес, оларды орыстар солай атады. Біз жай ғана қазақпыз, қырғыздарды қазақтардан ажырату үшін оларды кара-киргиздар немесе қара қырғыздар деп атады. Енді болашақта киргизді қазақ деп және республиканы Қазақтікі, яғни Қазақстан деп атау үшін заңдастыру қажет. Мен киргиздерге осы атауды қайтаруды және бұрынғы жосықсыз таңбаны жоюды ұсынамын. Кеңестердің V Бүкілкиргиз съезі киргиз халқы үшін «қазақ» деген атауды және Киргиз Республикасы үшін «Қазақстан» деген атауды заңдастырсын (қол шапалақтау).
Төраға. Біріншіден, барлық еңбекшілерге съезде жарияланған үндеуді бекіту туралы ұсыныс бар. Үндеуге қолдау білдіретіндер қолдарыңызды көтерсеңіздер. Түсіруді сұраймын. Кім қарсы? Жоқ. Кім қалыс қалды? Ол да жоқ. Үндеу бірауыздан қабылданды.
Келесі ұсыныс – Киргиз Республикасын Қазақ Социалистік Советтік Республикасы деп қайта атау туралы (қол шапалақтау).
Мен бұл қол шапалақтауды осы ұсынысты бірауыздан қабылдау деп қабылдаймын (қол шапалақтау).
Енді келесі мәселеге өтуге рұқсат етіңіз. Қазақ ССР орталығының Ақмешіт қаласына көшірілуіне байланысты сол кезде республиканың Орталық атқару комитеті Ақмешіт қаласында жолдас Ленин атындағы халық үйін құру туралы шешім қабылдаған болатын (қол шапалақтау).
Бұл, бір жағынан, ұлт мәселесі жөніндегі негізгі идеялары біздің Қазақ ССР құрылысында іс жүзіне асырылған пролетарлық революция көсемінің атын қалдыруға байланысты болды (қол шапалақтау). Екіншіден, Ақмешіт қаласында түрлі мәдени-ағарту мекемелерінің үлкен жүйесі жиналатын, қазақ әндері таралатын, халық музыкасы тыңдалатын және қазақ халқы өз шығармашылығын көрсете алатын жұрт үйін құру туралы, яғни театр, клуб, музей, кітапхана және басқа да мәдени-ағарту мекемелерін қамтитын жұрт үйін құру туралы сөз болды. Жұрт үйін салуға мемлекеттік кедей бюджеттің қаражатын талап етпей, еңбекшілердің өз қаржысына салу туралы мәселе көтерілді. Жұрт үйін салуға бүкілхалықтық жазылу ұйымдастыру көзделді. Комиссия «Жолдас Ленин атындағы үйге кірпіш» деп аталатын ашықхаттар (открыткалар) шығару туралы мәселе қойды. Осы карточкаларды – кірпіштерді – еңбекшілер бұқарасы арасында тарату туралы мәселе көтерілді. Менің ойымша, Съезд Үкіметтің шешімін және Комиссияның барлық іс-шараларын мақұлдайды және біз республикада осы жұрт үйінің құрылысына кірпіш қалаудан бірде-бір еңбекшінің тыс қалмайтынына қол жеткіземіз деп ойлаймын.
Мен Президиум атынан мына ұсынысты қабылдауды ұсынамын:
«Қызыл Орда қаласында
Б.Ы. Ленин атына
жұрт үйін орнатушы кемесиесінің
баяндамасы туралы.
Қазақ Республикасының жаңа астанасы Қызыл Орда қаласында Бладемыр Ылияұлы Лениннің атына жұрт үйін салу туралы Қазақстан Орталық Кеңес кемитетінің кемесиесі жасаған баяндаманы тыңдағаннан кейін жалпы қазақ кеңестерінің V сиезі бұл үйді қуанышпен қарсы алады, оның жүзеге асуына байлаулы жұмыстарды мақұлдайды.
Бұл игілік іске қолдан келген жәрдемдерін беруге шақырып, V кеңестер сиезі атынан Қазақстанның барлық еңбекшілеріне жар шашуға жаңа сайланған үкіметке тапсырылсын».
(Қол шапалақтау. Орыс тіліне аударма).
Мен бұл ұсынысқа дауыс беремін. Мен жариялаған қарарды кім қолдайды? Кім қарсы? Бірауыздан қабылданды.
Ұсыныс айту үшін сөз жолдас Қожановқа беріледі.
Қожанов жолдас. Ақмешіт қаласы патша үкіметі жаулап алғанға дейін Ақмешіт деп аталды. Патша билігі кезінде ол граф Перовскийдің құрметіне Перовск қаласы болып өзгертілді. Революция қарсаңында оған тағы да Ақмешіт деген ескі атау берілді. Ол бұрын қалай аталса да, қараусыз қалған қарапайым қала болды. Кеңестердің V съезін біз Қазақ Республикасының өміріндегі бетбұрыс деп санаймыз, бұл съезді біз Бірінші съезд деп атаймыз. Съездің Қазақ Республикасының жаңа орталығы Ақмешітте өтіп жатуы және қарапайым Ақмешіт қалашығының Қазақ республикасының орталығына айналуы бұл съездің маңызын арттыра түседі.
Мен осы қаланың мәртебесінің өзгеруіне байланысты оның атауын да таза қазақ тіліне өзгертуді ұсынамын. Бұрын хандық құрылымдардың астаналары болған, мысалы – Ақ Орда, әйгілі хан өзінің астанасын Көк Орда деп атады, бұл көк түс дегенді білдірді, ал біз өз астанамызды қызыл орталық – Қызыл Орда деп атай аламыз. Мен Ақмешіттей (Перовск) астананы бұл күннен бастап Қызыл Орда деп атауды ұсынамын (қол шапалақтау).
Төраға. Кім жолдас Қожановтың ұсынысын қолдайды? Кім қарсы? Жолдас Қожановтың ұсынысы бірауыздан қабылданады».
Съезд делегаттары Сұлтанбек Қожанов жасаған бұл ұсыныстарға қызу қолдау көрсетті. Осылайша, 1925 жылғы 19 сәуірде қазақ халқы өзінің тарихи атауын қайтару туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ «Ақмешітті Қызыл Орда деп атау туралы» қарарда: «Сатсиял негізінде құрылған Кеңесшіл Қазақ Республикасының астанасы бұрынғы Ақмешіт (Перобыскыи) қаласы бұдан былай Қызыл Орда қаласы аталсын», – деп жазылды. «Қызыл» сөзі ежелгі түрік-моңғол тілінде «алтын» деген ұғымды білдіретінін еске алсақ, С.Қожановтың бұл әрекеті 1924 жылғы қарашада Коминтерннің Моңғолиядағы өкілетті өкілі Тұрар Рысқұловтың Моңғолия астанасы Өргөө (Урга) қаласын «Улаан-Баатыр» (Қызыл Батыр) деп қайта атауға себепкер болуымен астасып жатқанын байқау қиын емес. Сайып келгенде, «Қызыл Орда» Москва үшін «Красная столица» болса, қазақтар үшін «Алтын Орда» ұғымы еді. Съезде қабылданған «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының жұмысшыларына, малшыларына, шаруаларына, барлық еңбекшілеріне!» атты үндеуде:
«Республиканың жаңа астанасы Қызыл Орда қаласында (Ақмешіт) жиналған Қазақстанның барлық еңбекшілерін Кеңестердің V Бүкілқазақ съезі бүкіл қазақ халқының тарихындағы тарихи-айтулы оқиғамен құттықтайды.
Мемлекеттік-ұлттық межелеу нәтижесінде үш республиканың – Киргиз, Түркістан және Хорезм құрамында бөлініп кеткен еңбекші қазақтар, осы Съезде алғаш рет біріккен автономиялы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы құрамында тұтастай және толық жиналды.
Бұл міндетті орындау жолы қиын болды. Мұны Қазаннан кейінгі алғашқы жылдары жүзеге асыру қиын болды. Қазақстанның дала кеңістігінде азаматтық соғыс өртін тудырған контрреволюциялық баскөтерулер СССР-дің барлық ұлтының жұмысшы табы мен жұмысшылары арасындағы одақты бұзуға бағытталды. Бірақ контрреволюцияның барлық баскөтеруі мен үмітінің күл-талқаны шықты.
Кеңестердің V Бүкілқазақ съезі ҚССР еңбекшілерінің тарихына Қазақстан еңбекшілері қоныстанған барлық облыстың бірігуі аяқталған бірінші Съезд ретінде енеді және ҚССР-дің ұлттық-мемлекеттік ресімделуі аяқталды», – делінді.
Содан кейін, Қазақ Орталық атқару комитетіне мүшелерді сайлау бойынша ұсыныс айту үшін сөз Н.Ежовке беріліп, Съезд 151 мүшеден және 50 мүшелікке кандидаттан тұратын Қазатком құрамын сайлады. 5-ші сайланған ҚазОАК-нің толық құрамының тізімі ҚАКСР жұмысшы-шаруа үкіметі хабаршысының 1925 жылғы 15 тамыздағы санында жарияланды.
1925 жылғы 19 сәуірде Ақмешітте бүкілқазақстандық кеңестердің V съезі түске қарай жабылғаннан кейін, түстен кейін V сайланған Қазаткомның І сессиясы болып өтті. Сессияның күн тәртібінде ҚазОАК Президиумын және ҚАКСР халкомдарын сайлау мәселесі болды. 15 адамнан тұратын Қазатком Президиумы және 5 адам оған кандидат болып сайланды. Жалау Мыңбаев Қазатком төрағасы болып, 19 адамнан тұратын 5-ші сайланған Қазхалкомкеңесінің төрағасы болып Нығмет Нұрмақов сайланды.
Съездің жабылуынан көп ұзамай, съезд қарарларының жинағы басылып шықты. «Қазақ халқын «Қазақ» деп атау туралы» деп аталған қарарда: «Қазақ халқын қашаннан келе жатқан дұрыс атымен атау үшін V сиез бұдан былай қазақ «Қазақ» болып аталсын деп қаулы қылады», – делінді. ҚазОАК Президиумы бұл шешімді бекіту үшін Бүкілресейлік ОАК (БОАК) қарауына ұсынды.
1925 жылғы 25 мамырда БОАК «Қара-Қырғыз автономиялы облысын қайта атау туралы» декрет қабылдап, оны «Қырғыз автономиялы облысы» деп атау туралы шешім қабылдаса, 1925 жылғы 15 маусымда «Қырғыздың автономиялы Советтік Социалистік Республикасын Қазақтың автономиялы Советтік Социалистік Республикасы деп қайта атау туралы» декрет қабылдады. Осылайша, қазақ халқы өзінің тарихи атауын ресми түрде қайтарып алды.
Сәбит ШІЛДЕБАЙ,
Орталық мемлекеттік
архивінің директоры,
тарих ғылымының кандидаты,
қауымдастырылған профессор

1322 рет
көрсетілді0
пікір