• Ақпарат
  • 13 Наурыз, 2025

Байғали Есенәлі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Киноның тілін бақылайтын кеңес қажет

Кино – қазіргі күні халыққа ең өтімді, өте маңызды идеология құралы. Кинода қандай нәрсе болса, халық соны игеруге бейім. Интернеттің, заңның, киноның тілі түгел қазақшаланбайынша, бізге кешке дейін мінберден тіл-тіл деп айқайлағаннан ештеңе шықпайды. Мысалы, киноны балалар, жасөспірімдер, жастар көреді де, «осылай да сөйлеуге болады екен ғой» деген ой қалыптастырады.
Ана тілімізге өзге тілдерден еніп, сіңіп кеткен термин өте көп. Оның ішінде екі сөздің біріне орысша қосып сөйлеу дертке айналып отыр. Бұған тосқауыл қоюға болады. Мысалы, Мұрат Есжан түсірген «Абай жолы», «Ахмет – ұлт ұстазы», «Оян, қазақ!» фильмін алайықшы. Киноны түсіруге енді кірісе бастағанымызда сценарий авторлары Мұрат Есжан, Ұларбек Нұрғалымұлы, Ұшқын Сәйдірахманның актерлерге қойған талабы мынадай болды: «Рөлді ойнағанда, «мына сөз маған ұнамайды» деп, өз тарапыңыздан өзгертер алдында бізбен ақылдасып алыңыздар. Біз Алаш арыстары Әлихан Бөкейханның, Ахмет Байтұрсынұлының, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Міржақып Дулатұлының жазған мақалаларын алып, оқып сол уақыттың үнімен сөйлеуге тырыстық, сценарийдегі кішкене өзгешелік сол»,– дегенде мен: 
– Мұратжан-ау, ол сөздер қазір халыққа түсініксіз болып қалмай ма?» – дедім. Сонда Ұларбек: 
– Жоқ, аға, олай болмайды. Керісінше, халық өзінің сүйгенімен, сағынғанымен қайта табысқандай болады, көр де тұрыңыз, аға, – деді. 
Шынында да, кейін халыққа көрсетіле бастағанда «Мына кинодағы сөздер қандай керемет, сондай түсінікті. Осы сөздерді неге қолданбаймыз» деген пікірді көп оқыдым. Тілге үлкен жауапкершілік керек. Тіл тек өмір сүрудің құралы емес, ол – атадан қалған асыл мұра. Оны болашаққа көркемдеп, аман-есен жеткізуіміз керек. Осы орайда сатиралық, әзіл-сықақ театрларымыз «халықты күлдіреміз» деп өзге тілдегі сөзді қосып жатады. Демек, осындайда көркемдік кеңес керек. Бұрын өзім жұмыс істеген Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында жаңа спектакль қойыларда оны бірінші көркемдік кеңесте талқыға салатын. Сосын, түзелген нұсқасын ғана халыққа ұсынатын. Бұл бұлжымайтын қағида еді. Қазір екінің бірі кино түсіргіш, кітап шығарғыш, театр ашқыш болды. Онда әркім әртүрлі деңгейде өзі білген тілдік норманы қолданады. Әрқайсысы жан-жаққа тартып, өз білгенін істей берсе, өнер тіліндегі ортақ бірізділік қайда кетеді? Сондықтан қазір киноға, өнердің өзге саласына да тіліміздің шұрайлылығын, діңгегінің бұзылмауын бақылайтын кеңес қажет-ақ!

549 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №8

20 Ақпан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы