- Ақпарат
- 03 Сәуір, 2025
Құнанбай. Өскенбай. Қалаубек. Қазақы есімді қалпына келтірсек

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,
«Ana tili»
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр ата-ана балаларына Рамазан және Медина деген есімді жиі қойған. Өткен жылы Рамазан есімі 1 161 ұлға, Медина есімі 1 373 қыз балаға берілген. Сондай-ақ ұлдарға Рамазан, Айсұлтан, Мұхаммед, Мұхаммад, Омар, Әлихан, Әмір, Алан, Нұрислам, Алдияр, Хамза, Ислам, Әли, Муслим, Әлинұр, Дінмұхаммед, Арсен, Имран, Ибраhим, Ахмет, Әлтаир, Мирас, Дарын, Мансұр, Айбар және Дамир есімі жиі қойылыпты. Қыздарға да дәл осындай қысқа-нұсқа, заманауи есім таңдалған екен. Атап айтқанда, өткен жылы қыздарға Медина, Айша, Асылым, Раяна, Айлин, Томирис, Сафия, Амина, Аяла, Айым, Айкөркем, Зере, Ясина, Айару, Кәусар, Айзере, Хадиша, Мариям, Фатима, Әмина, Ясмина, Аиша, Адина есімі таңдалған.
Ақын, журналист Есей Жеңісұлының айтуынша, 2000 жылдардың басында қазақы есімдерді қою үрдісі жаңғырған екен. Ел алдында жүрген азаматтар ұлдарына ерекше есімді таңдаған.
«Қазаққа жақсы, ескі және заманауи болса да бұрынғымен сабақтасып тұратын есімді қою дәстүрі біздің буыннан басталған еді. Нақтырақ айтсақ, 2000 жылдардың басында қайта жаңғырды. Ақын, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанның баласы Ақтанберді, Қасым Аманжолдың баласы Қараш, Жәнібек, Әлихан болса, тележурналист, алаштанушы Болат Мүрсәлімнің баласының аты Ескендір, Кенесары сияқты жақсы-жақсы есімдер. Бұл дәстүрді біз де іліп алып кетіп, баламызға
Ілияс, Қалаубек деп ат қойдық.
Кейін түрік сериалдарының әсері болды ма, жас балалардың өмір танымы басқаша болды ма – ат қою қайтадан өзгеріп кетті. Қазір Айлин, Айзере, Медина, Аминалар көбейді. Бір жағынан қарасаң, қазақ өзінің тамырын үзіп бара жатқандай көрінеді. Екінші жағынан, тым діндарланып бара жатқан сияқты. Сондықтан ат қою мәселесіне де ойланып қарау керек.
Ал біздің әкелеріміз көбіне балаларға қысқа ат қойды. Нұрлан, Ұлан, Ерлан, Талғат, Асхат, Марат деген сияқты. Қазір ата болып жатқандардың көбі шынында да сол Асхат, Марат, Талғаттар.
2000 жылдардың басында жоғарыдағыдай жақсы есім қою үрдіс алды да, қазір қайтадан қысқа аттарға келдік. Көбіне осындай ат қою арқылы біз баланы тек сәби күйінде көретін сияқтымыз. Еркебұлан, Жасұлан, Ұлан деген балалар, мысалы, қазір ата бола бастады. Бала – бала болып қалмайды ғой, ертең жігіт, жігіт ағасы болады, жасамыс, ақсақалдық жасқа жетеді. Сол кезде Ұлан ата деп жүрсе, қалай болады деген ой да келеді», – деді Есей Жеңісұлы.
Сондықтан ол ат қою мәселесінде көбіне бұрынғы үлкендерге жүгініп, мағыналы, көбіне қазақы ат қоюға тырысқан дұрыс деп ойлайды. Ал ақын Есейдің тұңғышының есімін – анасы, екіншісін – ағасы, үшіншісін – баланың нағашы атасы, төртіншісіне ғана өзі есім таңдапты.
– Мысалы, өзіме төртінші балама ат қою кезегі әрең бұйырды. Төртінші балаға Қалаубек деп қойдым. Алғашында Қалаубай деп қойғым келген, анам «Қалауың дұрыс екен, бек-ті қосшы» деді. Қазір балаларым жігіт болса да, жігіт ағасы болса да, ақсақал болса да ұялмайтын есімі бар деп ойлаймын. Қыздарымның аты – Айзере, Айтолқын. Сондықтан қазір ат қою мәселесіне сергек қарауымыз керек. Көбіне қазақ «үлкен есім қойсаң, сол ауыр болуы мүмкін екен» деп айтады. Ат қоюдың да дәстүрі бар, рұқсат сұрап, кешірім сұрап қоятын жағдайлар да бар. Сосын ырымдап қоятын жағдай кездеседі. Мұның бәрін ескере отырып жақсы ат қойса деп ойлаймын. Мысалы, ағамның баласының атын Батырхан деп қойдым. Бұл жерде менен де бір білместік кетті, oл Батырхан Шүкеновтiң қайтыс болған уағында туған еді. Сол Батырханның даңқын берсін деп қойдым, қазір 10 жасқа келді. Сөйтсем, ескермеген бір нәрсе, Батырхан деген атамыз да бар екен, аталас алыс ағайын болып келеді. Шешем ол атты атай алмайды ғой. Ат қойғанда да, осындай нәрселерді ескеру керек. Тек қана ер адамның ғана емес, әйелдің, ананың қалауы деген сияқты нәрселердің бәрін ескеріп қойса, жаман болмас еді», – деді Есей Жеңісұлы.
Ол тарихи жадымыз өзгеріп бай, бек, жан деген жалғауы бар есімнің көбірек болғанын, сонымен қатар қызға да арабша әрі түріктенген есім емес, қазақша, үлкейгенде де ұялмайтын ат қойылғаны дұрыс деген тілегін білдірді.
Сөз орайы келгенде айтайық, әлеуметтік желіде журналист Нұрсейіт Жылқышыбай кісі есіміне қатысты ерекше үн қосты. Жалпы қоры 3 млн теңге болатын, алғашқы 10 балаға 300 мың теңгеден сыйақы беретінін айтты. Жалғыз шарты – жаңа туған сәбиге Құнанбай есімі қойылуы керек. Журналист өзінің мақсатын ақша таратып «хайп» жасау емес, Абайды Абай қылған Құнанбайдың есімін қайта жаңғырту екенін жеткізді. Өйткені қазір қазақ баласының атын өсіп-өнсін деп Өскенбай, мықты болсын деп Мықтыбек қоймайтын болған.
– Қазір замандастарым кішкентайы дүниеге келген кезде қазаққа он қайнаса, сорпасы қосылмайтын мағынасы жоқ есім қояды. Ол үйде қуаныш, той болып жатқанда «есімін неге бұлай қойдың» деп әке-шешесіне айта алмайсың. Іштей қынжыласың, әттеген-ай дейсің.
Қазақтың соңғы болыстарының бірі атынан ат та, адам да үркіген Құнанбай атамыздың есімі бізде жиі қойылмайды екен. Оны өзім де байқап жүрмін. Ойлана келе, нәрестенің есімін Құнанбай деп қойса, 300 мың теңгеден берсем деп шешім қабылдадым. Наурыз айында 4 Құнанбай дүниеге келді. Біреуі – Түркістан облысынан, екіншісі – Қарағанды облысынан. Екі сәбидің 300 мың теңге сыйақысы берілді. Күні кеше ғана 2 Құнанбай дүниеге келіпті, біреуі – Қызылжардан, екіншісі – Жамбыл облысынан. Бұл балалардың сыйақысын енді жіберемін. Мұның өзі жас ата-анаға үлкен көмек емес пе?!
Әлеуметтік желіде жазылып жатқан пікірдің санында есеп жоқ. Тіпті аяғы ауыр жас келіншектер, «Құнанбай деп қойсам, үлгеремін бе?» деп сұрайды. Бұл шара әзірге 10 адамға ғана арналған. 10 адамға 300 мың теңгеден 3 млн теңгесін берсем, Құдай амандығын берсе, әрі қарай да жалғастыру ойымда бар. Өскенбай деп қойсын, Бесбай деп қойсын, әдемі қазақы есім көп. Одан ешкім жаман болмайды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, мақсатым – бұрынғы қазақы есімді жаңғырту, соның ізін жалғастыруға алтын көпір болу. Заманбек, Алтынбек деген де керемет есім. Алдағы уақытта осы есімді егіз балаға қойса, оларға да 300 мың теңгеден 600 мың теңге сыйақы беруге болады. Бәлкім Кенесары, Сыдық деп қойғандарды да қолдайтын шығармын.
Бұл істің артында да ұлттық мақсат, мүдде жатыр. Қазақтың соңғы хандарын біз қолдамасақ, кім қолдайды? Әсіресе жас отбасыларды қолдау керек. Балаға жақсы есім қойылса әрі сыйақы алса, тіпті жақсы ғой. Құдай амандығын берсе, олар да үлкен азамат болып, ел тізгінін ұстайтынына бек сенеміз. Олар да ниеттеніп, Құнанбай деп дүниеге келген сәбиіне ат қойып жатыр, – деді Нұрсейіт Жылқышыбай.
Расында, өзіміздің діңгегімізді өзіміз ешқашан ұмытпауымыз керек. Қазақы есімді қалпына келтірудің сыры – осы. Ат қоюда да ізгілік, мақсат бар.

5471 рет
көрсетілді0
пікір