- Мәдениет
- 10 Сәуір, 2025
«Денсаулық сақтау шығыны – ұлт саулығына арналған инвестиция»

Асгар РАНГУНВАЛА, «Johnson & Johnson Innovative Medicine» компаниясының ЕМЕА дамушы өңірі нарығының басқарушы директоры
Денсаулық сақтау жүйесінің бюджеті шектеулі болса, инновациялық емдеу әдістерін қалай қолжетімді ете аламыз? Медицинаның дамуы мен қаржылық жүйенің мүмкіндіктері арасындағы тепе-теңдікті қалай табуға болады? «Johnson & Johnson Innovative Medicine» компаниясының ЕМЕА дамушы өңірі нарығының басқарушы директоры Асгар Рангунваламен сұқбаттасқанда осы сауалдарды басшылыққа алдық. Сарапшы Қазақстандағы денсаулық сақтаудың қазіргі жағдайына қатысты ойын айтып, озық технология мен дәрілік препараттарға қол жеткізу мәселелерін талқылады, сондай-ақ мәселенің ықтимал шешімдерін ұсынды.
– Асгар мырза, сіз әртүрлі елмен байланыс орнатасыз және олардың денсаулық сақтауды дамытуға қатысты стратегияларынан хабардарсыз. Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі жағдайын басқа дамушы нарықтармен салыстырғанда қалай бағалар едіңіз? Қандай мықты тұсымызды және өсу мүмкіндіктерімізді байқадыңыз?
– Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі бірқатар артықшылыққа ие. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу халықтың медициналық қызметтерге қолжетімділігін жақсартты және саланың тұрақты қаржылануын қамтамасыз етті. Соңғы жылдары медициналық мекемелер белсенді түрде салынып, жаңартылып жатыр. Бұл озық технологияларды енгізуге және емдеу сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар елде денсаулық сақтаудың жеке секторы дамып келеді, бұл бәсекелестікті күшейтіп, медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға және пациенттер үшін емделу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етіп жатыр.
Осы оң өзгерістерге қарамастан, әсіресе қаржыландыру саласында әлі де дамуды қажет ететін бағыттар бар. ЭЫДҰ ұсынымдарына сәйкес, денсаулық сақтау саласына ЖІӨ-нің 8–9%-ы бөлінуі керек, ал Қазақстанда жеке және мемлекеттік шығыстардың жиынтық көрсеткіші 4%-дан аз. Жүйе тұрақты болуы үшін жеткілікті қаржыландыру және қаржыны тиімді бөлу маңызды.
Қазақстандық медицинаның мықты тұсының бірі дәрігерлерді даярлаудың жоғары деңгейі дер едім. Әсіресе ірі қалалардағы медицина қызметкерлері жоғары кәсіби деңгейге ие, елімізде тіркелген дәрілік препараттарды жақсы біледі және кәсіби даму жолында үнемі ізденеді. Олар медициналық білімнің жалпы деңгейін арттыруға ықпал ете отырып, білгенін өңірлердегі әріптестерге жеткізеді. Дегенмен пациенттер көбінесе қажет дәрі-дәрмектерге қолжетімділіктің шектеулі болуына байланысты қиындықтарға тап болады.
Қазақстанда дәрі-дәрмекті қаржыландырудың екі бөлек тетігі бар: емделушіге дәрі-дәрмекті ауруханада беретін стационарлық өтемақы және пациент ауруханадан шыққан соң дәрі-дәрмекті өз бетінше сатып алуы қажет амбулаториялық өтемақы. Амбулаториялық өтемақыда көп жағдайда дәрі-дәрмектің құны өтелмейді, бұл емді жалғастыруды қиындатады.
Осы екі қаржыландыру жүйесін біріктіру логикалық шешім болар, өйткені әңгіме бірдей пациенттер туралы ғой. Бұл тәсіл терапияның үздіксіздігін қамтамасыз етеді, асқынулар мен ауруханаға қайта жатқызу қаупін азайтады. Сонымен қатар қаржыландыру тетіктерін біріктіру бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді және пациенттердің заманауи емдеу әдістерін еркін пайдалануына жол ашады.
Осы бағытта оң өзгерістер байқалады: ауруханадан тыс жағдайларда пациенттерге көбірек инновациялық терапевтік мүмкіндіктер қолжетімді болуы үшін АЛО тізімдері кеңейтіліп жатыр. Бұл емделу мүмкіндігін ұлғайтуға арналған әртүрлі механизмді өндірушілердің ұсынуына да байланысты.
– Соңғы жылдары Қазақстан медициналық инфрақұрылымды қарқынды дамытып, цифрлық технологияларды енгізіп, медициналық көмекке қолжетімділікті оңтайландырып жатыр. Осы үдерісті жеделдету үшін елге қандай әлемдік тәжірибелер көмектесе алады деп ойлайсыз?
– Шынында да халықаралық тәжірибені пайдаланып, медициналық инфрақұрылым мен денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру үдерісін Қазақстанда жеделдетуге болады.
Дамушы нарықтарда жұмыс бастамас бұрын бес жыл бойы Қытайда жұмыс істедім, онда үкімет әртүрлі салаларға цифрлық шешімдерді қарқынды енгізіп жатыр, әрине, ол сала ішінде денсаулық сақтау жүйесі де бар. Мысалы, 2020 жылы, COVID-19 пандемиясының басында Қытай қашықтан медициналық қызмет көрсету жүйесін іске қосты. Билік медициналық мекемелерге, соның ішінде шалғай аймақтардағы пациенттермен қашықтан жұмыс істеуге лицензия берді (e-hospital, цифрлық госпиталь). Бұл азаматтарға үйден шықпай-ақ медициналық кеңес алуға жағдай жасайды және шектеу шаралары күшейтілген кезде аса маңызды қадам болды.
Созылмалы ауруларды емдеуге ерекше назар аударылды. Пациенттер емдеуші дәрігерімен тұрақты байланыста болып, қажетті дәрі-дәрмектерге рецепт ала алатын электронды дәріхана қызметін пайдаланды. Осындай «цифрлық госпитальдардың» арқасында ауруханалар жүктемесін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік туды.
Қазақстанда, әсіресе шалғай аудандарда осындай тәсіл медициналық көмек аясын кеңітіп, клиникалардың жүктемесін азайтуы мүмкін. Онлайн-консультация мен дәрі-дәрмекті жеткізу қызметі пациенттерге, әсіресе медициналық орталықтардан шалғай тұратын азаматтардың емделуіне қолайлы жағдай жасар еді.
Сонымен қатар денсаулық сақтауды орталықсыздандыру медициналық көмекке тең қол жеткізуде шешуші рөл атқарады. Мысалы, қант диабеті немесе семіздік сияқты кең таралған ауруларды емдеуде пациенттер әр рецепт немесе кеңес алу үшін үнемі ірі қалаларға баруға мәжбүр болса, терапияның сәтті болуы екіталай.
– Жоғары технологиялық медицинаны дамыту және емдеуге қолжетімділікті жақсартудың Қазақстан үшін маңызы зор. Ал сіз жаңа медициналық технологияларды енгізуді жеделдету үшін қандай факторлар маңызды деп ойлайсыз?
– Қазақстан – көптеген халықаралық компания, соның ішінде «Johnson & Johnson» үшін маңызды нарық. Елде реттеуші процестер дамыған, бұл медициналық препараттар мен технологияларды тіркеуді салыстырмалы түрде жеңілдетеді. Яғни бұл – инновацияны енгізудің маңызды аспектісі.
Елде медициналық инфрақұрылым жақсы дамыған, сараптамасы мықты дәрігерлер мен заманауи медициналық мекемелер жеткілікті. Мұның бәрі одан әрі өсу мен даму үшін денсаулық сақтау саласының әлеуетін күшейтеді. Дегенмен салаға қосымша қаржы да салу керек. Өткен жылмен салыстырғанда рецепт бойынша берілетін дәрі-дәрмектер нарығы шамамен 16%-ға өскеніне қарамастан, пациенттердің заманауи дәрілік заттарға қолжетімділігі шектеулі күйінде қалып отыр. Қосымша инвестициялар мен қаржыландыру жүйесін жетілдіру инновациялық терапияны толыққанды енгізуге, медициналық көмектің сапасын жақсартуға және пациенттердің клиникалық нәтижеciн жақсартуға ықпал етеді.
Мысалы, Қазақстандағы дженериктердің, әсіресе қазақстандық емес, Үндістан мен Қытайдан әкелінген дженериктердің қымбаттығына таңғалдым, олар әдетте бастапқы препараттардан әлдеқайда арзан. Мысалы, Германияда патент аяқтала сала препараттардың бағасы дереу 90%-ға арзандайды. Сондықтан халық бағасы арзандаған препараттарды сатып алады, ал босаған ресурстарды инновацияларға бағыттауға мүмкіндік туады. Қазақстанда өндірілген препараттардың құны бастапқы препараттарға қарағанда аз болса, оларды әзірлеу елеулі инвестицияларды талап етсе, үнемделген қаражат емдеудің инновациялық әдістерін енгізуге бағытталуы мүмкін еді. Денсаулық сақтау министрлігі осы мәселені реттеу үшін нормативтік актіге оң өзгерістер енгізгенін және қайталанатын препараттардың бағасына сәйкестендіру бойынша алдағы уақытта ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын білеміз.
Жалпы, ұзақмерзімді перспективада денсаулық сақтау шығыны әрдайым бірнеше мәрте өтелетінін атап өткім келеді.
– Фармацевтикалық компаниялардың, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың ынтымақтастығы көбінесе медицина саласын дамытудағы жетістіктің негізгі факторына айналады. Қазақстанда пациенттердің заманауи емдеу әдістері мен дәрі-дәрмектерге қолжетімділігін жеделдету үшін бұл ынтымақтастықты күшейту мақсатында қандай қадамдар жасалуы мүмкін?
– Қазақстан Үкіметінің диалогке ашықтығы – маңызды әрі құнды аспект. Денсаулық сақтау министрімен кездесуге мүмкіндігім болған еді. Кейбір Батыс елінде мұндай талқылаулар сирек өтетін болса, Қазақстан бұл саладағы мәселелерді ашық талқылауға дайын екенін көрсетіп отыр.
Министрмен кездесуіміздің басты тақырыптарының бірі Денсаулық сақтау жүйесіне жұмсалатын шығын көлемін анықтау болды. Фокусты өзгерту қажеттілігі туралы айттық, яғни денсаулық сақтауды шығын ретінде ғана қарастыруға болмайды, денсаулық сақтау саласындағы шығын – ұлт денсаулығына құйылған инвестиция. Саламатты қоғам экономикалық өсімге ықпал етеді: мысалы, Крон ауруына шалдыққан пациент тиімді ем алып, ауруды бақыласа, ол жұмысына қайта оралып, толыққанды өмір сүре алады. Бұл тәсіл медицинаны қаржыландыруға деген ой мен ұстанымның өзгеруін талап етеді.
Негізгі қиындықтардың бірі – емдеу ақысы қымбат деген кең таралған пікір. Қатерлі ісік немесе басқа да ауыр дертті емдеудің кейінгі әдістерін енгізу айтарлықтай қымбат болуы ықтимал деп ойлайтындар көп. Шын мәнінде бірнеше жүздеген пациентке емдеуге қолжетімділікті кеңейту алғашқы көзқарасқа қарағанда әлдеқайда арзан болуы мүмкін.
Тағы бір аспект — пациенттердің даусы. Біз компания ретінде пациент қоғамдастығын қолдаймыз, өйткені олардың пікірі өте маңызды. Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі пациенттердің қажеттілігін ескеруге ұмтылатыны және олармен диалогке дайын екені қуантады. Сайып келгенде, қызметіміздің коммерциялық сипатына қарамастан, денсаулық сақтау саласындағы барлық тарап бір мақсатқа – пациенттердің өмір сүру сапасын жақсартуға жұмыс істейді.
– «Johnson & Johnson» компаниясының заманауи емдеу әдістеріне қолжетімділікті кеңейту бойынша алдағы жоспарлары қандай?
– Фармацевтикалық компаниялар әр он жыл сайын дәрі-дәрмек портфолиосын қайта қарайды.
Алдағы 12–15 айда Крон ауруы, ойық жаралы колит, сондай-ақ өкпе обыры мен көптеген миелома сияқты ауруларды емдеуге арналған инновациялық препараттарды жаһандық және Қазақстан нарығына шығаруды жоспарлап отырмыз.
Біздің миссиямыз – нақты жетістіктерге қол жеткізе алатын салаларға назар аудара отырып, денсаулық сақтаудағы трансформациялық шешімдерді ілгерілету. Бұл препараттарды үздік деуге болады: олар пациенттің өмір сүру сапасын едәуір жақсартады.
Мұндай инновациялар пациент өміріне, Қазақстанға да нақты өзгерістер әкелетініне сенімдімін.
– Фармацевтика саласы адамның өмірінде қандай рөл атқарады және оның қоғам үшін маңызы туралы не айтасыз?
– Денсаулық – қарапайым ғана сөз емес. Көптеген адам үшін күнделікті дәрі қабылдау – өмір мен өлімнің арасындағы мәселе. Адам өміріне денсаулық сақтау саласындай терең әрі оң әсер ететін басқа бірде-бір сала жоқ.
Сіз де бұл үдерісте маңызды рөл атқарасыз. Журналистер медицина туралы маңызды білімді кең аудиторияға жеткізеді, бұл ұлттың денсаулығына тікелей әсер етеді.
Мемлекеттің, фармацевтикалық компаниялардың, пациенттер мен журналистердің өзара әрекеттестігі адам өмірін жақсартуға бағытталған тиімді жүйе қалыптастыруға негіз болатынына сенімдімін.
– Сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Бағдат Сұлтанқызы

619 рет
көрсетілді0
пікір