• Ақпарат
  • 10 Сәуір, 2025

Академиктің үмітін ақтаған шәкірт

Ғалым болу – үлкен жауапкершілік екенін ғылыми жұртшылық өкілдері жақсы біледі. Осындай жауапкершілікті мойнына алып, ғылымға қомақты үлес қосып келе жатқан, белгілі тілші-ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Жамал Манкеева туралы сөз етуді жөн көрдік.


Жалпы, энциклопедиялық анықтамаларда «ғалым – ғылыми методтар арқылы адамзат білімін жетілдіру мен молайтуға үлес қосқан тұлға» деп көрсетіліп, оның жүйелі түрде фактілер мен деректерді жинайтыны, оларды қорыта отырып, гипотеза және тексеру жүргізетіні, сосын сол бойынша ғылыми эксперимент жасап, қорытындыны қайта-қайта нақтылап, жаңа әрі сенімді білімге қол жеткізілетіні айтылады.
Міне, біздің кейіпкеріміз – профессор Жамал Айтқалиқызы да келтірілген ғалым сипаттамасына сай, ғылыми жұртшылыққа қазақ тілі лексикологиясының диахрондық және синхрондық бағытындағы көкейтесті мәселелерді індете зерттеп, этнолингвистика, лингвомәдениеттаным, ономасиология мен семасиология сияқты, сондай-ақ когнитивтік лингвистика тағы басқа салаларды зерделеген ғалым ретінде танымал.
Біріншіден, Жамал Манкеева – белгілі ғалым. Ғалымның қаламынан шыққан үш жүздей ғылыми еңбек, оның ішінде ондаған моногра­фия­лар, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар айтқанымыздың айқын дәлелі.
Жамал Айтқалиқызы – еліміздегі тарихи морфология, лексикология салалары ­бойынша қазақ тіл біліміндегі жетекші ғалымдардың бірі екенін ғылыми жұртшылық жоғары бағалайтыны да рас.
Екіншіден, профессор – ғылымды ұйымдас­тырушы. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында орындалып жатқан ғылыми жобалардың жетекшісі. Ғылым және жоғары білім министрлігі жариялаған гранттық жобаларды жеңіп алып, әріптестерімен бірге «Қазақ тілінің ұлтты рухани тұтастырушылық қызметі» деген тақырыпқа жетекшілік еткенін, осы тақырып «Ұлттық идея – Қазақстанның тұрақты дамуының негізі» деген мемлекеттік бағдарлама аясында орындалғанын және Қазақстан Респуб­ликасында тілдерлі дамыту мен қолданудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында шығарылған 15 томдық «Қазақ әдеби тілі сөздігін» құрастырушылар қатарында болып әрі редакторлық жасағанын айта кетсек, артық болмас анық.
Үшіншіден, Жамал Манкеева – академик Әбдуәли Қайдардың үмітін ақтаған шәкірті. Жамал апай қазақ тіл білімінде тіл тарихындағы көне түбірлерді зерделеп ғана қоймай, ұстазы бас болған этнолингвистика ғылымын дамытып, лингвомәдениеттану ғылымы мен когнитивті тіл білімінің негізін салушылардың біріне айналғанын айтқанымыз абзал.
Реті келгенде, Жамал апайымыздың ғылыми жетекшісі, академик Ә.Қайдардың «Ғылымдағы ғұмырдың ғибраты» атты кітабындағы мына мәселеге оқырман назарын аударғым келеді. «Шәкірттер туралы бірер сөз» деген бөлімде «Қос дәрежелі» – әрі кандидат, әрі доктор, оның үстіне «қос профильді» – әрі түбір сөз, әрі этнолингвистика проблемасынан бірдей қорғаған шәкірттерімнің бірі – Жамал Манкеева. Жамалдың да ғылымда әлі біраз жерге шабатын мүмкіншілігі бар» деген академик-ұстазының сеніміне селкеу түсірмей, ғұмырын ғылымға арнаған профессордың есімі бұл күндері еліміздің көрнекті ғалымдар қатарында қүрметпен аталатыны көңіл қуантады. 
Төртіншіден, Жамал Айтқалиқызы – парасатты профессор. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10.02.02 – қазақ тілі және 10.02.06 – түркі тілдері мамандықтары бойынша филология ғылымының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д. 53.38.01 диссертациялық кеңестің хатшысы ретінде диссертациямызды талапқа сәйкес безендендіруге көмек қолын созғанын әлі ұмыта қойған жоқпыз. Профессордың пайым-парасаты, білімі мен білігі туралы талантты шәкірттерінің бірі – жас ғалым Айнұр Ақкөзованың сөзін келтіре кеткенді жөн көрдім. «Жамал апайдың педагогтік қыры өзгеше. Ғылым докторы, профессор Жамал Айтқалиқызы өз дәрістерінде белгілі бір шекараны сызып алып, жаттанды шаблондармен сабақ бастап, күнделікті бір сценариймен аудиторияда әрі-бері жүрмейді. Мұндай жаттандылық жоқ. Керісінше, бізге жақын жерден орын алып жайғасып, амандық сұрасып алады. Дәрісін сарқырап аққан бұлақтай бастаған ұстаз-ғалымға сұрақ қойсақ, апайымыз түбегейлі түсіндіріп, жауабын беріп, керек жерін «түртіп алыңдар» деп, ойын бір үзбей жалғай жөнеледі. Жаттанды дәріс емес. Түркітану, тарихи морфология, тарихи лексикология, этнолингвистика, лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика, көркем мәтін лингвистикасы, лексикография салаларын жаңғақша шағып береді. Теориясы ма, практикалық құндылығы ма – апай кідіріп қалу немесе алдындағы оқулықтарға жалтақтау, келесі дәріске қалдыру, жауапсыз ұмыт етуді білмейді. Алдына келген шәкіртке берері мол. Еркін отырып, сіз десіп, көркем шығармалардан мысалдарды жаудыра отырып, дәріс тақырыбын ашып, үйге берер тапсырмасын түрткізіп те үлгереді.
Барлық ұстаз Жамал апайдың үлгісімен дәріс оқып, семинар тапсырмаларын берсе, Қазақстанның оқу жүйесі еуропаланар еді. Еркін, диалог үлгісіне енер еді. Апайдың сабақ өту әдіс-тәсілін Еуропа елдері қолданады. Қысым мен шекара жоқ, еркіндік бар. Алдына келген баланың өз ойын еркін жеткізіп, дамуына жағдай бар. Апайдың сабағында үрей мен ыңғайсыздық сезімі жоқ, керісінше ынта мен қызығушылық арта түсіп, апайдың берер біліміне қанық болсам екен деген ынта-тілек бар» деп ағынан жарылған, бұқаралық ақпарат құралында жарияланған сөзін «күзеп-түзеп, үзіп-кесіп» бермей, толық күйінде беруіміздің сыры – бұл тек бір ғана шәкірттің ғана емес, профессордың алдын көрген мыңдаған студенттің ағынан жарылған ортақ ойы екенін көзі қарақты оқырман аңғарған болар деп ойлаймын.
Бесіншіден, Жамал Манкеева – сарабдал сарапшы. Ғалымның елу жылдық ғылыми ғұмырындағы диссертациялық зерттеулерге, монографиялық еңбектерге берген сараптамалық қорытындыларына көз жүгіртсеңіз, профессор қаламынан шыққан 300 еңбегінен де асып кетеріне бек сенімдімін. Ғылым жолына түскен талай зерттеушілердің еңбектерін саралауда зерделенген еңбектің ғылымға қосар үлесін, көкейтестілігін, алынған нәтижелердің кеңінен қолданылуын айқындау үшін қаншама уақытын сарп еткенін бағамдай беріңіз. Еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында бітірушілерден мемлекеттік емтихан алып, оларға біліктілік берудегі сараптамасы – өз алдына бір бөлек әңгіме. Тағы да осыған мемлекеттік тілді оқыту мен меңгертуге арналған «Қазтест» жобасындағы сарапшылық еңбегін қосуға әбден болады.
Алтыншыдан, Жамал Манкеева – әдіскер – ғалым. Жоғары оқу орындарының студенттерімен қатар, мектеп оқушыларына да ана тілінен сапалы білім беру мақсатында оқулықтар дайындауға араласып жүргенін әріптестері жоғары бағалайды. Ол – сауатты, жан-жақты дамыған, ұлттық, отбасылық тәрбие құндылықтарын бойына сiңiрген ұрпақтар тәрбиелеу ісіне де белсене қатысып жүрген әдіскер-ғалым. Заманауи оқулықтар жазу мәселесі жан-жақты талқыланатын мінберлерден сөз алып, өзіндік бай тәжірибесін бөлісіп келеді. 5-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығының авторларының бірі болуының өзі айтқанымызға айғақ болары анық.
Жетіншіден, Жамал Манкеева – ардақты ана, аяулы жар, әдемі әже. Нағыз қазақ әйелінің образын суреттеп беріңіз десе, ойланбастан ойға оралатыны Жамал апайдың кескін-келбеті дер едім. Өйткені қазақ әйелінің бойынан табылар тамаша қасиеттер – сабырлылық, инабаттылық, биязылылық, жылы жымиыс, күлімдеп қарау, жан-жағына нұр шашу, тәрбиелілік, ілтипаттық Жамал апайдың бойынан мен мұндалап тұрады десем, көпшіліктің көңіліндегісін дөп басып айтқан болар едім деген пікірдемін.
Белгілі әдебиеттанушы-ғалым, профессор Зейнолғабиден Бисенғалиевтей ағамыздың асыл жары ретінде әулеттің абыройын арттырып, жолдасын үнемі алға оздырып, жар сыйлаудың озық үлгісін көрсетіп, ел ғылымын дамытуға арналған ғылыми іс-шараларда қол ұстасып, қатар отырғанын, той-томалақтардың төрінен табылып, ағайын-туыс, әріптестерге ақжарма тілектерін қатар тұрып айтқанына талай рет куә болғаннан соң, осылай айтып отырғанымызды ойлы оқырманға жеткізгенді жөн көрдік. Сонымен бірге Кенесарыдай ініміздің, Ақмаралдай қарындасымыздың аяулы анасы, немерелерінің әдемі әжесі ретінде, ұлттық құндылықтарға тамырын терең жіберген ұрпақтар тәрбиелеуде тағылымы мол тәрбие беріп келе жатқан отанасы.
 Иә, айта берсек, Жамал апайдың жақсы қасиеті жетіп-артылады. Оның бәрін бір шағын мақалаға сыйдыру тіпті де мүмкін емес. Қысқаша қайырып, ғалымдар отбасы атанып кеткен жанұяға мерейтойларыңыз құтты болсын дегім келеді.

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, 
Президент жанындағы Ұлттық ғылым 
академиясы Директорлар кеңесінің 
тәуелсіз директоры, академик

712 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы