- Ақпарат
- 10 Сәуір, 2025
«ПҰТ-КІТАП» – ПРОЗАНЫҢ АЛДАҒЫ БАҒДАРЫ МЕН ТЫҢ ӨРІСІ

Әлия Бөпежанова, сыншы:
Дидардың жолы немесе алғы сөз орнына
Дидар Амантай – шығармашылығы өнімді және көп қырлы жазушы. Бүгінгі биігінен қарағанда оның прозасын шартты түрде екі сипатта қарастыруға болатындай. Алғашқысы – поэтикалық прозасы, яғни ішкі (астар) ойдың бейнелілігі автор ой-сезімінің ашықтығынан туындайтын, оны жеткізудің негізгі формасы авторлық ділдік-пәлсапалық сентенциялардың күрделі мән-тұжырымдамалары болып шыққанымен, жеңіл қабылданатын атмосфералық проза. Келесісі, бәлкім, мағыналық-құрылымдық-өзгерістерді күтулі әдебиетіміздегі жазудың жаңа жолдары – формалық эволюцияға, жаңа танымдарға бастайтын, кеңістігі шалқар, сөзі өте үнемді проза. Және ең бастысы – қашанда сауал қоя білетін; ойлы оқырманын сұқбаттастыққа, қажет десеңіз, пікірталасқа шақыратын проза.
Жазушының «Пұт-кітап» атты жаңа кітабындағы («Дәуір» баспасы, 2024) «Пұт-кітап» атты жаңа хикаяты шартты түрде осы екінші сипатты, жеке пікірімізде, жаңа сипатты прозаға жатады дей аламыз. Сондықтан да әріптестермен осы хикаят туралы пікір алысуды жөн көрдік.
«Ауыл сыртындағы қос ауыз шатқал, тар үңгір ішінен ойын балалары тауып алған, әу баста атаусыз, сосын «Шер-кітап», бір замандары «Әулие кітап», содан кейін «Күміс шежіре...», соңғы түйіні «Пұт-кітап» – «Елдің қағазға түскен, тасқа басылған тағдырына деген жаңаша көзқарас немесе ескіше баяны». Бұл тұста Дидардың кезінде бірталай сынға ұшырап, кейінірек небір көркем талдауларға арқау болған «Гүлдер мен кітаптар» заманауи романы еске түседі. Онда Түріктердiң пайда болуы туралы толғаған 25 жыр – роман iшiндегi роман орайында берілген-ді. «Бiр жыр – ойлары үтiрлермен бөлiнген бiр сөйлемнен» тұратын. Кезінде болмысы – Тәңiрi болған түріктердiң кейінгі тарихы қалай таратылатыны қызғылықты болған.
Дүниеәлемнің жаратылуы, ондағы түркілердің шартты өмірлік және реалды дүниетаным, сенім жолдарының тарихын жердің шеті Қарқаралыда жандандыратын «Пұт-кітап» сол идеяның трансформацияланған жалғасындай көрінеді. Мағыналық доминантты хикаят ойға дерттіріп, көкжиекті ашатын жиырма бір философиялық миниатюрадан тұрады. Әрбір сөйлемінде – тұтас бір таным, бидайдың қауызына сыйдырылғандай алапат оқиғалар. Хикаяттың осы және басқа да параметрлері «Пұт-кітап» әдебиетімізде, бәлкім, болашақта белең алуы мүмкін жазу мәнерінің көрінісі болар деген ойға бастайды.
Асылбек Ихсан, жазушы-драматург:
Адам – Құдайдың кітабы-ау...
«Пұт-кітапты» оқып отырып, адам – Құдайдың кітабы-ау... деген ой келді. Бірақ бұл кітап қалай жазылса, солай тозатын, бір қарпі өзгермейтін қағаз кітаптан өзгеше: кітап беттерін адам өз қалауынша өзгерте алады; тағдырын кері жазады, түзету енгізеді – төніп қалған ажалдың бетін қайтара алады. Баршаға сауапты ісің, борышқа адалдық – тағдырыңның диірменін кері айналдыра алады. Шалыс басып, құмға айналғалы тұр едің, дән қалпыңа кері оралдың, қайта көктеуге мұрша алдың... Автор «Пұт-кітабында» сенімді айтады. Алладан түскен төрт кітаптан да бұрынғы наным-сенімдерді қозғайды. Құдайсыздықты, оның залал-зардабын сөз етеді. Бұл жалғанда мәңгілік ештеңе жоқ, тек сөз ғана мәңгі екенін айтады. Ал ол сөз – Құдай сөзі емес пе еді?
Жазуы күмістен, жиегі алтын кітап су түбінде тұнып жатады. Ол кітап әуелі атаусыз болды, кейін «Шер кітабы», бір кездері «Әулие кітап» деп танылса, мына заманда «Күміс шежіре» деп аталады. Су түбі – сөз-ой түбі, бәлкім, шер толқытса шығатын. Әзірге адамзаттың қолымен жазылған алғашқы кітап – б.э.д төрт мың жыл бұрын қыш тақталарға жазылған шумерлердің «Гильгамеш» дастаны. Қарпі – сына жазу... Дидар «Пұт-кітабында» арғын руы туралы да айтады. Алтайдан Торғай даласына қоныстанып, кейін Қос өзеннің ортасына барып қала салған, адамзаттық алғашқы цивилизациясының, мәдениет, өнерінің бесігі болған шумерлер түріктер еді. Ғалым Аманқос Мектептегі шумер жазуын, қаріптерін қазіргі қазақ руларының ру таңбасы деп дәлелдеп жүр. Қазақтың біраз руларының таңбасы, оның ішінде арғын руының таңбасы тасқа басылып, бүгінге дейін сақталғанын археолог-ғалым Зейнолла Самашев Торғай даласынан табылған сол тасты қолына ұстап тұрып көрсетті. Демек, түбі түрік қазақ тарихын алты мың жыл бұрынғы шумерлерден іздеуге тарихтың өзі мол материал, құнды жәдігерлерін көз алдымызға тосып тұр...
Сауат ашпаған жаманқара тайпасы от шеңбердің ішінде отырып, кітапты ортаға қойып, ғұмыр – оты ұзақ алаулауын тілеп, әркім өзі білетін дұғасын күбірлейді. Қырық күн ораза ұстап, нәпсісін тыйып, айналдыра бор-бояумен шеңбер сызып, Құдайдан тілек тілеу – сопылық дәстүрде бар ілім. Шеңберді неше түрлі құбыжықтар қоршап, дұғадан қайтаруға тырысып, жай пенденің жүрегі жарылып өлер қорқынышты бейнеге енеді. Шеңбер ішіндегі пенденің оқуы, сенімі мықты болса, құбыжықтар ғайып болады да, қырық бірінші күні аспаннан екі періште түсіп үш тілегіңді орындайды. Дидардың жаманқараларының шеңбері – алаулаған от шеңбер. Өйткені, олардың пайымында, өзегін өз жалыны алмас пышақтай тілгілеген от – ғұмыр. Өмір – өзін-өзі өлтіру. От өртеніп өмір сүреді. Жанғанда – тірі, жанып біткенде – өлі. Адам алаулап аз күн жанады, қоламтадай қоздап жатады, ақыры күлге айналады. Қазақтың жалындап ғұмыр кешіп, келте үзілген арысын «жанып кетті...» дейтіні сол шығар... Мына бес күн жалғанның мақсаты – құпия. Біреу үшін бұ дүние байлығымен тәтті, біреуге атақ-даңқымен қадірлі, енді біреулер өнерден, жазу-сызудан таппақ болады құпияны. Мүмкін, арман қуу дегеніміз – жұмақты аңсау шығар... Таудай арманың қол жеткенде төбешікке айналады, сол төбешіктің үстінде тұрғаныңда алыстан басқа бір арман қызыл орамалын бұлғайды. Азғырған ібіліске жаныңды сатардай болып оған да жетесің, алайда сол сәтте ол биігің де ойпатқа айналады. Сөйтіп, сағым қуып жүргеніңде от-ғұмырың да өшеді. Бұ жалғанға жылап келіп едің, жылап қайтасың. (Қазақтың о дүниелік болғанды «қайтты» дейтіні де сол. Аз күн қонақ болды, сосын мәңгілік мекеніне қайтты. «Жоғалтып алдық...» деп жүргендер шатасады. Жоғалған табылады деген үміт болады. Ал қайтыс болған біржола кетеді, мәңгі айырыласың...) Арман – сәбидің кеуек емізігіндей аз күндік алданыш. Пейіш жемісінің дәмі таңдайымыздан кетпей, небір жеңсік асың да көмейден өткенде жасыққа айналатыны да содан шығар...
«Пұт-кітап» – бүгін өзіміз өмір сүріп отырған әлемнің о баста хаос болғанын, жаратылғалы бері адамның уақыт пен кеңістік, мезгіл туралы; ақиқат пен мағына туралы ой-толғауларын ортаға салады. Мәтін, сөз, дыбыс, таңба туралы құпиясы әлі ашыла қоймаған түсініктер туралы ой өрбітеді. Әл-Фараби он сегіз мың ғаламның үйлесімі – дыбыста деді. Демек, мына дүниені дыбыс ұстап тұр. Адам да дыбыс көзі. Дыбыс дегеніміз – зікір. «Пұт-кітаптың» «Шеңберлер» деген тарауы да бар. Зенон да шеңбер туралы айтқан. Біліміңнің шеңбері ұлғайғанда білмейтініңнің шеңбері де ұлғая береді. Демек, бұ дүние бір құпиясын танысаң, мың құпиясын шығара қояды... Біздің де «Пұт-кітаптың» құпиясын танымақ болған талпынысымыз осы жерден тамам. Кітап оқырманға дүниенің төрт бұрышына көз салып, қайдан келдік, қайда барамыз, бұ дүниеде не істеп жүрміз деген жауабы жоқ сұраққа жауап іздеуге шақырады.
Әлмира Наурызбаева, философия ғылымының докторы:
Көркем сөздегі пәлсапалық ой
Мәтін – уақиға ма әлде оның баяндалуы ма? Кез келген оқиға жоғалады, тек таңбаға түскен, тасқа басылған сөз ғана бәрін сақтайды. Баяндаушының ойы – табылған, Ариаднаның шумақ жібіндей құпия қолжазбадан алған осы бір импульсімен бұрылыс-бұралаңдар арқылы адамнан үңгірде жасырынған құбыжық Минотаврға асыққан Тесей сияқты жүгіреді..
Менің қиялымда әлдеқалай осындай аналогия пайда болды. Табылған қолжазбаның, баяндаушы зерделемек, ұғынбаққа ұмтылған құпиялылығы мен құпиясы, Минотаврдың шексіз шешімі қарастырылатын әртүрлі нұсқалар, интерпретациялар, идеялар мен танымдары дерлік – аңыздық бейнесі сияқты... Ал оның аңыздық бейнесін еске алар болсақ, Минотавр – денесі адам, басы бұқа-құбыжық. Ой келеді: аңыздық Минотавр жазылмаған немесе жабық кітап, оқылмаған және танылмаған мәтінді символдауы мүмкін...
Дидар повесінің, меніңше, интерпретациясы автордың ізімен жүріп отырады. Оның мәтіні 21 философиялық миниатюрадан тұрады. Әрқайсысы – толыққанды, аяқталған мәтін. Және повестің құрылымында – бүтіннің бөлшегі.
Күміспен жазылып, алтынмен апталған «Құпия кітап» үңгірдегі су түбінен табылады. Мұны символ орайында қабылдауға болады, өйткені әлімсақ бастау туралы сауалға жауап іздеудің онша қажеті жоқ. Бұл, бір есептен, пәлсапалық әдіс. Және ол ешқашан да түпбастау туралыға жауап іздеп әуреленбейді, ол болмыс туралы, нақты (бар) әлем туралы ой таратады.
«Күміс шежіре» – таңба-белгіден мәтіннің тууына дейінгі жүріп өтетін тану, таным жолы. Таным жолына, зерделеуге түскеннің өтер жолы осындай. Мен бұл тарауды мифологиямен салыстыра қабылдауға бейілмін: мұнда Дидардың өмір мен өлім философиясы прометейлік ауқымдағы метафораларға қол созады. Өмір – жанып жатқан от, өлім – өмір күлі. Дидар шығармашылығында басым түсіп жататын экзистенциалды сарындар өмір философиясымен диалогіне айрықша драматизм береді. Тұтастай алғанда, экзистенциализм жалған плакаттық оптимизм мен дүниесезім «азабын» көрген жоқ.
Жердің шеті біздің қиялымызда. Көшпелінің кеңістік шексіздігі осы кеңістікті өзінің символдық қиялында Универсум ретінде игерген адам өмірінің белгілерімен ғана анықталады. Ал уақыт, Дидардың жазуында, бұл өмірге адаммен бірге келген. Иә... Адамға өмірдің санамалылығы қажет болды.
Шындығында, абыздардың өтіп бара жатқан уақыт және дүниеәлемнің пайда болуы, өмір және оның жердегі ақыры туралы қиялдағы картинкаларынсыз (суреттерінсіз) сенімді түрде айтуы, әңгімелеуі беймүмкін-ді. Дүниеәлемнің қандай да бір бейнесін уақыттың өмір және кеңістіктегі қозғалыс координаттарынан тыс сипаттау мүмкін емес.
Ғасырлық құпиялар, Символдар – әріптерден түзілген кітаптың таңба-белгілерді кешкен өмірлердің ізтаңбалары ретінде сақтайтыны туралы екі миниатюра. Киелі кітаптар – Құдайдың жазулары, ал таңбалық жазудың өзі – Құдайдың мөрі. Бұл – көненің, кітаптың ұлы сақтаушысы Хорхе Луис Борхестің пікір-танымы. Ол – Кітапта сақталған Құдай сөзін қастерлеу, кие көрудің дара өкілі. Литера – әріп, литера – таңба, оның баспа-таңбасы – Кітап.
Бірақ сөздің өзіндегі сөз – ол сөзде, сөйлесуде жанданатын тіл. Бұл бізге, сөздің үнін, оның сыртында тілдің астарлы, терең мағынасын қан-қазыналық (генетикалық) тұрғыдан ести алатындарға әбден түсінікті. Бір кездері Кітап адамның өміріне әлдебір тылсым құпияның ашылуы болып енді. Бүгінде, менің ойымша, кітап – өмірдің сол құпияларын ашу эпизодтарының шексіз қайталанатын қарапайым, жеңілдетілген нұсқасы.
Герменевтика шеңберлері мәтінді оның мағынасын ашу ретінде түсіну үдерісінде заңды. Тұтас – оның бөлшектерін, ал әрбір бөлігі бүкіл мәтінді түсіну арқылы түсініледі. Бірақ біздің әрбір оқуымыз мәтін мағынасының түбіне жете алмайды. Ол шексіз, өйткені ол шет-шегі жоқ шеңбердің ішінде.
Уақыт салыстырмалы және затты. Бірақ, біз оны қалай жұмсаймыз, рәсуа етеміз, өзгеге сыйлаймыз – осының барлығын «өмір» деп атаймыз. Атайтынымыз бар. Алайда адам үшін өмір – асулы кезеңдер, сағаттың циферблатты алаңсыз айналатын тілшіктеріндей таңбалар, ал, шын мәнісінде, уақыт – біздің мәңгілікке қарай қадамымыздың есептелуі. Алайда Жаратушы бізге сыйлаған мәңгілікті ұғына зерделеуді бізге жазбаған...
Қала заманында барлық тіріні тірі еместер жұтты. «Жан арзан, жануардың құны қымбат».Осымен бәрі айтылып тұр.
Өсиеттер – Дала еліне Құранның Әбу Бәкір нұсқасының келуі. «Бұзау терісімен қапталған күміс зерлі мұқабасы жарқыраған кітап» адам баласын дүниеәлемнің осы кезге дейін көрудің өзіне қорыққан құпияларын ашуға мәжбүрледі. Құпиялар өзінің мағлұматсыздығымен (белгісіздігімен) қауіпті.
Көзге көрінбейтін – қауіпті. Біз кездері біздің ата-бабаларымыз өз үйінің табалдырығын тірі-жанды мен арғы беттегі өлі-жансыздың арасындағы шекарадай құрметтеген. Ал әулие әкелген Кітап діндарға осы, пәнилік өмірдің заңдарын ұғынудың бізге Пайғамбар жеткізген жолдарын біртіндеп ашады. Пәнилік жолдың уақытшалығы туралы тұжырымдаманың өзі бізді өтіп бара жатқан және қайта оралмайтын энтропиялық уақыт туралы жанымызды ауырта ойлануға бастады.
Оралу Ф.Ницшенің өмір философиясының «Мәңгілік оралу» концептісінің анықталмаған, бірақ бардың болмыстық әдісін белгілейтін мағынасы орайында, Д.Амантай повесінің контексін «...уақыт пен кеңістік адамның көзі түскенде ғана өмір сүретінін», адам көретін кеңістік пен уақыт – әлемнің бар екеніне куә екенінің өзектендірілуі деп түсіндіруге болады. Бұл парадигмада болмыс туралы сауалдың өзі қисынды. «Сонда дүние бар ма, әлде адам санасындағы күй ме, түсінік пе, образ ба... Не? Ол бір сәт тірі екеніне, дүниенің рас екеніне сенген жоқ». Табылған қолжазба осындай сөздермен бітеді.
Мен хикаяттың сюжетін, кейіпкерлерін саналы түрде айналып өттім. Бұл жерде сюжет – өзін дербестендірумен, оқиғалармен және тарихи маңызды деген эпизодтармен куәландыратын нақты емес шындықтың желісі. Кейіпкерлері – мәдени шындықтың иегерлері. Дидар үшін өмірлік кеңістіктің нақты нүктесі – Қарқаралы Фолкнердің Йокнапатофасындай. Бірақ Фолкнер үшін Йокнапатофа – өзі дүниеге келген, өскен, бүкіл шығармашылығымен адал болған туған жерінің ойдан шығарылған атауы. «Фолкнердің өзі туған жердің бір пұшпағы туралы жазғаны – туған тарихын жазумен парапар» деседі сыншылар. Дидар шығармашылығында ерекше орын алатын Қарқаралыға байланысты да осыны айтуға болады.
Дидар да, Фолкнер сияқты форма мен тіл іздейді. Алайда одан айырмашылығы – Дидар шығармашылығының философиялық негізінің қуаттылығында.
Қарлығаш Қабай, ақын:
«Пұт-кітаптағы» Жүз жылдық жалғыздық
– «Бір кітаптың не айтқысы келгенін түсіну үшін басқа кітаптарды оқу қажет пе?»
– «Кейде солай болуы мүмкін. Кітаптар көбінесе басқа кітаптар туралы баяндайды.
Көп жағдайда бір кітап қауіпті кітаптан гүлденген зарарсыз тұқым немесе ащы тұқымның тәтті жемісі болуы мүмкін...»
Умберто ЭКО «Раушанның аты»
Иә, бұл өзіңізге таныс та бейтаныс Умберто Эконың көп айтылып, аз оқылған атақты «Раушанның аты» шығармасынан алынды. Шынымен де көп жағдайда бір кітап қауіпті кітаптан гүлденген зарарсыз тұқым немесе ащы тұқымның тәтті жемісі болып шығуы әбден мүмкін. «Бұрын кітаптар адамзат өмірі, қоршаған орта немесе қастерлі дүниелерді баяндайды деп ойлайтынбыз. Ал қазір кітаптардың басқа кітаптар туралы жиі айта бастағанын байқаймыз»... Сонсоң «...кітаптар әрдайым басқа кітаптарды еске салатынын және әр хикая бұрын айтылған бір хикаяны баяндайтынын» ескерсек, Дидар Амантайдың «кітап жайлы кітабын», яғни «Пұт-кітабын» жаманқаралардың ортасына, адамзаттың уақытқа бағынбайтын бір кезеңіне апарып тастап, өлім мен өмірдің ортасындағы кеңістіктен тыс тыныс алатын жадымызға жазғаны біраз нәрсені ойға оралтты.
Кьеркегордың айтуынша, өлімнен қорқу адамды құдай мен өмірдің мәнін іздеуге бағыттаушы күш болса, Хайдеггер бұл қорқыныштың адамды өз «бар» болуының жауапкершілігін алуға итермелейтінін айтады. Ал жаманқаралар ұғым-түсінігінде «ғұмыр – өзегін өз жалыны пышақтай тілгілеген от. Өмір – өзін-өзі өлтіру. От өртеніп өмір сүреді. Жанғанда – тірі, жанып біткенде – өлі. Тегі, өлім жану мен өшу арасында, қоламтаны қуалай жүріп, от артынан еріп бара жатады. Өлім, сөйтіп, өмір бойы тіршілік соңында. Күл – қаза».
«Жаңа өмір» шығармасында Орхан Памуктің «Бір күні бір кітап оқып, тұтас өмірі өзгерген» кейіпкері «Кітаптан басын көтеріп, бөлмесіне, терезесі мен төсегіне қайта көз салса, бәрі бөтен болып шыға келер ме?» деп қорықса, Амантайдың үңгір ішіндегі кітапты тапқан жаманқаралары «Таңбалары ұмытылып, үнсіздікке айналған кітаптың әріптеріне жаңадан ат қойған». Осылайша, алдыңғы, ұмыт болған жұмбақты шешу үшін жаңа жұмбақ ойлап табуларына тура келеді. Ал, Экоша айтатын болсақ, «үнсіз қалу арқылы да көп нәрсені айта алатын» адамзат баласы таңбалардың үнсіздігіне жан бітіруге құштар ма? Яки өз жұмбағын өзі жасауға деген аңсар ма екен деген ой да мазалағаны рас.
Осы тұста «Пұт-кітаптың» ең басты шеберлігі бір деммен оқып шығарлық көлемде болуы екенін айта кеткен жөн. Эдгар Поның пікірінше, бір отырыста оқып шығуға қауқарсыз туындылар ортаға күйбең тіршілік килігіп кететіндіктен, өзінің «біртұтастық» деген басты қасиетінен айырылып қалып жатады.
Өмір, тіршіліктің бастауы ретінде кітаптың Қарқаралы өңіріндегі тас үңгірден табылған күнінің алынуы, жаманқаралар түсінігінде әлем Қарқаралы тау-қыраттары кейпінде суреттелуі, басында «жалғыздығымыз» қалған Қарқаралы басындағы аршамыз – бәрі-бәрі Маркестің «Мир был таким первозданным, что многие вещи не имели названия и на них просто тыкали пальцем» деген жалғыз ауыз сөйлемін жадымызға оралтқандай әсер қалдырады.
Сол жаманқаралардың күндердің бір күні «әйтеуір, бір жерде Қарқаралы аяқталуға тиіс» деген ой-тұжырымға келуі, тұңғыш рет соғысқа қатысып, Тәңір туын көтеріп, байрақтарына кітаптан бір үзінді жазып алып, бұл жазуды «Біз Тәңірдің баласымыз» деп оқуы, Маркестің аурудан қорыққан кейіпкерлерінің негізгі көшеге «Құдай бар» деген тақтайша іліп қоятын еркін, әпербақан қылықтарын еске түсіріп, оқырманды «жүз жылдық жалғыздықтың» Макондосына алып кеткендей болады...
Бірақ «Пұт-кітап» жазылып біткен сәт бас қосқан әулие-әнбиелер бір кездері кітап бетіне ештеңе жазылмағанын ұмытуды талап еткен кезінде селк етіп оянып, өзіміздің қазіргі қазақ ортасында, Қарқаралыда жүргенімізді қайта ұғынғандай боламыз. Өйткені өмір сүрудің басқа нұсқасы жоқ. Бір Тәңір, бір ғалам пішіні, бір дүниетаным, бір жүйе... Бұл сонау көктен төрт кітап түскен кез де, қазір де өзгерген емес.
Шығарманың одан кейінгі тұсында, әулие-әнбиелер айтқандай-ақ, бір кездері кітаптың бетінде ештеңе жазылмағанын ғана емес, қазір кітаптың бетінде не жазылғанын да ұмытқан жұрт алғашқы мәтіннің «бар» болғанын да естен шығарып үлгереді. Осылайша, «күнді белгілеген күнбасты суреттерден алтын шеңбер бөлініп шыққан» екен.
Әрі қарай бұрыннан таныс шеңберлер мен шексіздіктер арасындағы мистикалық байланыс туралы ой баяндалады. Шексіздіктер арасындағы өткел Дидар Амантайдың туған өлкесі Қарқаралыдағы үңгірдің ішімен өтетін болып шығады...
Одан кейін тұңғыш рет соғыс көрген жаманқаралардың алғашқы құрбанын беруі Маркестің шығармасында Макондоға жерленген алғашқы адамның Мелькиадес болған сәтін еске түсіреді. «Адамды жермен байланыстыратын – аруақ қана» дейсің ішіңнен үнсіз Маркесше... Ал жаманқаралар соғыста өлген Асанға таңырқағаны сонша – «Құдай емес, адам қайтіп жан алады?» деп дел-сал күйге түседі. Дидар Амантайдың шығармасының осы тұсында Маркестің бір кейіпкерінің «Көріп тұрғандарыңыздай, бейбітшілікте өмір сүріп жатқанымыз сонша – тіпті әлі арамызда ажалы келген бірде-бір адам табылмады. Ауылымызда зират та жоқ» деген сөзі ойға оралады.
Шығармадағы «Уақыты көп елдің кеңістігі де жартылай бос», «Көшпелілерде уақыт көп, бәрінің қорасында үйіліп жатыр», «Біз бағытымыздан ауытқымай, тік жүре берсек, қайтадан Қарқаралыға қайтып келеміз» деген тосын ұйғарымдар Маркестің шығармасындағы Аркадио Буэндианың желтоқсан айының бір сейсенбісінде «Жер – дөңгелек. Құдды бір, апельсин сияқты» деген жерден тапқан жеті қояндай жаңалығына немесе бес күн бойы далаға шығып, аспанға, жерге, жапырақтарға, ағаштарға қарап бақылап жүріп, жұма күні екенін естіген сәтте таңырқап, «Қайдағы жұма? Бүгін әлі дүйсенбі. Аспанға қараңдар, жерге қараңдар, ағаштарға қараңдар, әлі сол дүйсенбі күнгідей болып тұрған жоқ па?» деп жанұшыра шырқыраған сәтіне оралтқандай.
Жаманқараларға ислам келгеннен кейін, ауылда мешіт тұрғызылып, ауылдың жанына қала да салынады. Бірақ тас үйлердің әлегі – ел ішінде қылмыс көбеюі деп түсіндіріледі. Халық киіз үйін қайта аңсайтынды шығарады. Осы тұсы Эконың «Раушанның атындағы» «Қала бүгінде бай дін қызметкерлері кедей әрі аш адамға «ізгілік» туралы уағыз айтатын масқара орынға айналды» деген ойымен тұспа-тұс келмек. Сөйтіп, жаманқаралар қаласын қиратып, ауылына қайта көшеді. Түздегі шексіз шеңбер қаладағы төртбұрыш тіршіліктен еркін екені анық.
Шығарманың соңында жаманқаралардан шыққан Үсен Чылбы кеңістік пен уақыттың адамның көзі түскен сәтте ғана пайда болатынын, басқа уақытта байқалмайтынын түсінді. Осы жерде біз Беркелейден бастау алып, Хайдеггердің «Sein und Zeit» («Болмыс пен уақыт») туындысының негізіне айналған экзистенциалды философиясының бір бөлігіне айналған «Dasein» (өмір сүру, осында-бар болу) ұғымына қауышамыз. Хайдеггердің пікірінше, дүние «Dasein» (адам болмысы) арқылы мәнге ие болып, ашылады. Әлем тек адамның бар болуы мен оны түсінуі арқылы ғана «болмыс» мәртебесіне ие болады...
Иә, кітап әрдайым басқа кітапты еске салады және әр хикая кейде бұрын айтылған бір хикаяны баяндайды... Сонымен сөзімізді Умберто Эконың осы тәмсілімен аяқтауға рұқсат етіңіз.

355 рет
көрсетілді0
пікір