- Ақпарат
- 10 Сәуір, 2025
ҚАЗАҚ ТІЛІ ҒЫЛЫМ ТІЛІ БОЛМАҚ КЕРЕК

Қарагөз СІМӘДІЛ,
«Ana tili»
Тіл білімінде стиль түрлерін әдеби, публицистикалық, ғылыми, ресми-ісқағаздар, ауызекі деп бірнеше салаға бөлеміз. Міне, тіл дамуы үшін осы стильдердегі тіл қолданысының әрқайсысының да дамығаны аса маңызды. Түркістан қаласында өткен «Қазақ тілі – ғылым тілі: жасанды интеллект және терминология» ІІ Халықаралықсимпозиумында қазақша ғылым тілі дамуының маңызы туралы терең талдаулар, өткір баяндамалар, пікірталқылар өтті.
Қырғыз бен қазаққа сөздік қажет пе?
Мәселен, академик Шерубай Құрманбайұлы: «Қырғызды ең жақын бауырымыз деп есептейміз. Қазақ пен қырғыз арасына сөздік керек емес деп айтамыз. Алайда қазіргі терминологиялардың аудармасына келсек, тілі ең жақын, ең ұқсас деген халықтың өзі бір терминді әртүрлі етіп аударғанына көз жеткізіп отырмыз. Соңғы жылдары қазақ, қырғыз, өзбек сынды тілдерге аударылған халықаралық терминдердің салыстырмалы талдауын жасап көрдік. Байқағанымыз, бір терминді әр халық түрліше етіп аударып алғанбыз. Негізінде, түрік халықтары арасында халықаралық терминдер аудармасына қатысты ортақ шешім, бірлік, талқы керек-ақ. Әйтпегенде ең жақын деген қырғыз халқының да аударма терминдерін түсінбейтін жағдайға жетеміз де, қазақ пен қырғыз арасына сөздік жасауға тура келеді», – деген алаң көңілін білдірді.
Симпозиумның бір ерекшелігі – түрлі баяндама, секциялық отырыстардан соң мезет шай (кофе-брейкті осылай сәтті аударған екен. Аударма нұсқаны Шәкір Ыбырайұлы ұсынған) ұйымдастырылып, баяндамаларды өзге спикерлермен бірге талдауға мүмкіндік берілді. Міне, сондай әңгіме-дүкен барысында Қарақалпақстандағы Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінің қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Гүлшат Әділова: «Алатауды тел емген соң қырғыз бен қазақ бір-бірін туған бауырындай көреді. Ол – өте жақсы мінез. Жалпы түрік халықтарының жақындығы, бауырластығы, бірлігі дәл қазіргі аласапыран заманда өте маңызды. Дегенмен тамырластық жағынан қазақ пен қарақалпақтың етене жақындығын да ұмытып кетпесек екен. Қарақалпақстандағы ең іргелі оқу орнында қазақ тілі мен әдебиеті пәні арнайы оқытылады. Біз Қазақстанмен ғылыми байланысымызды үзген емеспіз. Ғылыми тақырыптарға, ізденістерге қатысты ортақ жобаларды жалғастыра берген жөн. Осындай симпозиумдар қазақтың ғылыми тілін ғана емес, түрік халықтарының ортақ ғылыми терминологиясын, зерттеу тақырыптарының аясын да кеңітері анық. Бұл алқалы жиында Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстанның да ғалымдары келіп, сөз алды. Өз тілдеріндегі ғылыми стильдің дамуына қатысты түйткілді жайттарды талқылады. Биыл екінші рет өткізіліп отырған осындай халықаралық симпозиум жұмыстары қаншама ғалымға керек идеяны талқылады», – дейді.
Симпозиумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова: «Білімі мен ғылымы дамыған ел ғана әлемдік өркениет көшіне ілесе алады. Қазақ тілі – мәдениет пен философияның, ғылым мен техниканың, білім мен инновацияның тілі. Оның ғылыми стилінің заман талабына сай қалыптасуы бүгінгінің өзекті мәселесі. Қазақ тілінің ғылымда, білімде, техникада және технологияда қолданылу аясын кеңейту маңызды міндеттердің бірі. Осы мақсатта терминология саласында іргелі нәтижеге және жан-жақты қолданысқа жету, жасанды интеллект жүйесін енгізу жолдарын талқылау маңызды. Жасанды интеллектінің рөлі, терминдерді біріздендіру, халықаралық жаңа ғылыми ұғымдарды қолданысқа енгізу – кезек күттірмейтін іс. Симпозиум осы мәселелерді жинақтай отырып, үлес қосады деп сенеміз.
Бұл симпозиумның қазақ тілі мен қазақ ғылымы жанашырларының басын біріктіретін, қазақ руханиятына зор үлес қосатын іс-шара ретіндегі рөлін атап өткім келеді», – деген еді.
Алқалы жиынды Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы, Түркістан облысының әкімдігі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және «Bilig» (SSCI, Scopus, Web of Science) – Түрік әлемі әлеуметтік ғылымдар журналы, Дүниежүзі тоғызқұмалақ федерациясы бірлесе ұйымдастырғанын да айтқан дұрыс. Симпозиумға Түркия мен Өзбекстан, Қырғызстан сынды бауырлас түрік мемлекеттерінің арнайы делегация өкілдері, сондай-ақ Түркістан облысының 17 ауданынан қазақ тілі пәнінің мұғалімдері мен әдіскерлері арнайы шақырылғанын да атап өткіміз келеді.
Түркістан тіл мәртебесін тұғырынан түсірмейді
Әуелі «Симпозиумалды» басқосуы ретінде «Қазақ тілінде термин жасаудағы бір ұстаным» атты workshop өтті. Жиын модераторы – журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Молдияр Ергебеков. Дәріс оқыған – тіл маманы, филолог, «Калькасыз қазақ тілі» Telegram-арнасының авторы Назгүл Қожабек. Ол «Синтаксис сыры» атты қонақ-дәрісін өтті.
Симпозиум жұмысы басталмас бұрын «Ахмет Ясауи университеті – Жаһандық жас ғалымдар» фотокөрмесінің лентасы қиылды. Одан бөлек симпозиумға қатысушылар Түрік халықтарының зияткерлік ойындары көрмесін, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, сондай-ақ «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының «Креативті индустрияның тілтанымдық негіздері: әзірлемелер мен жобалар» тақырыбындағы, жасанды интеллект негізінде әзірленген жобалар көрмесін тамашалады.
Салтанатты жиында Мемлекет және қоғам қайраткері, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Шерубай Құрманбайұлы, «Bilig» журналының редакторы Фырат Пуршат та жүрекжарды тілегін айтты. Шерубай Құрманбайұлы Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы қызметіне Жанар Темірбекова тағайындалғанын жеткізіп, құттықтады.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров: «Таяуда Мемлекет басшысының бастамасымен Түркістанға ерекше мәртебе берілді. Бұл заң қасиетті қаланың дамуына жаңаша жол ашады. Ал бүгін рухани астанамызда қазақ тілінің абыройын асыратын симпозиум өтіп жатыр. Маңызды басқосуға танымал ғалымдар, филологтер, профессорлар, тіл жанашырлары келіп отыр. Мұндай жиындардың тарихи шаһарда өтуі – заңдылық!
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың І отырысында қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру жөнінде тапсырма берді. Бүгінгі жиында осы бағытта жаңа идеялар ұсынылады деп сенемін. Себебі қазақ тілі – халқымыздың рухани мұрасы. Ол ғылым мен технологияның тілі болуы керек. Бүгінгі маңызды жиынға арнайы келген сарапшыларға, ғалымдарға шынайы алғысымды білдіремін. Қазақ тілі ғылым тіліне айнала берсін!» – деді.
Парламент Сенатының депутаты, ХҚТУ Өкілетті кеңес мүшесі Дархан Қыдырәлі: «Биыл екінші рет өтіп отырған бұл жиынның маңызы өте зор. Себебі тіл тек қана ұрандармен емес, нақты қадамдар мен жобалар арқылы дамитыны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қазақ тілі әлем және ғылым тіліне айналуы керек» деген пікірі ерекше маңызды. Бұл сөздер тікелей Түркістанға да қатысты.
Біз дәл қазір қазақ тілінің халықаралық тілге айналып келе жатқанын көріп отырмыз. Түркі әлемінің түкпір-түкпірінен келген дарынды студенттердің қазақ тілінде сөйлеп, білім мен ғылымға қатысты жиындардың осы жерде өтіп жатқаны – осының айқын дәлелі», – деді.
Симпозиум академиктердің, ғалымдардың баяндамаларымен жалғасты. Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов: «Тіл саясаты комитетінде ғылым тілі арнайы бағыт ретінде белгіленген. Ақпарат заманында, жаһандану дәуірінде уақыт өте тығыз, өте ұшқыр. Сондықтан бізге ортақ ой, ортақ бағыт керек. Кез келген ғылым саласы сияқты, тілдің де жүйеленген әдіснамасы болуы керек. Ол әдіснаманы жасайтын кезде біз осыған дейін тіл білімін зерттеген ғалымдардың жолына қараймыз. Қазақ тілі үшін ұшан-теңіз еңбек еткен Ахмет Байтұрсынұлының бірде-бір монографиясы жоқ, бірақ біз оны ғалым деп мойындаймыз. Ахмет Байтұрсынұлының идеяларының өміршеңдігі – өмірден, тәжірибеден алынуы.
Қазақ тілінің ғылым тіліне айналуындағы алғашқы алғышарт – тәжірибемен ұштасуында. Екінші алғышарт – ғылыми еңбектердегі қазақ тілінің аударма тіліне айналмауы, яғни қазақша ойлану. Қазақша ойланудың философиялық-логикалық мазмұны ғылымда көрініс тауып жатыр ма, жоқ па – бұл үлкен мәселе. Симпозиумда осы мәселенің шешімін жан-жақты қарастыру үшін түрлі бағыттағы, саладағы ғалымдар бас қосып отыр», – деді.
Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Шәкір Ибраев «Қазақ тілі – ғылым тілі: өзектілігі және шешу жолдары» тақырыбында сөз қозғап, қазақ тілінің ғылым тілі ретінде қалыптасып-қалыптаспауында тілдің кінәсы жоқ екенін, мәселе ғалымдардың нәтижесін жариялауда жіберетін олқылығында екенін айтты: «Қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі проблемаларын зерделей бастағанымызда мәселенің көпқырлылығы және көпқабаттылығы бірден байқалады. Алдымен мемлекеттік тіл қызметінен басталатын пайымдау, әрі қарай оның ғылымда, заңнамада, мемлекеттік ісқағаздарда, билік тармақтарында қолданылу жағдайы және мотивациясы бір-бірімен шарпыса бастайды», – деп, тілдің қолдану аясын кеңейту, оны ғылымда қолдану тікелей азаматтар мен ғалымдардың ішінен келетін фактор екенін атап өтті.
Сондай-ақ Оксфорд университеті, Азия және Таяу Шығыс зерттеулері факультеті профессоры Эмине Чакыр «Оксфордта қазақ тілін оқыту», ҰҒА академигі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ғылым жөніндегі вице-президенті, профессор Шерубай Құрманбайұлы «Жалпытүріктік терминдер түзу – терминологияны халықаралықтандыру тетігі» тақырыбында ой қозғады.
Эмине Чакыр симпозиум қатысушыларына «Oxford Qazaq Dictionary» сөздігін таныстырып, шетелде қазақ тілін оқыту тәжірибесін айтып берді. Ол ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Оксфорд университетіне барған іссапарының нәтижесінде Вульфсон колледжімен (Wolfson College) және Оксфорд «Бірсөз» ұйымымен (Oxford Birsöz Initiative) келісімшарт жасасып, осы келісімшарттың ең үлкен жетістігінің бірі ретінде Оксфордта қазақ тілінің оқытылып жатқанын атап өтті.
Шерубай Құрманбайұлы қазақ тілі терминологиясының қалыптасуындағы ең ірі екі жол – кеңестік және жаңа жүйені салыстырды. Ғалым өзбек, қырғыз, түрік, қазақ ағайындардың ғалымдары бір-бірін түсінуі үшін ортақ терминология жүйесін жасау қажеттігін алға тартты. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының іргелі және қолданбалы зерттеу нәтижелері» тақырыбында баяндама жасап, ғалымдардың зерттеу нәтижелерін таныстырды. Қазақстан қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Нұрбек Матжани «Академиялық мәтін жазу шеберханасы» кітабын таныстырып, әлі көп адамның қолына тие қоймаған жаңа кітаптың бірнеше данасын университетіміздің кітапханасына табыстады.
Жиында «Асыл ағаш, асыл шөп: Қазақстан флорасының жетекші тұқымдастары» 16 томдық сериясының тұсаукесері өтті. Бұл көптомдық анықтағыш – табиғатты зерттеушілер, фермерлер, агрономдар, орманшылар және өсімдіктер әлеміне қызығатын барша жан үшін құнды еңбек. Одан бөлек, «Ата жұрттан ана жұртқа – білім көпірі» жобасы аясында түрік тілінен қазақ тіліне аударылған 10 оқулық оқырманға таныстырылды. «Ата жұрттан ана жұртқа – білім көпірі» жобасы аясында түрік тілінен қазақ тіліне аударылған 10 оқулық – Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 30 жылдық мерейтойы аясында қолға алынған маңызды 30 жобаның бірі екенін де айта кеткен жөн.
«Жасанды интеллект әліппесі» атты workshop-та «Жасанды интеллект әліппесі» еңбегінің авторы Мейіржан Әуелханұлы мен Құрманбек Бақытжан тың мәліметтер жеткізді.
Түрлі саладағы қазақ тілінің жағдайы қалай?
Симпозиумның секциялық отырыстары да бірнеше маңызды тақырыпты қозғады. Газет көлемі көтермейтіндіктен, ол тақырыптардың әрқайсысына жеке тоқтала алмасақ та, бірқатарын атап өткіміз келеді. Симпозиум 5 секцияға бөлінді: Іргелі және қолданбалы тіл білімі: Заманауи тілтанымдық зерттеулер; Жасанды интеллект және қазақ тілінің ғылыми коммуникациясы; Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың ұлттық мазмұнын жаңартудың заманауи парадигмалары; Жаратылыстану және техникалық ғылымдар саласындағы ұлттық мазмұнды дамыту: Қазақ тілінің рөлі және жасанды интеллектінің мүмкіндіктері; Қазақ тілінің салалық лингвистикасын дамытудың іргелі әдіснамалық негіздер және білім беруді цифрландыру. Секциялардың модераторлары: Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ бас директоры Мақпал Жұмабай, Президент жанындағы ҰҒА Білім және қоғамдық даму ғылымдары бөлімшесінің ғылыми хатшысы Күлтай Әділова, ХҚТУ-дың жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы, профессор Раушан Нұрділлаева, Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдары факультетінің профессоры Бекжігіт Сердәлі.
«Іргелі және қолданбалы тіл білімі: заманауи тілтанымдық зерттеулер» секциясында баяндама жасаған ISSAI атқарушы директоры Ербол Абсалямов «ISSAI-дің қазақ тіліне арналған генеративті жасанды интеллекет жобалары: өткені, бүгіні мен ертеңі» тақырыбында баяндама жасады. Ол жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін баяндады.
Секцияларда оқылған баяндамалардың бірқатарына тоқталып өтсек. Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының оқытушысы, филология ғылымының кандидаты Назым Нәсиева «Қазақ спорт терминологиясының өзекті мәселелері» атты баяндамасында қазақ спорт терминологиясын жүйелеу, біріздендіру және стандарттау мәселелерін талдады. Баяндамада спорт терминдерінің әртүрлі нұсқада қолданылуы, халықаралық терминдердің бейімделуіндегі бірізділіктің сақталмауы және ғылыми негізделген стандарттардың жеткіліксіздігі туралы сөз қозғалды. Спикердің айтуынша, спорт терминологиясының дұрыс жүйеленуі спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер мен зерттеушілер арасында ортақ тіл қалыптастыруға, сондай-ақ оқу-әдістемелік материалдар мен ресми құжаттарда дәл әрі бірізді қолданылуына ықпал етеді.
Ал заң ғылымының кандидаты Ерлан Алтаев «Қылмыстық іс бойынша қазақ тілінде рәсімделетін тергеу әрекеттері хаттамаларына талдау» тақырыбындағы баяндамасында тергеу әрекеттері хаттамаларын қазақ тілінде ресімдеу кезінде жіберілетін қателерге тоқталды. Спикер тергеу әрекетінің хаттамасын жасау кезінде жіберілетін қателерді екі топқа бөлген: біріншісі, бланкідегі, екіншісі, тергеуші жіберетін қателер. Бланкідегі қателер: орыс тілінен аудару кезінде қазақ тілінің грамматикалық ережесі ескерілмеген. Тергеуші жіберетін қателер ішінде әдебиеттерде не ресми құжаттарда қолдануға жол берілмейтін сөздер және жалғаулар да талданды:
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай тіркеу жүйесінде алдын ала дайындалған бланкісінде орыс тілінен калька түрінде аударылып, қазақ тілінің грамматикалық ережелері сақталмай жасалған. Мысалы, «ХАТТАМА қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген адамды ұстап алу туралы». Дұрысы: «Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген адамды ұстап алу туралы хаттамасы». «Жауап алу басталды: 10:00-де» және «Жауап алу аяқталды: 13:00-де». Біздің ұсынысымыз: «10:00-де жауап алу басталды, 13:00-де жауап алу аяқталды».
Хаттамаларда «дығын» не «тығын» жалғауы көп. Мысалы, «қайтарылмағандығын» сөзінің орнына «қайтарылмағанын» деп жазған дұрыс.
Әрбір сөйлемге қойылатын талап екі түрлі түсінілмеуге не белгісіздікке ұрындырмауға тиіс.
Кейбір тергеушілердің қазақ тілін білу деңгейі өте төмен. Мысалы, тінту хаттамасын толтыру кезінде тергеуші «Тінту жүргізу объектісі болып мынадай мекенжайына, гараж ішіне толықтай тінту жүргізілді» деп жазған. Бұдан әрі нүкте-үтірсіз, абзацқа бөлмей, жалпақ тілмен жазып шыққан. Бұл хаттама былай жазылса: «Тінту Тараз қаласы, Айтбаев көшесі №3 үйде орналасқан автокөлік қоюға арналған гаражда жүргізілді. Тінту барысында келесі айғақ заттар анықталды: автокөлік, автокөлік бөлшектері. Автокөлік туралы сипаттама: түсі ақ, мемлекеттік белгісі «111 LDF 15», маркасы: Toyota Camry».
Қазақ тілінде сөйлем құрылымының ережелері сақталмай жазылса, оны қате түсініп, кейде қарсы тарап қылмыстық сот өндірісінде дәлелдемелік күшін жоюға әрекет етуі мүмкін».
Қарақалпақстандағы Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінің Қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Гүлшат Әділованың «Қарақалпақстан қазақтары тіліндегі этнографизмдердің қолданылу ерекшеліктері» тақырыбындағы баяндамасы да қызғылықты: «Қарақалпақстандағы қазақ тілінде көрші қарақалпақ, өзбек халықтарының ықпалымен пайда болған біршама этнографизмдерді кездестіруге болады. Мәселен, саушы жіберу. Саушы – түрік тілдеріндегі ең көне сөздердің бірі. Махмуд Қашқари «сав» түбірінің: 1) сөз, 2) хикая, 3) қисса, 4) мақал-мәтел, 5) хат, кітапша; 6) хабарлар тәрізді мағынасын және «савшы» – құдалар арасында жүруші, елші мағынасын білдіретінін көрсеткен. Қазақ әдеби тілінде жаушы сөзі (күйеу бала тарапынан қыздың үйіне қыз айттыруға баратын өкіл) Қарақалпақстандағы қазақтар тілінде саушы болып айтылады. Аймақтағы өзбектермен аралас отырған қазақтардың тілінде сеп – ұзатылатын қызға берілетін көрпе-төсек (жасау), киім-кешектің жалпы аты. Аналарымыз «жаңа зат болса, қызымның себіне қосамын» деп жиып отырады. Бұл сөз осы мағынада Шымкенттің Арыс, Мақтарал, Келес, Сарыағаш жағында да кездеседі: «Келінді келгенде көр, септі жайғанда көр» (мақал). Сеп лексемасының қазақ тіліндегі және түрік тілдеріндегі мағыналарын біршама толық ашып берген ғалым Е.Жанпейісов. М.Әуезов шығармалары бойынша жазылған еңбегінде «септің» жерлеу салтына байланысты қолданылатынына С.Жанпейісов дәлел келтіреді (Қаралы ауылдың өзі де үлкен. Он бес-он алты үй. Бұның үшеуінде сеп жиылған. Астың әлі аяқталмаған арты бар. Онысы былтырдан жиылған септі тарқату). Яғни сеп тек қазақ тілінде кездесіп, сирек қолданылатын сөз қатарына жатады. Сеп сөзінің «жасау» мағынасында да, жерлеу салтына байланысты мағынада да архисемадағы «көмек, жәрдем, септесу» семаларының ізі бар».
Ғылым тілін ғылыми журналдар дамыта ма?
Симпозиум аясында «Халықаралық ғылым дипломатиясы» атты workshop-та қазақ тіліндегі ғылыми журналдардың әлеуеті туралы жан-жақты талдау жасалды. Ректор Жанар Темірбекова: «Ғылыми журналдар – заманауи ғылымның ажырамас бөлігі. Олар ғылыми ізденістердің нәтижелерін жариялаудың негізгі құралы, білім мен тәжірибені бөлісудің маңызды алаңы. Қазір қазақ тіліндегі ғылыми журналдардың сапасын арттыру, оларды халықаралық деңгейге шығару, ғалымдардың зерттеулерін кеңінен насихаттау – өзекті міндеттердің бірі. Сондықтан осы басқосуда ғылыми мақалалардың сапасын көтеру, журналдардың индекстелуі мен дәйексөзденуін жақсарту, сондай-ақ қазақ тіліндегі ғылымды дамыту жолдары жан-жақты қарастырылмақ», – деді. Ректор өкілі м.а. Нажи Генч жасанды интеллектінің қазіргі уақыттағы рөлі мен маңызы туралы ойын айтты. Әсіресе ғылыми мақалалар жазу мен еңбектерді іздеудегі жасанды интеллектінің пайдасы мен дұрыс сілтемелер беру туралы жан-жақты талдау жасады. Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету комитеті Сыртқы бағалау және талдау бөлімінің басшысы Қарлығаш Сәкенова: «Қожа Ахмет Ясауи түрік тілінде көркем, терең ойлы жыр жазудың үлгісін көрсетіп кетті. Сондай-ақ түрік тілінің ғылым мен руханиятты зерттеу үшін қажет екенін дәлелдеді. Ендігі кезекте біз сол жолды жалғап, қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруымыз керек. Жаңа дәуірдің шарттары басқа, сондықтан жасанды интеллект, цифрлық технология арқылы қазақ тілін дамыту керек. Олардың мүмкіндігі өте мол», – деді.
«Bilig» журналының редакторы Фырат Пурташ ғылыми журналдардың жұмысы мен ғалымдардың мақалалары, зерттеу жұмыстары сынды, өзге де, маңызды істер жөнінде баяндады. «Халықаралық индекстелетін базалардағы журналдардың мақала және жариялау саясаты», «Сапалы мақала жариялау процесін ұйымдастыру техникалары және жасанды интеллект мүмкіндіктері», «Ұлттық және халықаралық индекстелетін базаларға ену жолдары» тақырыптарында workshop өтті.
Симпозиум аясында «Мың заман – бір Түркістан» музыкалық драмасы сахналанғанын да айта кетуге тиіспіз. Бұл музыкалық драма OzgeEpic кретив хабы мен ХҚТУ-дің өнер, медиа және дизайн факультетінің ортақ жобасы екен. Қоюшы режиссер Шырын Мұстафина, пьеса авторы Сандуғаш Баймаханқызы, көркемдік жетекші Тоғжан Құрманжанқызы, жоба жетекшілері Жанар Темірбекова мен Мақпал Жұмабай, қойылымның ғылыми кеңесшісі Дархан Қыдырәлі. Қойылымның актерлері ХҚТУ-дің Орындаушылық өнер кафедрасының студенттері. Сахналық костюмдерді «Бейнелеу өнері» кафедрасының оқытушылары дайындаған екен. Түрік өркениетінің даналары, ойшылдары мен қоғам қайраткерлері арқылы рухани және тарихи мұраны арқау еткен музыкалық қойылым көптің көңілінен шыққандай. Қойылымның өзегі – түрік халықтарының бірлігі, Ясауидің рухани мұрасының жалғасын табуы мен білімнің түнекке қарсы жеңісі.

1598 рет
көрсетілді0
пікір