- Ақпарат
- 10 Сәуір, 2025
Ұстаздан – ұлағат, шәкірттен – пайым

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультеті, Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының ұйымдастыруымен профессор, ғалым Клара Қабылғазинаның 75 жас мерейтойына орай «Медиазерттеудің келешек көкжиегі: орталық және өлкелік аспектілер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Белгілі ақын, профессор Бауыржан Жақып: «Клара апай – жас қалпын сақтаған, биязы болмысты нағыз педагог адам. ШҚО-ның Тарбағатай өңірінде дүниеге келген Клара Қабылғазина – сол Тарбағатай тауларының гүліндей нәзік, сол жердің ауасындай таза, мөлдір адам. Бәріміз сыйлаймыз. Біз отырған Т.Қожакеев аудиториясы кезінде баспасөз кабинеті болған. Баспасөз кабинетіне бас сұқпаған студент студент емес. Өйткені бұл кабинетте бүкіл аудандық, облыстық, республикалық, одақтық газеттер тұратын. Клара сол кабинеттің егесі болатын. Ал бүгін апайдың мерейтойы осы шаңырақта өтіп жатыр. Өзі талай студенттің жолын ашып, бағыт-бағдар беріп, қолына сол газет-журналды ұстатып, «алдыңғы толқын ағаларыңды оқысаңдар, жаман болмайсыңдар» деп айтып отырушы еді. 1973 жылы оқу бітірген Төреәлі Бекниязов, Кәкен Қамзин, Жақсылық Жүнісов, Бейсенбай Сүлейменов сынды азаматтармен бірге оқыған, оқу тамамдаған. Ол – «Аудиотехника және радиохабарларының технологиясы», «Хабар технологиясы», «Журналист шеберлігін қалыптастыру жолдары», «Радиожурналистика: әдістемелік нұсқаулық» сынды тағы басқа оқу құралдарының авторы. Журналистік білім беру жүйесіне қомақты үлес қосқан ұлағатты ұстаз!» – дей келе, қазақтың қайраткер қызына зор денсаулық тіледі.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Нұржан Қуантайұлы: «Қабылғазина деген есім радиожурналистика, телерадиожурналистика саласында тарихқа айналды. Қарап отырсақ, қара шаңырақта ғана емес, Еуразиялық ұлттық университетінде де шәкірттері бар: Гүлмира Әшірбекова, Ғалия Ақсейіт, Гүлнұр Омарханқызы. Бекзадалық болмысыңыздың өзі бір үлгі», – дей келе, ЕҰУ ректоры Ерлан Бәтташұлының құттықтау сөзін оқып берді.
Қазақ радиосының сандуғашы, филолог Сауық Жақан: «Клара «Қазақ радиосына» келгенде, барлық қыз журналистің ішінде ең бірінші болып өзінің білімі, дауысы, түрі мен сипаты, бекзадалық болмысымен ерекшеленіп, халықтың жүрегіне жол тапты. Мінезі, ішкі әлемі, адамгершілік қасиеті, жұмысын жақсы білетінінен ол әрқашан әдемі қалпын сақтап келе жатыр. Әдемі қалпыңда жүре бер», – деді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай 50 жылға жуық университет қабырғасында мыңдаған шәкіртке тәлім берген ұлағатты ұстаз Клара Қабылғазинаға «Фараби» алтын медалін тарту етті.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің өркендеуі мен дамуына қосқан зор үлесі және ғылым мен жоғары білім саласына сіңірген ерен еңбегі үшін «Фараби» алтын медалімен марапатталады», – деді Қанат Әуесбай.
Конференция соңында шәкірті радиожурналист Гүлнұр Омарханқызымен бірге шығарған кітабының тұсауын кесті. «Медиакеңістіктегі қазақ радиожурналистикасы: «Қазақ радиосы», «Шалқар» радиоарнасы: дәстүр және жаңашылдық» деп аталады. Оқу құралы қазіргі радиожурналистиканың ерекшеліктерін, технологиялық мүмкіндіктердің әсерін және хабар дайындаудың заманауи тәсілдерін қамтиды.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға журналистер, студенттер, мен шығармашылық мамандар қатысты.
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ

602 рет
көрсетілді0
пікір