• Ақпарат
  • 10 Сәуір, 2025

Өңір театрының өрісі қандай?

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,

«Ana tili»
 

Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің дамуына қатысты негізгі мәселелерді талқылап, олардың ішінде мәдениет саласына ерекше көңіл бөлді. Президент Қазақстанда 46 өңірлік театр жұмыс істейтінін, олардың көбінің жағдайы сын көтермейтінін атап өтіп, қазір халықтың театр өнеріне деген қызығушылығы артып келе жатқанын айтты. Аймақтағы театрлардың жағдайы мәз емес. Президент кәсіпкерлерді аймақтағы театрларды қолдауға шақырды.

 

«Тәуелсіздік жылдарында мәде­ниет саласында көп жұмыс атқарылды. Классикалық және заманауи музыкаға арналған сәулетті ғимараттар салынды. Көптеген театр ашылды. Қазақстанда театр өнеріне қызығушылық артып келеді. Зал көрерменге толы, қойы­лымдардың премьерасына билеттер екі-үш апта бұрын сатылып кетеді. Сахна өнеріне құштар жандардың арасында жастардың көп болуы көңілге ерекше қуаныш ұялатады. Қазір Қазақстанда 46 аймақтық театр бар. Алайда оның көпшілігінің жай-күйі мәз емес. Мысалы, Семейде бір ғимаратта үш бірдей театр сығылысып отыр. Әсіресе аймақтарда театрларды дамытуға баса назар аудару керек. Халқымыздың мәдени әралуандығын сақтауға мүмкіндік беретін орыс және басқа да ұлттық театрларды қолдау маңызды. Елімізде өнердің бұл түрі де табыс әкелетінін дәлелдеп жүрген жеке театрлар аз емес. Сондықтан бизнес өкілдерін аймақтағы театрларға белсене қолдау көрсетуге шақырамын», – деді Президент.
Түркістан қаласындағы А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің журналистика кафедрасының аға оқытушысы Әтіргүл Тәшім Түркістанда екі театр Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры және Түркістан музыкалық драма театры жұмыс істейтінін атап өтті.
«Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрының репертуарында ересектерге арналған – 66, балаларға арналған 22 қойылым бар. Былтыр 129 қойылым көрсетіліп, 4 жаңа қойылымның тұсауы кесілді. Райымбек Сейтметовтің туған күніне орай (02.03.1938), театрда «Қолтаңба» атты тек Р.Сейтметовтің сахналаған қойылымдарының апталығы өтті. Жетісай, Мақтарал аудандарына гастрольдық іссапарға барды. Бір республикалық және екі халықаралық театр фестивальдарына қатысты. 
Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрының ашылғанына келесі жылы – 25 жыл. Театр айтулы белесінде, яғни 26-маусымды драматург Думан Рамазанның Қожа Ахмет Ясауи тұлғасына арналған драмасымен ашып, оны қазақ және түрік тілдерінде сахналауды жоспарлап отыр», – дейді Әтіргүл Тәшім.
Спикердің сөзінше, Түркістан музыкалық драма театры қаланың жаңа театры деп аталып кеткен. Бүгінде театр қоржынында жиынтығы 11 қойылым бар екен. Театр репертуарындағы «Келіндер көтерілісі» қойылымы «Kazakhstan Ticketon Awards – 2024» байқауында өңірлік театр арасында үздіктер қатарынан табылып, «Жылдың ең үздік аймақтық қойылымы» атанды. Театр Францияның Бельфор қаласындағы Ұлттық театрда Е.Аманшаевтың «Қорқыт туралы аңыз» либреттосы бо­йынша қо­йылған пластикалық спектаклін сахналап, қазақ сахна өнерін көрсеткен. 
«Қорқыт туралы аңыз» бұған дейін де Әзербайжан Ұлттық театрының 100 жылдығына және ТҮРКСОЙ ұйымының 30 жылдығына орай өткен І Халықаралық театр фестивалында «Ең үздік плас­тикалық қойылым» аталымында жүлдені және жеңіп алғаны белгілі. Сонымен қатар театр Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Р.Мұқанованың 60 жас мерейтойына арналған «ТеатрAll» III Халықаралық театр фестивалына «Фариза» қойылымымен қатысып, «Ең үздік қойылым» номинациясымен жеңімпаз атанды.
Біздегі екі театрдың да жай-күйі жаман емес. Жаңасы – Қазақстанда кездесе бермейтін техникалық мүмкіндігі бар ғимарат. Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрын былтыр күрделі жөндеуден өткізіп берді. Жаңа театрымыз жақында «Түркістан» деген кәсіби ансамблінің тұсаукесер концертін берді. Жетекшісі А.Балажанова, әртістері де аспаптары да өте кәсіби екен», – дейді А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың журналистика кафедрасының аға оқытушысы Әтіргүл Тәшім.
Еліміздегі театр өнері Семейден бастау алғанын ескерсек, бұл жерді қазақ театрының «қара шаңырағы» деп айтады. Олай болса, бір шаңырақ астында үш бірдей өнер ұжымының жұмыс істеуі Алашқа сын сияқты. Біз осы орайда семейлік ақын, Абай кітапханасының директоры Мерей Қартты аз-кем әңгімеге тарттық. Оның сөзінше, бірінің үстіне бірі міңгесіп отырған ұжымның жұмыс істеуі де қиынға соғады.
«Семей – халықтың мәдени-рухани ордасы. Өткен ғасырдың 20-жылдарында әйгілі Әміре, Иса, Жұмат, Қалибек сынды өнер иелері бастаған мәдени ошақ арада он төрт жыл өткеннен кейін ұлт зиялылары М.Әуезов, Қ.Сәтбаевтардан қолдау тауып, ресми түрде драма театры болып бекігені бәрімізге мәлім тарих.
Әйтсе де кезінде өнер майталмандарының атағын көкке әуелеткен театрдың халі ғажап деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Бұл қойылымдағы сапа мен әртістердің шеберлігі туралы емес. Театрлардың жан-жақты дамуына орынның жеткіліксіздігі. Сөзімнің дәлелі ретінде, Президенттің «Семейде бір ғимаратта үш бірдей театр сығылысып отыр. Әсіресе аймақтарда театр салуға және дамытуға баса назар аудару керек» деген ойын айта кеткім келеді. Қазақ театрының қара шаңырағы атанған Алаш руханиятының астанасы Семейге бірнеше театр ошағын салу қажет! Бұл жоспарды алдағы бес жылдыққа кіргізсе, нұр үстіне нұр болары анық», – дейді Мерей Қарт. 
Абай кітапханасының директоры бұлай дегенімен, «бізге жағдай жасалмады» деп, қол қусырып қарап отырған театр ұжымы жоқ. Әркез білек сыбанып, ел қолдайтын, әр азаматтың сұранысындағы қойылымдарды өмірге әкеліп жатыр. 
«Қазір театрға халықтың сұранысы жоғары. Көрермен қарасы қалың. Бұл театрдағы қойылымдардың сапасының тартымдылығы. Әйтпесе халық көңілінен шығу мүмкін емес. 
«Ауруын жасырған өледі» деген халық мақалы бар. Бұл мақалды неге жаздым, мәдениет қызметкерлерінің жалақысының өте аздығы. Бұл салаға қызығушы жастар легі көп-ақ. Алайда өз күнін өзі көруге жетпейтін жалақымен жүре алмайтынын сезетін жастар амалсыздан басқа салаға кетіп жатыр.
Алаштың астанасы болған қарт Семейге мәдени ошақтардың көптеп салынуы аса қажет дер едім. Кезінде дана Абай мекен еткен, алаштықтар бас қосқан қаланың гүлденіп көркеюін халық болып қолдары анық», – дейді ақын Мерей Қарт. 
Иә, әр театрдың өзінің қалыптасқан көрермені, келушісі бар. Спектакльдері, аудиториясы бар. Семейдегі бір ғимаратта отырған үш театрды труппа деуге келмейді. Олардың әрқайсысы толыққанды дербес үш театр ретінде қызмет етіп отыр. Енді Семейдің Жаңасемей ауданында жаңа Конгресс-холл салынатыны белгілі болды. 
Қазақстандағы аймақтық театрлардың ахуалы соңғы жылдары біршама өзгеріс пен даму кезеңінен өтіп жатыр. Аймақтық театрлардың көпшілігі өздерінің бюджеттік қаржысын толықтай облыс немесе қала бюджетінен алатындықтан, қаржылық мәселелер өте өзекті. Театр көбіне қосымша демеушілік көмекке, мемлекеттік грантқа немесе жекеменшік қолдауға тәуелді.
Демек, Президенттің тапсырмасынан кейін еліміздің барлық аймағындағы театрлардың жағдайы көп ұзамай көш ілгері түзелеріне бек сенеміз.

567 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы