- Ақпарат
- 10 Сәуір, 2025
Ынтымақты елге ырыс кіреді

Бағдагүл Балаубай,
«Ana tili»
Еліміздегі түрлі этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, тұрақтылықты сақтап, ынтымақта, бейбітшілікте өмір сүруді көздеген мақсатта құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясына биыл 30 жыл толды.
«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді дана халқымыз. Кемел болашаққа жол бастап келе жатқан еліміз жаһанданудың түрлі кезеңін артқа қалдырып, әлемдік өзгерістердің, небір сын-қатердің жетегіне ермей, өзіндік өрнек салған сара жолмен мәдениеттің биік шыңына көтерілетініне сенімдіміз. Бұл тұрғыда Қазақстан халқы Ассамблеясы да өзіндік рөл атқарып келеді деуге болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Ассамблея – еліміздің саяси жүйесінің аса маңызды бөлігі. Бұл құрылым ел бірлігін нығайтуға орасан зор үлес қосып келеді. Ассамблеяның қызметіне көптеген азаматымыз атсалысып жүр. Былтыр Ассамблеяны дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Онда жұмыстың басым бағыттары айқындалды. Басты міндеттің бірі – жұртты азаматтық бірегейлікті дамыту ісіне жұмылдыру. Мемлекет пен азаматтық қоғам арасында сындарлы диалог орнату да өте маңызды. Бүгінде Ассамблея жалпыұлттық маңызы бар жобаларды жүзеге асырып жатыр. Оның бәрі халқымызға ортақ рухани құндылықтарды нығайтуға арналған. Ассамблея волонтерлік және қайырымдылық іс-шараларға ұйытқы болады. Тілеулестік, жанашырлық, қамқорлық сияқты қасиеттерді дәріптейді. Соның арқасында қоғамда әлеуметтік жауапкершілік идеясы орныға түсті. Ассамблея медиация институтын дамытуға үлес қосып келеді. Жастармен тығыз жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл – өте ауқымды және маңызды жұмыс. Бір сөзбен айтсақ, Ассамблея мүшелері – еліміздің болашағы жарқын болуы үшін еңбек етіп жүрген нағыз отаншыл азаматтар, нағыз патриоттар», – деп атап өткені белгілі.
Шын мәнінде, Қазақстан халқы Ассамблеясының мұрындық болуымен елімізде көптеген қайырымдылық іс-шараларының жұмысы белсенді түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялаған кезде елде төтенше жағдай енгізілді. Дәл осы кезеңде ҚХА қайырымдылық акциясын қолға алды. Этномәдени бірлестіктер, қоғамдық келісім кеңесі, кәсіпкерлер қауымдастығы, «Жаңғыру жолы» РЖҚ, Қазақстан халқы Ассамблеясының еріктілер қозғалысының орталығы, «Қоғамдық келісім» КММ, ҚХА құрылымдық бөлімшелері және барлық белсенді азаматтар бірлесе отырып, акция аясында қыруар іс тындырды. Әр азамат өмір үшін күрескен тұста өңірлерде күн сайын көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, зейнеткерлерге, мүгедектерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қаржылық және гуманитарлық көмек (азық-түлік себеті, медициналық маскалар, тұрмыстық химия жиынтығы, дәрілер және бірінші кезекте қажетті заттар) берілді. 2020 жылғы 11 мамырдағы дерек бойынша, барлығы 376 454 347 теңге көлемінде 280 232 адамға көмек көрсетіліп, өңірлерде 515 мыңнан астам медициналық маска таратылыпты.
«Біз үйдеміз», «1 мамыр», «Бірлік күні» хэштегімен челлендж ұйымдастырылып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуді мақсат еткен «Ұлы даланың ұлтаралық тілі», «Мәміле» жобалары іске қосылды. Әлеуметтік желілерде, интернет кеңістігінде бейнеролик, бейнесабақ жүргізіліп, халықтың сұранысына орай жаңа бағытта ғылыми-сараптамалық талдаулар ұсынылды.
Ал былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясының әлеуметтік маңызы бар жобаларын іске асыру, елдегі қайырымдылықты дамытуға жәрдемдесу мақсатында «Жомарт жан» орталығы құрылды. Бір республикалық, жиырма өңірлік – барлығы 21 орталық төрт бағытта жұмыс істейді. Атап айтқанда, «Мектепке жол», «Жүректен жүрекке», «Мейірім», «Қамқор» жобаларының әрқайсысының атқарар жүгі ауыр. Мәселен, «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларын мектепке даярлауды қолдауға бағытталған. 2024 оқу жылында «Мектепке жол» акциясы аясында 6,5 мыңнан астам бала оқу құралдары мен мектеп формасын алды.
«Жүректен жүрекке» жобасы төтенше жағдайлар кезінде (табиғи апаттар т.б.) азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталған. Мәселен, былтыр су тасқыны кезінде 12 мыңнан астам белсенді ерікті жұмысқа тартылды. Жоба жұмысы барысында зардап шеккен өңірлерге 1 700 тоннадан астам азық-түлік, дәрі-дәрмек және бірінші кезекте қажетті тауарлар жіберілді, ал көрсетілген гуманитарлық көмектің қаржысы 805 миллион теңгеден асты. «Мейірім» – инклюзивті дамыту, яғни мүмкіндігі шектеулі жандар мен басқа да әлеуметтік осал топтарды қолдауға бағытталған. Жоба аясында 1 320 отбасы мен 483 азаматтың әлеуметтік қажеттіліктері жедел түрде шешімін тауып, үдеден шықты. «Қамқор» жобасы – спорттық және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған қайырымдылық жобаларды іске асыру бағытына, яғни балалар мен жастардың физикалық және интеллектуалдық дамуына жағдай жасауға бағытталған. Былтыр өңірлерде жаңа спорт алаңдары салынып, спортпен айналысуға арналған орталықтар ашылды, сондай-ақ мектептер интерактивті тақта және басқа қазіргі заманғы білім беру құралдарымен жабдықталды. Жалпы алғанда, 2024 жылы ҚХА республикалық әлеуметтік маңызы бар қайырымдылық акциялары аясында мұқтаж жандарға 1,3 миллиард теңге көлемінде көмек көрсетіпті.
Мемлекет басшысы су тасқыны кезінде «Жүректен жүрекке» жобасы аясында 12 мыңнан астам еріктіге белсенділігі үшін алғыс айтып, жоғары баға берді. Бұл «Ассамблея жастары» РҚБ-ның жұмысының нәтижесі деуге толық негіз бар. Іргетасы 2021 жылы қаланған «Ассамблея жастары» РҚБ былтырдан бастап жастар ұйымдары мен қоғамдастықтарды қанатының астына алып, бірлесе жұмыс істеп келеді. Жастар арасындағы мәдениетаралық диалогті дамыту, жастар ортасындағы интеграциялық процестерді нығайту мақсатын көздеген ұйымның «Жаңа толқын», «ҚХА Көшбасшылар мектебі» жобалары бар.
«Ассамблея жастары» РҚБ ЮНЕСКО-мен, Еуропа Кеңесімен және басқа да интеграциялық алаңдармен өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Мысалы, былтыр Қазақстан Республикасы Президентінің Тәжікстанға мемлекеттік сапары аясында «Ассамблея жастары» РҚБ мен Тәжікстан Жастар одағы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар «Jastar Generation – 2024» халықаралық жастар лагері аясында Орталық Азия елдерінің жастар ұйымдары көшбасшыларының қатысуымен бірлескен жұмыстар талқыланып, өзара пікір алмасты. Демек, «Ассамблея жастары» РҚБ Орталық Азиядағы жастар қоғамдастығы арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін жүйелі жұмыс істеп келе жатыр. Ұйымның 60-тан астам белсендісі Астана қаласындағы OzgeEpic креативті хабына жиналып, білімін толықтыру, жетілдіру мақсатында елімізге белгілі жаттықтырушылар мен спикерлерден шеберлік сабақтарын алды.
Иә, біз қай кезде де біргеміз. Жүрегіміз бір, жанымыз бір, қасиетті қазақ жерінің топырағын бірге басып жүрміз, бәріміз бір кемедеміз. Бірлік бар жерде тірлік бар. Татулық пен бауырластық бар жерде ынтымақ бар, жылылық бар. Ассамблеяның «Қайырымдылық керуені» республикалық акциясы да жыл бойы жүзеге асырылып келеді, айтпағымыз, қайырымдылық іс-шараларының қорытындысы жыл соңында форум барысында шығарылады.

566 рет
көрсетілді0
пікір