- Ақпарат
- 10 Сәуір, 2025
Түркияда – 62 млн, ал Қазақстанда – 15,3 млн

Наурыз мейрамы кезінде бір шоғыр қазақстандықтың Өзбекстанға қарай ағылғанын көрдік. Шекара бекетінде ұзын сонар кезек. Рас, төрт-бес күндік демалысында қазақ ел, жер көруге Ташкент, Самарқанд, Бұқараға қыдырып барып қайтты. Ол ғана емес, алдағы бес-он жылда өзбек жеріне баратын туристер көбейетіні сөзсіз. Өйткені Өзбекстан билігі қазір Жаңа Ташкент деп аталатын ажарлы астана салуға кірісті. Мұны көруге тағы да баратынымыз анық. Осындайда «Қазақстан келушілерді немен қызықтыра алады?» деген сауалдың тууы заңды. Ал соңғы төрт-бес жылда елімізге келушілердің қатары көбейді ме?
Президент тапсырмасына кейін қазір Үкімет туризмге қатысты жиынды жиі өткізетін болған. Өйткені бұл саланы дамытпаса болмайды. Бір ғана мысал, 2024 жылы Түркияға 62 миллионнан аса турист барып, одан ел қазынасына 61 млрд доллар қаржы түскен. Қазір Анадолы елі әлем бойынша турист көп баратын алғашқы бес елдің ішінде. Ал 2025 жылы Түркия 65 миллион турист тартып, қомақты пайданы 64 миллиардқа жеткізуді мақсат етіп отыр. Алдағы бес жылдықтағы жоспар – туризм саласына кіретін кірісті 100 миллиард долларға жеткізу. Мұның сөзсіз орындалатынын Түркия билігі біледі әрі сезеді.
Ал бізде ше, жылына Қазақстанға қанша турист келеді? Біз бюджеттің бүйірін туризмнен түсетін ақшамен толтыра аламыз ба? Қазақстан кең-байтақ, көрікті жеріміз көп. Дүниежүзілік туристік ұйымның (UNWTO) бас хатшысы Зураб Пололикашвилидің айтуынша, елімізде туризмді дамыту үшін барлық мүмкіндік қарастырылған.
– Мен үшін Қазақстан өзінің табиғи сұлулығымен, мәдени әртүрлілігімен және туризмді дамыту үшін шексіз әлеуетімен таңғалдыруды тоқтатпайтын жерде болуы үлкен мәртебе. Қазақстанның осы саладағы әлеуеті зор. Елдеріңіздің бірегей табиғи ресурсы бар: шексіз дала мен таулардан бастап көлдер мен ежелгі қалаларға дейін, олар әлемнің түкпір-түкпірінен келген турист үшін магнит бола алады. Алайда табиғи әлеует қана емес, мәдени әлеует те маңызды, өйткені Қазақстан – өркениеттердің тоғысқан жері, ғасырлар бойы Шығыс пен Батыс тоғысқан жер. Соңғы жылдары біз Қазақстанда туристік инфрақұрылымның қарқынды дамығанын байқап отырмыз, – деген сөзі шын мәнінде Қазақстанның бұл саладағы әлеуеті мол екенін аңғартады.
Президент Қ.Тоқаев туризм саласын дамытуға айрықша назар аударып келеді. Тапсырмалар берді. Ал қазір Үкімет осы салада қандай қадам жасап жатыр? Нәтиже жоқ емес, бар. Атап айтсақ, 2024 жылдың қорытындысы бойынша, туристік сала тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Ішкі туристер саны 10,5 млн адамды құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 900 мыңға артты. Жалпы, елімізге әртүрлі туристік мақсатта 15,3 млн шетелдік қонақ келген.
– Оның ішінде 10,4 млн адам елімізде 1 күннен астам уақыт өткізді. Біз оларды шетелдік туриске жатқызамыз. Демалуға, делегаттар, достарына немесе туыстарына келген қонақтың барлығы турист есебіне алынады. Себебі олар елімізге келіп, орналастыру орындарын, тамақтану, көлік және басқа да қызметті пайдалана отырып, экономикаға оң әсер береді», – дейді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Ал Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің айтуынша, соңғы 5 жылда Қазақстандағы туристер саны 7,5 есе өскен. Бұл, әрине, жақсы көрсеткіш. Премьердің айтуынша, Президент тапсырмасымен осы салада ірі инвестициялық жобалар қолға алынды. Алматы қаласы мен Алматы облысында тау кластерін дамыту жұмысы белсенді жүріп жатыр. Шығыс Қазақстан – тау шаңғысы мен табиғи туризмді дамытуға қолайлы өңір.
Щучье-Бурабай курорттық аймағында жыл бойы жұмыс істейтін туристік объектілер құруға және экологиялық, спорттық туризмді дамытуға мүмкіндік беретін ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Айта кетейік, өткен жылы ұлы Жібек жолының бойымен өтетін «Жібек жолы» туристік пойызы іске қосылды және 125 теміржол вокзалын ауқымды жаңғырту жұмысы басталды. Алматы, Шымкент және Қызылорда әуежайының жаңа терминалы салынды.
Қазір шетелде де Қазақстанға туристерді тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, Қытай, Үндістан, Жапония, Малайзия, Германия, Италия және араб елдерінде жарнама жүргізілген. Нәтижесінде бұл елдерден келетін турист саны жылдан-жылға өсті.
Мысалы, Өзбекстанда маркетингілік жарнамаға 9 млн доллар, Қырғызстанда 12 млн доллар, Әзербайжанда 32 млн доллар, Грузияда 86 млн доллар жұмсалады. Ал біздің бюджетіміз басқа елдерден әлдеқайда төмен, соған қарамастан, нәтижеміз шамалас. Былтыр Өзбекстан 10,2 миллион шетелдік туристі қабылдады, олар шекарадан өткен шетелдіктің бәрін турист деп есептейді. Ал, жұмыс мақсатымен келгендерді қоспағанда, елімізде бір тәуліктен көп уақытқа қалған туристеріміздің өзі — 10,4 миллион. Демек, біздің маркетингіге бағыттаған бюджетіміз өте аз болса да, тиімділігі жоғары, – дейді Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Бірақ айта кетер бір жайт бар. Қазақстанда демалыс орындары өте қымбат. Мұның себебі неде? Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Қазақстандағы демалыстың қымбаттығын бәсекенің жоқтығымен байланыстырады. Бұл шын мәнінде солай ма, жоқ, әлде ел территориясының ұзақтығы да бұған әсер ете ме? Меніңше, екеуі де бар сияқты. Дегенмен халық саяхаттың қажеттігін түсінеді, алдағы уақытта ел аралау, жер көру көбейеді. Сондықтан шикізат пен мұнайға басым бағытты бұра бермей, туризм саласымен бюджетті де байытатын деңгейге жетуіміз қажет.
Тағы бір мысал, 2024 жылы Францияға – 100 миллион, Испанияға – 85 млн, АҚШ-қа – 66 млн, Түркияға – 62 млн, Италияға – 57 млн, Мексикаға – 42 млн, Ұлыбританияға – 37 млн, Германияға – 35 млн, Грекияға – 33 млн, Австрияға – 31 млн, Таиландқа – 28 млн, Сауд Арабиясына – 27 млн, Жапонияға – 25 млн, Нидерландыға – 20 млн, Малайзияға 20 млн турист барған. Біз әлемде турист көп баратын 15 елдің көрсеткішін сөз еттік, көрсеттік. Мұндағы мақсат – Қазақстан да турист көп келетін елге айналса деген тілек қана.

606 рет
көрсетілді0
пікір