- Ақпарат
- 10 Сәуір, 2025
Сен шығып қал, шыбық тал

Еліміздің бірнеше өңірінде көктем шеруі басталып, көшет отырғызу, көгалдандыру жұмыстары да басталды. Қаланың көркін қандай ағаштар кіргізеді? Елімізді көшетпен қандай тұқымбақтар қамтамасыз етіп отыр? Ағашты шеттен тасымалдаудың артықшылығы мен кемшілігі неде? Биылғы ағаш отырғызу науқанындағы өзгешелік, ерекшелік қандай? Осы сауалдар төңірегінде мамандармен аз-кем сөйлескен едік.
Даулет Бақытжанов, Алматы қалалық Экология және қоршаған орта басқармасының өкілі:
Жыл сайын 320 мың ағаш егіледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Алматы қаласына 2023–2030 жылдар аралығында 2 млн 500 мың ағаш отырғызу көзделген. Соған сәйкес, жыл сайын 320 мың ағаш егуге ниеттіміз. Оның ішінде қаладағы барлық аудан, ондағы көше бойы, өзен жағалауы, жол жиектері, парктер мен алаңдар қамтылады. Жалпы, ағаш отырғызу науқанына ыңғайлы екі уақыт – көктем және күз мезгілі. Жоспарланған межені орындауды 2024 жылдан бастадық. Мәселен, былтырғы жоспарлы 320 мың ағаштың 38 мыңы көктемде, ал қалған 281 мыңнан аса бөлігі күзде отырғызылды. Бұл қатарда алма, өрік, шие секілді жеміс көшеттерімен қатар, үйеңкі, катальпа, күл, қарағаш, акация, емен сияқты ағаштар бар. Наурыз айының соңы мен сәуір айының басында бүршік жару кезеңі басталады. 2023 жылы Алматы қаласының мәслихатында бекітілген жаңа заң бойынша «Жасыл желектерді күтіп ұстау» қағидаларына өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес отырғызылатын көшеттің биіктігі 2,5 метрден кем емес болуы, қылқан жапырақтылар үшін 2 метрден төмен болмауы, 1,3 метрлік көшеттер үшін енінің жуандығы 3 сантиметрден аз болмау талаптары қойылған. Сондай-ақ ағаш отырғызылғаннан кейін толыққанды қатарға қосылу үшін арнайы үш жылдық күтім міндеттеліп отыр. Егер ағаштар табиғи, адами фактор әсерінен өліп қалған жағдайда орнына басқасы егіледі.
Алматы қаласы әкімдігі мен Экология басқармасы, аудан әкімшіліктерімен арнайы іс-шаралар, сенбіліктер ұйымдастыру барысында оған қала тұрғындары, студенттер, жастар ұйымдарының өкілі атсалысады. Мысалы, былтыр сондай құраммен «Алматы – біздің ортақ үйіміз» акциясы аясында қала төңірегінде 3 мыңға жуық жеміс ағашы егілді. Қалаға соңғы жылдары қосылған Алатау сияқты аудандарда да іс белсенді жүзеге асты. Осы Алатау ауданында орналасқан жылу орталығының айналасындағы бос орындарды көгалдандыруға күш саламыз. Негізінен, былтырғы атқарылған ағаш егу жұмысына 10 мыңнан аса адам қатысты. Ал биылдан бастап үлкен, қалыптасқан, 4–6 метрлік ағаштарды егу көзделіп отыр. Бұл ағаштар қазірдің өзінде әл-Фараби даңғылының бойындағы қураған жасыл желектерді кесіп, солардың орнына, бос жер учаскелеріне отырғызылады. Біз бұл жұмысты наурыз айының соңы, сәуір, мамыр айларына жоспарлап отырмыз.
Әбутәліп Сүлейменұлы, «Жасыл ел» ЖШС директоры:
Тұқымбақта 40-тан аса көшет өсіріледі
– Қазығұрт ауданы Қаржан тауының етегінде орналасқан біздің «Жасыл ел» ЖШС тұқымбағы – Шымкенттегі алдыңғы қатардағы ірі шаруашылықтың бірі. 64 гектар жерге еліміздің әр өңірінде көктемде, күзде отырғызылатын талдар мен жеміс ағашының тұқым-көшеті дайындалады. Мұнда екі миллионнан аса ағаш, оның ішінде отыз мыңнан жоғары қылқан жапырақтылар, бұта тектес ағаштар өсіріледі. Шаруашылық өнімдеріне сұраныс өте жоғары. Мәселен, Түркістанды ауасы таза, жасыл қалаға айналдыру үшін жасалған «Жасыл аймақ» жобасы бойынша, тұқымбағымыздан мыңдаған көшет жөнелтілді. Қазақстанның әр қаласын жасыл қалаға айналдыруға үлес қосқымыз келеді. Сондықтан бағымызды барынша күтіп-баптаймыз.
Тұқымбақта қазір тұрақты штатта 48 адам еңбек етеді. Ал нағыз жұмыс қызған маусымдық кезеңде 76 адамға дейін көбейеді.
Мұнда қала көркін айшықтайтын сәндік ағаштардың қырықтан аса түрі өсіріледі. Жалпы, бізде қайың, қарағай өскіндерін Ресей, Өзбекстаннан әкеліп егетіндер бар. Дегенмен біздің оңтүстік өлкесінің табиғи ерекшелігіне бейімделіп, өз қолымыздан өсірілген, көшеттердің өнімділігі, жеміс беруі анағұрлым жоғары деп айта аламын. Себебі ағаштар шеттен тасымалданғанда, діттеген жеріне жеткенше олардың тамыры қурап, бүліну қаупі жоғары. Осыдан кейін жергілікті жерге бейімделуі, жерсінуі қиындайды. Сондықтан барынша жақын жерде орналасқан, жергілікті көшет тиімді деп айта аламын. Біздің тұқымбақтың көшеттеріне Атырау, Алматы, Қызылорда облыстарынан сұраныс көп. Тек мұндағы назар аударатын басты жайт, ағаштарды әр өңірдің табиғи ерекшелігіне сай таңдау керек. Мысалы, Қызылорда, Атырау қалаларының жері тұзды, ал тұзды жерге қылқан жапырақты тұқымдастар өсіп, жапырақ жая алмайды. Сондықтан бұл өңірлерге қара ағашты көп жөнелтеміз. Ал Шымкент қаласы біраз уақыттан бері тұрақты тұтынушымыз. Айта кетейік, қаламыздағы жасыл желектің 30–40 пайызы тұқымбағымызда дайындалған. Тұқымбақтағы жеміс ағаштары 3–15 жыл аралығында өнім береді. Көшеттерді дайындау оңай емес, бірақ жайқалып қала көркіне сән беріп тұрғанын көргенде бар қиындықты ұмытасың.
Біздің көшет бағымызда өсетін ағаштардың бірі – қарағай. Оның бірнеше түрі болады. Ішіндегі ең түпнұсқа түрі ыстыққа да, суыққа да өте шыдамды. Құмға да, тасқа да өсе береді. Көкшетау жақта тастың үстінде өсіп тұра береді. Ақтөбеге пойызбен кетіп бара жатып, құмның арасында топ болып өсіп тұрған қарағайды көруге болады. Бірақ бұл ағаш тұзды жерге көп шыдамайды, тамырын тұз күйдіріп жібереді.
Біз еліміздің әртүрлі климаттық аймақтарына сай ағаш өсіреміз. Мысалы, Түркістан, Қызылорда, Атырау, Орал, Ақтөбе облысында су тапшы, қысы қатты суық, жазы ыстық. Сондықтан суға, шөлге шыдамды қарағаш, акация, үйеңкі сияқты ағаштар отырғызылады. Жақында өзім Атырауға бардым. Байқағаным, онда қарағаштар көп егілген екен. Негізі, бірдей ағаштарды бір жерге көп етіп еге беруге болмайды. Өйткені кейін біреуі ауырса, екіншісіне жұқтыру қаупі жоғары. Сол үшін әртүрлі ағаштарды араластырып отырғызған дұрыс.
Алматыдағы ең ұзын көшелердің бірі Абай даңғылының бойына қарағаш көшетін көп байқадым. Бұл дұрыс емес. Өйткені Алматы – үлкен мегаполис. Сол үшін қала көшелеріне көрік беретін сорты жақсы ағашты отырғызған жөн. Бұрындары қарағаштарды жолдың бойын желден, бораннан қорғау үшін шет жаққа, үлкен, ұзын жолдың бойына, аз суарылатын жерге еккен. Ал қала ішіндегі көрнекі жерлерге, басты көшелерге талшын (каштан) ағаштары әдемі жараса кетеді. Ол симметриялы болып өседі, жапырағы үлкен, гүлдегенде өте сұлу кейіпке енеді. Міне, бұлар мың бояулы қалаға нағыз сән беретін жасыл желек түрі. Бұл қатарда шынар, емен, ақ қайың, ағаштары бар.
Мысалы, Киев қаласында талшын (каштан) ағашы өте көп. Сол үшін талшынды қала (каштановый город) аталып кеткен деседі. Мен де Алматыда жөке мен талшын ағашын көбейтсе дер едім. Жөке ағашының әдемілігімен қатар, денсаулыққа пайдалы тұсы көп. Оның хош иісті, сары ұсақ гүлінің қайнатқандағы тұнбасы ағзадағы микробты жояды, ісікті қайтарады. Асқазан-ішек жолдары, сусамыр, бауыр мен бүйрекке пайдалы. Сондай-ақ қайнатпасын жараға, күйікке жағады.
Дидарбек ДІЛДӘБЕК, «Аманат» партиясының жанынан құрылған «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы:
Еріктілер қашан да дайын
«Аманат» партиясының жанынан құрылған «Жастар рухы» жастар қанаты осыған дейін қаладағы біршама ізгілікті істердің орнауына атсалысып келеді. Мәселен, өткен жылғы 20 сәуірде Алматы қаласының әкімдігімен бірлесе ұйымдастырылған «Алматы – біздің ортақ үйіміз» акциясы аясында Саин көшесінің бойынан жаңадан ашылған паркке 2 270 алма көшеті егілді. Ал одан кейін сәуірдің 27-сі Саялыдағы паркке 1 000 ағаш отырғызылыпты. Бұл екі іс-шараға жастар қанатынан екі жүзге тарта жас қатысқан. Ал биылғы «Жастар рухының» көшет отырғызу жұмыстары сәуір–мамыр айларына жоспарланып отыр. Белсенді жастардың қатарын бұрынғыдан да көбейтеміз деген ойымыз бар. Осы жылы қатарымызға бес университет, үш колледж қосылып жатыр. Санымыз да өсіп, 400–500-ге жетеміз, қатарымыз көбейеді деп отырмыз. Осы жылы қанша ағаш егілетінін қалалық әкімдікпен ақылдасамыз. Оған жоспар енді құрылмақ. Жалпы, біздің жастар қанатының ағаш отырғызу науқанына қатысатын белсенді жастардың басым бөлігі дерлік университет жастары. Айта кетейін, биылғы атқарылатын негізгі істер қатарында жұмыссыз жастардың басым бөлігін қамту мәселесі қарастырылды. Әзірге алда келе жатқан мамыр айына «Қаламгер» ұйымымен бірлесе отырып, «Жастар рухының» белсенді жастарымен бірге 1000 ағаш егу жоспарымызда бар.

620 рет
көрсетілді0
пікір