- Ақпарат
- 17 Сәуір, 2025
Нұрперзент ағамен сырласу

Аға, сіз жарық дүниемен қош айтысқалы бері өзіңіз туралы ойланбаған, тебіренбеген кезіміз болған емес. Өзіңіз талай жыл бірінші орынбасар болып жетекшілік еткен «Аna tili» газетіңіздің биыл 35 жылдық мерейтойы. Осындай мерейлі сәтте ойша сырласқым келді. Бұл, бір жағы, сізге деген сағыныштың сыр болып ақтарылуы болса, екіншіден, газеттің мерейтойы аясында қажырлы еңбегіңізді, адамгершілік болмысыңызды, азаматтық ажарыңызды тағы бір еске алып, жақсылығыңызды айту, нұрыңызды тасыту.
Сіздің болмысыңыз ерекше еді, аға. Мен мұны өзіңізбен бір кабинетте қатар отырып, еңбек еткен жылдары жан дүниеңізді бір кісідей танып-білген адам ретінде айтып отырмын.
Айбынды едіңіз, аға! Сіз редакцияда жүргенде біз де сенімді жұмыс істейтінбіз. Өйткені мол тәжірибеңіз, парасат-пайымыңыз, журналистік терең біліміңіз газеттің өз деңгейінде шығуына мықты кепіл еді.
Есіңізде ме, аға, бір жылы Қазақстан Жазушылар одағының жобасымен Қарағанды облысына іссапармен аттандыңыз. Сізбен сол сапарға талантты ақын Ерлан Жүніс те барыпты. Ерлан ол кезде Елордада еді. Ерланмен сапарлас болған сәтіңізде «Алматыға келсейші» деген екенсіз. Мұны мен Ерланнан естідім. Ерлан ініңіз – қазір өзіңіз қызмет атқарған «Аna tili» газетінің бас редакторы. Жүрегіңіз бір нәрсені сезді ме екен – сол кездегі айтқан сөзіңіз шындыққа айналды. Ерлан Алматыға келді және өнегеңіздің ізі қалған «Аna tili» газетіне басшылық қызметке тағайындалды.
Сіз бір сөзіңізде «Өмір деген жай нәрсе екен ғой» деп айтушы едіңіз. Мұның себебін бес күндік өмірдің жалғандығымен түсіндіретінсіз. Бұл сөзіңізде белгілі бір дәрежеде шындық бар шығар, бірақ сіздің өміріңіз жай өмір емес еді, аға! Сіздің өміріңіз ұлтқа қызмет еткен мағыналы өмір еді. Болмыс-бітіміңіз, есіміңіздің өзі жан дүниеңіздің кіршіксіз тазалығын білдіріп тұратын. Басылымның әрбір кезекті нөмірі жақсы шығып, атқарған жұмысымызға іштей марқайып жүргенімізде, «Жақсылығымызды ешкім тартып алмайды, біз бұдан да жақсы жұмыс істеуіміз керек» дейтінсіз.
Жаңылмасам, 2014 жылы сізге «Мәдениет қайраткері» деген атақ берілді. Бұл атақ сізге лайық болды. Өйткені сіз нағыз мәдениет қайраткері едіңіз, аға!
Сізді өмірден тез кетіп қалады деп ойламадық. Қадірлі ағамыз бен апамыз Меңдеш Исқалиев пен Рая Жалғасованың гауһар тойында жүр едім. «Қазақ газеттері» ЖШС-і бас директорының орынбасары Ләззат Ноғайбаева телефон шалып, суық хабарды жеткізгенде мейрамханадан сыртқа қалай шыққанымды білмей қалдым. Есеңгіреп тұрғанымда, Бауыржан Омарұлы ағамыз телефон соғып: «Нұрперзентке не болды?» – деді. Не болғанын өзім де түсінбей, абдырап қалдым. «Білмеймін, аға, білмеймін» дей беріппін.
Қайғылы хабар лезде тарады және қабырғамызды қайыстырып кетті. Дүние төңкеріліп түскендей болды.
Көп ұзамай өзіңіз жақсы сыйласқан қаламгер ініңіз Бауыржан Омарұлы әлеуметтік желідегі парақшасында: «Әр басылымда авторды аялап, оқырманды өбектеп отыратын үлкен жүректі бір адам болады. «Аna tili-нің» Нұрперзенті сондай азамат еді. Қайран, ағам өзімен бірге ағаден ақ пейілін, кіршіксіз көркем мінезін, адами қарым-қатынасқа әр берген, қазақ журналистикасына нәр берген супермәдениетін әкетіп барады... Алдыңыздан жарылқасын, жақсы аға! Ағасыздық пен жағасыздық белең алып тұрғанда орныңыз енді тола қоймайды-ау...» – деп жазды.
Иә, аға, сізді жоғалту, сізден айырылу оңай болмады. Өзіңіз «Өмір деген жай нәрсе екен ғой» деп баға беріп кеткен ақиқатыңызға көз жеткізіп, шарасыздық күйін кештік.
Сіз еңбек демалысына кетіп бара жатып, «Қалада боламын, керек болсам хабарласыңдар» дейтінсіз. Қайда жүрсеңіз де, газеттің нар жүгін көтерісуге дайын жүрдіңіз.
Компьютер үйренуге ден қойдыңыз. Қолыңыз бос кезде заманауи құрылғымен қалай жұмыс істеу керегін, сайттағы жаңалықты қалай көру керегін сұрайтынсыз. Біз білгенімізді үйрететінбіз. Араға көп уақыт салмай, интернеттен көрген бір мәліметке назар аударып, бір өзекті мақала жазып шықтыңыз. Ол Қазақстандағы отбасылардың жиі ажырасу мәселесіне арналған мақала еді. Ақ қағазға сиямен жазатынсыз. «Маған солай жазған ұнайды. Қаламмен жазсам, жүрегіме жақын болатын сияқты» деуші едіңіз.
Өмірден өтеріңізден бір-екі жыл бұрын түскі үзіліс кезінде Желтоқсан даңғылы бойымен жиі серуендейтін едіңіз. Былғарыдан тігілген күртешелерді жақсы көрдіңіз. Қоңыр түсті көбірек ұнаттыңыз. Қоңыр портфель ұстадыңыз. Осының бәрі де сіздің қоңыр мінезіңізбен, болмысыңызбен әдемі үйлесіп тұрушы еді.
Сіз «Аna tili» газетінде бірнеше бас редактормен жұмыс істедіңіз. Жақсылығымызды асырып, ұжым мен жаңа басшының арасындағы алтын көпір болдыңыз. Газеттің барлық үйлестіру жұмысы өзіңіздің мойныңызда болған соң бәрін де кәсіби шеберлікпен атқара білдіңіз, аға. Ол жылдары редакцияға қолжазбалар көп түсетін. Елу, қырық беттік қалың қолжазбаларды тапжылмай өңдеп шығатынсыз.
Газет шығарып, түн ортасына дейін жүріп, таңертең шаршап-шалдығып жұмысқа жеткенімізде сіз түк шаршамағандай, нөмірдің кезекті материалдарын оқуға кірісіп кететінсіз. Әр күніңізді республикалық басылымдарды оқудан бастайтынсыз. Орындығыңызда шалқайыңқырап газет оқып отырғаныңыздың өзі бір ғажап көрініс еді.
«Өміріміз жыл өткен сайын жақсара ма десек, қайта барған сайын қиындап барады ғой» деп, елдегі экономикалық дағдарысқа байланысты налыған едіңіз. Иә, Шерағаң айтқандай, журналистердің арқалағаны алтын, жегені жантақ болған заманға сіз де іштей ренжіп өттіңіз.
Есіңізде ме, аға, бірде мынадай жағдай болды. Сәрсенбі күні газет дайын болып, баспаханаға жіберілейін деп тұрғанда телефоныңызға қоңырау түсіп, бір кісімен ұзағырақ сөйлестіңіз (шамасы, өзіңіз жақсы сыйласатын бір замандасыңыз болды ғой деймін), екеуара әңгімеден кейін «мақаланы жібер, жібер» деп қалдыңыз. Мақала келген бойда оқып шығып, ертеңгілік нөмірге бас редактордан да, бас директордан да рұқсат алмай (олар үйіне қайтып кеткен кез), бір бетті тұтасымен ауыстырып салдырдыңыз. Бұл өзіңіздің басшылық алдындағы жеке абырой-беделіңізге сенгеніңізден еді. Өйткені мұндай қадамға бару екінің бірінің қолынан келмейтін еді. Бақсақ, әлгі мақала өмірден өткен журналист туралы сыр-толғау екен. Жазып отырған автор да белгілі журналист, қарымды қаламгер болды. Яғни сіз саналы ғұмырыңызда өз кәсібіңіздің тұлғаларын алқалап, ардақтаумен өттіңіз.
Жіберілген мақаланы нөмірге салу керек болғанда сіз ештеңеге қарамай-ақ салдыратынсыз. Өйткені, ниеттес жандардың өтініш-тілегіне жауапты қарадыңыз. Адамға тән ұсақ-түйек пендешіліктен биік тұрдыңыз. «Болмашыға ренжісудің, өкпелесудің не қажеті бар, түкке де тұрмайтын нәрселер ғой» деп жиі айтатынсыз.
Айналасы он шақты жылдың ішінде редакциямыз бірнеше рет кеңсе ауыстырып, сіз бен бізге ылғи да шағын кабинет бұйырып жүрді. Кеңселік жиһаздарымыз сыймай, қысылып-қымтырылып отырған кезіміз аз емес. Сіз мықты журналист болуыңызбен қатар, өте талантты, ғажап ақын едіңіз. Бірақ ақындық өнеріңіз журналистік еңбегіңіздің тасасында қалды. Кей күндері кеудеңізді жыр шабыты қысатынын сезетінмін. Ондай кезде бір орында отыра алмай, әрі-бері жүріп кететінсіз. Бірақ газет дейтін «майданның» бел ортасында жүріп тыныш отырып өлең жазуға мүмкіншілігіңіз болмады. Осылайша талай жыр шумақтары қағаз бетіне қона алмай, өзіңіздің жүрегіңізде ғана қалды.
«Аna tili» газетіндегі еңбек жолыңызда кіл академиктерді басылым бетінде сөйлеттіңіз. Рәбиға Сыздық, Әбдуәли Қайдар, Өмірзақ Айтбайұлы және басқа көрнекті тұлғалардан алған сұқбаттарыңыз, неге екенін білмеймін, тек сізге ғана жарасымды болатын. Өйткені өзіңізден үлкен аға буын ұрпақпен сөйлесудің терең мәдениетін меңгерген азамат едіңіз. Ол кісілер де сіздің сұқбат алғаныңызға ықыласы ауып тұратын. Сіз дайындаған айқарма беттер кейінгі жас журналистер зерттеп-зерделеуге тиіс үйрену мектебі болды десек, артық айтқандық емес. Өйткені небір кең құлашты мақалаларды жаза отырып, олардың құрылымын «бүтін бітімге» айналдырып жіберетінсіз.
Газет оқырманға жол тартқан соң, ондағы дүниелерге әркім әртүрлі баға беретіні заңдылық. Кейбіреу сын айтып, тапқан бір дерегін даулап келген адамдар да болды. Сондай дөкір мінез көрсетіп келген адам өзіңізге жолыққан соң жайма-шуақтанып қайтқанын талай көрдім. Бұл жағынан алғанда, сіз нағыз мәмілегерлік қырыңызбен, дау-дамайды сабырлы қалпыңызбен шеше алатын қасиетке ие едіңіз, аға! Иә, сіздің бойыңызда кісіліктің ешкімге ұқсамайтын өнегесі бар еді. Сырттан келген кісілер де мұныңызды байқайтын.
Біз бір-бірімізге кедергі келтірмей, үндемей ғана жұмыс істеуші едік. Бір кабинетте қатар отырып еңбек еткеннен де шығар, көпшілік мінезімізді де ұқсатып жататын. Ондай ұқсастықтың бары рас еді.
Сіз өмірден кеткелі де тоқтаусыз жылжып, жылдар өтіп жатыр. Қабіріңіздің басына тағзым етіп қайтуды үнемі ойлап жүремін, аға! Құдайдың құдіреті болар, «Алтын адам» табылған өлкеден сіз де мәңгілік тыныс таптыңыз. Өйткені өзіңіз де алтын адам едіңіз.
Бірге қызметтес болған кезімізде «Кейін зейнет демалысында жүрсек те, редакцияға мақала әкеліп тұрамыз ғой» деуші едіңіз. Енді бұл сөзіңіз орындалмас арманға айналды.
Біз сізді әлі талай сағынамыз!
Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,
«Ақиқат» журналының бас редакторы

828 рет
көрсетілді0
пікір