- Ақпарат
- 17 Сәуір, 2025
Тарих қатпарындағы құжаттар

Бағдагүл Балаубай,
«Ana tili»
Президенттің 1995 жылғы 1 наурыздағы Жарлығына сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылды. Алматы қаласы әкімінің аппараты жанынан Қазақстан халқының кіші Ассамблеясы құрылды. Кіші Ассамблея құрамына барлық этномәдени орталықтардың өкілдері кірді. Алғашқы этномәдени орталықтар 1989–1990 жылдары құрылды. Қазақстан халқы кіші Ассамблеясының құжаттары №310 Алматы қаласы әкімінің аппараты қорында сақтаулы.
– Қор құрамына 32 этномәдени орталықтың құжаттары, сондай-ақ Қазақстан халқы кіші Ассамблеясының атқарушы хатшылығының құжаттары кірді, – дейді Алматы қаласының Мемлекеттік архивінің Архив құжаттарын ғылыми пайдалану және жариялау бөлімінің басшысы Алтынай Сақанқызы.
ҚХА-ның 30 жылдығы аясында Республикалық «Достық» үйі мен Алматы қаласының Мемлекеттік архиві бірлесіп, «Соғыс отына күйген жолдар, майданнан келген хаттар» атты көрме ұйымдастырды. Көрмеге Алматы қаласының Мемлекеттік архивінің қорқұрушыларының жеке қорларынан алынған 33 құжат енгізілді. Әр құжаттың айтар сыры бар, қолтаңбаның үні бар, әрқайсысына үңіле отырып, өткен күндердің тарихына бойлайсыз.
«Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды». Бұл ұстаным – біздің тарихымызды есте сақтауымыздың өте маңызды екенін білдіреді. Екінші Дүниежүзілік соғыстың оқиғалары біздің жадымызда мәңгі сақталуға тиіс, өйткені ол оқиғалар халқымыздың басынан өткізген қайғы-қасіретін, майданда көрсеткен ерлігін, сондай-ақ құрбан болған боздақтардың тағдырын қамтиды. Майдандағы әрбір жауынгер, әрбір тыл жұмысшысы, әрбір бейбіт адам осы соғысқа үлес қосып, жеңіске жол ашты.
Соғыс жылдары миллиондаған адам өмірін қиып, қалғандары тылда ауыр жұмыспен, аштықпен, аурумен күресті. Фашистік басқыншыларға қарсы тұру үшін халықтың бірігуі, өзара қолдау көрсетуі қажет болды. Бейбіт халықтың, соғыс ардагерлерінің ерлігі мен сабырлығы, жазған хаттары, майданнан жеткен қаралы хабарлар – осының бәрі ұлы тарихтың бөлігі болып қалды. Біздің міндетіміз – тарихты ұмытпай, оны келер ұрпаққа жеткізу, әрбір құжат пен естелікті сақтау.
«Соғыс отына күйген жолдар, майданнан келген хаттар» атты интернет-көрме Екінші Дүниежүзілік соғыста қаза тапқандар мен жарақат алғандардың, ерлігімен ерекшеленгендердің және тылда еңбек еткендердің құрметіне арналған. Майданнан келген хаттар – сұрапыл соғыстың отты жылдарындағы тірі куәгерлерінің естеліктері ұрпақ үшін құнды мұра болып қалуы керек. Бұл хаттар – сол уақыт адамының жан дүниесін, олардың сезімін, үмітін, қорқынышы мен жеңіске деген сенімін сақтайтын тарихи құжаттар.
Егер біз осы хаттарды оқып, соғыстың ауыр зардаптарын түсінсек, оны ешқашан ұмытпаймыз. Әрбір хатта тек соғыстың қатал шындығы ғана емес, сонымен қатар ел мен жер үшін күрескен жауынгерлердің ерлігі мен күш-жігері де көрініс табады. Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Жеңіс үшін қаншама жауынгерлердің жанқиярлық ерлігі мен төзімділігі қажет болды. Біз, бүгінгі ұрпақ, сол соғыстың қасіретіне куә болғандардың естеліктерін, олардың ерлігін ұмытпай, құрметпен есте сақтап, келешекке жеткізуіміз керек. Жеңіске қосқан үлесімізді, соғыс ардагерлерінің ерлігін ұлықтау – қасиетті борышымыз. Сарбаздың шабуылға дайындалып, ұрыс алдында не ойлағанын, не көргенін, не сезінгенін айта алатын куәгерлер күннен-күнге азайып барады.
«Соғыс отына күйген жолдар, майданнан келген хаттар» интернет-көрмеге Екінші Дүниежүзілік соғыстың ардагерлері, Алматы қаласының Мемлекеттік архивінің қорқұрушылары Әмен Хайдаровтың әпкесі Рая Хайдароваға жазған хаты, Петр Марюхиннің отбасы мен Мемлекеттік Алматы темекі фабрикасының ұжымына жазған хаты; Қызыл әскер жауынгерлері П.Перепеча, П.Шестаков, А.М. Турапин, Соколов, И.Панфилов атындағы Қызылтулы дивизияның гвардия жауынгерлері
А.Леонтьевтің, Иван Никифоровтың, Василий Степанович Колосовтың, Афанасий Григорьевич Корневтің, У.Муталяповтың, Қиыр Шығыс майдан жауынгерлерінің Алматы темекі фабрикасының директорына жазған хаттары; Солтүстік-Батыс майданының «За Родину» газеті редакция ұжымының Қазақ КСР артистеріне майданда берген концерті үшін Алғыс хаты; Полина Волковаға күйеуі Рамазан Элебаевтың 1943 жылғы 4 қарашада майданда ерлік көрсетіп қаза тапқаны туралы ұрыс алаңынан келген хат; журналист, жаңалықтар агенттігінің тілшісі Иосиф Малярдің Кеңес Одағының Батыры Зиямат Хусановқа жазған хаты; Екінші Дүниежүзілік соғыстың мүгедегі, үш концлагерьде тұтқында болған Петр Бобровничийдің, Қызыл әскер партизаны Григорий Жиляевтің, соғыс ардагері Қамкен Джамбековтің журналист, жаңалықтар агенттігінің тілшісі Иосиф Малярға жазған хаттары; Дивизия командирі гвардия генерал-майор Чернюговтың №3 Қызылтулы зауыты мен Мемлекеттік Алматы темекі фабрикасының жастарына жазған хаты енгізілді.
– Бұл хаттар – қазіргі ұрпақты тарихымыздың ұмытылмас отты жылдармен байланыстыратын жәдігер. Біздің еліміздің бостандығы үшін қан майданда жанын қиған жауынгерлердің жасаған ерлігін ұмытуға құқығымыз жоқ. Біз бәрін есте сақтауға міндеттіміз. Бұл интернет-көрме Екінші Дүниежүзілік соғыс ардагерлерін еске алу мен құрметтеудің маңызын көрсетуге, сондай-ақ болашақ ұрпақ үшін тарихи мұраны сақтауға бағытталған, – деді көрмені ұйымдастырушылар.
Тарих ешқашан ұмытылмайды. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мақсатында әр этнос өкілінің, әр ардагердің өткен жолын, атқарған қызметін, Жеңіске қосқан үлесін жас ұрпақтың есінде қалдыру мақсатында жеке-жеке мағлұмат ұсынған екен. Мәселен, ұйғыр кәсіби музыкасының негізін қалаушы Құддыс Қожамьяров Екінші Дүниежүзілік соғыстың салдарынан Мәскеу консерваториясында оқуын кейінге шегеріп, әскерге шақырылған. 1943 жылы майданда коммунистік партия қатарына кіреді. Демобилизациядан кейін Алматыға оралып, 1951 жылы Алматы консерваториясын профессор Е.Брусиловскийдің композиция класы бойынша бітіреді.
Ел есінде татар тілі мен әдебиетінің негізін қалаушы ретінде қалған халық ақыны, публицист, аудармашы, әдебиеттанушы Ғабдолла Тоқай Оралда газет-журналдар шығаруға белсене қатысты. 1905 жылдың қарашасынан бастап «Фикер» («Мысль») прогрессивті газеті, 1906 жылдың қаңтарынан – ай сайынғы әдеби-саяси «Эль-джадид» («Новый век») журналы, сол жылдың маусымынан «Уклар» («Стрелы») сатиралық журналы «Уралец» газетінің баспаханасында басылып, онда Ғабдолла Тоқай кітап теруші және корректор болып жұмыс істеді.
Қазақстанға жер аударылған, Астанадағы «Видергебурт» неміс қоғамының негізін қалаушы Иван Шарф өзінің тағдыры туралы: «Мен өз-өзімді қалыптастырғаннан бұрын кеңес кезінде сынақтардан өттім. Тағдырдың айдауымен тап болған бұл ауылды ешқашан ұмытпаймын, өйткені мен алдымен адамның жылуы мен көңіл күйін сезіндім. Бізді, немістерді шығысқа қарай Қазақстанға жер аударды. Менің әкем ату жазасына кесілді, ал анам сол кездегі қуғын-сүргіннің бәрін басынан өткерді. Біз бұл жерге жалаңаш әрі жалаңаяқ келдік. Қатты аяз кезінде бізді стансаға қалай түсіргенін ешқашан ұмытпаймын. Ақсақалдар тұлыбын шешіп, мені, мен секілді басқа да балаларды мұқият орап алды. Интернатта, балалар үйінде тұрдым» деп жазған екен. 1989 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жұмысына белсене кіріскен ол қазақ тілін жетік меңгерген, қазақ тілі мен мәдениетін дамытуға қатысты мәселелерді үнемі көтеріп, жергілікті қазақтар арасында үлкен беделге ие болды.
Ұлы биофизик, гелиобиологияның негізін қалаушы Александр Чижевский 1942 жылы тұтқындалып, сегіз жыл өмірін лагерьде өткізіп, 1958 жылға дейін Қарағандыда тұрыпты.
Әрқилы тағдыр. Архив құжаттарына үңілген сайын өзгеше күй кешесің. Сол заманмен тілдескендей боласың. Мұңды да сырлы тарихпен қауышасың. Тарихтың еншісінде қатталып жатқан әр деректің айтар сыры да мол, уақыт өткен сайын құны да арта бермек.

582 рет
көрсетілді0
пікір