- Ақпарат
- 17 Сәуір, 2025
Көлік қуатын күшейтетін қондырғы

Президент Қ.Тоқаев «Ana tili» ұлт газетінің биылғы бірінші санына берген сұқбатында отандық инженерия саласын дамытуға басымдық беру керегін айтқаны белгілі. Біз Алматыда осы саладағы олқылықты толтырып, өздігінше еңбек етіп, ізденіп жүрген азамат Шоқан Оразаевты жолықтырдық. Ол ойлап тапқан, бар болғаны 10 минутта орнатылатын қондырғының аты – импульсті модуль немесе импульсті генетатор. Ұзындығы 10 см, ені 8 см, салмағы не бары 400 грамдық жұдырықтай ғана құрылғы көптің көңілінен шығып, қазір әсіресе жүргізушілердің пайдасына жарап жүр. Бұл импульсті генератор, бір жағы, көліктің бензинін үнемдеп, қаражат шығынын азайтса, екіншіден, моторына айтарлықтай күш-қуат қосады. Бұл қондырғыны бензин, газ, соляркамен жүретін көліктер бірдей қолдана береді.
Қазір импульсті генератордың үш түрі бар, төртінші нұсқасы гибрид көліктерге арнайы шығарылып, сынақтан өткізіліп жатыр. Ал бесіншісі турбиналы машинаға арналып жасалған қондырғы туралы инженер-өнертапқыш Шоқан Оразайдың өзінен сұрап білдік.
Алдымен детекторлы радиоқабылдағыш жасадым
– Қондырғыны таныстырсаңыз.
– Бұл қондырғы – импульсті модуль немесе импульсті генератор деп аталады. Алғаш 2015 жылы жасап, сынақтан өткізіп, көлікке орнатып, нәтижесін көре бастадық. Құрылғы көліктің электр жүйесіне орнатылады, сол арқылы машинаның генераторына әсер етеді. Жалпы, бұл салаға бала кезден қызықтым. Менің ең бірінші оқыған мамандығым – қолданбалы математика. Ал электроникаға шамамен он екі жасымнан бастап әуестендім. Оған әкем себепші болды. 50–60-жылдары немесе бұдан да ерте уақытта детектрлі радиоқабылдағыш болған. Ол – ешқандай батарея мен токсыз, эфирдегі толқынды қабылдап, сөйлеп тұратын радио. Әкем «сондайды жасап көрші» деді. Детекторлы радиоқабылдағыштың қалай жасалатынын тауып, оны әкем екеуміз тыңдап, мәз болдық. Бұл 1982 жыл еді. Жасаған радиоқабылдағышымызбен радиостанцияның өзі тарататын толқынды қабылдап, құлаққа әкеп сөйлеттік. Біздің кезімізде оны жасайтын бөлшектер мен қажет детальдар аз болды. Сөйтіп, керек заттарды достарымызбен бірге іздеп жүріп, Алматыдағы Төле би көшесінің бойында орналасқан, ескі теледидарларды жинап, қайта өңдеуге жіберетін қоймадан таптық. Жасауға аса көп зат та кетпейтін. Балаға да ең қызығы оңай әрі тез болуында ғой. Мектеп кезінен солай бейімделдім. Бұл детекторлы радиоқабылдағышты жасаған соң көп өтпей, Республикалық физика-математика мектебіне ауыстым. Онда бізге бөлшектерді дәнекерлеуді, электроника саласындағы алғашқы қадамды, ненің не екенін үйретті. Мектепті бітіргеннен кейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің қолданбалы математика факультетіне оқуға түстім. Ол тұста программалау мен есеп шығаруды ерекше жақсы көрдім. Жалпы, алғашқы білім берген ордамыз баланы қайтсе де жаратылыстану бағытына әуес етіп, қызықтырып қоятын ерекше мектеп болды.
Кішкентай кезімнен қолдағы барды ысырап қылмай, бір дүние жасауды ойлап жүретінмін. Кейіннен өзіміз айдап жүрген көліктің қуаттылығы артқан сайын, оның отын жеуінің үдеуі бір түрлі түсініксіздеу көрінді. Сөйтіп, осы бағытта іздене бастадым. Ең әуелі, аккумулятордың жұмыс істеу уақытын ұзарту, қалпына келтіру шарасын қолға алдым. Сол мақсатта осы құрылғыны жасап шығардым. Әлемде мұндайды ойлап тапқан алғашқы адам мен емеспін. Жасап, сынақтан өткіздім. Импульсті генераторды алғаш жасап, бірден көлікке орнатып, байқап көргеніміз әлі есімде. Орнатқан көлігімнің қуаты артып, жүргенде жеңілдік байқалды, жылдамдығы артты. Ең бастысы, көлік отын үнемдей бастады. Тиісінше, отынды аз қолдансақ, одан шығатын түтін, зиянды қалдық та төмендейді. Екіншіден, отынымыз бұрынғыға қарағанда әлдеқайда толығырақ жанады да, соның есебінен одан шығатын қалдықтар да азаяды. Мұны Алматыдағы «ҚазГидромет» мамандарымен бірлесе сынақ өткізгенбіз. Құрылғыны бірнеше көлікке орнатып, біраз күн жүргізіп, зиянды қалдығының ауаға таралуын өлшедік. Сынақ нәтижесінде импульсті генератор бензинді айтарлықтай үнемдеп, көліктен ауаға тарайтын зиянды қалдықты 50 пайызға азайтты.
– Өзіңіз де білесіз, өткен жылы «көлікті ауада ұзақ қыздырғанға айыппұл салынады» деген мәселе көтерілгені белгілі. Осы орайда бұл отын үнемдегіш құрылғы халыққа пайдасын тигізетін сыңайлы.
– «Импульсті генератор, ең алдымен, халыққа пайдалы болуы керек. Ал «зиянды түтін шықпасын» деген әңгімеге келсек, мұның екі жағы бар. Біріншіден, көлікті оталдырғанда ол аз уақытта толық қыздырылып үлгермейді. Көлік толық жылымай, қыздырылмай жүріп кеткеннен кейін ол ауаға одан да көп зиян шығарады. Себебі машина жүріп келе жатқанда қозғалтқышқа қатысты құрылғылар «сол қозғалтқышты тезірек жылытуымыз керек» дейді де, бензинді көбірек қолданады, ол тіпті зиян.
Қазір электрлік автомобильдер көбейді. Бұл толығымен теріс әрекет дер едім. Электрлік автомобильдер токпен жүреді. Алматыда ток көзін, негізінен, көмірмен өндіреді. Бізде қуаттылығы 600 мегаватқа дейінгі ТЭЦ-2 деген жылу энергетикалық станция бар. Алматылықтар қолданып жүрген токтың басты өндірушісі сол. Егер біз жаппай электрлік машинаға көшсек, жылу электр станциясы көмірді бұрынғыдан да көп жағып, қалдығы аспанға бірнеше есе көбірек таралады. Ал бензинді көліктің бүкіл ішкі құралдары толық істеп тұрып, оған осы импульсті модульді қолданса, онда шығатын зиян да азаяды. Яғни көлік бензинді аз жейді, ауаға да түтін азырақ шығады. Бұл салада өзінің кәнігі маманы энергетика мен инженерияның білгірлері әрісі мен берісін толық ойластырып, шешім қабылдаса дейсің. Осы жолда елдегі инженерлер жұмыла атсалыссақ, еліміз әлемдік инженерияда да өз орнын алады дегенге үлкен үміт бар. Импульсті генераторымыз туралы Ресей, Қырғызстан, Моңғолия, АҚШ, Канада елдерінен естіп, қызығушылық танытушылар көбейіп келеді. Дегенмен ең бірінші өз халқымыз игілігін көрсе дейміз.
Импульсті генератор осыған дейін бес мыңнан аса көлікке орнатылды. Әрі оны үнемі жетілдіріп отырамыз. Бастапқыда көлемі үлкен болса, кейін кішірек, оңай орналастыратын етіп жасадық, көптеп шығаруға әрекеттеніп келеміз. Әрі қарай тағы да зерттеу жүріп жатыр, бұдан да жақсысын шығарамыз деген үміт бар.
Қазір бұл импульсті генератордың үш түрін қолданысқа енгіздік. Біріншісі, «С» деп аталады, яғни стандартты түрі. Ол кішкентай шағын көліктерге арналған, 15 пайызға дейін күш қосады. Екіншісін «В» әрпімен атап, оны көліктің қуаттылығын айтарлықтай арттыратын етіп жасадық, ал үшінші түрі екіншісінен де артық күш береді. Оның атауы – «В+». Барлығының түрі де, көлемі де бірдей. Соңғы үшінші түрін сынақтан өткізіп, қолданысқа бергенімізге, міне, екі ай болды. Мысалы, қондырғыны елу жыл болған «Москвич 412» көлігіме қондырып, озық машинадан озып кете аламын. Сондай-ақ құрылғыны жақында шетелден зат таситын үлкен жүк көлігіне де орнаттық. Нәтижесі керемет.
Былтыр жазда Талдықорғанның Қарабұлақ ауылына бардық. Жергілікті кәсіпкер Герман есімді кәріс жігіттің шөп шабатын тракторына осы қондырғымен сынақ жасап, көзін жеткіздік. Бәріне орнатып кеттік. Сонда 100 литр солярканың 18 пайызын үнемдеді. Алдағы 27 сәуір күні баршаға ортақ сынақ өткіземіз. Онда келген кез келген адам қондырғыны өз көлігіне орнатып, байқап көре алады. Бір жыл ішінде істемей қалып жатса, ауыстырып береміз. Орнатпас бұрын машинаның аккумуляторы мен генераторын дұрыстап тексеріп алу қажет. Ақау шыққан жағдайда бұл пайдасын тигізе алмайды.
– Болашақта қандай жоспар бар?
– Тимур деген досым бар. Оның бала-шағасы, менің қызым – бәріміз кірісіп, бірге жұмыс істеп жатырмыз. Әрине, болашақта автоматтандыруға қол жеткізсек дейміз. Дегенмен оның бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Генераторды әзірге халық арасында бір-бірінен естіп, сұрап келушілер қатары көп. Бір қолданғанда 7–10 жылға дейін жарамды. Бұрын алғандар әлі күнге алғысын айтып, батасын беріп хабарласып тұрады.
Алматының жолы тегіс емес. Көлік жүргізушілері әсіресе жазда күн ыстықта желдеткіш қосады. Желдеткіші қосылып тұрған көлік бір мезетте биік жолға шығуға қиналып, қуаттылығы жетпей, баяу жүре бастайды. Осы сәтте импульсті қондырғы орнатылған көлік жоғары бетке қиналмай шығады. Мұны қолданып жүрген машина жүргізушілері де жиі айтады.
Саниязбек НҰҒМАН, жеті жылдан бері импульсті генераторды пайдаланушы:
Ескі көлігім жаңа көлікпен бірдей жүреді
Мен өнертапқыш Шоқан Оразайдың импульсті генераторын 2018 жылы алдым. 2022 жылы көлігімді сатқанда құрылғыны өзіме алып қалып, ауылдағы ағамның ұлына, яғни екінші иесіне сыйладым. Ол өзінің ескі «Жигули» машинасына орнатып, әлі күнге дейін рақметін айтады. Ол бауырымның көлігінің көлемі 1,3–1,4, ал бұл генераторды орнатқан соң қазір 1,8 көлеміндегі Toyota Corolla сияқты қуаттылықпен жүреді. Машинаға кәдімгідей күш береді.
Орасан пайдасын көріп білгеннен кейін ұлдарыма да сатып алып бердім. Үнемі жанымдағы адамдарға да айтып жүремін. Былтыр да жиен немереме алдым. Көлігі ескі маркалы Toyota 10 еді. Жиенім «жаңа машина қалай жүрсе, менің көлігім де дәл сондай қуатпен жеп-жеңіл жүреді» деді. Құрылғыны орнатқан соң бензиннің бір грамы да шығын болмай, толық жанып кетеді. Нәтижесінде тұрбаларының бойына күйе тұрмайды. Бензинді 20 пайызға үнемдейді. Мәселен, бұрын 100 литр бензинмен 400 км жүрсеңіз, импульсті генераторды орнатқаннан кейін 480–500 шақырым жол жүресіз. Бұл – рас нәрсе. Өз өнертапқыштарымыз осындай дүние жасап жатқанына біз әрдайым қуанамыз. Әрі мұны халық болып қолдауымыз керек.
Мақсат ЕСТАҚОВ, он жылдан бері импульсті генераторды пайдаланушы:
7–8 көлікке ауыстырып орнаттым
Бұл импульсті генератор құрылғысын 2015 жылдан бері қолданып келемін. Байқағаным, көліктің моторына 15–20 пайыз күш қосады, әрі 20 пайыз бензин үнемдейді. Бұрын бензинге күніне он мың теңге жұмсайтын болсам, құрылғыны орнатқан соң жеті, сегіз мың теңгеден шығарып, әр он күн сайын жиырма мың теңге үнемдедім. Бір айға шаққанда алпыс мың қалтамда қалып отырды. Бұл құрылғы кез келген маркалы көлікке жарай береді. Өзім он жылда 7–8 рет көлік алмастырдым. Солардың әрбіріне осы құрылғыны ауыстырып салып отырамын. Әлі сыр бермейді. Менен көріп, нағашы ағам мен досым алды. Көбі сенбейді. Мен «бірінші орнатып, байқап көрші, тегін ғой» деймін. Бір орнатып көрген адам одан айырылғысы келмейді.
Әзірлеген
Элеонора ӘЗІРЖАН

374 рет
көрсетілді0
пікір