• Ақпарат
  • 17 Сәуір, 2025

Ескерткіші көп ен дала

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,

«Ana tili»

18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні. Әлемнің 122 еліндегі 800-ге жуық тарихи-мәдени құндылық 
ЮНЕСКО тізіміне енгізілген. Ал Қазақстанда ұлттық құндылық саналатын 25 мыңнан аса тарихи-мәдени ескерткіш бар. Бір мысал, 2003 жылы осы аталған тізімге еліміздегі «Әзірет Сұлтан» тарихи-сәулеттік кешені, Алматыға таяу Таңбалы тас шатқалындағы жартастарға салынған суреттер топтамасы кірді.

 

Маңғаз Маңғыстау

Тарихи орындар мен ескерткіші көп аймақтың бірі  – Маңғыстау облысы. Бұл өлкедегі бүкіл тарихи, табиғи, сәулет және археологиялық ескерткіштерді анықтау, алдын ала есепке қою, ғылыми-зерттеу, мемлекеттік қорғауға алу, техникалық жағдайын тексеру, инвентарлық нөмірлерін жаңғырту, құжаттарын толықтыру, қалпына келтіру, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу, қорғау, сақтау, ағарту, насихаттау «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» ММ-нің құзыретінде. Бұл мемлекеттік мекеме директоры Нұрлан Құлбаевтың да ерекше жөні бар, ол көне тастарды жазуды оқып, қағазға түсіреді. 
«Қазiр Маңғыстау облысы бойынша 590 тарих және мәдениет ескерткiші мемлекеттiк тізімге енгізілген, оның iшiнде 20 ескерткіштің республикалық маңызы бар. Олар 350 археологиялық нысан: тас дәуiрiнiң елдi мекендерiнiң орындары, қола және темiр дәуiрiнiң дiни-қабiрлеу кешендерi, ортағасырлық Ұлы Жiбек жолындағы қалалар, бекіністер, керуен-сарайлар, сондай-ақ үлкен-кіші сәулет туындылары шоғырланған 176 ансамбльді кешен мен 64 сәулет және қала құрылысының ескерткіші. Бұған қоса 900-ге жуық тарихи-мәдени мұра объектісі алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген. 
2021 жылы «Маңғыстау түбегінің жерасты мешіттері» деген атаумен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұраларының алдын ала тізіміне Оғланды жеріндегі Бекет ата жерасты мешіті, Қараман ата, Шақпақ ата, Шопан ата және Сұлтан-үпі жерасты мешіттері енгізілген. Сондай-ақ бұл тізімге «Жібек жолы: Еділ-Каспий маңы аралық коридор» серия­лық трансұлттық номинациясы шеңберінде ортағасырлық Сарайшық, Жайық қалашықтарымен қатар, Маңғыстаудағы «Қызылқала қалашығы» да енгізілген.
Облыстағы сакралды нысандармен қатар, Шерқала, Бозжыра, Тұзбайыр, Ыбықты сайы, Торыш конкрециялық тастары тәрізді ерекше қастерленетін табиғи орындарға алыс-жақын шетелдерден келетін туристер мен қонақтардың саны күн санап артып келеді. Туристік бағытта орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштерге көктем, жаз және күз мезгілдерінің барлық уақытында да сұраныс тоқтаған емес. Олар облыстағы туристік қызмет көрсететін ұйымдар арқылы өз жолдарымен бара береді, кейде тарихи-мәдени қорықтың мамандарына гид-экскурсовод қажеттігін айтып, хабарласып жатады, көпшілік киелі орындарда келушілерге қоғамдық қорлар шырақшылық қызметін көрсетіп отыр», – дейді Нұрлан Құлбаев. 
Туристік сала демекші, маңғыстаулық кәсіпкер Берік Дауенов, «Zhusan travel» негізін қалап, өңірге келген туристер мен қонақтарды маңғаз Маңғыстаудың маңыз­ды жерлерін аралатып жүргелі біраз жыл болыпты. Ол бұл кәсіпті қалай бастағаны туралы еске алып, өңірдің туризміне қажет нәрселерді де атап өтті.
«Джип-турды қалай бастағанды еске алсам, алдымен өлкетанушы, гид Бекболат Төлегенұлы деген мықты жігітті атап өткім келеді. Біздің аймаққа Президент келгенде гид болды, Астанада түркі академиясында жұмыс істеді. Қазір Алматыда жұмыс істеп жатыр. Екеуіміз 2014 жылдан бастап Маңғыстаудағы маңызды жерлерді бірге аралай бастадық.
Маңғыстауды, жалпы, Ұлы Жібек жолы дейді, соның бойында орналасқан түрлі бекіністер бар, басқалар бар – соларды барып көрейікші деп мені қызықтыр­ған. Сол жігіт мына жерде мынадай бекініс бар, мына жерде мынадай қойым­шылық бар, соны барып көрейік деп, әр демалыс күндері екеуіміз барып тамашалап, суретке түсіп қайтып жүрдік. Артынан барған жерден видео түсірдім, ол жігіт сол жердің тарихын, елшілігін айтып, таныстырудан бастайды әңгімесін. Содан «қой, сенің мына айтып жатқаның далаға кетпесін» деп видеокамера алып, таспаға түсіріп, оны YouTube арнама салдым, қызығушылық осылай оянды. 2018 жылға дейін солай жүрдім. Далада көп жүріп байқағанымыз, біздің Маңғыстау өңірінде турларды ұйымдастыратын орыс жігіттер, үнемі туристерді қыдыртып, демалып жүреді.  Сол маған мотивация болды десем де болады. Өз жерімді, өз тарихымды өлкемізге келген қонаққа неге өзім таныстырмасқа деп, 2018 жылдан бастап джип-тур ұйымдас­тыра бастадым. 
Келушілердің қай-қайсына да сол жер туралы оқығанымыз бар, көргеніміз, естігеніміз бар, тарихына қарай ерекшеліктерімен таныстырамын. Туристердің қызығушылығы, бізде ең хит болғаны 2020 жылы Бозжыраға қонақүй салынудан басталды. Содан кейін көп адам тек Бозжыраны сұрайды. Мен клиенттерге одан басқа бірнеше табиғи орын барын айтамын. Қанша күндік тур болса да, келушілер міндетті түрде Бозжыраны көрейікші дейді. Жалпы, біздің Маңғыс­тауға қызығушылық пандемия кезінен басталды. Оған дейін адамның көп легі болған жоқ. Пандемия кезінде шекара жабылып, адамдар сыртқа шыға алмады да, еліміздегі жерлерді аралай бастады. Оған дейін Ақтау десе, Каспий теңізі мен Бекет ата ғана ойға оралатын. Ал бізде одан басқа туристік орындар өте көп және олар бір-біріне ұқсамайды», – дейді Берік Дауенов. 

Көне жазуларды оқу маңызды

«Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» директоры Нұрлан Құлбаевтың айтуынша, рухани мұрамызға сүйене отырып, ішкі мәдени және зиярат ету туризмін дамыту мен қолдауды қажет етеді. Туристік бағыттарда орналасқан киелі нысандар бойынша туристік визит орталықтарын ашу, инфрақұрылымды дамыту тәрізді үлкен жобалармен қатар, олардың тарихи-көркемдік құндылығына нұқсан келтірмей, қазіргі заманға сай пайдаланылуы үшін абаттандыру-көркейту жұмысын жүргізуді де қажет етеді. 
«6-сыныпта ауылдың молдасынан әптиек (араб грамматикасы бойынша әліппе) оқып-үйренгенмін. Одан әрі өзім кітаптардан оқып, білімімді жетілдіріп отырамын. Кейін 2006 жылы осы Маңғыс­тау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығына маман болып келіп, ескерткіштер мен құлпытастардағы араб графикалы жазуларды оқып, тәжірибе жүзінде де қолданып, аударма жасап бастадым.
Соңғы жылдарда жұртшылықтың өңірлерде орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштерге деген қызығушылығы күрт өсіп кеткені белгілі. Өлке тарихын жүйелі түрде зерделеп, көне шежірелерге, тарихи жәдігерлерге ғылыми негізде зейін қоюшы жұрттың талғамы да тереңдеді. Осы орайда, шығыстанушы-ғалым, сопылық рухани мұраларды зерттеуші Әшірбек Муминовпен бірлесе отырып, Сисем ата қорымындағы қабірүсті ескерткіштеріндегі жазуларды зерттеп, эпитафиялық мәтіндері аударылған құнды еңбек жарыққа шығарылды. Сонымен қатар төл туындым саналатын «Арал-Каспий аралығы тарихи-мәдени ескерткіштеріндегі араб графикалы мәтіндердің анықтамалығы» атты кітаптың алғашқы томы шығарылып, көпшіліктің қолдануына берілді. Эпиграфикалық жазбаларды жарыққа шығару, әсіресе құлпытас жазбаларын жариялау әрқашан да маңызды, бұл жұмыстардың бір мақсаты мұндағы мәлімет ата-бабаларымыздың әлеуметтік байланысы мен мәдениеті туралы түсінігімізді байыта түседі. Эпиграфикалық дереккөздері арасында эпитафиялар өзіндік артықшылықтарымен ерекшеленеді, олар тас шеберлерінің есімін, сондай-ақ ескерткіштің салыну уақытын анықтауға мүмкіндік береді, қабірдің иесі туралы нақты мәліметтер жеткізеді, өмір сүрген жылдары, мекені, шығу тегі, шежіресі, тұлғаның басқа да өмірбаяндық тарихы, тарихи оқиғаларға қатысы туралы бірегей мәліметтерді қамтиды. Бұл дереккөздерді жарыққа шығаруда жергілікті тарихты жаңғыртуға да өзіндік үлес қосады, әсіресе олардан әлеуметтік және рулық байланыстарда кездеспейтін мәліметті таба аламыз», – дейді Нұрлан Абызұлы. 
Оның айтуынша, құлпытастардағы эпитафиялар халықтың тарихын, мәдениетін жеткізетін, өткеннің өзіндік құжаты тәріздес жазба дереккөзі, белгілі бір дәуірдің бірегей құжаты тәріздес. Эпитафия – заманының мөрі, айнасы тәріздес, зерттеуші өзіне қажет мәліметті ажырата алуы қажет, басқа да жазба дереккөздерімен салыстыра зерттеудің маңызы зор. 
«Маңғыстау ескерткіштерінде араб, парсы, көне түрік, көне қазақ тілдерінде араб графикасымен жазылған мәтін түрі көп. Тарихи кешендердегі ескерткіштер мәтінінің басым көпшілігі жазылған араб жазуынан ерте заманнан-ақ жергілікті тұрғындардың рухани өмірінің құрамдас бөлігіне айналғанын байқауымызға болады. Құлпытастарды салыстыра зерттеу нәтижесі араб жазуы эпитафиялық жазуда ХХ ғасырдың орта шеніне дейін пайдаланылып келген деген ұйғарым жасауға мүмкіндік берді. Құлпытас беттерінде осыншама ұзақ уақыт пайдаланылуының себебі – араб жазуы қазақ халқына мұсылман дінімен бірге келіп, ислам дінінің негізгі белгісі болған. Даладағы құлпытастар дәстүрлі жазу мен сол заманғы тілді сақтаған көне қолжазба секілді, олар шоғырланған қорым – маңызды құжаттар жиналған табиғи мұрағаттық қор.
Өкінішке қарай, қазір жел, ­жауын-шашын тәрізді табиғи факторлардың әсерінен тас беттеріндегі жазулар өшуге айналған, осы орайда тарихи жазба мұраларымызды зерттеп, аудармаларын жасау, анализ жасап ғылыми айналымға енгізу, «Қазақстанның эпиграфикалық ескерткіштері» сериясын жалғас­тыру жұмысы жүргізілуі қажет», – дейді Нұрлан Құлбаев. 

Тарихи-мәдени мұраның бірі – Отырар

Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығы – еліміздің тарихи-мәдени мұрасын танытуда маңызды рөл атқаратын ірі мәдени мекемелердің бірі. Жыл өткен сайын бұл мекемеге келушілер саны артып келеді. Мәселен, музей-қорықтың экспозициялық залы мен археологиялық нысанына жыл сайын 500 мыңға жуық адам келсе, оның ішінде 10 мыңнан астамы – шетелдік турист. Отырар музей-қорығының ескерткіштерді қорғау жөніндегі бас инспекторы Қуаныш Шохаевты сөзге тарттық.
Оның айтуынша, Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығына да биыл 45 жыл толады. Музей ғимаратында ежелгі Отырар қаласынан табылған археология­лық жәдігерлер мен этнографиялық мұралар жинақталған.
«Музей-қорық аймағындағы негізгі археологиялық нысандар – Отырар төбе, Арыстан баб кесенесі сияқты тарихи орындар туристік маршруттарға енгізілген. Бұл бағыттармен келушілер Отырар өркениетінің даму жолын тереңірек танып, тарихи кеңістікпен етене жақындай алады. Ал Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығы – еліміздің мәдени туризмін дамытуда маңызды рөл атқарып отырған бірегей нысан. Қазіргі заман талабына сай қызмет түрлерінің ұлғаюы мен инфрақұрылымның жақсаруы арқасында, бұл мекеме жыл сайын мыңдаған келушіні қарсы алуға қауқарлы әрі тарихи мұраны кеңінен насихаттауда көшбасшы мекемелердің бірі. Сондықтан бізге келетін туристердің географиясы жыл сайын кеңейіп келеді. Еліміз бойынша, негізінен, Шымкент және Түркістан қалаларынан, сондай-ақ Алматы, Астана, Қарағанды, Павлодар сияқты ірі қалалардан келушілер саны басым. Түркістан облысының тарихи-туристік әлеуеті жоғары болғандықтан, өңірге келген қонақтың көпшілігі міндетті түрде Отырарға соғып, көне қаланың орнын, музей жәдігерлерін және Арыстан баб кесенесі секілді мәдени-рухани нысандарды аралайды.
Шетелдік туристер арасында Еуропа елдерінен – Франция, Германия, Италия және Нидерландтан келетін қонақтар ерекше қызығушылық танытады. Сонымен қатар Азия мемлекеттерінен – Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай және Түркиядан келушілер де жыл сайын артып келеді. Бұл елдерден келген саяхатшылар Отырар өркениетінің бай тарихына, археологиялық ескерткіштерге, Шығыстың әйгілі ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің туған жеріне айрықша мән береді.
Қазір «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы – еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтау, зерттеу және насихаттау бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келе жатқан жетекші музей мекемелерінің бірі. Мекеме тек археология­лық жәдігерлерді қорғаумен шектелмей, ғылыми-зерттеу, мәдени-ағартушылық және туристік қызметті қатар алып келеді», – дейді Қуаныш Шохаев.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта музей қорында 25 мыңнан аса тарихи-мәдени жәдігер сақтаулы. Олардың қатарында Отырардан табылған керамикалық бұ­йымдар, ортағасырлық құрылыс материал­дары, жазба мұралар, тұрмыстық және сәндік заттар бар. Музей-қорық өңірлік және халықаралық туризмді дамыту бағытында да белсенді жұмыс істейді. Түркістан – Отырар – Арыстан баб – Сауран бағытындағы тарихи-туристік маршруттар шеңберінде музейге жыл сайын мыңдаған турист келеді.
Елімізде қабылданған «Мәдени мұра» және «Көне Отырарды жаңғырту» Мемлекеттік бағдарламалары бойынша 2004–2009 жылдар аралығында Отырар өңірінде археологиялық жұмыстар кеңінен жүргізілген. Бағдарлама аясында Отырартөбе, Құйрықтөбе, Алтынтөбе, Күйікмардан, Жалпақтөбе, Оқсыз, Қауғаната, Көкмардан, Бұзықтөбе қала жұрттары қазылған.
«Отырар ауданындағы 13 ауылдық округ бойынша 204 тарихи-мәдени ескерткіш «Отырар» мемлекеттік архео­логиялық музей-қорығының қарауына алынған. Оның ішінде Республикалық маңызға ие 5, жергілікті маңызға ие 73 ескерткіш бар. 126 ескерткіш алдын ала есепке алу тізімінде.  63 ескерткішке мемлекеттік акт алынған. Ескерткіштердің жалпы қорғау аймағы 11,546 га. 
Қазір музейдің мәдени мұраны қорғау және ғылыми-зерттеу қызметі  Қазақстан заңнамаларын басшылыққа ала отырып, бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, ескерткіштердің жер телімдеріне мемлекеттік акт алу, төлқұжат, есеп карточкаларын әзірлеу, анықталған тарихи-мәдени мұраларды ескерткіш мәртебесін алуға ұсынады. Ескерткіштер мен қорғауға ұсынылған аймақтар бүлінген, бұзылған немесе қауіп төнген жағдайда тиісті шараларды жүзеге асырады. Ескерткіштерде жүргізілетін реставрациялық және реконструкциялық жұмыстарды қадағалау, жобалық-сметалық жоспарға сәйкестігін бақылау, өткізу-қабылдау жұмысына қатысады. Сонымен қатар ескерткіштерге қатысты ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізеді. 
Археолог мамандар Отырарда ғана емес, Қазақстанның өзге де аймақтары, атап айтқанда, Тараз, Құлан, Шымқала құрлық, Күлтөбе, Шірік-Рабат, Кес­кен-Күйік, Жанкент, Асанас, Сортөбе, Қышқала, Сығанақ т.б тарихи ескерткіштерде зерттеулер, қазба жұмыстары мен барлау және ескерткіштердің жинақтарын жасау сияқты жұмыс­қа қатысып, нәтижелі көрсеткіштерімен көзге түсті», – дейді Қуаныш Әбдіқалиұлы.
Оның айтуынша, мәдени мұраны қорғауда ескерткіштердің орналасу аумағы бо­йынша қорықшылар бекітілген. Олар өзіне бекітіліп берілген тарихи ескерткіштерді табиғи немесе қасақана қауіп төнуден (су деңгейінің көтерілуі, түрлі құрылыс және шаруашылық жұмысының жүргізілуі) сақталуын қамтамасыз етеді.

Археолог-этнолог мамандар тапшы

Ескерткіш – тек археологке немесе министрлікке ғана керек емес, еліміздің барлық азаматына жауапкершілігін арттыратын дүние. Бұл туралы Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Астана филиалы директоры Әзілхан Тәжекеев айтып берді. Оның сөзінше, бұл мәселеде бекітілген заң бар, заңның аясында жұмыс істеледі. Сонымен қатар заңнан тыс та тарихымызды, ескерткішімізді сақтап қалу, ұлттық тарихымызды сақтап қалу мәселесі де өзекті. 
«Негізгі жауапты орган Мәдениет министрлігі, бірақ барлық облыста тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мекемелері бар. Ол кейбір облыстарда мемлекеттік мекеме деп аталды, кейбір облыстарда ескерткішті қорғау инспекциясы деп аталады. Олар жергілікті мәдениет басқармаларына қарайды. Бірақ барлық облыста бір деңгейді, бір ережеге сәйкес, бір тәртіпте қалыптаспаған. Әр жерде қызметкердің саны да әртүрлі, олардың мекеменің ережесі де әртүрлі. Сол себепті, бірінші кезекте, барлық облыс жергілікті және республикалық маңызы бар ескерткішті тізімдеп қояды. Әр деңгейдегі ескерткіштермен жұмыс істейтін мекеме атауы да, жұмыс істеу бағыты да бірдей болуы керек деп ойлаймын. 
Бұл ескерткіштер мемлекеттің, бір ауылдың, егістік алқаптарының ішінде немесе жайылымда орналасуы мүмкін. Бұл жерде, негізі, қорғау міндеттемесі сол ауылдың әкімінің міндетіне жүктелген. Бірақ оны әкімдік кейде білмейді немесе маман болмағаннан кейін ол ескерткіш туралы ақпарат толық қамтылмайды. Әр облыста, әр ауданда, әр ауылда ескерткіштердің тізімі, мерзімі, маңыздылығы жазылған, оның қорғау аймағы көрсетілген әдістемелік құрал сияқты альбом, жинақ шықса. Мысалы, ескерткіш тұрған аумақ  жеке адамның жайылым жерінде болса, әлгі адамға «жеріңізде осындай ескерткіш тұр, ол ескерткішті сақтау және қорғау міндеттемесі сізге жүктелген» деп ескерткіштерді қорғау мекемелерімен келісімшарттар және растайтын құжаттарын көрсеткені абзал. Мұндай жағдайда ескерткіштің сұранысы кімнен екені белгілі болады», – дейді Әзілхан Тәжекеев.
Археологтің айтуынша, Қазақстанда қанша ескерткіш бары белгісіз. Мысалы, бір облысты алсақ, алдын ала тізімдеулі тұрған ескерткіштер, жергілікті маңызы бар ескерткіштер мен республикалық маңызы бар ескерткіштер бар. 
«Бірақ әр облыста республикалық маңызы бар ескерткіштер емес, жергілікті маңызы бар ескерткіш көп. Бірақ осының үшеуіне кірмейтін, әлі күнге дейін белгісіз, болмаса ғалымдар мен археологтердің археологиялық барлау барысында ашылған көптеген ескерткіш бар. Мысалы, бір облыста бес жүз ескерткіш ғана мемлекеттік тізімде болса, бірақ ол облыста бес мың ескерткіш болуы мүмкін. Сол себепті біз әлі күнге дейін елімізде қанша ескерткіш барын білмейміз. Тізімдегі ескерткіштер жақсы қорғалып келе жатыр. Әрқайсысының тіркеу картасы, паспорты және оның қорғау тақтайшалары бар. Бірақ олардың көпшілігінің қорғау аймағы әлі нақтыланбаған, яғни белгіленбеген. Қорғау аймақтарының сыртында ескерткіштердің құрылыс сақтау аймағы деген бар. Құрылыс қанша метрге дейін салынуы керек, оның сыртында ескерткіштердің табиғи шартты аймағы бар, оны сақтаудың мәселесі алдымыздан шығады. Археологиялық ескерткіштердің көбі далада орналасқан. Ал қалаларда, облыс орталықтарында, ауылдарда тұрған ескерткіштердің құрылыс салу аймағы сақталмайды. Оның белгілі қорғау аймағы да сақталмайды. Сол себепті бұл – үлкен мәселе. 
Мәдениет министрлігіндегі ескерткіш саны нақты тізім емес. Себебі ескерткіштер өте көп, жыл сайын археологиялық барлау барысында қаншама ескерткіш табылады. Сондықтан қазір ескерткіштердің нақты тізімін шығару мүмкін емес, ол үнемі өзгеріп отырады. Кейбір ескерткіш тізімнен қысқарады, себебі оларды құм басып қалу қаупі зор», – дейді Әзілхан Әуезханұлы. 
Қазір жер игеру өте қарқынды жүріп жатыр. Жол салу, әртүрлі газ-мұнай, электр желілерін тарту, сонымен қатар егістік алқаптары мен жайылым алқаптарының игерілуі ескерткіштерді жоятын себептердің біріне айналған. Ал археолог-этнолог деген маманды Қазақстан бойынша төрт-ақ оқу орны дайындайды екен. Демек, маман да тапшы. Кәсіби археологтердің саны аз. Бұл да шешілуге тиіс мәселенің бірі.

5662 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы