• Ақпарат
  • 17 Сәуір, 2025

Тариф тайталасында жеңімпаз жоқ

Дағжан Белдеубай,

«Ana tili»
 

Әлемдік саясат мың құбылып тұр. Бұл аласапыранды Америка Құрама Штаттарының екінші мәрте сайланған президенті Дональд Трамп бастағаны мәлім. Дүниенің әр түкпіріндегі саясаткер атаулы күн сайын таңда ұйқыдан көзін тырнап ашып, «бүгін Трамп қандай өнер көрсетеді, нені ойлап табады…» деген алаң көңілмен ақпаратқа үңілетін әдет тапты десек те, артық айтқандық болмас. 

Мінезді кәсіпкердің супер держава тізгінін ұстаған сәттен көрші мемлекеттерге көрсеткен дөңайбаты талай саясаткерді тіксінтті. Дүниедегі демократияның тірегі делінетін Америка өзінің сол абыройлы мақсатынан шегініп кеткендей көрінді. Ол түрліше мәлімдемесінде тіпті диктаторлар билейтін басқыншы мемлекеттердің көшбасшысынан айнымай қалды. «Панамаға әлде Канадаға  – қай елге соғыс жариялар екен» деп ойлағанымыз да күні кеше. Дегенмен бұрынғы үрдісті жалғастырып, Иранға шүйлікті. Америка бір жылдары ислам әлемінің ең бір гүлденген заманының жәдігері сақталған Иракты бомбаласа, енді парсы еліне кезек келгендей. Ежелгі Шығыс өркениеттерінің бір ошағы Сирияның басынан енді ғана бұлт айыққандай болғанын да қоса кетейік.
Дональд Трамптың әсіресе екінші көкек күнгі мәлімдемесі дүниені у-шу қылды. Сол күні Америкаға 185 елден келетін импорттық тауарларға баж салығын «миға қонбайтын» деңгейге көтеретінін мәлімдеді. Ол тізімде тіпті «адам тұрмайтын аралдың аты да бар» десіп шуласты. Дональд Трамп салған баж салығының он пайыздан кемі жоқ. Шегі –145 пайыз. Ол тізімде Қазақстан да бар. Қазақстаннан апарылатын тауарларға бұйырғаны – 27 пайыз. Біздің үкімет АҚШ-қа шығарылатын өнімдердің (негізінен, шикізат) басым бөлігіне бұл салықтың әсер етпейтінін айтып, көңілімізді аулағандай болды.  
Дегенмен әлемдегі барлық елдің басшылары секілді, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен аптада бұл мәселеге қайта-қайта тоқталды. Алдымен Ақордада өткен еліміздің ғалымдарын марапаттау кезіндегі сөзінде: «Көптеген сарапшы дүниежүзі кейінгі ондаған жылда болмаған ең ауыр дағдарыстың табалдырығында тұрғанын мәлімдеді. Алпауыт мемлекеттер бір-біріне қарсы «тариф майданын» ашқан соң, өндіріс пен сауда тізбегінің бұзылғаны, нарықтардың құлдырап, шикізат бағамының тұрақсыздана бастағаны байқалады. Бұл барлық елге, соның ішінде Қазақстанға әсер ететіні сөзсіз. Қазір жоғары тарифтер енгізуге 90 күндік мораторий жарияланғанымен, нарықтағы жағдай өте тұрақсыз. Сондықтан біз осынау экономикалық дүрбелеңнің Қазақстан экономикасына тигізетін салдарын жоюмен айналысып жатырмыз. Алайда дүрлігуге себеп жоқ екеніне сенімдімін. Біз сын-қатерлердің бәрін әрдайым өзіміздің басым бағыттарымызды басшылыққа ала отырып еңсеріп келеміз», – деді. Сондай-ақ Президент Шымкент қаласына сапары кезінде, әлемдік деңгейдегі мұндай алапат өзгерістің соңы қарулы қақтығысқа ұласуы мүмкін екенін айтты. Сауда соғысынан Қазақстан да тыс қала алмайды. Экономика құлдырап бара жатса, Ұлттық қордағы қаржы пайдаланылатынын да Президент жоққа шығармады.
Баж салығын шектен тыс көбейту арқылы Дональд Трамп әлемнің қожайыны кім екенін танытқысы келгендей. Танытты да. Дүниедегі ақпарат құралдары ұлардай шулағанына көңілі толды ма, жоқ, біреулердің сөзіне тоқтады ма – «сауда соғысына» дайындалуға оныншы көкек күні тоқсан күндік мұрсат жариялады. Енді тоқсан күнде тоқсан мемлекетпен келісімшарт жасап үлгермек. 
Мұхиттың арғы жағындағы елдің Ақ үйіндегі қауырт жағдайды мұнда отырып біз де сезінгендейміз. Дональд Трамптың күрт өзгерістеріне келіспеген қызметкер атаулы орнын босатыпты. Әсіресе мигранттар мәселесі ушықты. Өткенде барлық штаттың үлкен қалаларында жаппай қарсылық акциясы өткізілді. Өзгесін былай қойғанда, Украина президенті Владимир Зеленскийді Дональд Трамп пен вице-президент Джеймс Дэвид Вэнс екеуі ортаға алып, елі шабылып, есесі кетіп жатыр демей, жағадан алғандай болғаны, көрген жұртты айран-асыр етті. Әлемде талай жылдан бергі қалыптасқан «демократияның тірегі, қорғаушысы – Америка» делінген түсінік пен сенімнің күлін көкке ұшырды. 
«Мұндай әрекеттерге Дональд Трамп Ресейге жақсы көріну үшін баруда» деген де пікір айтылып жатыр. Иә, оның мұндай қитұрқы істерінде Ресей–Украина соғысын тоқтатып, Қытайды шеттету пиғылы бар болуы әбден мүмкін. Ресейдің экономикасы америкалық өлшеммен қарағанда әлсіз. Бірақ ол ядролық қаруы бар әрі әскери жағынан осал ел емес. Ресейдің Қытаймен одағы АҚШ үшін тиімсіз. АҚШ–Ресей одағы тиімді. Нәтижесінде соғысты тоқтатқан «Нобель сыйлығына лайық» деген атағы шығады, әрі өз елінің мүддесіне оң ықпал етеді. Қазақша айтқанда, екі жеп, биге шығады. 
Американың ең басты бәсекелесі, әрине, Қытай. Сауда соғысын бастаудағы басты мақсат – Қытайды әлсірету. Ең жоғарғы 145 пайыздық баж салығы да Қытайға салынды. Үш айлық келісім уақытынан да Қытай шет қалдырылды. Демек, АҚШ тарапынан салынған 145 пайыз бен өз кезегінде Қытай тарапы белгілеген, алдымен 34, одан 84, соңында 125 пайыз кедендік баж салығы ұзамай күшіне енеді. 
Қытай туралы айтқанда, біз білетін әдебиетінде, яғни идеология­сында өзіне ата жау санайтын Жапониямен одақтас бола қоймайды. Экономикалық тұрғыдан Ресей сенімді серіктес саналмайды. Сөйтіп, Еуроодақты қолай көргені ойға қонады. Қытай төрағасы Си Цзиньпин бұл жөнінде ашық мәлімдеп, Трамптың баж салығына қарсы Бейжің мен Брюссель тек өз мүддесі үшін ғана емес, халықаралық заңдылықтарды қорғау мақсатында бірлесіп күресуге шақырды.
Қытай–Еуроодақ бірлігінде осы екі алыптың ортасын қосып жатқан Орталық Азияның да өзіндік орны бар. Турасы, біз Жібек жолы атайтын сауда жолының маңызы неше мың жыл өтсе де, арта бермек. Өткенде Еуроодақтың басшы-қосшылары Самарқанға келіп, Орталық Азияның бес мемлекеті президенттерімен қол алысып, қауқылдасып, 12 миллиард еуро инвестиция беруге келісті. Демек, Қытай–Еуроодақ бірлігі, іздегенге сұраған дегендей, келісілген шаруа болар деп топшылаймыз. 12 миллиард екеуінің ортасын қосып жатқан елдердің жол инфрақұрылымына бағытталады. 
Қош, қорыта келе айтарымыз, күн сайын, тіпті сағат сайын дүниені дүрліктіріп жатқан мұхиттың ар жағына біз де алаңдаулымыз. Бала-шағасына дейін аямай соғысып жатқан елдердің де ертеңі сол АҚШ-қа байланысты болып тұр. Мұндай аласапыранда араша түсетін Біріккен Ұлттар Ұйымы деген ұйым бар екенін де ұмытып қалғандаймыз. Қысқасы, Си Цзиньпин айтқандай, тариф тайталасында жеңімпаз жоқ. Әлем елдерінің барлығына қарсы әрекет қылып, өзін-өзі оқшаулауы Америкаға тиімді боларына біз де күмәнмен қараймыз.      

 

909 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы