- Ақпарат
- 17 Сәуір, 2025
Маңызы зор медиажиын

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,
«Ana tili»
Астанада өткен ІІ Орталық Азия медиа форумына Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзeрбайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ұлыбритания, Қытай, Катар, Ресей және өзге де мемлекеттерден 700-ден астам делегат келді. Ауқымды ic-шараға саясаткерлер, журналистер, медиакомпаниялар мен халықаралық ұйымдардың басшылары, сондай-ақ ақпарат құралдарының танымал сарапшылары қатысты.
Форумның мақсаты – Орталық Азиядағы медиаұйымдар мен халықаралық серіктестер арасындағы ынтымақтастықты тереңдету, БАҚ-тың цифрлық трансформациясы мен оның аймақтың ақпараттық кеңістігіне ықпалын талқылау, сондай-ақ қоғамдық пікір қалыптастырудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін зерттеу.
Форумда сөз сөйлеген Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлемнің ірі медиаресурстары Орталық Азияға қызығушылық танытып отырғанын айтты. Министрдің айтуынша, Қазақстан халықаралық ресурстармен байланыс орнату бойынша белсенді жұмыс жүргізіп отыр. Мәселен, өткен жылдың тамыз айында Астанада Орталық Азия бойынша «Euronews-тің» өкілдігін ашу туралы келісімге қол қойылды.
– «Euronews» командасы біздің халықтың өнері, мәдениеті мен өмір салты туралы «Модерн номадс» телешоуын, «Орталық Азиядан шыққан дауыстар» тақырыптық сериясын – өңірдің белгілі қайраткерлерімен сұқбаттар, ірі өңірлік іс-шараларды қамтитын «Фокус» репортаждарының бірқатарын көрсетуге кірісті. Біз Орталық Азияның барлық елімен ортақ тарихи және мәдени мұрамызды, сауда-экономикалық және туристік әлеуетімізді көрсетуге бағытталған бірлескен медиажобаларды жасау бойынша халықаралық әріптестерді тарту жұмысын жүргізуге ниеттіміз, – деді А.Балаева.
Форумда министр Аида Балаева ақпарат қауіпсіздігіне қатысты бірқатар мәселені көтерді.
– Онлайн-платформалардың әкімшіліктерімен пәрменді өзара іс-қимыл орнату бойынша тұрақты негізде іс-шаралар қабылдап келеміз. Осыған дейін істелген жұмыстың арқасында қазір Қазақстанда Facebook, Instagram, Вконтакте, Одноклассники, ТikTok, Mail.ru және басқа сервистердің өкілі айқындалды. Сондай-ақ Қазақстан заңсыз контент (кибербуллинг, алаяқтық, экстремизм, порнография) пен жалған ақпаратты таратуға қарсы күресте айтарлықтай нәтижеге ие болды. Бұл бағыттағы маңызды жетістіктерге кәмелетке толмағандарды цифрлық кеңістікте қорғауда қол жеткізілді, – деді А.Балаева.
Министр Аида Ғалымқызы Қазақстанның телеарналары Қырғызстанда, Өзбекстанда, Әзербайжанда және Тәжікстанда хабар таратады, бұл арналардың паритеттік қатысу тізімі әлі де кеңейетінін айтты. Бұл орайда Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп шығарған «Қорқыт ата» тарихи телесериалын, Қырғызстанмен бірлескен «Қос қанат» телекөпірін, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған «Заковат» зияткерлік ойынын атап өтуге болады.
Рас, қазір Орта Азия аймағында мәдени-гуманитарлық байланыстар нығайып келеді. Жыл сайын Қазақстанда Қырғызстанның, Өзбекстанның, Тәжікстанның және Түрікменстанның мәдени күндері зор табыспен өткізіліп жүр. Дәл осылай Қазақстанның да мәдени күндері аталған елдерде өткізіліп келеді.
– Қазақстан Орталық Азияның ортақ телеарнасын құру және аймақтың әлеуеті, осы аумақта тұратын халықтардың достығы мен бірлігі туралы хабардар ететін тележобаларды, сондай-ақ біздің халқымыздың тарихы мен ерекшелігі туралы танымдық теле-радиобағдарламалар топтамасын дайындау идеясын қолдады. Осылайша, қазіргі уақытта Орталық Азия елдері өңірдегі ақпараттық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірлескен телеарна мен өңірлік медиаплатформаны іске қосу мүмкіндігін қарастырып жатыр, – деді жиында министр Аида Балаева.
Қазір Орталық Азия елдерінің медиа саласындағы ынтымақтастығы да жоспарлы түрде жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Мәселен, Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Өзбекстанның Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігі арасында 2025 жылға дейінгі өзара іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Жоспар бойынша медиаконтент алмасуды, журналистерге арналған тренинг пен семинар өткізуді, баспасөз хатшыларының біліктілігін арттыруды, жас мамандарды қолдауды және жалған ақпаратпен бірлесіп күресуді қамтиды. Сондай-ақ кәсіби байланыстарды дамыту мақсатымен екі елдің журналистері үшін баспасөз туры ұйымдастырылады.
II Орталық Азия медиафорумы аясында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Орталық Азия елдерінің медиа саласы мекемелері мен салалық ведомстволарының өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.
Аида Балаева Өзбекстан pеспубликасы президенті әкімшілігінің жанындағы Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігінің директоры Асаджон Ходжаевпен кездесіп, Қазақстанның Орталық Азия өңірінде бірыңғай ақпараттық кеңістікті нығайтуды үнемі қолдайтынын атап өтті. Тараптар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және өзара тәжірибелік байланысты дамыту мақсатында ақпараттық саладағы әріптестікті нығайтуға бағытталған бірлескен хаттамаға қол қойылды.
Әзербайжан республикасының Медиа дамыту агенттігінің атқарушы директоры Ахмед Исмайловпен өткен келіссөздер барысында тараптар халықтар арасындағы жақындасу мен ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыруда мәдениет, білім беру мен медианың маңызды рөлін атап өтті. Әсіресе тең дәрежелі ақпарат тарату мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта Мәдениет және ақпарат министрлігі Әзербайжанның «CBC TV» телеарнасын еліміздің аумағында тіркеу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Сондай-ақ Аида Балаева CNN-нің Орталық Азия және Африка бойынша өкілі Сайед Имран Ахмадпен кездесті. Тараптар тележурналистика мен медиа саласын дамытуға бағытталған екіжақты ынтымақтастықты кеңейту жоспары мен перспективаларын талқылады.

784 рет
көрсетілді0
пікір