- Ақпарат
- 17 Сәуір, 2025
Ер танытар ел атын

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,
«Ana tili»
Әлімсақтан келе жатқан бір нәрсе, елдің туы екі жағдайда көтеріледі. Президент басқа елге сапарға шығып, оны ресми түрде қарсы алғанда. Екіншісі, әлемдік аренада спортшыларымыз халықаралық жарыста топ жарғанда. Көк Ту – еркіндіктің, еңсенің көтерілгенінің белгісі. Ал алқалы жарыста топ жарған отандық спортшы жеңіспен келсе, ел қарсы алады. Президент марапаттайды. Мұны неге айтып отырмыз? Өйткені елдің атын Қазақстанның, қазақтың баласы шығарады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жазда Париж олимпиадасының жеңімпаздарымен кездесуінде маңызы бар мәселені көтерді. Мемлекет басшысы шетелдік спортшыларға Қазақстанның азаматтығын беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару қажеттігін айтты.
– Өйткені кез келген легионер Ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн. Легионер-спортшылардың жетістігі бүгін мерейіңді өсіргенімен, ертең абыройыңды асқақтатпайды. Бұл жерде кәсіби бапкерге басымдық берген жөн, – деді Мемлекет басшысы. Айта кететін бір жайт, Париж олимпиадасына Қазақстаннан былтыр 11 легионер қатысып, олардың бірде-біреуі жүлделі орынға іліккен жоқ.
Енді, міне, Президент пәрменінен кейін айналасы бес-алты ай ішінде тиісті заң қабылданды. Мәжілісте бұл мәселе бірнеше рет көтерілді. Заң жобасы талқыланды. Тиісті мамандар мен Мәжіліс депутаттары ұсынысын айтты. Нәтижесінде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
Жаңа Заңға сәйкес, енді мемлекет бюджетінен және квазимемлекеттік сектордан легионерлерге ақша бөлінбейді. Әйтпесе, орасан зор жалақы айлық алатын сырттан келетін келімсектер белгілі бір уақытқа дейін біздің спортшы болып жүреді де, уақыты біткенде еліне қайтады. Қайран, Қазақстанның қаржысы?! Одан да өзіміздің отандық спортшылардың бабын келтіріп, тәрбиелеген жөн.
Шын мәнінде, Президент қол қойған жаңа Заң мемлекеттің дене шынықтыру және спорт саласын дамыту саясатын жетілдіреді. Енді уәкілетті орган басым спорт түрлерінің республикалық және өңірлік тізбесін әзірлейді, жоғары жетістіктер спорты түрлерінің тізімін және оларды бюджет есебінен қаржыландыру тәртібін айқындайды. Ал басым спорт түрлері халықаралық аренада қол жеткізген нәтижелерге қарай бекітіледі. Бұл Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия, Паразия ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлері, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері болып отыр. Әйтпесе, осы уақытқа дейін 180 спорт түріне мемлекет қазынасынан қыруар қаржы бөлініп келген. Нәтиже жоқ. Ақшаны желге шашқанша, негізгі спорт түрлеріне ақша берілгені дұрыс. Президент осы салаға пәрмен берді, олқылықты дереу түзеу қажеттігін айтты. Демек, бұдан былай жаңа Заңға сәйкес, спорт федерацияларын аккредиттеуге қатысты ережелер жетілдіріледі. Енді олар ұлттық және жергілікті спорт федерациялары болып бөлінеді. Жаңа жобаға сәйкес, шетелдік легионерлерді бюджеттен және квазимемлекеттік сектордың қаражатынан қаржыландыруға тыйым салынады.
Бұдан былай бюджет қаражаты тек төрт бағытқа – жоғары жетістік әкелетін спортқа, оның ішінде спорттың басым түрлеріне, мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының қызметіне, бұқаралық спортқа, спорттық инфрақұрылымды дамытуға ғана жұмсалады. Сонымен қатар Заңға «спорттық даярлықтың ұлттық стандарты» ұғымы енгізіледі. Соған сәйкес, спортшыларды төл таным-түсінігімізге, дәстүрімізге сай тәрбиелеп, олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруді көздейтін бірыңғай стандарт әзірленеді. Уәкілетті органға допингіге қарсы ережелерді бұзғаны үшін шара қабылдау өкілеттігі беріледі. Бұл шын мәнінде енді спортқа серпін беруге тиіс. Ал Президент қол қойған Заңның артықшылығы мен жаңашылдығы неде?
– Біздің комитет депутаттары осы Заң жобасымен ұзақ әрі мұқият жұмыс істеді. Нәтижесінде легионерлерді бюджеттен де, квазимемлекеттік сектордан да (мысалы, «Самұрық-Қазына») қаржыландыруға тыйым салынады. Қаражат өз спортшыларымызды қолдауға жұмсалады. Ұлттық спорт түрлері (қазақша күрес, асық ату, көкпар т.б.) басым бағыттар тізіміне ресми түрде енді. Бұқаралық спорт негізгі басымдық болады. Спорт саласында енді министрліктен әкімдікке дейін бәрі бір жүйемен жұмыс істейді.
Спорт мекемелерінің басшылары енді ротация арқылы тағайындалады, «мәңгілік» бастықтар болмайды. Мұндай жүйе мектеп директорларына да қатысты енгізілген. Мүгедектігі бар спортшыға еріп жүретін адамның шығыны мемлекет есебінен өтеледі. Бұл да біздің депутаттардың бастамасы.
Сонымен бірге әр спорт түрі бойынша жас шектеуі нақты белгіленді, бұл балалардың қауіпсіздігі үшін маңызды. Антидопинг ережелерін бұзғандарға қатысты жауапкершілік күшейтіледі. Спорттық медицинаның жұмысы нақты заңмен реттеледі.
Бюджет енді нақты басым спорт түрлеріне бағытталады. Спорт ұйымдарына ақылы қызмет көрсетіп, табыс табуға мүмкіндік беріледі, бұл қаражат сол ұйымның есебіне түседі, – дейді Мәжіліс депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов.
Рас, әр елдің спорттағы басым бағыты бар. Олар сонысымен мықты, қуатты. Жас ұрпақ, елдің атын шығарған спорт жұлдыздарына қарап бой түзейді. Болмаса да, ұқсап баққысы келеді.
Бүгінгі ұрпақ Әбдісаландай атақты балуанды, Әлжандай баскетболшыны, Октябрь Жарылқаповтай валейболшыны, боз кілемнен Дәулетті, Шәмілді, рингіден үздік Серік Қонақбаевты іздейді. Солардай мықты болғысы келеді. Ол үшін спортта адалдық, шын бәсекелестік керек. Бүгінгі қол қойылған Заң – Президент пәрмені һәм ертеңгі жеңіске басталар жол болып тұр.
Париж олимпиадасында 1 алтын, 3 күміс, 7 қола алдық. Ұл-қызының қуаты мықты, әлеуеті күшті елге бұл жүлде өте аз. Алда Лос-Анжелес күтіп тұр. Асу-асу белдерден асып, алтынды көп алайық.

1053 рет
көрсетілді0
пікір