• Ақпарат
  • 17 Сәуір, 2025

Қазақ тілінде сөйлеудің қажеттігі артады

Қали Қамбаров, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы халықаралық қордың атқарушы директоры

Тіл – ұлттың жаны, шын мәнінде солай. Жалпы, мемлекеттік тілдің болашағы, ең алдымен, билікке, халықтың өзіне байланысты. Әлемде аз ұлттар көп. Тілін сақтау үшін жанкешті жұмыс істеп, тірлігіне, келешегіне алаңдап жатқандар жетерлік. 
Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Тілі, діні, ділі, туы, әнұраны, төл теңге валютасы, территориялық тұтастығы бар. Біріккен Ұлттар Ұйымында мойындалған ел. Жыл сайын демографиялық өсім де күрт артып келеді. Қуанатын нәрсе – бірінші сыныптың табалдырығын аттайтын қазақ баласының көптігі. Биыл да олар аз емес. Алдын ала мәлім етілген ақпарат бойынша биыл бірінші сыныпқа 370 мың бала барады. Бұл орайда қазақ сыныбын таңдайтындар көбейе түседі деген ойдамыз. Ал мұндағы басты мәселе, ең алдымен, ата-анаға, оның іс-әрекетіне  байланысты. Өйткені сауатын әлі ашпаған баланың өзі барып орыс сыныбын таңдамайды. Бұл жерде ата-ананың таңдауы тұр. «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» екенін түсінген ата-ана баласын қазақ сыныбына бергені дұрыс. Себебі қазақтың демографиялық саны артқан сайын өз мемлекетінің тілінде сөйлейтіндердің қатары да көбейе түседі. Бұл – бұлтартпайтын дерек, айқын шындық.
Ең қуанарлығы, Қазақстанда қазақ тілінде сөйлейтін азаматтардың саны жыл өткен сайын артып келеді. Тіл комитеті ұсынған 2023 жылғы дерек бойынша елімізде тұратын түріктілдес халықтардың ішінде өзбектердің 72 пайызы, ұйғырлардың 71,7 пайызы, қыр­ғыздардың 58,5 пайызы қазақ тілінде сөйлей алады. Ал славян диаспорасы ішінде орыстардың 25,1 пайызы, украиндардың 23,7 пайызы, белорустардың 22,8 пайызы, поляктардың 22,1 пайызы, неміс диаспорасының 25,2 пайызы ауызекі қазақ тілін түсінеді. Ал бұл – жақсы нәтиже, бір ақиқаты, қазақ тілінде сөйлеп, түсінетіндердің саны жыл өткен сайын артып келеді. Өйткені қазақ аудиториясы қазір кеңейді, мемлекеттік тілде сөйлеудің қажеттігін кез келген азамат ұғына бастады. Мұны өзіміз де, өзге этностар да түсіне бастағаны қуантады. Алдағы бес-он жылда қазақ тіліне қажеттілік, кез келген салада арта түсетініне сенім мол.
Ең дұрысы, жаһанданған дәуірде енді өсіп келе жатқан балаға үйде қазақша сөйлеп, ұлттық тұрғыда ұйы­тып, тәрбиелеген дұрыс. Мұның бәрі, ең алдымен, ата-анаға байланысты. Яғни мәселе өзімізге тіреліп тұр.

849 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы