- Ақпарат
- 24 Сәуір, 2025
КЕН ӘКІМ, КЕҢ ӘКІМ

Мемлекет басшысы жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидің дүниеден өтуіне байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидің қайтыс болуына байланысты оның жұбайы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанова мен балаларына көңіл айтты.
– Әкім Тарази бүкіл саналы ғұмырын сөз өнеріне арнаған, төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді төрге оздырған ұлтымыздың біртуар перзенті еді. Дарынды қаламгер қазақ прозасының көкжиегін кеңейтті, ұлттық кино және драматургия саласына өлшеусіз үлес қосты. Асыл мұратынан ешқашан айнымаған қалам иесін көзі қарақты оқырман «Әдебиет әлемінің Әкімі» деп ардақ тұтты, зиялы қауым оның шығармашылығымен қатар, адамгершілік қасиеттерін ерекше бағалады. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол мұра қалдырған Әкім Таразидің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады, – делінген жеделхатта.
Әділет іздеген жүректердің күресін жазды
Бүгінгі қазақ әдебиеті бір шоқ жұлдызынан айырылды. Әкім аға Тарази – мен білетін, мен сыйлаған, мен үлгі тұтқан үлкен тұлға еді. Ол кісі 1960–1970 жылдары әдебиетке Әбіш Кекілбайұлы, Сайын Мұратбеков, Асқар Сүлейменов, Мұхтар Мағауиндермен бірге келіп, шын мәнінде қазақ прозасындағы тың тынысты әкелген қаламгер болды. Әкім ағаның жазу мәнері ешкімге ұқсамайтын. Сөздің иін қандырып, өмірдің өзінен суыртпақтап алған шындықты бар бояуымен, бар ащысымен оқырман жүрегіне жеткізе білетін.
Көркем прозаға кинематографиялық серпін әкелгеннің бірі осы Әкім еді. Олжас Сүлейменов, Камал Смайылов сынды алыптармен бірге істес болып, кино саласына да сүбелі үлес қосты. Тек қалам ұстаған жазушы емес, өмірдің өзімен бетпе-бет келіп, халықтың мұңын, заманның зары мен арпалысын шығармасына сіңіріп отырған арда тұлға болатын. Жазуы жеңіл, ойы терең. Әр сөйлемінде мінез бар, әр кейіпкерінде қазақы болмыс жатыр. Әкім ағаның шығармасын оқи бастағанда-ақ, сол бетті парақтап отырғаның емес, сол заманда, сол күйде өмір сүріп отырғаныңды сезінесің. Бұл – нағыз сөз шеберінің ғана қолынан келетін қасиет.
Әкім аға еңбекқор еді. Күн-түн демей жазатын. Қоғамның қилы кезеңдерін, адамның ішкі арпалысын, әділет іздеген жүректердің күресін қағазға түсіріп, шындықпен беттестіре алатын шын жазушы. Әдебиетке қайталанбас стиль әкелген қаламгер болды.
Жан дүниесі жұмсақ, жүрегі жылы, жаны жайсаң жан еді. Ұлтқа, әдебиетке адал қызмет еткен адамның артында мол мұрасы, өшпес ізі қалды. Әкім Тарази – сондай тағдырлы, дара қаламгер.
Топырағы торқа, жаны жаннатта болғай.
Қазақ әдебиеті сіздің еңбегіңізді ұмытпайды, Әкім аға!
Молдахмет ҚАНАЗ,
жазушы
ҚОШ, ӘКІМ АҒА!
«Өмірден Әкім аға өтті» дейді!..
Өзекті тіліп өткен өткір хабар, жүрек мұздатқан суық сөз...
Әдебиет әлеміне жан-тәнімен берілген жазушымыздың бірегейі еді. Алдымыздағы асқар таудай ағалар кеткен сайын іргеміз опырылғандай күй кешетіміз рас. Жайдары мінезді, әр сөзі мен әзілінің өзінен үлкен ақылдың сәулесі ұшқындап тұратын, кеңінен ойлайтын, кенен көңілдің адамы, дүниені өзінше көріп, өзгеше суреттейтін жөні бөлек жазушы болатын.
Бүгін суық хабарды сіңіре алмай отырғанда басымыздан өткен сыйлас, сапарлас, қызметтес болған кездерім есіме түсіп, жарқын естеліктерді қайғы еңсеріп кетіп жатыр...
Менің әзіл-шыны аралас «күйеу бала» дегенім ол кісіге ұнайтын, «о, қайнаға» деп, жорта қалбалақтай қалғаны өзіне үйлесетін. Менен жиырма бір жас үлкен болса да, жолыға қалсақ, әзіліміз жарасатын. Арамызда көп жылдардан келе жатқан жарасым, сызат түспеген сыйластық бар еді.
Бала кезімде Әкім ағаның «Құйрықты жұлдыз» романын оқып, Кірпішбай деген совет заманының шеңберіне сыймайтын ерекше кейіпкері өмір-бақи есімде қалып қойды. Мұндай ағысқа қарсы жүзетін кейіпкер Таразидің әр шығармасынан табылатын.
Содан кейін жылдар өте «Бұлтқа салған ұясын», «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз» т.б. романдарын оқып, білімдар, шыншыл, аңғарымпаз, юморы жүрегіңді жылытатын қайталанбас жазушының ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасын тайға таңба басқандай танитын болғам.
Ол кісі әдеби ортаға әйгілі «4 тапалдың» үлкені еді. Барлығы да жойқын таланттар. Жақын достары Сайын Мұратбек, Қалихан Ысқақ, Рамазан Тоқтарлар оны «Әкім аға» дейтін. Бұл топқа Қабдеш Жұмәділ ағамыз қосыла қалса, олар «5 тапал» болып шыға келетін.
Ал Шерхан Мұртаза ағаның Әкім қатарласымен әзілі тіпті бөлек еді. Қара сөздің хас шебері, қаһарлы Шерағаң Әкім аға дегенде ақындық шабыты ұстап, әзіл өлеңдер бұрқырататын, кейде, өзі дүдәмал болған ұйқасын маған көрсетіп алатын.
Бұл әдебиет алыптарының өзара сыйластығы әлі көз алдымда. Әкім аға енді сол достарының соңынан бүгіннің сәлемін алып бара жатқандай.
90 жасқа толған мерейтойы қарсаңында мен Әкім Таразидің еңбегін тізіп жазып, өтініш білдіргенімде, ТҮРКСОЙ-дың Алтын медалін бас хатшысы Сұлтан Әкімұлы Раев Қазақстанға жолдап, табыс етуді өзіме ұсынған еді. Мәртебелі марапат ұшақпен жеткен кезде «Әкім Тарази ағаның төсіне өз қолыммен тақсам» деп Астанаға алып-ұшқаным, алайда ол кісі тұмауратып қалып, дәрігерлер ешкімді қабылдатпай, Алтын медальды Астана жазушыларының сол кездегі басшысы Дәулеткерей Кәпұлы бауырымызға аманаттап кеткенім есіме түседі.
Әкім Тарази ағамыз проза, драматургия, киносценарий жанрының қай-қайсысында да өшпес із қалдырып, өнер саласында соңынан қыруар талантты шәкірт ерткен биік ұстазға айналғалы қашан?! Оқырманының, халқының, мемлекеттің лайықты құрметіне бөлене білді. Ұлағатты адамға ұзақ ғұмыр жарасатынын байқатты және ұлтқа қажет адамға қанша жас жасаса да, аздық ететінін көрсетті.
Әкім ағаның өмірден озуы – халқымыз үшін, әдебиетіміз үшін орны толмас орасан қаза. Қалың оқырман қауымға, әдебиеттегі күллі қаламдас інілеріне, марқұмның әулетіне, Роза Мұқанова қарындасым мен отбасына, туған-туыстарына ауыр қайғыға ортақтасып, шын жүректен көңіл айтамын!
Әкім ағаның жаны жанатта болып, нұры пейіште шалқысын!
Алаш баласына ағамыздың жасын берсін!
Ұлықбек Есдәулет,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының
төрағасы
Жайсаң, жақсы адам еді
Біз Әкім Таразимен дос-жаранбыз, көптен бері кинода бірге қызмет атқардық. Менен 2–3 жас үлкендігі бар. Жақсы жазушы, 90-нан асты, тойын өткізді. Бірақ армансыз адам бола ма?..
Әрине, қимаймыз. Жақсы жазушы, журналист, драматург. Театрда болсын, кинода болсын еңбегі еленді. Елеулі еңбек етті. Жалпы, Әкім өмірде де жайсаң, жақсы адам болды.
Мәскеуден оқып келген соң жақсы сценарийлер жазды. Оның барлық еңбегі тарихта қалды. Артының жақсылығын берсін. Әкімнің еңбегі өлмейді. Оның жаңа өмірі басталды.
Отбасына, Розаға, оқырманға қайғырып көңіл айтамын.
Асанәлі ӘШІМОВ,
Халық артисі
«Бес тапалдың» әдебиетке қосқан үлесі зор
Әкім Тарази біздің алдымыздағы толқынның ең қарымды өкілінің бірі еді. Олар өздерін «бес тапал» деп атайтын, оның ішінде марқұм Әкім Тарази, Қалихан Ысқақ, Рамазан Тоқтар, Сайын Мұратбек, Қабдеш Жұмаділ бар. Шын мәнінде осы «бес тапалдың» әдебиетке қосқан үлесі орасан зор болды. Бұл бесеудің қай-қайсысы болсын, қазақ әдебиетіне үлкен қазына берді.
Бірақ өмір сүру бар, өмірден өту бар. Мұның бәрі табиғи заңдылық. Қалай айтқанда да, қиналамыз, қимаймыз. Бірақ табиғаттың заңына ешкім қарсы келе алмайды. Өмірден өткеннен кейін алды жақсы болсын, артында қалған бала-шағасына, ұрпағына жақсы болсын дейміз. Әкім көкемізді бәріміз «көке» дейтінбіз. Одан кейін соларға еліктедік. Олардың қай-қайсысын да алдымызда аға тұтып жүретінбіз. Қай-қайсысы да дарынды азамат еді. Енді қазақ әдебиетінің талай-талай нарлары, талай-талай мықтылары өткен. Бұл – табиғаттың заңы, оны ешкім тоқтата алмайды. Табиғаттың заңымен біраз өмір сүрді, жақсылық та көрді, басқасын да көрді. Ең бастысы, еңбегі бағаланды.
Құдай қосқан қосағы Розаға, артындағы ұрпағына, оқырманына көңіл айтамын. Ұрпағы, оқырманы жақсылықта болсын.
Кәдірбек СЕГІЗБАЕВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Жұбымыз ажыраған жоқ
Құдайға шүкір, қазақ халқы жазушыдан, ғалымнан, қайраткерден кенде емес, көбін көзіміз көрді. Алдымыздағы асыл ағаларымыздың алдынан өттік, сабағын алдық, шәкірті болдық. Соның ішінде Мұхтар Әуезов те бар еді. Сондықтан «Асылдарым» деген кітап жаздым, сонда бәрі тұр.
Тоқсанға келіп қайтыс болған жазушы қазақ әдебиетінде көп емес. Кешегі Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыз 90-нан асып өмірден өтті. Ол кісімен өте жақсы араластым. Бірде «Мырзатай, мен 1926 жылы емес, шынымен, 1924 жылы туғанмын» деп еді. Айтқаны дәл болса 100-ге келіп қайтыс болды ол кісі.
Құдайдың бергені шығар, соның бірегейі – қазақ халқының асыл перзенті Әкім ағамыз Тарази. Біз Әкіммен бір топырақтан жаралғанбыз. Бір өңірде туып-өскенбіз. Өміріміздің соңына дейін жұбымыз ажыраған жоқ. Сіз, біз десіп жүрдік. «Мырзаш, Мырзаш» дейтін еді. Өте жиі араластық.
Әкім ағаның 80 жылдығында ол кісі мені аттай қалап, «Мырзаш, сен жүрші қасымда, Таразға, елге бірге барайық, баяндаманы сен жаса» деп, тойын өткізіп қайтып едік. Бұл дағы заман екен, шіркін!
Кім қайтпайды дейсің, өлмейтін пенде жоқ. Әркім әрқалай ғой. Тоқсанның төріне шығып, Мемлекет басшысы қолдап, халқы 90 жылдығын дүркіретіп тұрып тойлады. Бұл баяғы аста-төк той болған жоқ. Үлкен интеллектуалды мәдениеттің, биік деңгейдегі мәдениеттің, халқымыздың тойы болды, бәріне де қатыстық. Айтатын сөз көп. Толқисың.
Әкім аға – жазушы, прозаик, драматург, кинодраматург. Ол кісінің әкесі дін қайраткері болған адам, сол себептен жүріс-тұрысы таза болатын. Әкім Тарази мемлекетіміздің белгілі қайраткері, кезінде Кинематография комитетін басқарды.
Осыған қосып айтқым келетіні, Әкім ағаның өмірден таңдап алған жары, қазақтың көрнекті жазушысы Роза Мұқанова, біздің асыл жеңгеміз ағамызды алақанына салып бақты. Балаша мәпеледі десем де болады. Балапандай жем беріп бақты. «Көке» деумен өтті. Әйел болсаң, осындай бол. Жар болсаң, осындай бол. Алақанына салды. Көлікті өзі айдап, эпидемияның кезінде ағаны қасына отырғызып, есепке алуға апарып, қымыз ішкізіп жүрді.
Артында екі перзенті қалды. Ұлы Алпамыс пен қызы Аружан екеуі де Сингапурде университетті бітіріп, қазір екеуі сол Сингапурде оқып жүр. Маған «Мырзаш, ана ұлың қашан үйленеді екен?» деуші еді. Мен де әзілдеп (Алпамыс отыр): «Алпамыс, сенің үйленуіңді Алладан да тілеп жүрміз, сен үйлен, үйленсең, бас құда болып барамын» дейтінмін.
Ағамыз өтті дүниеден. Халқымызға, әріптес, жазушы бауырларымызға көңіл айтамын. Алдынан жарылқасын! Жатқан жері жайлы болсын! Балапандай баққан жеңгеміз Роза Мұқанованың Алла Тағалам көсегесін көгертсін!
Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,
академик
БАҚҰЛ БОЛЫҢЫЗ...
«Тәңірлікке»,
Жеткен –
Бар ма,
Жалғанда:
Жұмыр-Басты,
Пенде –
Біткен,
Арманда!
«Аһ» –
Ұруда,
«Жазушылар Одағың»:
Қайран –
«Әкім Таразисыз»,
Қалғанға!!
Бақұл –
Болыңыз,
Нұрыңыз –
Шалқып,
«Жәннатта»:
Алдыңыз –
Жарық,
Айналып –
«Кемел-Аруаққа»...
ИРАН-ҒАЙЫП,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
22.04.2025
Алматы
Әкім ағаның үш қыры
Әкім Тарази – бүгінгі қазақ әдебиетінің көшбасшысы еді. Біз, қалам ұстаған кейінгі толқын, жазушылар туралы сөз қозғасақ, әңгімені әрдайым осы Әкім ағадан бастайтынбыз. Ол – Мұхтар Әуезовтің көзін көрген, сол алыптармен бір дәуірде әдебиетке келген санаулы тұлғаның бірі. Қазақ прозасының, драматургиясының, киносының дамуына елеулі үлес қосқан, әдебиетті өріне шығарған қаламгер еді.
Әкім аға туралы сөз қозғасақ, ол кісінің үш қырын айта кеткеніміз жөн. Біріншісі – жазушылығы. Қазір жазушы көп, бірақ соның ішінде шын жазушы сирек. Әкім Тарази – шынайы көркем туынды жазатын санаулы қаламгердің қатарында. Мәскеуде білім алып, терең мәдени дайындықпен келген қаламгер. Оның прозалық шығармалары да, драмалары мен киносценарийлері де көркемдік деңгейі жоғары, әдебиетіміздің алтын қорына енген дүниелер.
Екінші қыры – қайраткерлігі. Ол тек шығармашылықпен шектелмей, әдебиет пен өнердің, кино мен мәдениеттің дамуына зор үлес қосты. Жазушылар одағында, кино саласында басшылық қызмет атқарып, нағыз жанашыр азамат ретінде танылды. Қайраткерлік пен қаламгерлікті қатар алып жүрген мұндай тұлғалар бізде аз кездеседі.
Үшінші ерекшелігі – ұстаздығы. Мәскеуде алған терең білімін ел игілігіне жаратып, 1994 жылы Жүргенов атындағы Өнер академиясының жанынан кинотеледраматургия курсын ашып, он жыл бойы жас драматургтер мен киносценаристерді тәрбиеледі. Жанашырлықпен арнайы оқу құралдарын жазып, қазақ театрын жаңа буын драматургтермен қамтамасыз етті. Театр төңірегіне жас қаламгерлерді топтастырып, оларға жол көрсетіп, бағыт берген ұстаз болды.
Әкім Таразидің еңбегі – елмен бірге жасайтын еңбек. Оның қоғамдық қызметі де, әдеби мұрасы да ұмытылмайды. Жазушы ретінде де, қайраткер ретінде де, ұстаз ретінде де орны ерекше тұлға болды.
Топырағы торқа, жаны жаннатта болсын.
Сұлтанәлі Балғабай,
жазушы-драматург
Асыл бейнесі ұмытылмайды
Қаламы талмай әдебиетімізге, халқының рухани қазынасына өлмес шығармаларымен өлшеусіз қызмет еткен тұлға Әкім ағамыз бақилық сапарына аттаныпты.
Бұл суық хабар баршамыздың жанымызды жүдетіп отыр. Жаны жарқын, жүрегі халқым деп соққан жазушының абзал да асыл бейнесі еш уақытта ұмытылмайды. Әкім аға сонымен қатар қазақ кинодраматургиясының да негізін қалаған қаламгер еді. Бұл саладағы еңбегі де орасан зор екені жадымызда тұрары анық!
Өзіңізді аса зор құрметпен қадірлеген еліңіз, оқырманыңыздың жүрегінде қаласыз. Бақұл болыңыз, Әкім аға!..
Мәди АЙЫМБЕТОВ,
жазушы
Проза жанрында өнімді еңбек етті
Қазақ руханияты соның ішінде қазақ әдебиеті мен қазақ кинематографиясы ауыр қазаға ұшырады. Әкім Тарази ағамыздан айырылып қалдық. Мұндай адамдар өмірге бір-ақ рет келеді деп айтып жатады. Шынында да солай. Әкім Таразидің қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Проза жанрында өнімді еңбек етті. Драматургия мен киносценарийді қазақша жазудың алғашқы үлгісін жасаған осы Әкім Тарази мен Қалихан Ысқақ болатын. Олардың бірігіп жазған киносценарийлерін тамсана оқитынбыз. «Шіркін, осы күйінде түсірсе ғой» деп. Бірақ кино саласының өзіндік ерекшелігі бар. Сценарий сол күйі түсірілмейді, режиссердің көзқарасы әсер етеді. Дегенмен Әкім Таразидің сценарийлері қазақ киноларының қазақы болып шығуына көп ықпал етті.
Ол кісі – мемлекеттік қызметте де ұзақ болған адам. Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Кинематография одағының төрағасы, Қазақ фильмнің бас редакторы қызметтерін атқарды. Осының бәрінде қазақ тілінің дамуына, ойлау жүйеміздің көк жиегі кеңеюіне ерекше еңбек сіңірген адам. Сондықтан ол кісінің романдары мен әңгіме, повестері халқымыз аман тұрғанда оқыла бермек. Жатқан жері жарық болсын, Әкім ағаның барлық жақсы қасиеттері кейінгі ұрпақтарының бойынан табыла берсін.
Мереке Құлкенов,
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы
Жаңалық алып келген жазушы
Көркем шығармаларындағы өзіндік стилімен, өзгелерге ұқсамайтын кейіпкерлерімен бізді қызықтырып, баурап алған жазушының бірі Әкім Тарази еді. Студенттік шақта «Бұлтқа салған ұясын» атты романын бір-бірімізден қалап алып, қолдан-қолға тигізбей, оқып жүрдік. Ол романдағы басты кейіпкер Омардың парасаттылығына, адамгершілігіне тәнті болып, біз де сондай қайраткер, қажырлы азамат болып өскіміз келді.
Әкім Таразидің шығармаларында Батыс пен Шығыс мәдениетінің бір-біріне ортақ қасиеті анық көрінуші еді. Өзінің ата-тегін әдебиет әлеміне келгенде өзгертіп, Тарази болып танылуынан бастап, Мәскеудегі сценаристердің жоғарғы курсында оқығанын, «Литературная газетаның» Қазақстандағы меншікті тілшісі болғанын, Лев Толстойдың толық шығармалар жинағын (тоқсан бір том) түп-түгел оқып шыққанын жыр қылып айтып, таңғалып жүретінбіз.
Ата-тегі демекші, ол да бір қызық. Әкім аға «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген сұқбатында: «Бірауыз сөзбен түйіп айтсам, Әкім Тарази деген жазушы Әкім Әшімов деген оқырманға ұнады», – дейді. Демек, әдебиеттегі еңбегіне ата-тегі баға беріп отырғандай әсер қалдырады. Бұл бір жақсы үрдіс секілді.
Әкім Тарази шығармаларындағы кейіпкерлердің мінезі, өзара диалогі, іс-әрекеті және ішкі дүниесіндегі ой-толғамдары тосын әрі өте қызықты өріледі. Кешегі кеңестік дәуірдің өзінде әдебиетімізге модернизм ағымының элементтерін ептеп-ептеп алып келген бірден-бір жазушы екенін бүгінгі көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Әкім аға – тек көркем әдебиетімізге ғана емес, төл драматургиямызға да өзіндік жаңалығымен келген қаламгер. Ол туралы алдағы уақытта әлі де көп жазылып, зерттеледі деп сенеміз.
Аллаға шүкір, тоқсан бір дегеніңіз, аз жас емес. Алайда ортамыздан кеткен соң, орны толмайтын адам болады. Әдебиет әлемінде Әкім ағаның «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Шер», «Ауыл шетіндегі үй» секілді т.б. көптеген шоқтығы биік туындылары қалды. Әйтсе де жастарға жақсы тілегін арнап, үнемі үміт артып жүретін жайдары, жылы жүзді ағамызды қимайтынымыз рас.
Жатқан жеріңіз жайлы, жаныңыз жаннатта болсын, аға.
Нұрғали Ораз,
жазушы
Талай жерде азаматтығын көріп едік
Қазақтың қабырғасын қайыстырған қаза болып тұр. Қазақтың қадірлі қаламгері, абыз ақсақал, қазақ әдебиетінің классигі Әкім Тарази дүниеден озды. Әкім ағамен қызметтес болдық, Жазушылар одағында ол кісінің інісі, бауыры, баласындай болып жүрдік.
Әкім ағаның жөні бөлек еді. Табиғаттың өзі мол пішкен жан еді. Пейілі, көңілі дарқан, қазақтың кең даласындай ғажап азамат еді. Қазақ әдебиетінің алып бәйтеректерінің бірі еді, сол алып бәйтерегіміз құлады. Қайғырып көңіл айтамын. Үлкен азамат еді. Талай жерде азаматтығын көріп едік абыздың. Иманы жолдас болсын!
Асқар Алтай,
жазушы
Әдебиетке үлкен олжа салған тұлға
Әкім Тарази – қазақ әдебиетіне әбден олжа салған, біздің алдыңғы толқын ағамыз. Ол кісі Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтің көзін көрген, сол кісілердің орынбасары болған.
Мен Әкім Таразиді ұмытпайтын себебім, өзім Астанаға алғаш келген кезде ол Жазушылар одағының Астанадағы филиалының директоры еді. Сонда менің алғашқы романымды асықпай оқып шықты. Менің «сонша ұзақ оқыдыңыз ғой» дегеніме, «айналайын, өзім солай оқимын. Әр сөйлемді қалдырмай оқимын. Мен кезінде «Абай жолын» төрт ай оқығанмын. Сондықтан мен оқыған шығарманың ішінде бір сөйлем кетіп қалса, сол сөйлем ұмытылып қалса, авторға қиянат болады» деген еді. Міне, осылай әр туындыны тиянақтылықпен оқитын.
Біз Әкім ағаның барлық шығармасын оқыдық. Кеше ғана «Егемен Қазақстанға» шыққан Нұрғиса Тілендиев туралы жазған эссесі қандай керемет!
Әкім аға – қазақ әдебиетіне үлкен олжа салған, біз қадірлейтін әдеби тұлға.
Ағамыз 90 жастан асып, жақсы өмір сүрді. Жатқан жері жайлы болсын, дидары пейіште шалқысын.
Қуаныш ЖИЕНБАЙ,
жазушы
Мол мұрасы талдануы керек
Әкім Тарази қазақ әдебиетінің нағыз тарланбозы еді. Соғыстан кейін туғандар соны соқпақ салып келді. Олардың үні соғысқа дейінгі және Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан ақын-жазушылардан мүлде бөлек болды. Олардың өздері соғысты көрмесе де, отбасысы қуғын-сүргіннің, соғыстың зардабын көрген балалар еді. Сондықтан көкірегіндегі шер ерте оянды. Әкімнің замандастары көбіне балалық шақтарындағы сол қиындықтарды, Екінші Дүниежүзілік соғыстағы, тіпті арғы Қазан төңкерісі заманындағы дүниелерді жазып жатты. Бірақ Әкім Тарази олардың қатарынан көрінген жоқ. Оның әдебиетке келуі ерекше болды. Ол жазған бейнелер өзгеше еді. Өзінің соқпағы мен сүрлеуі бар. Келесі дәуірдегі өмірді өзінің ағаларына қарағанда мүлде басқаша бейнеледі. Сондықтан да онысы ылғи да жаңалық болып шығып жатты. Мәселен, алғашқы хикаяты, роман деуге болатын «Құйрықты жұлдызы» сондай шығарма еді. Басқа да шығармалары өмірдің тек қана жақсылықтан тұрмайтынын, әсіресе қиянаттың көп болатынын баса көрсеткен еңбектер болды.
Оның «Жаза» және бірсыпыра шығармалары әлі толық бағасын алған жоқ. Әкім Тарази өмірден үлесін алғанымен, мұрасы жеткілікті талданбай отыр. Мол мұрасы талдануы керек. Тарланбоздың жолы мен қызметі болашаққа, жастарға үлгі мен өнеге. Бақұл бол, бауырым, дейміз. Ол кісі тараздық болғандықтан, өзінің фамилиясын ғана Таразбен байланыстырмай, шығармаларында да көптеген мағлұмат беріп, бүкіл әлемге өзінің Таразын таныта алды.
Елен ӘЛІМЖАН,
жазушы
Өшпейтін ізі қалды
Әкім Тарази қазақ прозасының көрнекті өкілдерінің бірі екені даусыз. Ол кісінің көптеген романдарын жас кезімізден оқып өстік. Алғашқы шығармаларынан-ақ жарқ етіп шыққан санаулы авторлардың бірі болды. Олай дейтін себебім, сол 1960 жылдардың аяғына таман «Жалын» журналы алғаш рет альманах болып жарық көрді. Сонда ол кісінің Кірпішбай деген кейіпкері бар, ғажайып шығармасы жарияланған еді. Жалпы, қазақ проза жанрында өзіндік ізі қалған, өзі өмірден өтсе де, өлмейтін мұра қалдырған өте мықты қаламгеріміздің бірі. Арасында аздап араластығымыз да болды, мінезі шайдай ашық, жайдары жан еді. Кейде жиналыстарда шығармаларына, атқарған басшылық қызметтеріне сын айтыла қалса, ренжімей, сол жайбарақат күйінде жүретін. Жастарды бауырына тартып, реті келсе қалжыңын айтатын. Ұмытылмайтын бейнелер болады, сондай бейненің бірі Әкім ағаның бейнесі деп ойлаймын. Ағамыз кейінгі жылдары Астанаға көшіп, көз жазып қалдым. Соңғы рет осыдан 5–6 жыл бұрын бір жиналыста кездесіп, қолынан сүйеп, баспалдақтан түсірісіп жібергенім бар еді.
Осындай жағдайда асыл ағамыздың артынан қалған жан жары Роза Мұқановаға, ұрпағына және ағамызды жақсы көретін барша қазақ еліне көңіл айтамын.
Нұрдәулет АҚЫШ,
жазушы
Алаштың абызы аңызға айналды
Әкім аға – бүкіл шығармашылық ғұмырын, ақыл-ой қуатын, жүрек жылуын, сөз өнерін туған халқының тағдырына, арман-мұңына арнаған қаламгер. Еліміздің басынан өткен ауыр тарихи оқиғаларды кестелеп, астарлап жеткізе білді. Көркем бейнелермен өрнектеп, ауыр ойларды оқырман жүрегіне ақырын ғана тастайтын. Терең философиялық толғамдары арқылы оқырманның жан дүниесін тербеді, ойын қозғады.
1960 жылдары әдебиетке келген жаңа, қуатты толқын – қазақ прозасына жаңа серпін, жаңа леп әкелген буын болды. Сол толқынның бел ортасында Әкім Тарази жүрді. Ол кешегі алыптардың көзін көрді, солардан тағылым алды. Ақыры, өзі де алыпқа айналды.
Тәуелсіздік жылдары оның екінші тынысы ашылып, жаңа қуатпен, үлкен шабытпен кесек-кесек туындыларды өмірге әкелді. Қаламының қуаты кеміген жоқ, қайта өрістей түсті. Ол ұзақ жасады, Алаштың абызына айналды. Енді аңыз болып, мәңгілікке аттанды.
Әкім Таразидің шығармашылық ғұмыры халқының рухани өмірімен бірге жасай береді. Оның әдеби мұрасын келешек ұрпақ оқиды, зерделейді, Әкім Таразиді іздейді, қайта-қайта оралып соғады.
Әкім ағаның жатқан жері жарық, жаны жаннатта болсын. Артында қалған аяулы жары Роза ханым мен балаларына Алла Тағала ұзақ ғұмыр, сабыр берсін.
Баянғали Әлімжанов,
ақын
Қазаққа қалтқысыз қызмет етті
Аса көрнекті қаламгер Әкім Тарази ағамыз фәни жалғаннан бақи дүниеге аттаныпты. Халқымыз бен қазақ әдебиеті үшін орны толмас ауыр қаза. Алды – пейіш, арты – кеніш болсын!
Әкім ағамыздың есімін жастайымыздан естіп өстік, жақынырақ танысып-біліскен кезім екі мыңыншы жылдардың аяғы. Ол кезде Қазақстан Жазушылар одағының Астанадағы филиалын басқаратын. Сол жылдары елордаға қоныс аударғанмын. Түрлі жиын мен басқосуда кездесіп қалып жүретінбіз. Құтты шаңырағында да талай мәрте болдым. «Түсі жылыдан түңілме» деген, үнемі күлімсіреп жүретін, жаны жайсаң, мейірімді жан еді, марқұм! Ылғи да жылы сөз айтып, қанаттандырып қоятын. Сөзін әзілмен тұздықтап, жаныңды жадырататын. Кездескен сайын бір жылулық сезінетінмін, мерейім өсіп, көңілім тасып, ерекше әсерге бөленетінмін. Міне, Әкім ағам осындай кең пейілді, жаны жомарт жан еді!
Елі мен халқына қалтқысыз қызмет етті. Талай-талай лауазымды қызметтер атқарды. Қарақан басының қамын күйттеген жоқ, ұлттың ұпайын түгендеп, халқының жоғын жоқтады. Қазақ өнері мен әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Кино саласында да өшпестей із қалдырды. «Тұлпардың ізі», «Арман атаман», «Қараш-қараш», «Мұстафа Шоқай» сынды кинотуындылары қазақ киносының алтын қорына қосылды.
Әкім ағамыз нағыз сегіз қырлы, бір сырлы адам еді. Жазушы-драматург, журналист, киносценарист, редактор, аудармашы. Қашанда игілікті шаруамен айналысты, баянды іспен шұғылданды. Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы мен Астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университетінде ұстаздық қызмет атқарып, шәкірт тәрбиеледі. «Ақбердінің ауласы», «Бұлтқа салған ұясын», «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Шер», «Қиянат», «Мұстафа Шоқай», «Тәж», «Жаңбырлы түндер» сынды шоқтығы биік көркем шығармалар жазды. «Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт», «Ақын, періште, махаббат», «Індет», «Қазақстан», «Лайнер», «Үкілі жұлдыз», «Қыз махаббаты» секілді драматургиялық шығармалары қазақ театрларының сахнасында кеңінен сахналанды. Аударма саласында да жемісті еңбек етті. Н.Я. Бичуриннің «Орта Азияны мекендеген халықтардың көне заманғы тарихы», «Мыңқолдың төрт ханы» тарихи ғылыми-зерттеу еңбегі мен Ф.Рабленің «Гаргантюа және Пантагрюэль» романын алғаш қазақ тіліне аударды.
Талантты адам қай жерде болсын өзінің қабілет-қарымын анық көрсетеді. Әкім ағаның өзі еңбектенген қай салада болсын мерейі үстем, абыройы асқақ болды. Еткен еңбек, төгілген тер зая кеткен жоқ, лайықты бағасын алып жатты. Даңққа бөледі. Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет белгісі» мен «Отан» орденінің иегері, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды. Қазақстанның Еңбек Ері атанып, Алтын жұлдызды кеудесіне қадады.
«Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп ұлы Абай атамыз айтпақшы, қазақ халқы барда Әкім ағамыз да мәңгі жасай бермек. Есімі, бейнесі, еткен еңбегі, игі істері ешқашан ұмытылмайды, жадымызда мәңгі сақталады.
Жатқан жері жайлы, топырағы торқа, жаны жаннатта болсын!
Бақұл болыңыз, аға!
Думан РАМАЗАН,
жазушы-драматург
Кейіпкер сомдаған суреткер
Бүгін қазақ әдебиетінің таңы Таразисыз атты. Әдебиетіміздегі «Алпысыншы жылғылар» аталатын алыптар шоғырының соңғы шоқ жұлдызы жарқырай барып ғайыпқа сіңді. Алыс жолдан арып-ашып ауыр жүк арқалап келген алып қара нар шөкті, арғымақ-қалам қаңтарылды.
Бір ғана өлшемді аяқ киім тігетін «Етікші» деген ең алғашқы әңгімесіне қазақ әдебиетінің аңызы әйгілі Ғабит Мүсірепов «Е, е... Шудан да бір Шолохов шығады десеңші. Әңгімеңді оқыдым. Жақсы. Бірақ баспаймын...» деген. Тарази тұңғыш жазбасында-ақ Кеңес үкіметінің стандарт санасын сынаудан бастаған еді.
Содан әрі қарай «Құйрықты жұлдыз», «Шер», «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Жаза», «Москва – Баласаз» романдары мен повестері кесек-кесек сомдалған кейіпкерімен қалың оқырманға жол тарта берді. Сол кейіпкерлердің дені стандарт қоғамның стандартқа сыймайтын кейіпкерлері еді. Сол кейіпкерлердің ішкі үні шын мәніндегі адам табиғатының еркін аңсары, қазақтың қылбұрауда шыңғырған құлын дауысы еді. Санаға салынған бұғауға қалай көндігіп, көндікпегендерге таңғала қарайтын кейіпкерлер еді. Сыртынан қарап отырып жаның ашиды. Құл болғанына қуанған саналы адамның енді қулығының қалай жетілгеніне оқырман ретінде өзің қайран қалардай кейіпкерлер еді.
Әдебиет әлемінде түрлі жазушы болады. Бірақ құрыштан құйылғандай, дәуірдің, уақыттың кейіпкерін сомдайтын суреткерлер көп болмайды. Сол аздың бірі – Тарази! Мың адамның бейнесінен мың адамның қасиетін бойына сіңірген бір адам жасап шыққандай шеберлік керек кейіпкер жасауға! Таразидің Кірпішбайы миллион адамның бейнесін бір өзіне сіңірген бір кейіпкер емес пе?!
Тарази шығармаларын зерделей оқыған адам әсіресе сәбет үкіметінің ішек-қарнын ақтарып отырады. Ұңғыл-шұңғылын түгел кезеді. Адам санасына не арқылы қандай өзгерістерді енгізгенін көзбен көріп отырғандай күй кешесің.
Халқының ауыр кезеңдерден өтіп жатқан тұсында қолына қалам алып, қазақтың күллі болмысын бойынан өткізе, жан дүниесін тербете отырып қағазға түсіру қандай қиын?!
«Қазір қандай бақытты буын! Біздің балалық шағымыз соғыспен тұспа-тұс келді. Бәріміздің көрген қорлығымыз бір, мұңымыз бір, көбінің әкесі ұсталып кеткен, көбінің әкесі соғыста, аналарымыз колхозға жұмыс істеп көздері құрттап кететінін де көрдім. Олар бізді аштықтан аман алып қалды. Сол бір күндерді еске алғанда көзімнен жас шығып кетеді. Аштық тақырыбын айту мен үшін өте ауыр. Осының бәрін көрмесем, менен Тарази деген жазушы шықпас еді!» – дейді қаламгер. Сөйте отырып жазды. «Ақбердінің ауласы», «Андрей» сынды әңгімелері тұтас дәуірдің картинасы ғана емес, ішкі ащы запыраны да болып ақтарылып түсті ғой.
Осы жолдарды қағазға түсіріп отырғанда Әкім Таразиді біршама зерттеген қаламгер Алпысбай Мұсаев аға қоңырау шалды. Ебіл-дебілі шығып жылап тұр. «Тоқсан жасап өмірден өтсе де, біз әлі арамыздан қандай жазушы аттанып бара жатқанын сезінгеніміз жоқ», – деді. Тап солай!
Сезген жанға өзі бауырында туған Алатау аңырап қалды, өзі бауырында өскен Қаратау қаңырап қалды, өзін өмірінің соңына дейін тербеткен Сарыарқа сансырап, сыңси жылайды...
Өзіне сезілер, бәлкім, сезілмес, мыңдаған оқырманның кеудесінен әлі талай заман Тарази кейіпкерлері бас көтеріп авторын іздейді, ұмытпайды.
Бақұл бол, ұстаз! Қош бол, классик!
Ұларбек Нұрғалымұлы,
шәкірті

567 рет
көрсетілді0
пікір