• Ақпарат
  • 24 Сәуір, 2025

Бала күтімі: Жәрдемақыны қалжа деп атасақ

Халқымыз «Қалжалы бала – батыр, қалжасыз бала – қалжыр» дейді. Қалжа – босанған келінге арнап байланған қой. Дүниеге сәби әкелу оңай емес. Әйелдің бар күш-қуаты азайып, әлсіреп қалады. Сондықтан қазақ халқы жас ананы ерекше күтімге алған. Қалжа жеген ананың сүті де нәрлі, құнарлы әрі жеткілікті болады. Сәбидің де, ананың да ұйқысы жақсарады.

 

Жазушы Зейнеп Ахметова «Күретамыр» атты кітабында қалжа туралы былай дейді: «Кейбір өңірде қалжаны келіннің төркіні әкелген. Сол секілді, ағайын-туыс, дос-жарандар да қарап қалмаған. «Қалжасы үзілмесін» деп қуанышқа қойын өңгеріп келеді екен. Өйткені бір әулетке ұрпақ сүйгізіп, айналасын қуантып отырған анаға арналған бұл дәстүрді жасау сауабы зор әрі абыройлы іс делінген. Ана мен баланың былайғы жерде дені сау, көзі қара болуы қалжаға тікелей байланыс­ты болған. Бүкіл мүше-мүшесі салдырап жатқан әйел күнде күйлі қойдың жас сорпасын ішіп, етін жеген сайын күш-қуаты қалпына келіп, белі бекиді. Кездейсоқ кезігетін түрлі ауру-сыр­қауға қарсылық қуаты артады, сүті нәрленіп, құнарланып балаға жұғымды әсерін береді. Сәби күн санап ет алып, ширай түседі. Әйелдің денесіндегі ұйы­ған, қатқан қан, артық тұз секілділер термен шығып, бойы тазарады, көңілі сергиді, өңі ашылып, ажарланады». 
«Қалжалы әйелден олжалы ұл өседі» деген аталы сөзді ескере отырып, қазір қалжаны декреттік демалысқа шыққан әйелдің бала күтіміне байланысты алатын жәрдемақысымен байланыстыруға болады. 
Еңбек министрлігі жүктілігі мен босануына орай жәрдемақыны, сондай-ақ бала күтімі бойынша жәрдемақыны есептеу тәртібіне өзгерістер енгізді. 2025 жылғы сәуір айынан бастап бала күтіміне байланысты демалыстар жаңа әдіспен есептеледі. «Аналар енді қанша жәрдемақы алады?» деген сұрақтың жауабын іздеп көрдік. 
Жұмыс істейтін әйел барлық төлемді алады, жұмыс істемейтін әйел босануы бойынша бірреттік жәрдемақы мен бала күтімі бойынша жәрдемақы алады. 
Жұмыс істейтін әйел декреттік демалысқа шыққанда төлем сомасы соңғы 12 айдағы орташа айлық табыс негізінде есептеледі. Яғни бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы да соңғы 24 айдағы орташа айлық кірісі негізінде есептеледі. Бұл ретте әлеуметтік аударымдарға назар аудару маңызды. Біз мысалға алған төлемнің барлығы (тұрақты төлемнен басқа) Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар негізінде есептеледі. Егер жәрдемақы алуға тиіс ана кезінде салық төлемей, қара жұмыс істесе, ол табысы есепке алынбайды. Жұмыс беруші салықты тұрақты төлемесе немесе мүлдем төлемесе де, жәрдемақы алу қиын болуы мүмкін. 
Енді жүктілігі мен босануына орай әлеуметтік төлемдер былай есептеледі: жұмыс беруші санына қарамастан, ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінен аспайтын орташа айлық табысы пайдаланылады. Яғни әйел бірнеше жұмыста істесе де, бала тууына байланысты  алатын жәрдемақысының ең жоғарғы сомасы 2 249 000 теңгеден аспайды. Мұндай шектеу бұрын болған, бірақ бір жұмыс берушіге ғана қатысты еді. Ал бірнеше жұмыс істейтін әйелдің декреттік төлемдері 4–5 миллион теңгеге жететін. Қазір жағдай өзгерді. Жәрдемақы да орташа айлық табыс бойынша есептеледі және оның 
40%-ын құрайды. Табыс 12 емес, соңғы 24 айдағы (декреттік демалысты қосқанда) есепке алынады. Соңғы екі жылдағы орташа айлық табыс ауыстыру коэффициентіне (0,4) көбейтіледі. Содан кейін сомадан 10% салық шегеріледі. Максималды төлем бойынша жаңа лимит айлық табысы салық төлегенге дейін  ең төменгі 7 жалақыдан (595 000 теңге) асатындарға қатысты. Осылайша, әйел қанша жерде жұмыс істесе де, жүктілік және босану үшін ең жоғары төлем 2 249 100 теңгеден аспайды. Бала күтімі бойынша жәрдемақының ең жоғары мөлшері – 214 000 теңге. Тұңғыш бала туғанда төленетін әлеуметтік жәрдемақы – 149 416 теңге.
Ал 300 мың теңге (салық төлегенге дейін) айлық алған әйел жүктілігі бо­йынша жәрдемақыны 1 134 000 теңге сомасында алады. Сондай-ақ босануына орай бірреттік төлем және 1,5 жылға дейін күтім жасау жәрдемақысы беріледі. 
Жұмыссыз әйелдер бала тууға және бала күтіміне қатысты белгіленген ең төменгі жәрдемақы мөлшерін ала береді. Бала дүниеге келген кездегі тұрақты төлем барлығына бірдей, бірреттік төлем есебінде түседі. Атап айтқанда, бірінші, екінші және үшінші балаға – 38 АЕК (2025 жылға 149 416 теңге), төртінші және одан да көп балаға – 63 АЕК (2025 жылға 247 716 теңге). Баланың 1,5 жасқа дейінгі күтімі бойынша жәрдемақы ай сайын төленеді. Нақты айтқанда,  бірінші балаға – 5,76 АЕК (22 648 теңге), екінші балаға – 6,81 АЕК (26 777 теңге), үшінші балаға – 7,85 АЕК (30 866 теңге), төртінші және одан да көп балаға – 8,90 АЕК (34 995 теңге).
Ерекше атап өткіміз келетіні, әке де жәрдемақы алуға құқылы. Жүктілігіне орай жәрдемақы тек әйелге есептелгенімен, әке бала күтіміне орай жәрдемақы ала алады. Тіркеу процедурасы бірдей. Баланың анасы еш жерде жұмыс істемесе де, әкесі үш жылға дейін бала күтімі демалысына шығуға құқылы.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

4756 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы