- Cұхбаттар
- 24 Сәуір, 2025
Әлемдік экономиканың болашағы ойыншылардың ұстанымына тәуелді

Үнзила Шапақ, Парламент Мәжілісінің депутаты, заң ғылымының докторы
Дүниежүзінде үлкен экономикалық өзгерістер басталды. Мұндай ауқымды құбылыс әлемдік саясаттан бастап барлығына әсер етеді. Ықпалды мемлекеттердің текетіресі шағын елдерге қатты әсер етеді. Мұндайда Қазақстан секілді елдер не істеуі керек? Экономикалық үстемдікке ұмтылған ұлы державалардың ерекшелігі қандай, олар неден ұтып, неден ұтылуы мүмкін? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде заңгер, Парламент Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақпен сұқбаттастық.
– Қазір әлем экономикасы күрт өзгеріске тап болды. Әрине, бұл өзгерісті бастаған – Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамп. Осы ретте шегініс жасап, үңіліп көрсек, дүниеде бұрын-соңды мұндай бір адамның ықпалымен экономикалық аласапыран болып па еді?
– Иә, тарихта бір адамның шешімі немесе саясатымен бүкіл әлем экономикасын шайқалтқан жағдай аз болмаған. Дональд Трамптың сауда соғысы, ұстанып отырған саясаты қазіргі өзгерістердің бастауы болса, бұрын да дәл осындай тұлғалармен байланысты, өзіңіз айтқандай, экономикалық аласапыран болған.
Енді тарихқа шолу жасап көрсек...
Біріншісі, АҚШ президенті Герберт Гувердің тұсында Ұлы депрессия (1929–1933) деп аталған күйзеліс болды. Нью-Йорк қор биржасы құлап, әлемдік деңгейдегі экономикалық дағдарысқа АҚШ себепкер болды. Бұл дағдарыстың түпкі себебі – нарықтың дамуынан, сөйте тұра тауардың сұраныстан артық өндірілуінен басталды. Барлық топтағы азық-түлік пен өнеркәсіптік тауарлардың артық өндірілуі салдарынан осындай жағдай қалыптасты. Өндірушілердің нарыққа жіберген өнімдерін халық жеткілікті деңгейде сатып алмады, артылған тауар тау-тау болып үйіліп қалды. Яғни нарықтың негізгі заңы сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігі бұзылды. Бұл нарықтың шарықтауына және оның құлдырауына апарды. Әлемдік сауда көлемі 66 пайызға дейін төмендеп, жұмыссыздық өршіді.
Екіншісі, 1971 жылы АҚШ президенті Никсонның қаржы жүйесін түбегейлі өзгерткен шешімі. Оның алтын стандартынан бас тартуы, яғни доллардың алтынға және басқа резервтік активтерге айырбасталуын тоқтатуы. Естеріңізде болса, бұл шешім валюта бағамдарының еркін айналымын шектеп, инфляцияны және мұнай дағдарысын туындатты.
Ал, үшіншісін, 2017–2021 жылдар аралығындағы Дональд Трамптың алғашқы президенттік мерзіміндегі сауда соғысын атауымызға әбден болады. Ол осы жылдары Қытайға, Еуропаға, Мексикаға, тіпті Канадаға да белгілі тариф қойып, протекционизм саясатын бастады. Соның салдарынан тек экономикалық емес, геосаяси өзгерістерге де жол ашты, мысалы, жаһандық жеткізу тізбектері бұзылды, дамушы елдерде инфляция күрт өсті.
Трамптың сауда саясаты, шын мәнінде, XX ғасырдағы Герберт Гувер немесе Никсонның шешімімен салыстыруға келетіндей дәрежеде. Бір адамның шешімі, миллиондаған адамның тағдырына әсер етеді. Экономика тек сандар емес, саясат пен идеологияның көрінісі екенін осы тарихи мысалдар дәлелдейді.
– Әлемде қалыптасқан экономикалық заңдылықтарға бүгінгі сауда соғысы қаншалықты сай келеді? Әлде экономика заңдылықтарға бағынбауы керек пе?
– Әлемде қалыптасқан экономикалық заңдылықтар дегеніміз – нарықтың табиғи қозғалысын сипаттайтын ережелер мен қағидалар. Мысалы, сұраныс пен ұсыныс теңгерімі, еркін сауда, салыстырмалы артықшылық сияқты ұстанымдар ел арасындағы өзара тиімді сауда мен тұрақты өсімге негіз болады. Бірақ соңғы жылдары, әсіресе Дональд Трамп президент болған сәттен басталған АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы бұл қалыптасқан заңдылықтарға қайшы келетін жағдайларды туғызды.
Сауда соғысы кезінде мемлекеттер бір-біріне кедендік тарифтер қойып, кейбір өнімдерге тосқауыл жасады. Бұл нарықтың еркіндігін шектейді. Ал экономикалық теориялар бойынша, елдер өздеріне тиімді өнімді өндіріп, басқалармен еркін зат алмасуы керек. Тариф енгізу немесе белгілі бір елден келетін тауарды шектеу еркін сауда қағидасын бұзады. Мұндай кезде нарықтағы баға өседі, тауар жетіспеушілігі туындауы мүмкін, бұл ақыр соңында тұтынушыға, яғни халыққа кері әсерін тигізеді.
Дегенмен мемлекеттердің мұндай қадамға баруы жай ғана экономика емес, саяси, ұлттық қауіпсіздік, технологиялық тәуелсіздік секілді үлкен мүдделерге байланысты. Яғни кейбір ел экономика заңдылықтарын кейде әдейі бұзып, қорғануға тырысады. Бұл әрекет қысқа мерзімде пайдалы болып көрінгенімен, ұзақмерзімді есеппен алғанда, экономикаға зиян келтіруі мүмкін.
Әрине, макроэкономика толығымен заңдылықтарға бағынуы керек деп кесіп айту қиын. Өйткені макроэкономика — адамның, мемлекеттің әрекетіне тығыз байланысты жүйе. Яғни ол – математикалық формула ғана емес, саясат пен мүдде араласқан сала. Бірақ негізгі заңдылықтарды елемеу ұзақ мерзімде бүкіл жүйеге кері әсерін тигізеді.
– Қытай үшін тарифті 145 пайызға көтерген АҚШ президенті неге сенеді деп ойлайсыз? АҚШ экономикасының ерекшеліктеріне тоқталсаңыз.
– Мен экономика саласының маманы емеспін, дегенмен жария болған ақпарат пен қаржылық талдау материалына сүйене отырып, тарифті 145 пайызға көтеру нәтижесінде АҚШ президенті «отандық өндіріс өркендейді, Қытай тауарлары қымбаттап, америкалық өнімдерге сұраныс артады», деген сеніммен осылай істеп отыр деп болжауға болады. Сонымен қатар «сауда теңгерімі жақсарады, импорт азайып, экспорт өседі» деп үміттенеді. Осылай Қытайдың технологиялық өрлеуін тежеп, АҚШ-тың экономикалық үстемдігін сақтап қалғысы келеді.
Менің білуімше, АҚШ экономикасының ерекшелігі мынада, біріншіден, күллі экономикасы ішкі тұтынуға негізделген, яғни халықтың 70 пайызы өз тауары мен өнімін тұтынады. Екіншіден, қызмет көрсету секторының 75 пайызы өздерінікі. Үшіншіден, ұлттық ақшасы доллар – әлемдік резервтік валюта. Төртіншіден, дүниежүзіндегі ғылыми инновация мен технология дамуы бойынша алдыңғы қатарда (Google, Apple т.б.).
Дональд Трамп бірнеше елге «айналмалы» баж салығын енгізу туралы жарлық шығарды. Жарлықты «Экономикалық тәуелсіздік декларациясы» деп атады. Ол туралы Трамп: «Бүгін Америка тарихындағы ең маңызды күндердің бірі. Бұл біздің экономикалық тәуелсіздік туралы декларациямыз. Көптеген жылдар бойы еңбекқор америкалық азаматтар сыртта қалып, біздің есебімізден басқа елдер байыды. Бірақ енді біздің кезегіміз келді, сондықтан триллион, триллион долларды салықтарды азайтуға және мемлекеттік қарызды төлеуге жұмсауға болады», — деді.
Сөйтіп, баға мен тарифтерді өсіру арқылы Қытайды саяси және технологиялық тұрғыда тежейтін жолды, экономикалық құралды тапқан сыңайлы. Бірақ бұл шешім АҚШ экономикасына да әсер етті, баға өсті, жаһандық тізбектер бұзылды.
– Қытай экономикасының құрылымы мен заңдылығы қандай? Мұндай қатал сынға төтеп беруі мүмкін бе?
– Қытай экономикасы – жоспарлы және нарықтық жүйенің үйлесімі. Ол мемлекеттік бағыт-бағдар мен жеке сектордың белсенділігін ұштастырып, экспортқа негізделген жүйеден тұрақты, ішкі сұранысқа бейім экономикалық модельге көшіп келеді. Қысқаша түйіндеп айтсақ, Қытайдың экономикалық құрылымының сипаты мынадай:
аралас экономика:
а) мемлекет пен нарық бірге әрекет етеді;
ә) негізгі секторлар (энергетика, банк, теміржол, байланыс) – мемлекеттік бақылауда;
б) жеке кәсіпкерлік те қарқынды дамыған. Alibaba, Huawei – жеке компаниялар.
Экспортқа бағытталған өндіріс:
• Қытай – әлемдегі ең ірі экспорттаушы ел.
• Еңбек күші арзан, өндіріс қуаты жоғары, логистика дамыған.
• «Әлемнің фабрикасы» деген атауға ие.
Ішкі нарықтың өсуі:
• Соңғы жылдары Қытай ішкі тұтынуға басымдық беріп жатыр, өйткені сыртқы нарыққа тәуелді болу қауіпті.
Экономикалық заңдылығына тоқталсақ:
а) Ұзақмерзімді жоспарлау. Қытайда бесжылдық жоспар арқылы даму стратегиясы бекітіледі.
ә) Инвестиция деңгейі жоғары. Ірі жобалар (жол, қала, зауыт) көбіне мемлекеттік қаржыландырумен жасалады.
б) Технологиялық тәуелсіздікке ие. «Made in China – 2025» бағдарламасы арқылы Батыс технологиясына тәуелділікті азайтып, өз технологиясын дамытуды көздеп отыр.
в) Валюта мен қаржы нарығын бақылау жүйесі мықты. Юань бағамы еркін айналымда емес, орталық банк оны бақылайды. Капитал қозғалысы да қатаң реттеледі, шетелге ақша шығаруға шектеулер бар.
– Осы екі алпауыттан өзге, Еуроодақ, Жапония секілді үлкен ойыншылар бар, олардың әсер-ықпалы қаншалықты болады?
– АҚШ пен Қытай – жаһандық экономиканың басты драйверлері болса да, Еуроодақ, Жапония және өзге де ірі экономикалар бұл «үлкен ойынның» шетінде тұрған жоқ. Олардың да ықпалы елеулі, кейде теңгеруші рөл де атқара алады. Мысалы, Еуроодақты стратегиялық салмақ орталығы деуге келеді.
Экономикалық қуатын бағамдасақ, Еуроодақ – жалпы ішкі өнімі бойынша АҚШ пен Қытайдан кейінгі үшінші орындағы экономика. Соның ішінде Германия, Франция, Италия негізгі ойыншылар. Еуро – әлемдегі екінші резервтік валюта, бұл оның қаржы нарығындағы ықпалын арттырады. Еуроодақ ірі экспорттаушы, әсіресе өнеркәсіптік және жоғары технологиялық өнімдер бойынша (автокөлік, машина жасау, химия).
Сонымен қатар Еуроодақ – тауарлар үшін нормалар мен стандарттар орнатушы күш. Олар АҚШ пен Қытай арасындағы қақтығыста көбіне бейтарап немесе делдал рөлін атқарады. Нақтысында жасыл экономика мен тұрақты даму саласында әлемге үлгі болып отырған одақ.
Жапония мемлекеті де технологиялық алып күш. Жалпы ішкі өнімі жөнінен әлемдегі төртінші экономика. Автокөлік, электроника, робот техникасы бойынша әлемдік көшбасшы. Айта кететін ерекше жайт, білім мен инновация деңгейі өте жоғары. Соның нәтижесінде Жапония АҚШ-тың Азиядағы тұрақты әріптесі, саяси жағынан жақтас, мүдделес болып келді, бірақ Қытаймен де тығыз экономикалық байланыста. Тынық мұхит серіктестігі (CPTPP) арқылы өңірлік саудада маңызды ойыншы.
Еуроодақ – экономика саласында жаһандық стандарт пен құндылықтарды қалыптастыруда маңызды рөлге ие. Жапония – технология мен инвестиция саласында өте ықпалды. Бұл елдер АҚШ пен Қытайдың арасындағы экономикалық тартыста тепе-теңдік сақтаушы немесе балама бағыт ұсынушы рөлін атқара алады. Әлемдік экономиканың болашағы тек АҚШ пен Қытайға ғана емес, осы ойыншылардың ұстанымына да тәуелді деп ойлаймын.
– Тариф текетіресінде кім ұтысқа шығады, әлде мұндай соғыста жеңімпаз болмай ма?
– Сауда соғысы немесе тариф текетіресі – классикалық «жеңімпазы болмайтын» тартыстардың бірі. Кімнің ұтатыны көбіне уақытша, қысқамерзімді нәтижелерге байланысты, ал ұзақ мерзімде барлығы белгілі бір деңгейде шығынға ұшырайды. Дегенмен соңғы жылдағы өзгеріс, әр салада, кез келген сәтте қысқа мерзімде, жылдам қимылдағандар ұтысқа ие болатынын естен шығармауымыз керек.
«Тариф соғысында кім не ұтады?» деген сұрақты бөліп қараған дұрыс. Бірінші, АҚШ не ұтуы мүмкін? Жалпы, логикаға салсақ, Қытайдан келетін арзан өнімдерге тариф енгізу арқылы отандық өндірісті қорғауға, көтеруге тырысады. АҚШ-тың бастапқы мақсаты – сауда тапшылығын азайту (импортты тежеп, экспортты арттыру). Сонымен қоса, технологиялық үстемдігін сақтап қалу, әсіресе стратегиялық салаларда (жасанды интеллект, қару-жарақ).
Екінші, Қытай не ұтуы мүмкін?
Қытай өте сезімтал өз нарығын әртараптандыруға мәжбүр болады, яғни АҚШ-қа тәуелділікті азайтады. Халық санын білеміз, сондықтан экономикасын ішкі нарыққа бағыттайды, яғни тұтынушыларды ішкі сұраныс арқылы ұстап қалуға тырысады.
Технологиялық тәуелсіздікке ұмтылу арқылы өзіндік өндіріс пен инновацияны күшейтеді. Қорытындысында екі тарап та ұтылады: баға өседі, тариф, түптеп келгенде, тұтынушыға әсер етеді, өнімдер қымбаттайды. Кез келген мемлекеттің кәсіпкерлері шығынға ұшырайды, шикізат пен бөлшектер қымбаттап, өндіріс қиындайды. Осы тұста нарықтық сенім азаяды – инвестициялар баяулап, қор нарығы тұрақсызданады.
Жоғарыда атаған үшінші тараптар Еуропа, Жапония, дамушы елдер де жанама шығынға ұшырайды. Зардап шегеді. Әлемдік экономиканың өсу қарқыны төмендейді, әсіресе дамушы нарықтарға қиын болмақ. Сонымен қарабайырлау болса да «Сауда соғысында жеңімпаз жоқ, тек аз ұтылғандар мен көп ұтылғандар болады» деген қорытынды шығады.
Тариф текетіресі қысқа мерзімде саяси ұпай әкелуі мүмкін, бірақ ұзақ мерзімде экономикалық өзара тәуелділікке сүйенетін әлемде бұл тәсіл — өзара зиян келтіру ғана. Осы тұста ұстанатын ең тиімді жол — келіссөз, сауда реформасы және ортақ мүдде негізіндегі әріптестік.
– Бұл аласапыран Қазақстан экономикасына бірден әсер етті. Доллар мен еуро аспандап шыға келді. Біздің көбіне шикізатқа тәуелді экономикамызды ауыр зардаптан сақтап қалу үшін не істеген абзал?
– Шынында да, АҚШ пен Қытай арасындағы экономикалық соғыс, жаһандық сауда шиеленісі, геосаяси тұрақсыздық – мұның бәрі Қазақстан сияқты ашық әрі шикізатқа тәуелді экономикаға зор ықпалын тигізеді. Ең алдымен, валютаның құнсыздануы, инвестицияның азаюы, сұраныстың төмендеуі сынды белгілермен білінеді.
Бәріміз білеміз, Қазақстан экономикасының осал тұсына келсек, шикізатқа тәуелділік, импортқа тәуелділік.
Экспорттың 70 пайыздан астамы – мұнай, газ, металдар.
Мұнай бағасы құлдыраса, бюджет түсімі азаяды, теңге құнсызданады.
Күнделікті қолданылатын тауарлардың басым бөлігі – шетелден.
Доллар мен еуро қымбаттаса, ішкі нарықтағы баға шарықтайды, инфляция үдейді.
Еліміздің бағдарламалық, жоспарлы барлық құжатында экономиканы әртараптандыру туралы мақсат қойғанбыз. Ендігі жерде кешіктіре беруге болмайтын міндет – осы. Осы орайда ауыл шаруашылығын технологияландыру өте маңызды. Бізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. Экспорттық әлеует те бар. Сонымен қоса, өңдеу өнеркәсібін қолдау, мысалы, мұнайды емес, одан алынған өнімдерді (пластик, химикаттар) экспорттау мүмкіндігі жоқ емес.
IT, ЖИ және цифрлық индустрияға инвестиция салу қажеттігі артты. Біздің қолымыздан келетіні – цифрлық басқаруға, жасанды интеллектіні дамытуға құқықтық негіз қалыптастыру. Қазіргі таңда Мәжіліс қабырғасында жасанды интеллект туралы заң жобасы қаралып жатыр. Цифрлық кодекс жобасы да жазылып талқылану үстінде. Осы екі Заң жобасының дайындалуына бастамашы ретінде белсенді түрде қатысып жатырмын. Экономиканың басты тренді осы сала болар деп ойлаймын. Мұндай кезде мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті қолдау шараларын арттыру және тиімді әдістерді нәтижелі қолдану қажет.
Қалайда қарапайым халықтың табысын арттыру бағытында жұмыс істеу керек. Ішкі сұранысты тұрақты қалыптастыру ғана экономиканы сыртқы соққылардан сақтайды.
АҚШ–Қытай текетіресі жағдайында Орталық Азия, Таяу Шығыс, түріктілдес мемлекеттер, тіпті Үндістан сияқты елдермен жаңа сауда жолдарын ашу – біз үшін үлкен мүмкіндік. Осы бағыттағы экономикалық, өндірістік әріптестікті, серіктестікті кеңейтуге мәжбүрміз. Сонымен қоса, біздегі күн, жел энергиясының әлеуетін пайдалану маңызды. Мұны болашаққа салынатын инвестиция деп көрген абзал.
Қазір Қазақстан экономикасы стратегиялық таңдау алдында тұрған сияқты. Байқасаңыздар, нарықтық саясат пен шикізат экспортына сүйенген ескі модель баяулап келеді. Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, жаңа экономикалық модель – әртараптанған, инновациялық, әлеуметтік-әділетті экономика. Бұл оңай шаруа емес, бірақ сыртқы дағдарыс – ішкі өзгеріс үшін сылтау емес, мүмкіндік болуы керек. Қазақстан — шикізат емес, білімге, еңбекке, технологияға негізделген экономика қалыптастыруға қабілетті ел.
Айтпағым, дағдарыс келеді, бірақ оған қалай жауап береміз – соған қарап ұлттың келешегі айқындалады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Дағжан БЕЛДЕУБАЙ

1458 рет
көрсетілді0
пікір