• Ақпарат
  • 24 Сәуір, 2025

Әр сөйлемде – білім, әр парақта – құндылық

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,

«Ana tili»
 

23 сәуір – 1995 жылы ЮНЕСКО шешімімен Халықаралық кітап және авторлық құқық күні болып белгіленген. Сонымен қатар 2024 жылдан бері бұл күн Үкімет қаулысымен Қазақстанда Ұлттық кітап күні болып атала бастады. 

 

Бұл күн – кітаптың ғана емес, кітапхана мен кітапханашы мамандығының маңызын айқындайтын ерекше дата. Ұлттық кітапхананың баспасөз хатшысы Таңжарық Орманбектің айтуынша, қазір кітап оқу мәдениеті белгілі бір деңгейде жаңғырып келеді. 
Кітапхана ісін дамыту үшін, ең алдымен, оны заман талабына сай жаңғыр­ту қажет. Бүгінгі оқырман кітапқа ғана емес, ақпаратқа тез әрі сапалы қол жеткізгісі келеді. Сондықтан кітап­ханаларда цифрлық технологияларды енгізу – уақыт талабы. Электронды кітаптар мен онлайн каталогтер, аудиокітаптар қоры, қашықтан тіркелу және тапсырыс беру жүйесі арқылы оқырманға ыңғайлы орта қалыптастыру маңызды. Кітапханалар жай ғана оқу орны емес, оқырман мен кітап арасын жалғайтын, шығармашылық пен білім алмасатын орталыққа айналуға тиіс.
Кітапхана ісін алға бастыруда кітап­ханашы мамандардың рөлі де ерекше. Олар тек кітапты ұсынушы ғана емес, оқырманға бағыт-бағдар беретін рухани серік. Осы мақсатта кітапханашылар үнемі кәсіби дамып, жаңа технологияларды меңгеріп, оқырман психологиясын түсіне білетін жан-жақты тұлғаға айналуы қажет. Сонымен қатар жас буынды тарту үшін заманауи форматтағы әдеби кештер, оқу клубтары, кітап челлендждері мен интерактивті іс-шара ұйымдастыру арқылы кітапханаға деген қызығушылықты арттыру – біздің басты міндетіміз.
Ал кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау үшін кітапханашы маман ретінде заманауи маркетингілік тәсілдерді кешенді түрде қолдануы қажет. Ең алдымен, әлеуметтік желілердің әлеуетін тиімді пайдалану маңызды – Instagram, Facebook, TikTok, Telegram платформаларында кітап шолуы, оқырман пікірі, қысқаша бейнебаян мен цитата арқылы кітапқа деген қызығушылықты арттыруға болады. Сонымен қатар «Оқу марафоны», «Кітап сыйла!», «Аптаның үздік оқырманы», «Кітаппен суретке түс» сынды челлендждер ұйымдастыру арқылы көпшілік назарын кітапқа бұруға мүмкіндік бар», – дейді Таңжарық Орманбек.
Маманның айтуынша, дәстүрлі және цифрлық форматты ұштастыра отырып, кітап көрмесі, әдеби кездесу, кітап трейлері, подкаст пен онлайн кітап клубын ұйымдас­тыру да нәтиже береді. Мектептермен, ЖОО-мен, мәдени ұйымдармен бірлесіп, кітапты насихаттайтын іс-шара өткізу арқылы кітапхананың беделін арттырып, кітап оқуға деген тұрақты қызығушылық қалыптастыруға болады. Ең бастысы, оқырманмен тығыз байланыс орнатып, оның сұранысына сай мазмұн мен формат ұсыну. Осы орайда кітапхананың, кітапханашының негізгі бағыты – кітап оқуды насихаттау. «Қазір еліміздегі кітапханалар оқырман сұранысын толық қамтамыз ете алып жатыр ма?» деген сұрақтың туындауы заңды. 
«Еліміздегі кітапханалар оқырман сұранысын толық қамтып отыр деп айту қиын. Көптеген кітапханада кітап қоры жеткілікті болғанымен, заманауи әдебиет, психология, мотивациялық кітаптар, фэнтези, детектив сияқты жанрлар бойынша жаңартылған қор аз. Әсіресе жастар мен жасөспірімдердің қызығушылығына сай кітаптар тапшы. Шетел әдебиеттерінің сапалы аудармасы мен заманауи қазақ авторларының жаңа шығармаларын уақытылы жеткізу мәселесі де өзекті. Дегенмен бұл бағытта оң өзгерістер де бар. Қалалық, облыстық деңгейдегі кейбір ірі кітапханаларда цифр­лық жүйелер енгізіліп, оқырман сұранысына сай қор жаңартылып келеді. Оқырманмен кері байланыс орнату, тапсырыс арқылы кітап әкелу, оқырман талғамын зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Болашақта бұл жұмыстар жүйелі түрде барлық аймаққа таралып, кітапханалар сұраныс пен ұсыныстың ортасына айналуы үшін әлі де нақты қолдау мен жаңғырту қажет.
Бүгінгі оқырман – талғамы жоғары және жан-жақты ақпарат іздейтін тұлға. Кітапханашы маман ретінде байқағаным, қазіргі оқырманды қызықтыратын кітаптар мен жанрлар бірнеше бағытқа бөлінеді. Жастар мен жасөспірімдер көбінесе психология, мотивациялық әдебиет, өзін-өзі дамыту, фэнтези мен ғылыми-фантастикаға ерекше қызығады. Тарихи роман, шынайы өмірге негізделген хикая, детектив, романтикалық проза және қазақтың заманауи әдебиеті де оқырманды баурап алған. Мұхтар Әуезов, Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Смағұл Елубай, Әлібек Асқаров сынды қаламгерлердің шығармаларына да сұраныс жоғары. Балалар арасында түрлі түсті, иллюстрацияланған ертегілер мен танымдық кітаптар, ал ересек буынға ұлттық болмысты танытатын туындылар қызық. Оқырман талғамын дәл таба білу – кітапхана жұмысының сапасын арттыратын негізгі факторлардың бірі», – дейді Таңжарық Орманбек.
Кітап өндірісінде авторлық құқық мәселесі өзекті. Әлем елдерінде осы құқықтың бұзылу фактілері көптеп тіркеліп, тіпті халықаралық дау-дамайға дейін ұласып жатады. Қазақстандағы авторлық құқықтың дұрыс жолға қойылуы, шығарма ұрлау, біреудің туындысын рұқсатсыз иемдену сияқ­ты мәселелерге жол бермеу де маңызды. Елімізде авторлық құқық Азаматтық кодекспен қорғалатынын да айта кеткен жөн. Авторлық құқық шығармашылық еңбекке деген құрметтің және қоғамның мәдени деңгейінің көрінісі дейді «Алматыкітап» баспасының президенті Гаухар Саймасаева.
«Заң тілімен айтсақ, «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңның 2-бабының 2-тармақшасына сай, «Авторлық құқық – автордың жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтары» болып белгіленген. Осы Заңның 15-бабына сай, автордың мүліктік емес құқықтары: автор деп танылу, жария­ланған туындыларда автордың есімін көрсетуді талап ету, лақап есімін көрсету, туындының атауына, оны бұрмалауға, өзгертуге, автордың беделіне қол сұғушылыққа жол бермеу құқығы, жария ету құқығы т.б. Автордың жеке мүліктік емес құқықтары автордың өзіне ғана тиесілі. Ал Заңның 16-бабына сай, автордың мүліктік құқықтары: автордың туындыны мынадай әрекеттермен рұқсат ету: туындыны шығару, кез келген әдіспен таратуы: сату, жалға беру, жария көрсету, хабарлау, эфир, кабель арқылы хабарлау, аудару, өңдеу, туындыны жүзеге асыруға тыйым салу, туындыны пайдаланудың әрбір түрі үшін сыйақы алу құқығы.
Баспагерлер әрбір туынды авторымен ресми авторлық келісімшарт жасайды. Заңның 2-бабының 5-тармақшасында көрсетілгендей, «авторлық шарт – нысанасы бір немесе бірнеше авторлық құқық объектілерін пайдалануға мүліктік құқықтарды беру шарты». Шартта шығарманы пайдалану аясындағы барлық талап – мерзімі, қолдану территориясы, таралымы, қаламақы мөлшері мен оны төлеу мерзімі т.б. маңызды келісімдері нақты жазылады. Баспа шығарманың түпнұсқалығын антиплагиат жүйесі арқылы тексереді. Қажет болған жағдайда құқық иелерінің мүддесін қорғау үшін заңгерлер мен құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс атқарады. Авторлық құқық – баспа ісінің іргетасы», – дейді Гаухар Айтжанқызы. 
Қазір елімізде аударма ісі жақсы жолға қойылды. Соған орай, аударма жасаушылардың да қатары артты. Аударма ісінде де авторлық құқық сақталу керегін біреу білсе, біреу білмей жатады екен. Аударма – шығармашылықтың бір түрі және ол да авторлық құқыққа бағынады. 
«Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңның 16-бабына сәйкес, біреудің туындысын аудару үшін түпнұсқа автордан немесе оның құқық иесінен рұқсат алу міндетті. Авторлық этика мен құқықтық мәдениет – кез келген тәржімашының кәсіби жауапкершілігі. 
Қазір авторлық құқық ең жиі бұзылатын салалардың бірі – интернет кеңістігі. Әлеуметтік желілерде, Telegram мен YouTube арналарында музыка, бейнематериалдар мен мәтіндерді заңсыз пайдалану ісі кең таралған. Соңғы жылдары білім беру саласында контрафакт өнімдерінің, әсіресе мектеп оқулықтарының заңсыз шығарылымы айтарлықтай көбейіп отыр. Аймақтардағы дистрибьюторларымыз­дың мәліметінше, оқу жылы басталар алдында базарлар мен сауда орындарына контрафакт оқулықтар жаппай жеткізіліп, рұқсатсыз сатылады. Бұл өнімдер заңсыз баспаханаларда, жертөлелерде басылып, сапа, қауіпсіздік және мазмұндық талаптарға сай келмейді», – дейді Гаухар Саймасаева. 
Спикердің айтуынша, осындай заңсыз әрекеттер түрлі келеңсіз салдарға алып келеді. Атап айтқанда, авторлар заңды қаламақысынан айырылады, мемлекетке салық төленбейді, кітаптардың сапасы өте төмен, нормалар сақталмайды (қағаз сапасы, шрифт, жол аралығы т.б.), сапасыз бояу мен желімдер қолданылып, бала денсаулығына айтарлықтай зиян келтіреді. Осы орайда ресми баспалардан шыққан оқулықтар сапа талаптарына толықтай сай екенін атап өткен жөн. Олар арнайы сараптамалардан өткізіліп, салмағы, құрамындағы зиянды заттар, қағаз, желім және бояу сапасы тексеріледі екен. Сонымен қатар ресми өнім авторлық қаламақы мен мемлекетке салық төлеуді қамтиды. Алайда, баспагердің айтуынша, мұндай оқулықтар сапасыз, арзан контрафакт өнімдермен бәсекелесе алмай отыр. 
«Өкінішке қарай, ата-ана кейде баласының денсаулығына төнетін қауіпке қарамастан, төмен бағаға сапасыз өнімді сатып алуға мәжбүр болады. Ал балалар осындай оқулықтарды пайдалану арқылы денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан бізге авторлық құқықты қорғау бойынша заңнаманы қатаңдату, білім беру мекемелерінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сапасыз кітаптың зияны туралы ақпараттандыру аса қажет. Авторлық құқықты сақтайтын өрке­ниетті елге айналу үшін, біріншіден, қоғамда құқықтық сауаттылықты арттырған жөн. Азаматтар авторлық құқықтың мәнін, оның қоғамға тигізетін ықпалын түсінуге тиіс. Екіншіден, авторлық мәдениетті мектеп пен балабақша деңге­йінде қалыптастырайық. Шығармашылық еңбекті бағалау – тәрбиенің ажырамас бөлігі болуы керек. Үшіншіден, мемлекет тарапынан бақылау мен жауапкершілікті күшейту қажет – заң бұзушыларға нақты әрі әділ жаза қолданылсын. Төртіншіден, цифрлық құрал – антиплагиат, интеллектуалдық меншік мониторинг жүйесін кеңінен қолданайық. Сонда ғана авторлық құқықты сақтайтын, шығармашылықты құрметтейтін, зияткерлік еңбекті бағалайтын өркениетті қоғамға айнала аламыз», – дейді «Алматыкітап» баспасының президенті Гаухар Айтжанқызы. 
Осы орайда «Елдегі кітапханалардың жалпы оқырманының саны қанша?» деген заңды сауал туындауы мүмкін. Бұл көрсеткіш 5 млн 700 мыңнан асады. Оның 1 млн 600 мыңнан астамы – балалар. Ал мектеп ішіндегі кітапханаларда қазір 130 миллионнан аса кітап бар. Оның 40 миллионы – көркем әдебиет. 2021 жылдан бастап білім ұяларында кітап оқитын арнайы коворкинг орталықтары ашыла бастады. Содан бері 2 мыңнан аса оқу аймағы құрылған. Мұндай орталықтар өскелең ұрпақтың кітап оқу дағдысын дамытып қана қоймай, кәсіптік, коммуникативтік қабілетін жетілдіруге көмектеседі. Оқу-ағарту министрлігі өкілдері мектеп кітапханаларына 2 млн кітаптан беріліп жатқанын хабарлаған еді. Ал мектеп оқушыларының кітап оқуға деген ынтасы туралы мұғалімдерден сұрап көрдік. Алатау қаласы №11 жалпы білім беретін орта мектептің мұғалімі Бұлбұл Бақытханның айтуынша, қазір кітап оқу сәнге айналған. 
«Кітап күні мектептерде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, кітап көрмесі өтеді, оның аясында мектеп кітап­ханасында немесе сыныпта оқушылар өздері ұнататын кітаптарды әкеліп, шағын көрме жасайды. Әр оқушы таңдаған кітабы туралы қысқаша айтып береді. Оқушылар сүйікті кейіпкерлерінің киімін киіп, сол кейіпкерге айналады. Белгілі бір кітапты бірге оқып, кейін оның тақырыбы, кейіпкерлері, ойы туралы пікір алмасады. Кітап викторинасы да ұйымдас­тырылады. Онда әртүрлі кітап бойынша сұрақ қойып, оқушылардың білімін тексереміз. 
Әсіресе жоғары сынып оқушыларына терең мазмұнды, пікірталасқа толы, шығармашылықты қажет ететін іс-шаралар ұнайды. Олар «Тірі кітап» жобасын ойластырады. Яғни әр оқушы өз оқыған кітабындағы кейіпкер кейпіне енеді. Басқа оқушылар сұрақ қойып, сол кейіпкермен пікірталастырады. Бұл – актерлік шеберлік пен талдауды қажет ететін өте қызық формат», – дейді Бұлбұл Бақытхан. 
Жоғары сынып оқушылары қандай кітаптарға қызығатынын білу – оқу мәде­ние­тін қалыптастырудың басты кілті. Олардың қызығушылығы заманға, трендіге, әлеуметтік желілерге, тіпті TikTok-тегі #BookTok трендіне де байланысты өзгеріп отырады. Дегенмен оқушылармен тығыз байланыс орнатқан мұғалім қазіргі оқушыларды не қызықтыратынын айтпай таниды. 
«Жоғары сынып оқушыларымен жұмыс істегендіктен, байқаймын, қазіргі балаларды таңғалдыру оңай емес. Олар бұрынғы біз сияқты қолына түскен кітапты жата-жастана оқи бермейді. Оқушыларға көбіне фэнтези жанры қызық, өйткені ол шындықтан қашуға, қиял әлеміне енуге мүмкіндік береді. Дж.К. Роу­линг (Гарри Поттер), Сара Дж. Маас, Кассандра Клэр, Нил Шустерман сияқты авторлар сұранысқа ие деп ойлаймын. Сонымен қатар Агата Кристи, Артур Конан Дойл, Дэн Браун, Маргарет Этвуд сияқты мистика жанрын жазатын авторлар да оқушыларға қызық. Өйткені бұл жанр сюжетке еліктіріп әкетеді, болжам жасауға бағыттайды. Терең эмоция мен ішкі жан дүниені зерттейтін психологиялық триллерлер мен мотивациялық кітаптар да жоғары сынып оқушылары үшін трендіде. Оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру – үлкен жұмыс. Ол үшін оқушыны мәжбүрлемей, керісінше, қызықтырып, баулып, шабыттандыру керек», – дейді Бұлбұл Бақытхан. 
Жалпы, Кітап күні – студенттер үшін де ерекше мәнге ие мереке. Өйткені көптеген кітапхананың негізгі оқырманы – студенттер. Алматы көпсалалы колледжінің дизайнер мамандығының бірінші курс студенті Райымбек Беделбектің айтуынша, мамандық таңдағанда тек дизайнмен, сызу-өлшеу­мен айналысамын деп ойлаған. Алайда бұл мамандықтың да шығармашылыққа толы екенін, жақсы дизайнер болу үшін көп оқу керегін студент болғанда түсінген. 
«Кітап күні – мереке ғана емес, кітаптың адам өміріндегі орны мен маңызын еске түсіретін ерекше күн. Студенттік шақта кітапханадан алған әдебиеттерім сабаққа ғана емес, ой-өрісімнің кеңеюіне де ықпал етті. Өз ойымды еркін жеткізуге, талдау жасауға үйретті. Кітап күні – жастарды кітап оқуға баулитын, рухани дамуға жол ашатын маңызды мереке деп білемін.
Кітап күні – осындай рухани байлыққа құрмет көрсету күні. Бұл күн бізге тек оқып қана қоймай, көруге, сезінуге, шабыттануға мүмкіндік беретін кітаптардың қаншалықты маңызды екенін тағы бір еске салады. Сондықтан бұл мерекенің жастар үшін, әсіресе шығармашылықпен айналысатын адам үшін маңызы зор деп ойлаймын. Шынымды айтсам, бұрын кітап тек теория үшін ғана керек деп ойлайтынмын. Уақыт өте келе кітап шығармашылығыма да ықпал ететінін түсіндім. Әсіресе өнер, графика, шрифт, түстер туралы кітаптар шабыт береді. Кейде бір сурет, бір ой немесе бір сөйлем жаңа жобама түрткі болып кетеді», – дейді студент Райымбек Беделбек. 
Білімнің де, тәжірибенің де, адамдық қасиеттің де бастауы – кітап. Айта кетейік, биыл елімізде алғаш рет өткен Ұлттық кітап күніне орай еліміздің барлық кітапханасында ұлттық кітап апталығы ұйымдастырылды. Мемлекет елдегі кітапхана қорын толтыру үшін соңғы 10 жылда 10 миллионға жуық шығарманы басып, таратты. Жас буынды кітап оқуға баулу да өзекті мәселе. «Халықаралық кітап және авторлық құқық күнімен қатар, Ұлттық кітап күнін белгілеу – елдегі кітап оқу мәдениетін одан әрі дамытып, көпшіліктің өмір салтына енгізудің бастамасы» дейді мамандар.

4456 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы