• Ақпарат
  • 24 Сәуір, 2025

«Қазақфильм» сатылмайды

Үкімет отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ЮНЕСКО конвенциясының қағидаттарына сәйкес, еліміздегі материалдық емес мәдени мұраны немесе «жанды» мұраны сақтау және қолдау мәселелеріне тоқталды.


– Ең маңызды міндеттердің бірі – жойылу қаупі төніп тұрған элементтерді түгендеу және құжаттау бойынша кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу. Күтілетін нәтижелердің бірі – материалдық емес мұраны басқарудың тиімді тетіктерін әзірлеу. Осы тұрғыда, ЮНЕСКО-ның 2024 жылы бөлген гранты ерекше маңызға ие, ол 5 пилоттық салада практикалық шешімдерді енгізуге бағытталған. Жақында ғана біздің ерекше дәстүріміз – «Беташар» рәсімінің мәдени маңыздылығы халықаралық деңгейде танылды, – дейді Аида Ғалымқызы.
Министрдің сөзінше, таяуда «Салбурын» мен «Алпамыс батыр» номинациялары бойынша құжаттар әзірленіп, 
ЮНЕСКО қарауына ұсынылды.
– Бүгінде ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасының Халықаралық тізімінде еліміздің бар-жоғы 4 құжаттық мұрасы бар. Олар: Қожа Ахмет Ясауи мен оның шәкірті Бақырғанидың қолжазбалары, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының аудиовизуалдық құжаттары және Арал теңізі архив қорларының құжаттары, сондай-ақ «Хандар шежіресі» бірегей қолжазбасы, – деді министр.
Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрі еліміздегі тарихи-мәдени нысандардың санын да айтты. 
– Бүгінде елімізде тарихи-мәдени мұра объектілерінің саны 25 мыңнан асады. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізімінде 265 ескерткіш болса, жергілікті маңызы бар 12 мыңнан аса тарихи және мәдени ескерткіш тіркелді. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізімінде еліміздің 10 тарих және мәдени ескерткіші бар, – деді министр А.Балаева.
Министр сонымен қатар «Қазақфильм» киностудиясын дамыту туралы да пікір білдірді. 
– Президент қол қойған заңда «Қазақфильм» енді киноиндустрияны дамытуға бағытталған қаражаттың 30 пайызын тікелей қаржыландыру түрінде алуға құқылы деген норма қарастырылған. Бұл студия үшін қаржылай тәуелсіз болып, өз киножобаларын жоспарлап, жүзеге асыруына мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта «Қазақфильмді» отбасылық демалыс орталығына айналдыруға көмектесетін инвестор іздеу жұмыстары жүріп жатыр.
Сол жерде жеке кинотеатр, жабық жазғы кинотеатр салсақ, «Қазақфильм» музейін құрсақ, арнайы салалық дүкендер мен басқа да нысандарды ашсақ деген ой бар, – деді А.Балаева.
Министрдің айтуынша, «Қазақфильмнің» жері сатылмайды және үшінші тұлғаға берілмейді. 

Еркін ҚАЛДАН

590 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы