- Ақпарат
- 24 Сәуір, 2025
Саулық сақтықтан басталады

Алматыда гемофилия саласы мамандары мен «Такеда Қазақстан» фармацевтикалық компаниясының ұйымдастыруымен БАҚ өкілдері қатысқан баспасөз конференциясы өтті. Негізгі мақсат – қоғам өкілдерін, жас дәрігерлерді, осы дертке шалдыққан жандарды, оларға күтім жасаушыларды сирек кездесетін бұл сырқатпен толық хабардар етіп, заманауи емдеу, толық диагностика жасау жолындағы ізденістермен таныстыру.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сүйенсек, өткен жылы елімізде гемофилияға шалдыққан 1 559 адам тіркеуге тұрған, оның 678-і балалар екені анықталып отыр. Жалпы, гемофилия әлемдегі он мың адамның біреуінде кездеседі. Ол – қанның ұю процесінің бұзылуы, яғни қанның қою қалпын ұстап тұруға қатысты факторларының жетіспеушілігінен туындайтын дерт. Онда адамнан жиі қан кетіп, тоқтауы қиынға соғады. Егер науқасқа қатты соққы тисе, тері мен ет арасынан қан кетеді. Ал тіс жұлдыру тіпті өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Дегенмен қазіргі медицинаның көз ілеспес қарқынмен дамуы науқастардың өзгелер секілді қалыпты өмір сүруіне мүмкіндік туғызып отыр. Соңғы диагностикалау әдістері мен жаңа емдеу тәсілдері қан кетуді үнемі назарда ұстауға, асқынуды барынша төмендетуге жағдай жасайды. Дәрігерлердің дерегінше, егер осы заманауи ем-шараларды тұрақты қолданса, гемофилияның ең ауыр деген кеселіне шалдыққандардың өзі 70–75 жасқа дейін ғұмыр кешуі мүмкін.
Десек те баспасөз конференциясында сарапшы мамандар бұдан бөлек бірнеше мәселелерді қозғады. Айтуларынша, қоғамда бұл дерттің науқастан сау адамға жұғу қауіпі бар деген қате түсінік бар, алайда бұл дұрыс емес дейді. Сондай-ақ жоғарыда айтылған пікірдің әсерінен науқас қоғамда өзін қысымның ортасында қалғандай сезінуі мүмкін. Сондықтан әлеумет гемофилия туралы толығырақ біле түссе дейді.
№2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының балалар гематологиясы бөлімінің меңгерушісі, Алматы қаласының бас штаттан тыс балалар гематологі Ұлжалғас Айтжанқызы:
«Біраз уақыттан бері дер кезінде диагностика жасату мен алмастыру ем-шараларының заманауи тәсілдерін қолдану гемофилиямен ауыратын науқастардың өмірін жақсы жаққа өзгертіп жүргеніне куә болып та жүрміз. Он шақты жыл бұрын дертке шалдығушылар бала кезінде асқынуға жиі кезігетін. Диагноз бала шақтан анықталады. Белгілі болған сәттен бастап кешенді дұрыс емдеу бағдарламасын жасап, ол әдіс пайдасын тигізіп жатыр ма, жоқ па – үнемі қадағалап отырған жөн. Емдеу барысында мынадай белгілер қайталанса, онда ем-шара тактикасын өзгерту керек:
– жылына екі реттен артық аяқ асты буындардан қан жету жағдайлары;
– буындағы созылмалы қабыну белгілерінің пайда болуы;
– дененің басқа бөліктеріне қан кету.
Егер бұл жағдайлар анықталса, онда келесі емдеу әдісіне көшу алдында аурудың белсенділігін және ингибитордың бар-жоғын анықтау маңызды. Сондықтан науқас үнемі гематологтің бақылауында болуы керек. Гемофилияның ауыр түріне шалдығушылар, ем алушылар бір жылда жоқ дегенде төрт мәрте гематологтің тексеруінен өткені абзал. Ал қалған жағдайда науқастың жылына 1–2 рет дәрігерлік бақылаудан өтуі құпталады».
Элеонора ӘЗІРЖАН

568 рет
көрсетілді0
пікір