- Ақпарат
- 24 Сәуір, 2025
Тілі бірдің – тілегі бір

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында Мемлекет басшысы мемлекеттік тілдің уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімді екенін жеткізді. Президент «Тіл – көптеген мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі. Осы мәселенің дұрыс шешілуі кез келген елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына едәуір ықпал ететінін тарихтың өзі көрсетіп отыр. Қазақстанда да солай. Біз осы аса шетін мәселеге келгенде сыртқы-ішкі факторларды ескере отырып, стратегиялық ұстамдылық және толеранттық танытуымыз қажет. Бірақ бұл біздің мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға баса назар аударатынымызды жоққа шығармайды. Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз» деді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының басты бағыттарының бірі – мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттауға арналғандықтан, өмірге келген күнінен бастап, елдік мұратқа жету жолында қызмет етіп келе жатыр. «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі», «Білім беру», «Қазақтану», «Шаңырақ», «Мың бала», «Мәміле», «Үйде сөйле», «Тіл мектебі», «Туған жер» тағы басқа көптеген жобалар аясында этнос өкілдерінің қазақ тілін үйренуіне құлшынысы артты. «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы да мемлекеттік тілді еркін меңгерген жастардың ой-пікір алмасу алаңына айналды.
Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, қазақ тілін үйрену арқылы қоғамдық келісім мен халық бірлігін нығайтуды көздеген, Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен 2021 жылдан бастап дәстүрлі түрде жүзеге асып келе жатқан республикалық ашық диктантты көпшілік жылы қабылдады. Мәселен, 2019 жылы жалпықазақстандық диктантқа 180 мың адам қатысты.
Ассамблея Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Кездесу барысында Қазақстан халқын біріктіруші фактор ретінде мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін нығайтудағы өзекті мәселелер қаралып, мемлекеттік тіл Қазақстанда тұратын этнос өкілдерін біріктіретіні, Ассамблея халықты біріктіретін маңызды азаматтық институттардың бірі екені айтылды.
Жақында Астана қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана бөлімшесінің ұйымдастыруымен қазақ-орыс-ағылшын фразеологиялық сөздігінің таныстырылымы өтті. Білім беру, журналистика, саясат және мәдениетаралық байланыс саласына бағытталған әдістемелік құралдың авторы – филология ғылымының кандидаты, аудармашы-синхронист, Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Камал Әбілқасымқызы.
ҚХА-ның жас ғалымдар клубының «Қазақша мазмұн» жобасында британдық ғалым Энтони Смиттің «Ұлттың этностық тамыры» атты еңбегі қазақ тілінде талқыланды. Жастардың басын қосқан, ұлттың тарихи қалыптасуы, этностық бірегейлік, ұлттың символдары, тарихи жады мәселелері өзек болған еңбек «100 жаңа оқулық» бағдарламасы аясында жарыққа шыққан.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл толды. Атаулы мерекеге орай Елорда төрінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы: бірлік пен татулықтың 30 жылы» атты көрме өтті. Көрмеге жүзден аса құнды жәдігер, құжаттар мен фотоқұжаттар қойылып, Президенттік орталықтың жинағындағы материалдар ұсынылды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, белгілі қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, тіл жанашыры Асылы Осман: «Қазақты қазақ ететін – тіл. Өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адамды толық интеллигент деп айта алмаспыз. Сол себепті еліміз дамып, мемлекетіміз өркендесін десек, әуелі қазақ тілінің мәртебесін көтеруде белсенділік танытуымыз керек. Қазақтың нанын жеген адам тілін де білуі тиіс», – дейді.
Иә, шын мәнінде, тағдыр айдап ата-бабасы қазақ топырағына қоныстанған қаншама этнос өкіліне Қазақстан өз Отанындай қамқорлық жасады, қаншама ұлт пен ұлыс өкілдерінің ортақ Отаны болып қалыптасты. Ортақ мақсатқа, ортақ мүддеге қызмет етті. Мұның барлығы ішкі тұрақтылықты, түрлі этнос пен мәдени топ өкілдері арасындағы келісімдікті білдірсе керек.
Тілі бірдің – тілегі бір. Тілі бірдің – ділі бір. Тіл мен ділдің діңгегі мықты болса, алынбас қамал болмас. Қазақстан халқы Ассамблеясының да алдына қойған мақсат-мүддесі ұлттық құндылықтарға негізделіп, этностар арасында мемлекеттік тілімізді насихаттап, дамытуға үлес қосатынына, Президент айтпақшы, «Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі» жолында қызмет ете беретініне сенім мол.
Бағдагүл Балаубай

631 рет
көрсетілді0
пікір