- Ақпарат
- 24 Сәуір, 2025
Берері мол бейресми кездесу

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,
«Ana tili»
Киелі Түркістан жерінде екі күн бойы келелі кездесу өтті. Халк мәслихатының төрағасы, «Аракадак» деген құрметті аты бар Гурбангулы Бердімұхамедов қасиетті мекенге келіп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екеуі алдымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті.
Мәртебелі меймандар әйгілі ойшылдың рухына тағзым етіп, Құран бағыштады. Сондай-ақ кесенеде жүргізіліп жатқан реставрациялық және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысты.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығының аумағында орналасқан ұлттық-мәдени кешенді аралап көрді. «Шығыс базарын» аралап, дәнді дақылдардың сұрыптарымен танысты.
Мәртебелі меймандарға ұлттық тағам түрлері, ағаштан түйін түю, кілем тоқу, киіз басу, қыш және зергерлік бұйымдар жасау сияқты халық қолөнері шеберлерінің туындылары көрсетілді, салт-дәстүрімізді көрсететін театрландырылған қойылым ұсынылды. Сонымен қатар олар тазы ит пен қыран құстарды тамашалады.
Қазақстан Президенті мен Түрікменстан Халк мәслихатының төрағасы Turkistan визит орталығына барды. Меймандарға көне Күлтөбе қалашығының тарихи келбетін сақтау және абаттандыру жобасы туралы мәлімет берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов тарихи ескерткішті музейге айналдыру барысымен танысты. Қалашықтың 27 гектар аумағында археологиялық қазба жұмыстары аяқталған. Сонымен қатар таяуда ашылатын «Қолөнершілер қалашығының» тұжырымдамасы таныстырылды. Оның ішінде шеберханалар, ұлттық тағам түрлерін ұсынатын орындар, «Шығыс базары» және шағын қонақүйлер орналаспақ. Айта кетер бір жайт, биыл 25 наурызда Түркістанға «World Craft Council» халықаралық ұйымының шешімімен «Қолөнершілер қаласы» деген мәртебе берілгені белгілі.
Ертеңіне Президент Қасым-Жомарт
Тоқаев Түрікменстан Халк мәслихатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен бейресми кездесу өткізді. Жалпы, бұл кездесудің екі ел үшін халықаралық маңызы бар. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.
– Мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқаны қуантады. Газ саласында, сондай-ақ көлік-логистика бағытында стратегиялық маңызды жобалар бар. Біз бұл жұмыстарды бақылауда ұстаймыз. Өйткені оның нәтижесі қазақ-түрікмен экономикалық байланыстарын одан әрі өркендетуге ықпал етеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Гурбангулы Бердімұхамедовті Халықаралық бейбітшілік және сенім жылының басталуымен құттықтады. Оның айтуынша, БҰҰ қолдаған бұл бастама Түрікменстанның әлемдік деңгейдегі абырой-беделі жоғары екенін көрсетеді.
Халк мәслихатының төрағасы Мемлекет басшысына киелі Түркістанда қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтты. Сонымен қатар Қазақстан Түрікменстанның ең негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі екенін жеткізді.
– Екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастардың перспективасы мол. БҰҰ аясында Халықаралық бейбітшілік пен сенім жылын жариялау жөніндегі Түрікменстанның бастамасына қолдау көрсеткеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін, – деді Гурбангулы Бердімұхамедов.
Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастардың барлық бағыты бойынша сан қырлы стратегиялық серіктестікті нығайту перспективасы талқыланды.
Өзара сауда-саттық көлемін 1 миллиард долларға жеткізу үшін байланысты дамытудың тың мүмкіндіктерін қарастыру қажеттігі атап өтілді. Газ саласындағы серіктестікті кеңейту, нақты айтқанда, Қазақстан тарапының шетелдік серіктестермен бірге Галкыныш кен орнын игеру жобасына қатысу мәселесіне мән берілді.
Мемлекет басшысы «Тургунди – Герат – Кандагар – Спин-Булдак» теміржол құрылысының жобасына назар аударып, аталған жоба табысты жүзеге асса, көлік бағыттарын әртараптандыруға, экспорт нарығын кеңейтуге жол ашатынын айтты. Сонымен қатар Солтүстік – Оңтүстік бағытындағы транзит әлеуетін арттыруда «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржол магистралы мен құрылысы жүріп жатқан «Түрікменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы» автокөлік жолы маңызды рөл атқарады.
Бұдан бөлек, кездесуде білім беру, цифрландыру салаларындағы өзара тиімді ықпалдастық мәселелері талқыланды. Қазақстан тарапы Түрікменстанға мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, сондай-ақ IT-мамандардың біліктілігін арттыру ісінде жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Расында, «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржол магистралы мен құрылысы жүріп жатқан «Түрікменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы» автокөлік жолының Қазақстан үшін халықаралық маңызы зор. Болашақта осы жолмен Қазақстанның отандық өнімдері Иранға, Оңтүстік Азия аймағына еркін жететін болады. Бұл жоба жүзеге асатын болса, тауар тиеген көлік бағыты әртараптанып, Қазақстанның экспорт нарығы кеңейеді.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов SPK Turkistan индустриалық паркін аралады. Қазіргі таңда мұнда жалпы құны 36,5 миллиард теңге болатын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелері, ауыл шаруашылығы тракторлары, білім мен медицина мекемелеріне арналған жиһаздар, есіктер және тоңазытқыштар өндірісі жолға қойылған. Өндіріс паркін дамытудың келесі кезеңінде 70 гектар аумаққа 112 ғимарат салу, сондай-ақ жалпы сомасы 39,7 миллиард теңге болатын 13 жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов ғарыш саласында, машина жасау, металлургия, құрылыс индустриясы, жеңіл, тамақ және химия өнеркәсібінде қызмет ететін қазақстандық өндірушілердің көрмесімен танысты.

570 рет
көрсетілді0
пікір