- Ақпарат
- 24 Сәуір, 2025
Үш құндылық: кітап, білім, еңбек

Ерлан ЖҮНІС,
«Ana tili»
Кітап – ұрпақ пен ұрпақты, дәуір мен дәуірді, кезең мен кезеңді жалғастыратын, халық пен халықты, құрлық пен құрлықты, өркениет пен өркениетті жақындастыратын жалғыз құбылыс, бірден-бір құндылық. Биылдан бастап елімізде 23 сәуір – Ұлттық кітап күні аталып өтіп жатыр.
– Биыл алғаш рет аталып жатқан Ұлттық кітап күні құтты болсын! Бұл – білімпаздық, ізденімпаздық, кітапқұмарлық сияқты игі қасиеттерді дәріптейтін күн. Кітап оқыған ұрпақ озық ойлы болады. Сапалы ұлт осындай құндылықтар арқылы қалыптасады, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз құттықтауында.
Біздің ұрпақтың балалық шағы кітапханалардың жаппай жабылып, кітаптардың макулатура ретінде жойылып жатқан кезеңіне тұспа-тұс келді. Топсасы бос тоқсаныншы жылдары тоналған дүние көп-ақ еді. Соның бірі – кітап рухы. Сол жылдары жоғалған адам көп-ақ еді. Соның бірі – оқырман. «Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды» деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда атап өтті.
Жалпы, Ұлттық құрылтай ұлтты ұйыстыратын, жыл он екі айға жүлге болар, алдағы күнді айшықтайтын, толғағы жеткен талай мәселенің мәнісіне жететін идеялар айтылатын төрге айналып отыр. Президент Түркістанда өткен Құрылтайда «Мартин Лютер Кинг сияқты, менің де көкейімде жүрген бір арман бар, бұл – тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу. Мен мұндай кітапхананы Анкарада көрдім. Оның оқырманы әлемнің әр түкпірінде басылып шыққан көркем шығармаларды, арнаулы әдебиетті оқи алады. Мұндай кітапхананы елімізде де салуға болады деп ойлаймын» деп заманауи жаңа кітапхана идеясын көтерсе, Атырау Құрылтайында «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деп Ұлттық кітап күнін белгілеу жөнінде ұсынысты қолдаған.
Мемлекеттік және ұлттық мерекелер қатарына мәні мен мағынасы зор Ұлттық кітап күні мерекесі қосылды. Биыл бұл мереке тұңғыш рет жаппай халықтық сипат алып, еліміздің барлық өңірінде, бас қаладан басталып, облыс, аудан орталықтары, ауыл-ауылда аталып өтіп жатыр. Соның бірі – Жамбыл мен Алматы облысының орталықтарындағы және Ұлттық кітапхана ұйымдастырған кітап мерекесіне арналған ауқымды мәдени іс-шараға арнайы барып, қатысып қайтқанда аңдағаным: оқырман оралды! Кітапхана оңалды! Бұл мереке жай ғана жалпылама кітап күні емес, Ұлттық мәртебесі бар, ұлыс болып тойлайтын, ұлыс болып ойлайтын, оқитын ұлтқа, оқырман қоғамға айналуды мұрат ететін ең ізгі мерекеге айналары анық.
23 сәуір – Ұлттық кітап күні аясында апта бойы мәдени-ағартушылық бағыттағы ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Кітап көрмелері мен жәрмеңкелер, Ашық есік күні, кітап фестивальдары, «Сөз өнеріндегі өлкетану» (жергілікті авторларды танымал ету), «Кітапханадағы түн» науқаны, «Weekend. Book. Vibes», «Кітап. Тарих. Шежіре» (сирек және құнды кітаптар күні), «Кітап – достық амбассадоры» (халықаралық іс-шара), «Ұлттық кітап күнін» салтанатты түрде атап өту және «Ұлттық кітап» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Елімізде ағартушылық идеясы мен ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін енді екі маңызды ұлттық мереке бар. Бірі – он күнге созылатын Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз мейрамы болса, екіншісі – апта бойы аталып өтер Ұлттық кітап күні.
«Ana tili» ұлт газеті осы ретте 1 қыркүйек пен қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып өтетін Білім күні және Еңбек күніне Ұлттық мереке атауын беруді ұсынады. Оның жаңа тұжырымдамасы түзіліп, апталық іс-шарасы айқындалса, артықтығы болмас еді деп ойлаймыз. Ұлттық білім күні және Ұлттық еңбек күні кәсіби мереке ғана емес, жалпыхалықтық сипат алып, жаңа мазмұнмен аталып жатса, білім мен еңбек культін дәріптеудің, еңбек адамын ынталандыру мен шабыттандырудың даңғылы салынар еді.

738 рет
көрсетілді0
пікір