- Ақпарат
- 24 Сәуір, 2025
ЖИ-дің қазақша сөйлеуі маңызды

Азиза Ғаниқызы, «Сенім» элитарлық мектеп-балабақша кешені қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
«Тіл – ұлттың жаны» деген қанатты сөз бүгінде жаңа қырынан танылып отыр. Технологияның дамуы, жасанды интеллектінің өрістеуімен қатар, қазақ тілінің де жаңа платформаларда бой көрсетуі – заманның заңдылығы. Соның бір көрінісі – ChatGPT атты жүйенің қазақша еркін тілдесе алуы. Бұл – тіл тағдырына бейжай қарамайтын барша азамат үшін үлкен мүмкіндік пен жауапкершілік.
Шыны керек, бүгінде көптеген халықаралық платформа мен жүйелердің қазақ тілінде жұмыс істеуі сирек. Ал ChatGPT секілді ірі жасанды интеллект жүйесінің қазақша сөйлеуі ел ішінде оң пікір туғызып отыр. Бұл – ана тіліміздің тек ауызекі немесе қағаз бетіндегі қолданыспен шектелмей, цифрлық кеңістікте де тіршілік ете алатынының айғағы. ЖИ қазақ тілін қаншалықты меңгерген? Қазіргі таңда ChatGPT жүйесі қазақ тілін 80–90% шамасында түсініп, меңгерген деп айтуға болады. Мәтін жазу, сұқбат құру, публицистикалық немесе көркем сипаттағы тілдік тапсырмаларды орындау кезінде жүйе нақты әрі орынды жауап қайтаруға қабілетті. Қазақ тілінің технологиямен ұштасуы – оның заманауи медиадағы, жас ұрпақ арасындағы және халықаралық кеңістіктегі ықпалын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Жасанды интеллектінің дамуы тілдер жарысы іспетті. Осы бәйгеде ұтылып қалмау үшін ұлттық тілді жаңа платформаларда белсенді қолдану басты міндеттеріміздің бірі десек, артық айтпағандық болар. ЖИ – жай ғана құрал емес. Ол – мәдениетіміздің, дүниетанымымыздың, тіліміздің көрініс табатын жаңа кеңістігі. Сондықтан ChatGPT секілді жүйелердің қазақша сөйлеуі – тек тілдік жетістік емес, ұлттық кодты қорғау жолындағы жаңа деңгей.
Назарбаев университеті жанынан құрылған жасанды интеллект пен ақылды жүйелер институтының (ISSAI) ғылыми қызметкері, «Қазақ тілінің сөйлеу корпусы» жобасы авторларының бірі Рүстем Ешпановтың «Күнделікті өмірде, ЖИ мен ақпараттық технологиялардың рөлі күн өткен сайын күш алып бара жатқандықтан, тілімізді осы технологияларға интеграциялау көптеген мүмкіндікке жол ашады» деген болатын. Сондықтан қазақ тілінің жасанды интеллектімен үндесуі болашақтың беталысы деп сеніммен айта аламыз. Бұл бағытта ChatGPT секілді платформалармен жұмыс істеу, оларды жетілдіру, ана тіліміздің мүмкіндігін кеңінен көрсету – мемлекеттік деңгейдегі маңызды іс.

823 рет
көрсетілді0
пікір