- Ақпарат
- 01 Мамыр, 2025
КЕЛІННІҢ ЖҰМЫСЫНА АҚЫ ТӨЛЕСЕК НЕМЕСЕ КЛИНИНГ ҚЫЗМЕТІ

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ,
«Ana tili»
«Беташар» деген әдемі салтымыз бар. Жаңа түскен келінді ел-жұртқа таныстыру мақсатында жасалатын қуаныш тойы. Осы тойда айтылатын «Беташар» жырында да келінге қарай айтылатын «тапсырма» шумақтар кезігеді. Мәселен:
«Жұмыртқадан ақ келін!
Күйеуіне шақ келін!
Ел-жұртыңа жақ, келін!
Өзің бір ақыл тап, келін!
Ата-енеңді бақ, келін!
Кісі келсе үйіңе,
Киізіңді қақ, келін!»
Дегенмен қазір жаңа түскен келінге келген жұртыңның көңілін тап деудің де қисыны әртүрлі. Әрбір үйде келін үй жинап, кір жуып, тамақ істеп жүр. Бұл заңдылық дерсіз. Алайда үйде келін жоқ деп ойлап, осының бәрін ақыға істетуді есептеп көріңізші. Ол үшін үш адам жалдап, үш жұмысшыға ақы төлеуіңіз керек. Бір адам үй жинаса, екіншісі кір жуып, оны кептіріп, үтіктейді, ал үшіншісі тамақ істеп, дастарқан жаяды. Мұндай ақылы қызметтерді алсаңыз, қарапайым адамның қалтасының түбі көрініп қалары сөзсіз. Ал мұның бәрін үйде келін тегін істеп жүргенін бағалай бермейміз.
Бүгінде қалалы жерлерде келіннің «қолы ұзарғанын» байқаймыз. Жұмыстан келіп, үй жинап, бала-шаға қарап, кір жуып, тамақ істеу оңай емес. Мұндайда қазіргі жастар клининг қызметін қолданып жатқаны қуантады. Сонымен клининг дегеніміз не? Соңғы жылдары кәсіпкерлік саласында клининг қызметінің тиімділігі артты. Бизнестің бұл түрі табысты бола түсті. Қазақстандықтар да үй жинау қызметін жиі тұтына бастады. Компаниялар сұранысқа қарай үй жинаудың бірнеше түрін қатар ұсынады. Ай сайын үй жината аласыз немесе тек ас үйдің тұрмыстық техникасы мен терезе жуу қызметін пайдалануға болады. Қызметтің қарапайым түрін таңдасаңыз, үйдің шаңын сорып, еденін жуып, жиһазды тазартады. Сонымен бірге жуынатын бөлме мен әжетхананы да жуып береді. Ақысы әрбір шаршы метріне есептеледі. Бұл баға әр қалада әртүрлі, мысалы, алматылықтар үйдің әр шаршы метріне ең арзаны 750 теңгеден төлесе, астаналықтар 600 теңге төлейді. Ал Шымкентте тазалық үшін үйдің шаршы метріне 500 теңге, Түркістанда 350 теңге төленеді. Бұл баға батыс аймақта 450–500 теңге болса, солтүстік өңірде әр шаршы метрге 800 теңгеден төлейді. Иә, мұндай, компаниялар пәтерлерді кәсіби деңгейде тазартады. Үйренген тазалаушылар мен кәсіби жабдықтар сапалы нәтиже мен жағымды әсер сыйлайды. Дәл осындай қызмет көрсететін «ТазаLike» компаниясы соңғы заманауи жаңа жабдықтар, гипоаллергенді экологиялық таза тазарту құралдарын қолдана отырып қызмет көрсетеді. Компанияның жетекшісі Гүлжазира Жақыптың айтуынша, пәтерді тазалаудың өзі уақытты айтарлықтай үнемдеуге ғана емес, сонымен қатар тұрғын үй кеңістігін сапалы түрлендіруге мүмкіндік береді. Бұл тұсқағаздардағы ескі дақтардан сәтті арылуға, кілемді тазалауға, төбелерді жаңартуға, ванна бөлмесіндегі плиткалар мен арматураларды жылтыратуға, сонымен қатар терезелерді тазалауға болатын қызметтер кешені ұсынылады. Ал өзіміз күнделікті қолданатын кәдімгі тұрмыстық химия және қолжетімді тазалау құралы көп жағдайда мұндай нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бермейді.
«Барлық санитарлық үй-жайды, плитканы, ваннаны, раковинаны, дәретхана мен ваннадағы барлық затты жуу және дезинфекциялау, ас үйді толығымен тазалап, жиһаздың сыртын да, ішін де жуады. Біздің жұмысшылар тоңазытқыштарды, пештерді және раковиналарды жарқырағанша тазартады. Терезе арматурасы мен беттерін толығымен тазалап, жақтауларды, беткейлерді және терезе төсеніштерін жуады. Шаңды жиһаздан ғана емес, қабырғалар мен жарықтандыру құрылғыларынан да тазартады. Есіктер мен терезелерді де, люстраны да жарқыратып береді», – дейді Гүлжазира Жақып.
Оның айтуынша, үй тазалаудың бірнеше түрі бар. Атап айтқанда: үй-жайларды дымқыл тазалау, жалпы тазалау, тұрақты тазалау, жөндеу жұмыстарынан кейінгі тазалау, төтенше жағдайдан кейінгі тазалау, жиһаздарды химиялық тазалау т.б.
«Біздің өнімдер тек экологиялық таза және ең бастысы гипоаллергенді. Бұл кішкентай балалары бар немесе аллергиясы бар адамдардың да үйін тазалауға мүмкіндік береді. Біздің қызметкерлер өз саласының нағыз кәсіпқойлары, пәтер тазалаудың соңғы әдістерін меңгерген, бұл қызметтің тамаша орындалуына кепілдік береді, сонымен қатар, ең бастысы, қымбат уақытыңызды үнемдейді», – дейді Гүлжазира Жақып.

3550 рет
көрсетілді0
пікір